Қазақстан шекарасы қалай бекітілді?

04.08.2020, 13:33

62

Осыдан тура 100 жыл бұрын, яғни 1920жылдың 8-24 тамыз аралығында қазақ жерінің (бүгінгі тәуелсіз ҚазақстанРеспубликасының) территориялық межесі талқыланып, 24 тамыз күні мәңгіліккебекітілген болатын. Мемлекеттіктің басты шарты шешілгеннен кейін барып кеңестікҚазақ автономиясын құру туралы қаулы қабылданды. Біз ұлтымыздың тағдырынанықтап берген сол ұлы оқиғаның қалай жүзеге асқаны туралы жазылған жазушы-ғалымТұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш!» атты үштағанының «Көтеріліп-басылған  жанартау» (Әлімхан Ермеков)» атты тарауынанүзінді жариялай отырып, шын мағынасындағы ұлыстық ұлы шараның мемлекеттік тұрғыданаталып өтуіне ықыластың байқалмағанына өкініш білдіреміз. Әлде билік Қазақстантерриториясы 1991 жылдан қалыптасты деген жасанды ұстанымды місе тұтып отыр ма?


Алаш идеясын инсандықнысанадан нақты тәуелсіз тұлғаға айналдырып, оның рухани, саяси, территориялық,экономикалық, құрылымдық жүйесін анықтап, мемлекет ретінде тиянақтап бергентұлғаның бірі және «Алаш» партиясының, «Алашорда» халықтық кеңесінің,«Алашорда» үкіметінің атынан сол тұстағы Ресей империясында жарыса өмір сүргенүш үкіметпен: Уақытша құрылтай кеңесімен, Сібір уақытша үкіметімен, Кеңесөкіметімен келісім жүргізген, осы үш үкімет те оның өкілеттігін таныған  қайраткер – ӘлімханӘбеуұлы Ермеков. Мұрағат құжаттары мен тергеу ісіндегі және ресми қызметорындары берген мінездемелеріне, саяси әріптестері мен қарсыластарының бағасына,замандастары мен көзкөргендердің естеліктеріне жүгініп, ондағы сипаттамалардықорыта тұжырымдасақ, Әлімхан Ермеков –«ұлттық-мемлекеттік ойлауқабілеті алымды, мақсатқа жету жолындағы басқан қадамы нық әрі қарымды,мүддесін дәлелдеуге келгенде өжет, қорғауға келгенде азулы, күрделі шиеленістертұсында мысын бастырмайтын бетті, саяси ұтысы мен ұтылысын ұмтылысына бағыттайбілетін аңғарлы, мемлекеттік саясат пен ұлттық мүддені тоғыстыра білетінмәмілегер, логикалық қисынға шебер оқымысты, мәдени ұстанымы жоғары, саясаттілін жетік меңгерген, ойын жеткізуге келгенде қара тілдің шешені, сөйлегенде жанартаудайкөтеріліп-басылып, лапылдап отыратын» (Ә.Бөкейхан) аса зейінді тұлға.

Сондықтан да «ұстазы» (өз сөзі) Әлихан оныңжастығына қарамастан, ең күрделі, маңызды, шағымды, намысты – ұлттық,мемлекеттік саяси мәселелерді шешуге Әлімханды үнемі алғы шепке жұмсап отырғанжәне өзінің «ту ұстары» ретінде тарих талқысына салып ысылдырған. Ал жоғарыдағымінездемелерге Әлімханның қайраткерлік жолы толық жауап береді және ол қатысқаншағымды шаралардағы қабылданған қарарлар мен қаулылар да сипаттамаларға сайкеледі. Оның қайраткерлігінің ең бір түйінді және қазақ үшін тағдырлы мәселесі Қазақстанныңтерриториялық шекарасын түбегейлі бекітуге сіңірген жанкешті ерлігі еді. Бұлмәселенің қандай қиын жағдайда шешілгенін түсіну үшін сол тұстағы тарихижағдайлар мен саяси көзқарастарға қысқаша шолу жасай кетеміз. Онсыз территориямәселесінің бар қияметті тартысы мен саяси астары ашылмай қалады.


***

Уақытша бүкілроссиялықүкіметтің – директорияның талқылауы арасында 1918 жылдың11 қыркүйек күні «Алашорданың» төтенше кеңесін өткізді.Оған Ә.Бөкейханов, Жаһанша және Халел Досмұхамедовтер, М.Тынышбаев,А.Бірімжанов, Ә.Ермеков, У.Танашев қатысып, «Ойыл уәлаяты» «Алашорда»автономиясымен ресми біріктіріліп, «Алашорданың» шығыс және батыс бөлімдеріқұрылды. Омбыда өткен директорияның 4 қараша күнгі қарары бойынша «Алашорданың»территориялық басқару құқы ғана мойындалып, автономия туралы шешімі күшінжойды. Қалыптасқан әскери жағдай мәжбүр ете қалса, Қазақ–Башқұрт Республикасын құру жөнінде Заки Валидовпен шартжасасты. Мұндағы мақсат – әскери қуаты күшті, Ленин мен Сталин сескене қарағанБашқұрт Республикасымен бірігіп, «Алашорданың» мысын көтеру, Орынбор менОрынбор облысын өзіне қаратудың амалы еді. Егер де бұл территория РСФСР-дің құрамына қарап кетсе, Башқұрт,Татар, Қазақ Республикаларының арасы бөлініп, түркі жұртының іргесі ажырап кетуқаупі туатын. Енді саясат сахнасына құқықтық-басқару мәселесі туралы қисындар шықты. Қызыл әскердіңқысымы күшейіп, басымдық таныта бастады. Саясат сахнасына тағы да Кеңес өкіметішықты.

1918 жылдың екінші жартысымен 1919 жылдың 11 айы, шындығында да, «қозғалыс мүшелеріне өте маңызды әріқұнды тәжірибе» үйретті.«ШығысАлашорданың» Кеңес өкіметімен «қайтадан қойындасып», бейтарап саясат ұстануынаАхмет Байтұрсыновтың 1919 жылғы көкек айындағы Мәскеумен келісімі, Кеңесөкіметін «Алашорданың» мойындауы әсер етті және: «Дәл қазір атамандардыңарасындағы аранда қалған «Алашорданың» шығыс бөлімі бірден Кеңес өкіметі жағынашығуға мүмкіндігі жоқ» деген мәлімдемесі мен «Батыс Алашорданың» Кеңес өкіметіменарадағы жүргізген саясатының нәтижесі болатын. Бұл мәселелер алдыңғы тараулардажан-жақты тәптіштеле талданғандықтан, бұл арада тоқталып жатпаймыз. 1919 жылы 4қараша күнгі Ә.Бөкейханов шақырған кеңесте «Алашорданың» Кеңес өкіметі жағынашығатыны туралы шешім қабылданды. 18 қараша күнгі Семей облыстық ревкомының мәжілісінеӘ.Ермеков, М.Әуезов, Р.Дүйсебаев қатысты.

