Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)

Жарас КЕМЕЛЖАН

24.05.2022, 08:07

1630

Өткен жылы тура осы уақытта жұмыс бабымен Алматы облысының шекара заставаларын аралаудың сәті түсті. Алматыдан бір қараңғы, бір жарықта қозғалып, Кеген ауданының Рабат шекара бекетіне таңғы шайдың уақытында жеттік. Бекет тау бөктеріндегі Жалаңаш ауылының қақ ортасында, екі қабатты ғимаратта орналасыпты. Кеңес одағы кезінде салынған, балабақша болған жатаған үй. Тозығы жеткен ескі ғимарат. Бірінші қабатында шекарашылардың кеңселері мен асханасы, жаттығу залдары орналасқан. Ал екінші қабаты осында қызмет ететін сарбаздардың баспанасы. Саты шекара бекетіндегі жағдай да осының ар жақ, бер жағында.

Отан тыныштығын күзетеміз деп, ант беріп келген жас сарбаздарды тұратын орындары мен мұндағы әлеуметтік мәселе қатты алаңдатпайтындай көрінді. Өйткені мұндай тіршілікке еттері үйреніп кеткен. Шекара қызметінде ұзақ жылдардан бері жұмыс істеп жүрген жігіттерден Қазақстанның барлық шекара бекеттеріндегі жағдайдың бірдей екенін суыртпақтап отырып, білдік. Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан өткен айда жасаған депутаттық сауалында шекара бекеттеріндегі жағдай сын көтермейтінін ашық айтқан болатын. Оның айтуынша, Алматы облысының Панфилов ауданындағы шекара заставасы 1892 жылы салынған ғимаратта орналасыпты. Шонжыдағы «Райымбек» заставасындағы әскерилер тұратын үй мен спорт залы, мәжіліс залы, кітапхананың төбесінен су өтіп, қабырғасы қақырап кеткен. Одан бөлек, қару-жарақ сақтайтын орындар құлаудың аз-ақ алдында тұрған көрінеді. Бұл Алматыға жақын маңдағы шекара бекеттеріндегі жағдай.

Ал алыс аймақтардағы шекараның жайы қалай? Мысалы, Абай облысы мен Шығыс Қазақстан жақтағы шекарашылар мен шекаралы аудандардағы халықтың тұрмысы сын көтере ме? Бұл енді өте өзекті сауал. Өткен аптада ғана Мақаншы жақтағы шекара туралы сюжет көрсетілді отандық телеарналардың бірінен. Қаның қараймайды, жүрегің ауырады. Шекарамыз алан-ашық жатыр. Тіпті, шекараны күзететін әскерлер жетіспегендіктен, мұнараның басына «қарақшы» жасап, қалқайтып қойыпты. «Қарақшы» деп отырғаным, қораның шетіне итқұс пен ұры-қарыға көз қылып, немесе атыз басына шөптен жасап, қалпақ, шапан кигізіп, іліп қоятын жалбағай бірдеме. «Шекарашы-қарақшыны» арғы жақтағы қытайларға көз болсын деп қойғаны анық қой. Онысы көршілерге көз емес, сөз болып жатқан шығар. «Қазақтар шекарасын сабаннан жасаған «қарақшымен» күзетіп отыр» деп, Шәуешектегі туыстар күліп жатыр-ау...

Шекаралы аудандардың жағдайы сол маңдағы халыққа ғана батады. Мәселен, бізге сонау Семейден шекара мен шекаралық аудандардағы түйткілдер туралы мәселе көтеріп хабарласқан Ермек Құрманғалиев шекаралық аудандардың ауыр хәлін биліктің кейбір аудандарды біріктіруінен туып отыр дейді. Оның айтуынша, Тарбағатай мен Ақсуатты, Катонқарағай мен Үлкен Нарынды, Күршім мен Марқакөлді қосқаннан кейін, шекараның шебінде отырған шағын ауылдардың халқы аудан орталықтарына қарай үдере көшкен. Ақордадан бір ауданға ғана ақша бөлінеді. Бір ауданға бөлінген қаржымен бұрынғы екі ауданды асырау керек. Осы саясат жел жағымызға желкен болып тұрған ауыл-аудандардың тоқырауына алып келді. Астанадан бөлінген ақша аудан орталығы мен ішкі ауылдардың әлеуметтік мәселесіне ғана жұмсалды. Ал алыстағы, яғни шекара түбіндегі елді мекендерге соқыр тиын да бұйырмайды. Сондай саясаттың салқынынан, 1997 жылдан бері шекарамыз жалаңаштана бастады. Бұрынғы 100-150 мың халқы бар аудандарда қазір 15-20 мыңға жетер-жетпес адам тұрады. Оның көбі кәрі-құртаң, шал-кемпір. Жастардың алды Алматы, астана жағалап, ірі қалаларға кетсе, қалғандары Семей мен Өскеменге сіңіп барады.   