Ә.Ермеков (1930 жылғы 15қарашадағы жауаптың жалғасы): «Мен шұғылтүрде Семей облысын Қазақ революциялық әскери комитетінің қарамағына берумәселесін шешу үшін Орынборға іссапарға жүріп кеттім. Орынборда бірден меніСемей және Ақмола облыстарын Қазақ революциялық әскери комитеті басқармасыныңқұрамына кіргізу туралы мәселені күн тәртібіне енгізу үшін және республиканыңқұрылғанын жариялайтын декретті дайындау үшін Москваға жіберді».

«Алашорда» үкіметі туын түсірісімен,автономиялы республика деңгейінде қалып отырған Башқұрт үкіметінің төрағасыЗ.Валидов бұрынғы келісімшартты негізге алып, 1919 жылы 13 желтоқсан күні Қазақ–Башқұрт Республикасынқұру туралы ұсыныс түсірді. Бүкілодақтық атқару комитетінің президиумы саясиоқиғаның күш алып кетуінен сескеніп, сол күні орталық комитеттің төралқасытөтенше отырыс жасап, «Қазақ–Башқұрт Республикаларыныңқосылуы туралы мәселе мақұлданбасын»  деген қарар шығарды.

      1920 жылы 9наурыз күні Қазақ әскери-революциялықкеңесі «Алашорда» үкіметінің тағдырын бүтіндей шешіп берген бұйрық шығарды.Онда: «1. Өзін «Алашорда» деп жариялағанүкімет және соған қарасты барлық жергілікті мекемелер РСФСР-дің Конституциясындабекімегендіктен де, таратылсын. Ол өмір сүрген кездегі шығарылған заң,нұсқаулар мен бұйрықтар жарамсыз деп табылады. Барлық мүлік пен ақша белгілері,қару-жарақ, әскери қор мен жабдықтар тиісті комиссариатқа және аймақтық,облыстық уездік ревкомдардың арнайы бөліміне тапсырылсын», – деп  атап көрсетілді.


***

Сөйтіп, «мәңгілік ерікті елді» аңсаған Алашидеясы 1917 жылдың 5-13 желтоқсанынан бастап, 1920 жылдың 9 наурызына дейін – тура 711 күн тәуелсіз өмір сүрді. Сол күніӘ.Ермеков, Д.Ж.Төленов губревкомның құрамына кірді. Ж.Аймауытов, М.Тұрғанбаев,А.Шикібаев, М.Әуезов губкомның бұратана халықтар бөліміне қызметке бекітілді.Тек Ә.Бөкейханов қана автономия жарияланғанша, өзін большевиктердің ықпалынантыс ұстап, автономия туралы қаулыны қасарыса талап етті.

Қазақ әскери-ревкомы 1920жылы 16 мамырда шекараны анықтау комиссиясын құрды. Оның құрамына Әйтиев,Ермеков, Кулаков, Авдеев кірді. Шекара межесін белгілеу үшін Ә.Ермеков Кремльгежіберілді. Бұл Ә.Ермековтің саяси қайраткерлігінің ең жауапты және қазақмемлекеттігінің негізін қалаған аңсарлы күндері еді.

Ә.Ермеков (15 қарашадағыжауаптың жалғасы): «Москваға барғаннанкейін ревком мүшелері маған республиканың шекарасын анықтау үшін тиісті құжаттардыжинастыруды және ұлттар жөніндегі халық комиссарымен (ол кезде Сталин болатын Т.Ж.)декреттің жобасын жасауды тапсырды. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін меніВЦИК-тің жанындағы Қазақ революциялық әскери комитетінің  өкілдігіне уақытша уәкіл етіп қалдырды. МенМосквада Халел және Жаһанша Досмұхамедовтермен кездестім. Олар менің жаңа саясибағытыма таңдана қарады, менің солшыл пікірлерімді біраз тыңдап тұрды да,сынауға көшті, біздің пікір алысуымыз ерегіске ұласып кете жаздады».

Қазақ автономиясын құружұмысына Сталиннің өзі тікелей араласып, 1920 жылы 18 мамыр күні Сібір,Түркістан, Мусбюро, Орынбор, Челябі, Бөкей ордасы, Қазақ ревкомдары өкілдерінжәне «Алашорданың» барлық көсемдерін, оның ішінде басты адам ретінде Әлихан Бөкейхановты қадағалай шақыртып, Қазақөлкесін басқару мәселесін талқылады. Осы ретте, біз қазақ мемлекеті үшін асабір тағдырлы да талмауытты және осы уақытқа дейін тарихшылар нақты талап береалмай жүрген оқиға болғандықтан да, Ә.Ермековтің тергеушіге бергенкөрсетіндісіне қоса, 60-жылдардың соңында «Білім және еңбек» журналындажарияланған, сол үшін бас редакторы Талап Сұлтанбеков орнынан алынған мақаланы,бауырлары К.Мәкенбаев пен Қ.Сәдуақасовтың басылымындағы мәтінді өзіміздіңқолымыздағы Ә.Ермековтің қолжазба нұсқасымен салыстыра отырып пайдаланамыз.

ӘлімханЕрмеков, «Менің Владимир Ильич Ленинмен 1920 жылғы кездесуім»: «Кеңес әскеріКолчакты құлатып, талқандаған соң, 1919 жылдың соңында губерниялық Кеңесөкіметін ұйымдастыру үшін Сібір ревкомының мүшесі Косарев (Ленин комсомолыорталық комитетінің бірінші хатшысы, белгілі Косаревтің әкесі) Омбы қаласынан Семейге келді. Ол Семей қаласыныңжұмысшы аудандарында қазақ жұмысшылары мен жатақтары қатысқан бірнеше жиынөткізіп, олардың ішінен сайланған өкіл ретінде губерниялық революциялықкомитетке мүшелікке ұсынылып отырған кандидаттар туралы олардың пікірін білді. Оныңөзінің ұсынысы бойынша Завадский – төраға, Большаков  – хатшы және мүше ретінде Құрамшин, Төленов және менгуберниялық революциялық комитеттің құрамына кірдік.

1919жылдың күзінде-ақ РКП(б) ОК мен Кеңес өкіметіҚазақ өлкесін басқаратын Қазақ революциялық әскери комитетін құрған болатын.Оның құрамына: Пестковский – төрағажәне Әліби Жангелдин, Меңдешев Сейтқали, Әйтиев Әбдірахман, АрғыншиевСағынгерей, Ғұбайдолла және Әлиасқар Әлібековтер, Қаратаев Бақытжан, Тұнғашин,Бегімбетов Нысанғали және басқалар оның құрамына мүше боп кірді.

Семей губревкомы басында Сібір ревкомына қарады, кейіннен орталықтыңқазақ даласын басқаратын Қазақ әскери ревкомын құру туралы қаулысы шыққаннанкейін бұл губернияны басқару және оны соңғысына қосу туралы мәселе қойылды. Кезеккүттірмейтін бұл мәселені шешу үшін 1920жылы мамыр айының басында мен Орынборға іссапарға жіберілдім, Қазақ әскериревкомы және біздің республикамыздың ұйымдастырылуы мен қалыптасуы кезіндегіуақытша орталығы осы Орынбор болатын. Екі облыстың – Семей және Ақмола облыстарының Қазақ әскери ревкомына қосылуы және оныңқарамағына берілу мәселесі Орынбор қаласындағы мәжілісте барлық мүшелердің қатысуыменталқыланды. Талқылауда болашақтағы автономиялық республиканың құрамына кіретінҚазақ өлкесіндегі барлық облыстарды белгілеу және олардың шекарасын анықтаумәселесі көтерілді».

Бұл империя менотар елдің арасындағы ең күйінішті де сүйінішті, мүдделері тоғыспайтын, жүйкенішүйкелейтін жанкешті жұмыс еді. Ал Әлімхан Ермеков үшін болашақтағы тәуелсізҚазақстанның территориясын анықтап беруі тиіс ұлт аманаты болатын.

Ә.Ермеков (жалғасы):«Мұндай үлкен жұмысты жүргізу үшін Қазақәскери ревкомының қаулысы бойынша 1920 жылғы 18 майдағы № 2043 мандатпен «ЖалпыҚазақ өлкесі, оның ішінде шекара мәселесі» туралы баяндама жасауға Мәскеугеаттандым. Қазақ революциялық әскери комитетінің шешіміменВЦИК-тің жанындағы Қазақ әскери ревкомының өкілетті коллегиясының төрағасыболып тағайындалдым әрі ВЦИК-тіңпрезидиумының қаулысы бойынша Қазақ революциялықәскери комитетінің мүшесі болып бекітілдім. Қазақ революциялық әскери комитетінің мүшелерінің қатарынасондай-ақ Ақмола облысынан Сәкен Сейфуллин кірді. Мәскеуде жүрген төрт айуақыттың ішінде мен Қазақ әскери ревкомы мүшелерімен тығыз байланыста болдым.Олардан автономиялық республиканың құрылуы мен оның шекарасын анықтаумәселелері жөнінде тиісті нұсқаулар алып тұрдым».

Сол жылы 23 шілде мен 7 тамызаралығында өткен ІІІ Интернационал конгресінің қарсаңында ұлттық автономиямәселесі ең басты саяси пікір таласына айналды. Алаңдататын оқиғалар күн сайыншиеленісе берді. Кеңес өкіметі кез келген сәтте Қазақ автономиясынан бас тартуы мүмкін еді.Соның бір айғағы ретінде1920жылы 19мамыркүні бұрынғы тәуелсіз Башқұртстан үкіметі «Ресейдің автономиялық губерниясы» депжарияланады. Бұрынғы келісімшартты бұзуының себебін сұраған З.Валидовке Ленин: «Сіз мұндай адамгершілік мәселесін негенегіздеп айтып отырсыз? Сіз өзі қандай революционерсіз? Сол келісімге неғыпжабысып қалдыңыз? Сіз бен біздің келісімшартымыз бір жапырақ қағаз ғана, олештеңені міндет етпейді. Орталық алдағы уақытта да бұрынғы отар елдердегіорыс  пролетариатына сүйенетін болады, алсіздер басшылыққа қандай дәрежеде ымыраластық көрсетесіздер немесе қандай сенімкөрсетесіздер, сондай деңгейде ғана сенімге ие боласыздар. Ресей жеріндесоциализм толық орнаған соң да, бұл сенімсіздік сақталып қалатын болады. Тіптісоциализм бүкіл әлемде жеңіске жетсе де, шығыстағы отар елдерге еуропалықпролетариаттың – ағылшындардың, француздардың, бельгиялықтардың басшылығыжойылмайды», – деп жауап береді.

Коминтернді пайдалана отырып,дербес Түркістан коммунистік партиясын құруға ұмтылған ішкі қозғалысқаӘ.Ермеков  қарсы  пікір білдіріпті. «1920жылы 23 маусымнан 7 тамызға дейін Коминтерннің ІІ конгресінің мәжілістері өткенеді. РКП (б) делегациясының құрамына Владимир Ильич Лениннің басқаруымен партиямен үкімет басшылары кірді. Сондай-ақ бұған автономиялық республикалардан даделегаттар келді. ІІ конгреске РСФСР компартиясының делегациясының құрамындаТұрар Рысқұловтың т.б. қатысқаны есімде. Қазақ автономиясын Ахмет Байтұрсыновбастап барды. Конгресте Владимир Ильичтің: «Егер де алдыңғы қатарлы елдердіңпролетариаты көмек берсе, әлеуметтік-экономиялық жағынан артта қалған елдеркапитализмді орағытып, социализмге өте алады», –деген сөзі маңызды теориялық мәнге ие болды», – деп  еске алды.

Алайда осы үш айдың ішіндегіоқиғалар араға жылдар салып барып «Алашорда» қайраткерлерінің алдынан шықты.Бұл кездесулер олардың тергеу ісіндегі басты мәселеге айналды. Бұған сәлкейінірек қайтып ораламыз.


***

Сонымен, Коминтерннің конгресіөтісімен, Әлихан Бөкейхановтың тікелей кеңесімен Әлімхан Ермеков Қазақавтономиясының территориясы туралы баяндамаға дайындыққа кірісті. Онда әр сөзбен сөз тіркесіне саяси, тарихи, ұлттық, экономикалық, мемлекеттік мағына менастар берді. Әсіресе қоныстанушылар қордалана орналасқан, қара топырақтысолтүстік облыстардың шекарасын анықтауға және оларды қазақ жерінің құрамындақалдыруға жанкешті дәлелдер іздестірілді. Ал жер жөнінде, соның ішіндесолтүстік облыстардың жер, экономика, шаруашылық, этникалық құрамы мен мәденишоғырлануына баға беруде сол кездегі Кеңес өкіметі ғалымдарының ішінде ӘлиханБөкейхановпен теңдесетін маман да, ғалым да, саясаткер де жоқтың қасы болатын.Кейін одақтас республикалардың ғалымдары мен саясаткерлері жер туралы заң менқаулы-қарар қабылдар алдында Ә.Бөкейхановтың пікіріне жүгініп барып, талқығаұсынып отырғанын тергеу деректері де растайды.