Шекаралық аудандардың мәселесі туралы газетіміздің бірнеше санында жаздық. Мәселен, 26 сәуір күнгі «Жас Алаштың» 30-санында «Мақаншының мұңы бар, айтары бар», «Шелек ауданы оңаша отау тігуге қауқарлы» деген екі сараптама мақала жарияланды. Сол жерде аталған аудандардың көптеген әлеуметтік мәселесі қозғалады. Оның бәрін қайталаудың қажеті шамалы, бірақ Мақаншы жақтағы шекара жайы шемен боп тұр көкіректе. Мәселен, бір ғана Мақаншы өңірінде Қытаймен шектесетін 220 шақырымға жететін шекарамызда 13 бекет қана орналасқан. Олардың әрқайсысының ара қашықтығы 15-тен 20 шақырымға дейін созылады. Шекара бекеттерінде бар-жоғы 15-20 жауынгер мен 1 немесе 2 офицер ғана бар. Оның барлығы сабылып, шекара күзетпейтіні айдан анық. Ешкім жетіскенінен «Қарақшы» қоймайды, әскер жетіспегенінен жасалған қаракет бұл.

Тақырыпты зерттеу кезінде Қытайдың шекаралы ауданынан келген бір азаматпен сөйлесудің сәті түсті. Аты-жөнін атамауымды өтініп, қытайлардың соңғы оншақты жылда шекаралық аудандарды адам танымастай, өзгертіп жібергенін айтып берді. Өзі де сол жұмыстарға тартылыпты.

 – Қытайдың шекара түбіндегі ауылдарының бәрінде қазақтар тұрады. Тіпті, кейбір елді мекендерде ханзулар жоқ деуге де болады. 2000 жылдарға дейін ол жақта да шекара жалаңаш жатты. Таулы жерлерде шекара белгісі ретінде тас үйіліп тұратын. Басқа белгі болмады. Ал қазір сонау Алтайдан тартып, Тарбағатай, Іле аймағындағы Қазақстанмен шектесетін шекараның бойына бірнеше мың шақырымдық сапалы жол салды. Жол шекара сызығын қуалап отырады: тауды кесіп, өзенді кешіп, құмды аралап, ұзыннан ұзақ созылып жатыр. Жол ғана емес, әр 200 метр сайын бір-бір шекара постын қойды. Посттарға жергілікті халықты шекарашы ретінде жұмысқа алып, вахталық тәртіппен жұмыс беріп отыр. «Екі оқпен бір қоян ату», деген осы. Қытай үкіметі бір жағынан шекаралық аудандардағы жұмыссыздықты азайтса, екінші жағынан, шекараны кірпік қақпай, күзетуде. 200 метр сайын бір пост! Ондай шекарадан ұшқан құс өтпесе, адам түгілі, жүгірген аң өте алмайды, – дейді жағдайды түсіндірген бауырымыз.

Одан бөлек, посттарға жарық тартып, жылу жүйесі мен интернет, телефон желісіне дейін жүргізіп тастапты. Қытай – Қазақстанмен ғана шектеспейді. Көршіміз теріскейде Ресеймен, Моңғолиямен, батысында қырғыз, тәжік, Индия сияқты елдермен де шекараласып жатыр. «Ол жақтардағы шекараның жайы тура осындай», — дейді әлгі азамат. Бұл енді шекарадағы жағдай. Ал шекаралық аудандардағы жағдай, тіпті, бөлек. Шекара түбінен шағын қалашықтар салып, ішкі қытайдан «Батысты игеру» деген саясатпен миллиондаған адамды көшіріп әкелген. Бұл саясаты біздің «Еңбек бағдарламасымен» солтүстік аймақтарды қазақыландыруға қатты ұқсайды, бірақ екеуінің нәтижесі жер мен көктей... 

Біздің шекара ше? Пост түгілі, көлік жүретін жол жоқ. Ат болмаса, көктем мен күздің батпағында, жаз бен қыстың жауын-шашынында қарға адым жердің өзі мұң. Ал интернет, көгілдір отын туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Материалдық база әлі төмен, соңғы электронды техникалармен жабдықталмаған. Заставалардағы ауыз судың өзін бұлақтан немесе өзеннен тасып ішеді. Шағантоғай заставасында 30 жыл бойы электр жарығы үшін дизель пайдаланылып келген екен, таяуда ғана электр жүйесіне қосылыпты. Біз Қытаймен шекараласқан бір-екі аудандағы шекараның жайын ғана жазып отырмыз. Ал 13 394 шақырымға созылып жатқан алып шекарамыздың мұңын кім түсінеді? Ресеймен іргелескен 7591, Қытаймен қолтықтасқан 1782 шақырым шекарамызды таспен қоршамасақ та, ел шетін қараусыз қалдырмасақ жарар еді.

Тегтер: шекара қызмет қауіпсіздік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жарас КЕМЕЛЖАН 24.06.2022, 09:06
Серікқали Брекешевті киіктің киесі ұрады
Марат ТОҚАШБАЕВ 23.06.2022, 14:00
Германия неге соғыс ашты?
Жарас КЕМЕЛЖАН 23.06.2022, 09:23
Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 23.06.2022, 09:20
«Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 22.06.2022, 08:33
Тоғжановтың қиялы...
Күлтегін БЕК 21.06.2022, 08:30
Тоқаев мінез танытты...

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33