Әртүрлі мүдделер мен ұсыныстардыжинақтап, талапкер жақтардың дәлелдері мен сараптамаларын саралап, жан-жақтыдайындалған комиссия мәжілісі 9-10 тамызда Ұлттар жөніндегі халық комиссариатының коллегия мүшесіА.З.Каменскийдің төрағалығымен өтті. Қазақ мемлекетінің тағдыры шешілген,тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі территориясын түбегейлі анықтап берген қасиеттімәжіліс болғандықтан да және оның аса маңызды құжат екенін ескеріп, «Алашорда»тарихын алғаш құжаттық тұрғыдан егжей-тегжейлі зерттеген тарих ғылымыныңдокторы, профессор Дина Ахметжанқызы Аманжолованың пайымдауын негізге алаотырып, комиссия мүшелерінің тізімі мен лауазымын, пікірлерін қоса ұсынамыз.

Мәжіліске: Ұлттар жөніндегі халықкомиссариатынан – М.Сұлтанғалиев, Жер жөніндегі комиссариаттан –А.Д.Цюрупа, баяндамашы ретінде Семей облысы атынан – Ә.Ермеков, Қазревкомнан –С.Пестковский, М.Мырзағалиев, Г.Кулаков, Ә.Жангелдин, А.Байтұрсынов,Г.Әлібеков, Мәскеудегі қазақ өкілдігінен – П.Петровский, Орынбор губаткомынан –И.Мартынов, Түрккомиссиядан – Г.Сафаров, Сібір ревкомынан – В.Соколов, Омбыревкомынан – И.Полюдов, Челябі губкомынан – Поляков, Бөкей ордасынан –С.П.Милютин мен Д.Темірәлиев, Ақмола облысынан – Итбаев пен Оразаев,Астраханнан А.Каримов қатысты.

Баяндамашы Әлімхан Ермеков Қазақ ревкомы мен Ұлттаржөніндегі халық комиссариатының ұсынысына жүгіне отырып: Астрахан, Урал,Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Закаспий, Самарқан, Ферғана облысы менгубернияларын қамтитын, жалпы көлемі 3 467 922 шаршы шақырымжерді Қазақ республикасының құрамына  беруді ұсынды. Көрсетілген жердің 81 пайызын жан саны 5,5 миллион болатын қазақтар пайдаланатынын, бұлбүкіл тұрғындардың 54 пайызы екенін атап өтіп ол: «Қазақстанның шекарасын анықтау барысында мұқым өлкенің этникалық,экономикалық және мәдени ерекшеліктерін ерекше ескеру керек. Егер деқазақтардың дені осы уақытқа дейін көшпелі өмір салты мен мал шаруашылығынбасты кәсіп ретінде сақтап қалғанын назарға ілсек, …онда бұл облыстардың өзаратығыз экономикалық байланыста екені көзге анық көрініп тұр. Сондықтан да Қазақавтономиялы республикасын құру тек солтүстік және оңтүстік облыстардыңарасындағы шекаралық тұтастықты сақтаған жағдайда ғана мүмкін әрі нақты өмірліксыпат алады, бұл мәселе керісінше шешілген жағдайда автономия тіршілік көзіненайырылады. Сонымен қатар мәдени және экономикалық орталықтар да аралас облыстыққұрылымдар (Сібір ревкомы және т.б.) талап етіп отырған территориялардыңқұрамында қалып қояды. Бұл орталықтарсыз оңтүстік облыстар экономикалық,шаруашылық және экономикалық-мәдениашаршылыққа ұшырап, тірі өлікке айналады. Осы пайымдауларды ескере отырыпҚазақ автономиясының құрамын көрсетілген шекара бойынша бекіту қажет. Орынборқаласы уақытша орталық ретінде қаралып отыр», – деп (сонда, 361-бет),мәселені тікесінен және шешімді түрде қойды.

Бұл асатағдырлы да тауанды талап еді. Ол талаптан бас тарту қазақ жерін телімдеумен пара-пар болатын. Осы тұста өзгелердің назарынөзіне қаратып, көзқарасын Қазақ автономиясының мүддесіне бейімдеп, дәлелінесендіріп, бауырына тарта баурау тұрғысынан алғанда Әлімхан Ермековтің туабіткен шешен де өжет мінезі, мысы басым дегдарлығы, қисынды ұстанымы қазақмемлекеттігінің негізін қалап, территориясын анықтауда шешуші қызмет атқарды.Ол өзінің аса жүйелі және батыл қисындары арқылы оппоненттерінің пікірлеріншарасыз жансыздандырды, олардың талаптарын: Кеңес өкіметінің шешімімен,«байырғы халықтар еркіндікті қабылдап, Ұлы Октябрь революциясының жемістерінжинауы» үшін құрылып отырған автономияға қарсылық боп көрінуі мүмкін екенінтегеурінді емеурінмен жеткізді. Жанын үшкіріп, Әлімханның жанына қосқандайболып отырған, мысымен де, демімен де демеп отырған Әлихан Бөкейханов: «Мен сен сөйлеп отырғандакөтеріліп-басылған жанартаудың үстінде отырғандай болдым. Сөйлегендегі жалыныңбетімді шарпыды», – деп баға берді.

Бұлпікірді Сібір ревкомының өкілі В.Соколов та өзінің 60-жылдары жарияланғанестелігінде: «Қайратты қара шашы артынақайырылған, келбеті қазақтардан оқшаулау жас қазақ жігіті жалындай шарпып, асақызу сөйлеп, ораторлық қисынды қабілетімен комиссияның ықпалын өзіне қаратыпалды», – деп («Мәдениет және тұрмыс»,1964, №11) жазды.

Шындығындада, мүлдем басқа талап қойып, солтүстік облыстарды Ресейдің құрамында қалдыруғаөкім дайындап келген В.Соколов қарар үшін дайындаған сөзін жұмсартып: «Баяндамашының пікіріне негізіненқосыламын. Алайда солтүстік облыстардың Сібірден бөлінуі, онда шоғырланған орыстұрғындарының Қазақстанға  мәжбүрлі түрдеқосылуының салдарынан ұлтаралық алауыздықты туғызуы, өзара қақтығысқа алыпкелуі мүмкін. Сонымен қатар Орынбор әкімшілік орталық ретінде казактар менқазақтардың арасындағы қырғиқабақ қатынасты өршітуі мүмкін, сөйтіп, қазақтар көтерілістіңотына шарпылатын қауіпті жағдайға тәуекел етіп отыр. Ресей тарихы қазақтарғаҚазақстанның аса ауқымды территориясын басқара алатын мемлекеттік аппаратқұратындай мардымды білім мен ұйымдастыру тәжірибесін игеруге мүмкіндік бергенжоқ. Ал мұндай басқару аппаратынсыз Қазақ автономиясы таяу арада өз-өзіненыдырап тынады. Жерді бірте-бірте өз үлесіне қаратып, басқару аппаратын құрғаншабірталай уақыт керек, сондықтан да бұл міндетті қазір Қазақ ревкомымен тығызбайланыста басқарып отырған Сібір ревкомы мен Түрккомиссияның құрамында қалдыруқажет», – деп (сонда, 361-бет) ұсынысайтты.

Қазір бұл пікір ашық қарсылықесебінде бағалануы мүмкін және Сібір ревкомы бұл ұсынысты 1922 жылға дейінұстанып, солтүстік облыстарды қарамағынан шығармады. Алайда сол кездегі, солкүнгі психологиялық ырғасу тұрғысынан алғанда бұл «жұмсақ пікір» еді. ӘйтпесеҚазақ автономиясына солтүстік облыстарды беру Ресейді бөлшектеу, қазақ еңбекшілерін социалистік қоғамнан шеттету,пролетариаттық интернационалдық парыздан бас тарту, қызыл армияның төгілгенқанын қорлап, Кеңес өкіметінің орнығуынан бас тарту ретінде мәлімдеме жасалса,бұл мәселенің дәл сол кезде шешілуі және шешіле қалған жағдайда да, солтүстікоблыстардың Қазақстан құрамында қалуы неғайбыл еді. Ал жаңағыдай «автономиянымойындай отырып, келтірілген «бірақ тар», сөз арасындағы саяси «брак» сылтау ғана еді. Түркістанның білгірі, Түрккомиссияныңөкілі Г.Сафаров та: «Түркістандағы қазақоблыстарында Кеңес өкіметі әлі орныға қойған жоқ, бұл бағытта өз бетінше жұмысістей алатын күш те жоқ, сондықтан да әуелі негізгі құрылымды нығайтып барып,содан кейін ғана бірте-біртеіске кіріскеніміз жөн», – деп солқылдақтық танытты.

Түркістан республикасын «әсірекеңестендіріп, бір күндесоциализм орнатпақ болып, мемлекетті анархиялық жағдайға әкелгені үшін»Кремльге шақыртылып алынып, Түрккомиссияның жетекшілігі міндетін атқарғанГ.Сафаров Қазақ автономиясының құрылуына мүдделі емес болатын, керісінше,Т.Рысқұлов, Н.Хожаев сияқты жергілікті қайраткерлерді Сталиннің ырқыменбиліктен ысырған «аралық қайраткер» еді. Автономияның құрылуына тікелей мүдделіҚазақ ревкомының төрағасы С.Пестковскийдің өзі: «Қазақстанда өзгелер сияқты ұлттық автономия құруға болмайды. Тектерриториялық принципті ұстану ғана ақылға сыяды», – деп түпкі пиғылын танытты.

Ал «кеңестік жер иесі» мекемесінің өкілі А.Д.Цюрупа: «Егер де шөлейтті далаға құнарлы жерқосылмаса, онда бұл өлке өмір сүре алмайды. Қазақ өлкесінің барлық басқаруқұрылымы Қазақ ревкомына бағындыра шоғырлануы тиіс, әйтпесе осыған дейінгіқалыптасқан жағдай өзгермейді», – деп орынды пікір білдірді.

Түрккомиссияның тізгіні қолынан шығып бара жатқанынсезген Г.Сафаров тағы да өзеуреп: «Орынбордаотырып, Жетісу мен Сырдарияны басқарамын деу – мазақ қана емес, арандату.Мұндай саясат ұлттық утопия», – деді.

Ал Ахмет Байтұрсынов үшін бұл қиял емес, нақты тарихимүмкіндік еді. Ол осы автономия үшін «Алашорданың» мүддесін Кеңес өкіметіменбайланыстырған және оған кепіл ретінде өз басын тәуекелге тіккен тағдырлы тұлғаболатын. Сондықтан да өзеуреген Түрккомиссияның алдын алаСталинмен келісіп, тұжырымдаған пікірінің бетін бірден қайырып: «Әңгіменің басын бірден ашып алу керек.Егер де Қазақ өлкесі өзін-өзі билей алмаса, онда республика құру мәселесініңпісіп-жетілмегені, оны құруға тиісті жағдайдың жасалмағаны ғой, онда бос сөздідоғару қажет. Демек, бәрінен бұрын басты мәселені – бұл республиканықұрудың қажеттігі бар ма, жоқ па, соны шешіп алу қажет. Егер де бұл мәселе оңдышешілсе ғана, содан кейін барып сол республиканы басқара алатын күштерді құрудықолға алу қажет, ал ондай күш бар», – деп сеніммен айтты.

Ал Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың беделініңалдында Г.Сафаровтың сүреңі оңып сала беретін. Сол кезге дейін әсіресолшыл, біржылдан кейін әсіреұлтшыл бағытты ұстаған Сталиннің орынбасары М.Сұлтанғалиев үшжақтыпікірдің «алтын өзегін» ұстап: «Егер деТүркістан мен Сібірдегі билік әлсіз болса, ал мұның шындық екенін ешкім жоққашығара алмайды, онда олардың іс-әрекеттеріҚазақ ревкомының, орталықтың өкімімен үйлесетініне ешкім де кепілдік береалмайды. Сондықтан да бұл облыстардың ревкомының жұмысы орталықтың өкілеттіқарарларымен реттеліп отыруға тиісті. Басқару билігі Қазақ ревкомында болуғатиісті, ал қалған орталықтар соның ұлттық, әлеуметтік-экономикалық шешімдерібойынша жұмыс істеп, Қазақ ревкомының шешімдерін жетекшілікке алуы тиіс», – деген пікір білдірді.

Міне, осы арада бас баяндамашы Әлімхан Ермеков өзініңұстанымы мен дәлелін түбегейлі орнықтыру мақсатында қайыра жарыссөзге шығып: «Автономия беру мәселесін принципті түрдебірауыздан қолдай отырып, автономияны құруға келгенде сөз бен істің арасынаналауыздықтың туып отырғаны түсініксіз. Анығында, мәселе: республиканы құрудыңқажеті бар ма, жоқ па дегенге тіреліп тұр. Егер мен дұрыс түсінсем: тек насихатүшін ғана емес, нақты іс жүзіндегі жұмыс істейтін автономия туралы сөз болыпотыр, ендеше, соған сай басқару аппараты құрылуы тиіс, онсыз қазақтар өзін-өзі басқара ала ма дегенді былайқойғанда, республика жөнінде сөз қозғаудың өзі мағынасыз бос мылжың ғана. Ал Қазақревкомын қызметкерлермен қамтамасыз етуді орталық мойнына алсын», – деп, басты назарды автономияның жариялануына аударды.

Сөйтіп, 10 тамыз күні комиссия төрағасыА.З.Каменский барлық ескертулер мен ұсыныстарды қорыта келе: «Қазақ республикасын құру– шешілген мәселе,қорытындысы дайындалып, тиісті мекемелер өкімет билігін республиканыңбасқаруына берудің жолдарын қарастырсын», – деп жариялады. 

Бұл үлкен жеңіс еді. Алайда бұлжеңісті тиянақты ету үшін автономияның территориясы мен тұрғындары туралыұсыныстарды Лениннің алдында қорғап шығуы тиіс болды.

Ә.Ермеков (Естеліктен): «Москвағакелгеннен кейін В.И.Ленин төрағалық еткен комиссияның отырысында менҚазақстандағы жағдай туралы баяндама жасадым. Маған дейін Түркістан республикасындағыжағдай туралы Түрккомиссияның мүшесі, жолдас Сафаров сөйледі. Аса қуаттыжігерге ие бұл адам отарланған аудандардағы бұратана халықтың аса ауыр жағдайымен Столыпин реформасынан кейін қоныс аударушылардың кесірінен туындағанқиыншылықтарды сондай бір сенімді де нақты дәлелдермен жеткізе білген тиянақтыбаяндама жасады. Ол өзінің атақонысынан айырылған және келімсек-кулактардың аяусызтәркісіне ұшыраған қазақ батырақтарының бишаралығы мен көрген қорлығын ашынаайтты. Ол шұғыл түрде жер реформасын жүргізіп, барлық кулактардың жерін тартыпалып, олардан алынған жерді бұрынғы иесіне қайтарып беруді талап етті. «Сондағана бұратана халық бостандықты сезіне алады, ұлы Қазан төңкерісінің жемісінкөре алады», – деді. Владимир Ильич оның көзқарасын қолдады және содан біразуақыт өткен соң, Ораз Жандосовтың т.б. қатысуымен Түркістанда жер реформасыжүргізілді».

 12 тамыз күні Лениннің төрағалығыменөткен мәжілісте Ә.Ермеков негізінен Қазақ автономиясының шекаралық ауданмәселесіне баса назар аударды.

Ә.Ермеков (Естеліктен): «Мен өзімніңбаяндамамакіріспей тұрып, ұлы Октябрь революциясы көсемінің алдында қатты толқыдым. Бірақоның қарапайымдылығы, мейірімділігі, кіші халықтарға деген ерекше қамқорлығымаған жайма-шуақ әсер етті. Баяндама кезінде мені оның ширақтығы, ойыныңөткірлігі, аз халықтың баяндама жасаған өкілін әділ де батыл қолдауы бейжайқалдырмады.

Көтерілгенбарлық мәселелерді талдауы мен ондағы қойылған мәселелердің барлығынан хабардарболуы және оған бойлай енуі таңғаларлық еді. Ол менің баяндамама да қатыстықызығушылық пиғыл көрсетті: мұқият тыңдады, мүмкін болатын қателіктерденсақтандырды, ал әділ шешімді талап ететін қажетті шараларды батыл қолдады.Владимир Ильич тек тыңдап, талдап қана қоймай, әрі қызына пікір айтып, бүкілбаяндаманың басынан бастап, аяғына дейін белсене қатысып отырды. Сөйтіп,адамзаттың ұлы данышпаны маған ұмытылмас әсер қалдырды. Осынау ұлы ойшыл-революционердің рухы алдында басымды иіп тағзыметемін.

ЕндіВладимир Ильичтің баяндамадағы шиеленіскен мәселелерді дұрыс шешуге қатысып,берген көмегі туралы, елу жылдан кейін де есімде қалған жеке-жеке эпизодтарғатоқталайын.

Менөзімнің баяндамамда, негізінен, Қазақстанның шекарасын анықтауда үлкен маңызыбар күрделі де шиеленіскен жер мәселесіне тоқталдым (бұл мәселелер Ленинніңкөзі тірісінде шешілген болатұғын, сондықтан да қазір тарихи-анықтамалық қанасипат алады).

ПатшалықРоссия кезінде сол кездегі қолданыстағы заң ережелерін бұза отырып, қазақжұртының иелігіндегі өзен, көл жағалауын, орман алқабын, саяжай орналасқантоғайларды, қара топырақты жерлерді, жасыл алқаптарды тартып алған болатын. Албұл «белдеулердің» Ертіс бойындағы көлемі әуелде ені 10 десятинадан бастап,ұзындығы 70 десятинаға дейін жетті, ал Каспий теңізінің солтүстік жағалауындағыәйгілі «миллиондық қор» деп аталатын аса ірі атырау мал өндірісіменайналысушылардан тартып алынып, шіркеуге, қазыналық қарашығын деп аталатынсалғырттың есебіне және қазынаның жеке билігіне берілді.

Қазақтардыңпайдалануындағы жерлерді тартып алатын мұндай әпербақандық Ресейдің ішіндегіаса ірі жер иелері мен помещиктердің: құлқын жоқтайтын столыпиндік реформаданкейін тіпті өрістеп кетті. Ол мемлекеттік дума мінбесінен: «Қазақ даласы менТүркістандағы ұйымдасқан кулактардың қожалығы жергілікті тұрғындардың мүддесін ескермеуітиіс, керісінше, ол патша режимінің тірегі болуы тиіс», –деп ұрантастап, патшалық саясаттың тірегіне айналды. Сөйтіп, жергілікті тұрғындардыойламай, Қазақстан мен Түркістанда кулактардың иелігіндегі  шаруашылықтың қанат жаюына бар күшін салғанеді. Онда (мәжілісте – Т.Ж.)Каспийжағалауы туралы мәселелер өткір пікірталас тудырды. Ал жергілікті тұрғындардыңжер туралы мәселесі тіпті қаралған да жоқ болатын. Ертістің он шақырым сол жақбеті 1904 жылғы орыс-жапон соғысы алдында сенат үкіметінің қаулысымен Сібірказактарының иелігіне берілген. Ал Қазақ елі өзінің ата-бабасының жерінен айырылып қана қоймай, оныңүстіне осы жайылымдыққа малын бағу үшін орыс кулактарына орасан зор қаржытөлеп, тез арада кедейлікке ұшырады. Сөйтіп, олар әрбір казак семьясына қызметететін үй шаруасындағы жұмысшы ретінде батырақтарға айналды. Қазақ өлгенкісісін жерлеу үшін зират орнына алтын ақша есебімен 18-20 сом төлегені туралыдеректер архив құжаттарынан белгілі.

Менбаяндамамның соңында: осы он шақырымдық жерді қазақ халқы ежелден иеленіпкелгендіктен де, өздеріне қайтарып беру туралы ұсыныс жасадым.

АлКаспий теңізінің солтүстік жағалауы салық жинайтын жер болып жарияланғанымен,патша өкіметі қазақ тұрғындарын иеленген жерлерінен көшіре алмады. СебебіКаспийдің солтүстік жағына қарай «Рың (Нарын ? –Т.Ж.) құмдары» деп аталатын құм бұйраттары созылып жатыр. Экономиканың қаталзаңы тұрғындарды Каспий теңізі жағалауына қуды. Онда олар балық аулауменшұғылданып, кемеде жұмысшы болып істеп, күнкөріс мүмкіндігіне ие болды.

Баяндамамныңсоңында: қазақтардың бұрын иеленіп келген жерлері өздеріне қайтарылсын жәнежергілікті қазақ пен отырықшылданған орыс тұрғындары қашан орнығып біткеншеРоссиядан қоныс аударуды тоқтатқан жөн деген ұсыныс жасадым. Осы жерде ВладимирИльич менің сөзімді бөліп: «Қызық екен, орталықтағы жолдас, біздің ЦК-ныңмүшесі Сафаров: «Түркістаннан барлық кулак шаруашылығын көшіріп жіберу керек», десе, сіз «тек жергілікті қазақтар менотырықшылданған орыстар орын тепкенше, қоныс аударуды тоқтату керек» дейсіз.Бұл қалай? Мен мұндай пікірді күтпеп едім», –  деп бір сәт күмілжи қарады. Мен СафаровтыңТүркістанның жағдайын жақсы білетінін, ол сол жерде ұзақ уақыт қызмет істегенінайта келіп, «ал Қазақстанның жағдайында ондай ұсыныстан бас тарту керек»дедім. Және де өз ұсынысыма негізретінде солтүстік аймақтардағы қазақ пен орыс тұрғындарының сан жағынанарақатынасы жайлы статистикалык мәліметтерді келтірдім. «Орыс тұрғындарынкөшіріп жібереміз деген шешімнің орындалу мүмкіндігіне сенбеймін, себебі ұлттарарасында алауыздық туу қаупі бар»,дедім.Сонда Владимир Ильич: «Ендеше, ойлану керек», деді.

Бұданкейін «он шақырымдық кесімді жер» мен жерге орналастыру мен ауыл шаруашылығынұйымдастыру туралы барынша қамти айтқаныма қарамастан, Владимир Ильич: «Тағы дақосымша айтарыңыз бар ма?» депсұрады. Сонда мен жастардың атынан (ол кезде 29 жаста едім): «Жерді өңдеугежәне шөп шабуға арналған ауыл шаруашылығы машиналарымен қамтамасыз етсе, сөйтіп,ауыл шаруашылығы коммуналарын ұйымдастырсақ», дегентілек айттым. Владимир Ильич қолын сермеп: «Керегі жоқ, керегі жоқ. Біз ауылшаруашылығы коммуналары жайлы тіпті орталық Россияда да әлі ойластырғамыз жоқ», деді. ВладимирИльичтің тарапынан айтылған мұндай сілтеме ұсынысқа мен қатты абыржып қалдым.

Комиссияныңмәжілісінде жасаған баяндамамның біздің республикамыздың территориясын анықтаутуралы тұсында: Каспий теңізінің солтүстік жағалауыныңАстрахан губерниясынан Қазақстанғақайтарылғаны тиімді екендігі жөніндегі жоғарыдағы ұсынысымды қайталап айттым.Менің бұл ұсынысыма көптеген адамдар мүлдем қарсы болды. Ірі басшылар, әсіресеАстрахан губерниялық атқару комитетінің председателі (фамилиясы есімде жоқ), Лежава,Брюханов секілді басшылар «Каспийдің балығымен Москва жұртшылығын асырапотырмыз, еліміз азық-түлік қиындығын бастан кешіп отыр» деген сылтауды алғатартты. Сөйлеушілердің бұл мәселеге теріс көзқарасын байқаған Владимир Ильичмаған бұрылып: «Біздің экономистер жан-жақты талдап, батыл айтқан секілді,ұялмаңыз, өзіңіздің ойыңызды еркін айта беріңіз, енді сөз сізге беріледі», деді.

«Менкеше ғана институтты бітіргенмін, жақсы тәжірибені үйренуге дайынмын. Бірақкейбір жолдастардың менің ойыма қарсы болғанына таңым бар. Өйткені Қазақстанныңөзінің ұлттық-тұрмыстық ерекшеліктеріне байланысты алатын автономиялық басқаруқұрылымы РСФСР-дің қарамағына кіреді. Соған қарамастан, біздің Каспийжағалауының республика шекарасына кіргізілуін мақұлдағанымыз дұрыс сияқты.Себебі ол жерде негізінен балық шаруашылығымен айналысатын қазақтар мекендейдіжәне де бұл жағалау Қазақстан территориясының ішіне кіріп тұр. Ал егер осыжағалауды тұрғындарымен бірге біздің республиканың шекарасына кіргізсе, бізоларды ұйымдастырып, Астрахан губерниясына қарағанда орталыққа әлдеқайда көпбалық жіберетінімізге сенімдімін», дедім.

ВладимирИльич Астрахан губерниялық атқару комитетінің председателіне бұрылып, оған: «Жағалаудағықазақ пен орыс тұрғындарының сан жағынан арақатынасы қандай?» деген сұрақ қойды. Председательстатистикалық мәліметтер жоқ дегенді сылтау етіп, сұрақтан бұлтарғысы келіпеді, Владимир Ильич: «Жағалауда қанша қазақ, қанша орыс бар деп отырғаным жоқ,осы өңірдегі тұрғындардың қайсысы басым?» деді.Сонда председатель амалсыздан «қазақтар басым секілді» дегенге сайды. ВладимирИльич: «Мәселе түсінікті болды», депдауысқа салмақ еді, сол арада хатшы Крестинский: «Ермеков жолдас «Данцигдәлізін» ұйымдастырмақ болып отыр», депқыстырылып еді, Владимир Ильич: «Крестинский жолдас мәселенің маңызын түсінгенжоқ. «Данциг дәлізін» Астрахан губаткомы мен біздің шаруашылық басшылары жасапотыр», – деді. Теңізжағалауын біздің республикамыздың шекарасына қосуды жақтап Владимир Ильичтіңөзі дауыс берді және оның ұсынысы көпшілік дауыспен қабылданды», деп еске алды.

Иә, Ленин мен Әлімхан Ермековтің көзбе-көз тілдесуініңнәтижесінде бүгінгі Атырау өңірі Қазақстанның құрамына мәңгілік қосылды.Автономия мен территория мәселесі 14, 16-17 тамызда талқыланып,  24 тамыздатағы да Лениннің қатысуымен өткен ең соңғы шешуші мәжілісте түбегейлібекітілді.

Бұл туралы аталған естелікте Ә.Ермеков:«1920жылы 24 тамызда Халық комиссарлар кеңесі Қырғыз(Қазақ) автономиялық республикасы туралы декрет жобасының мәселесі жөніндегімәжіліске баяндамашының бірі ретінде мен де қатыстым. Мәжілістегі атмосфера асаіскерлік жағдайда болды, әрқайсысы өздерінің жауапкершілігін сезініп, қаталтәртіп сақтап байсалдылық танытты. Бұл мәжіліске Владимир Ильичтің өзі жәнебіздің тарапымыздан төраға Пестковский қатысып отырды. Мәселе туралы Ұлттаржөніндегі халық комиссары төрағасының орынбасары Каменский баяндама жасады. Олөзінің жауапкершілігін қатты сезініп, баяндама барысында көп қиналды.

Владимир Ильич декретті қарап отырып:«Байланыс торабы мұнда ЦСНХ-ның қарамағына беріліпті, неге НКПС-тің (Байланысжөніндегі халық комиссариатының – Т.Ж.)қарауына берілмеген?» – деген сұрақ қойды. Каменский жолдас: «Татарреспубликасы туралы декретте осындай ереже қабылданған болатын», – деп жауапберді. Владимир Ильичтаңданыс білдіріп: «Ендеше, ол ережеде мұндай шешім неге қабылданған?» – деп сұрақ қойдыда, мәселенің барлығы нақты қамтылмағаны туралы баяндамашыға қатты ескертуберді. Мен бұл мәселенің мән-жайын Пестковский жолдасқа: «Біздіңреспубликамыздағы теміржол торабының көлемі шамалы, оның есесіне салынып жатқантеміржол құрылысы ЦСНХ-ның басшылығына қарайды», – деп түсіндірдім. Пестковскийжолдас сөз алып, жоғарыдағы шешімнің мән-жайын түсіндіріп берді. Владимир Ильичбұған: «Мұндай түсініктемемен келісуге де болады, келіспеуге де болады, бірақбаяндамашы болса Татар республикасы жөніндегі осыған сәйкес ережеге сілтемежасағысы келеді», – деп ескерту жасады. Каменский жолдасөзінетүскен барлық жауапкершілік пен ауырлықты қатты сезініп қиналды, сөйтіп, осындаотырғандарға алдағы уақытта ескеріп жүретіндей үлкен сабақ болды.

Сөйтіп, декреттің жобасы тездете тұтасоқылып, қабылданды. Тиісті қосымшалар мен өзгерістерімен қоса, РСФСРХалкомсовының декреті 1920 жылғы 26 тамызда бүкіл елге жарияланды», – депеске алды.

«Алашорда»үкіметі арқылы Қазақ республикасына ұласқан Алаш идеясы осылай орындалды. Оныңбасында сол жолда жанын құрбандыққа атаған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов,Әлімхан Ермеков және… автономия туралы пікірталаста «Егер де сеніммен қолға алсақ, бұл мәселені толық шеше аламыз. Тек…біз әлі таптық жігімізді ажыратып үлгергеміз жоқ. Сондықтан да біз қазақхалқының ұлтшылдық ырқына да көндік, онсыз ештеңені жүзеге асыра алмайтын едік»,– деп, салмақты өзіне аудара сөйлеген Әліби Жанкелдинтұрды. Оған Алаш азаматтары М.Мырзағалиев пен Ғ.Әлібеков дауыстарын қосты.

Ал бұл Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың,Әлімхан Ермековтің Қазақ мемлекеті алдындағы тарихи миссиясы болатын. Сөйтіп,«Алашорда» көсемі өкімет билігін ресми түрде Ленинге табыстап, ал Алаштыңрухани туын жаңа Қазақ автономиялық өлкесі үкіметінің қазақ істері жөніндегіорынбасары Ахмет Байтұрсыновқа ұстатты. Оған декларация жарияланысымен ӘлиханБөкейхановтың Ленинмен оңаша он бес минут сөйлесуі толық дәлел. Өзі «не ойы, небілімі көлемді емес» деп есептейтін Сталинменкездесуден бас тартқан. Ол туралы Әлімхан Ермеков: «В.И.Ленин өзі төрағалық еткен алғашқы мәжілістің аяғында: «Автономияныкұру жөнінде қазір Сталинге барып пікірлесіңдер, оның дайындаған жобасы бар,сонымен танысып, бар ойларыңызды түйістіріңіздер», –деп кеңес берді.

Мәжіліскеқатысушылар үзілісте түгелдей дәлізге шықтық. Қазақстандық делегацияның құрамы15-тей адам болатын. Бәріміз Әлихан Бөкейхановты тостық. Әлекең Ленинмен оңашапікірлесіп, әңгімелесіп қалған болатын. 15-20 минуттан кейін ол кісі де шықты.Біз: «Cізді Сталинге бірге кіру үшін тосып тұрмыз», дедік. Әлихан бәрімізге салқындауқарап: «Сталин не шешер дейсің, оның не ойы, не білімі көлемді емес, қанша біржетіскен жоба бар дейсің. Онан да өзіміз жеке шешкен дұрыс», деп жүріп кетті. Біз бәріміз аңтарылыпқалдық та, Әлекеңе ілесіп Кремльден шығып кеттік. Осы күні «Бәлкім, кіріппікірлескеніміз дұрыс болар ма еді? Кейбір мәселелер, мүмкін, басқаша шешілерме еді?»деген ой келеді.Осы мәжілістен кейін бір жеті өткен соң, В.И.Ленин Қазақ АССР-ін құру жөніндегідекретке қол қойды», – депеске алған.

Сәбит Мұқановтың «Бізсоциализмді Ермековтердің қолымен құрамыз!» деп («Есеюжылдары») кекетсінген Қужаққа қосылып, ұрандатып жүрген кезі де осы жылдарболатын.

Бұданкейін Әлихан Бөкейхановпен бірге, Әлімхан Ермеков те саясат сахнасынан мүлдемшеттетілді.Бірақ елі үшін еңмаңызды міндетті атқарып кетті.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 29.10.2020, 09:12
Ауылды қарызға батыру ағайынды құрдымға кетіру екенін неге ұқпаймыз?!
Қарлығаш Зарыққанқызы 27.10.2020, 11:11
Реформалар кеңесі 30 жылда бағы ашылмаған салалалардың бабын келістіре ме?
Жарлы БАЙҒАНИН 22.10.2020, 10:55
Өз балаңды өзекке теппеші
Қарлығаш Зарыққанқызы 20.10.2020, 09:07
Құм құрсауында қалған ауылдар
Махамбет САПАРМҰРАТОВ 15.10.2020, 09:48
Қоғамдағы көп кеселді қолдан жасап отырмыз
Айжан БҮРКІТБАЕВА 13.10.2020, 11:32
Қазақта қайткенде баспана болады?

Аңдатпа


  • Мүгедекке айналған азамат әділет іздеп әлек
    29.10.2020, 11:03
  • Қайда кеткен? Қоймада коронавирустан емдейтін 12 дәрі жоқ болып шықты
    28.10.2020, 16:24
  • Kaspi.kz сервистері жұмыс істеп тұр
    28.10.2020, 15:38
  • Жалт етіп сөнген бір жасын
    27.10.2020, 09:53
  • Бүгін еліміздің басым бөлігінде қар мен жаңбыр жауады
    26.10.2020, 10:04