Қазақстан соғысқа даяр ма?

Жарас КЕМЕЛЖАН

16.06.2022, 08:56

2094

Күні кеше, Қорғаныс министрлігі еліміздің Әскери доктринасын өзгерту туралы президент жарлығының жобасын әзірледі. Қорғаныс ведомствосы мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, негізгі құжатты жаңа болмысқа бейімдеуге бағытталған қолданыстағы Әскери доктринаны қайта қарауда. Министрліктің хабарлауынша, құжатқа өзгерістер енгізуді осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Доктринадағы өзгерістерге тоқтала кетсек, «дағдарысты жағдай» – ел аумағындағы немесе оның жекелеген жергілікті жердегі әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай туындауы салдарынан, қалыпты қызмет ету режимінің бұзылуымен байланысты туындаған жағдай, деген ұғым енгізіледі. «Резервтегі әскери қызмет» – резервте болатындардың әскери жиындардан және арнайы даярлықтан өтуін қамтитын әскери қызметтің ерекше түрі, деген ұғым қарастырылған.

Қазақстан Республикасына төнетін әскери қатерге әкеп соқтыруы мүмкін негізгі жағдай бөлімі мынадай тармақтармен толықтырылды:

– мемлекеттегі жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған ақпараттық-насихаттау жұмысын, атап айтқанда, ақпараттық операциялар (кибершабуыл) жүргізу, халықаралық аренада теріс ахуалды қалыптастыру;

– Қазақстан Республикасының және шектес мемлекеттердің аумағында деструктивті элементтерді жасырын дайындау;

– ғарыштық кеңістікте басым түсу үшін күресуді күшейту;

– шекара қауіпсіздігіне ықпал ететін Мемлекеттік шекарадағы жағдай болып табылады.

Сондай-ақ қалыптасатын жағдайда Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігіне мынадай фактор ықпал етуі мүмкін: Мәскеу, Лондон және Вашингтон қалаларында 1972 жылғы 10 сәуірде жасалған Бактериологиялық (биологиялық) және уытты қаруды жасауға, шығаруға және оның қорын шоғырландыруға тыйым салу және оларды жою туралы конвенцияның ережелері шеңберінен тыс шығатын процестер мен оқиғалар.

Түзетулерге сәйкес, қазіргі заманғы жағдай мен факторларды талдау нәтижесіне сүйенсек, Қазақстан Республикасына әскери қатерді мыналар төндіруі мүмкін:

– мемлекеттегі жағдайды тұрақсыздандыруға, конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған, оның ішінде, ақпараттық және киберкеңістікте құрылымды бұзатын күштердің әрекеті;

– Қазақстан Республикасының ғарыш саласындағы мүмкіндігін шектеуге, сондай-ақ ғарыштық кеңістіктен ықпал ету арқылы мемлекеттің әскери әлеуетін төмендетуге бағытталған әрекет;

– террористік және экстремистік әрекет.

«Әскери жанжал басталғанға дейін және қарулы күрес барысында мемлекеттегі жағдайды тұрақсыздандыру, оның әскери және әскери-экономикалық әлеуетін төмендету мақсатында – ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның, оның ішінде, мемлекеттік және әскери басқарудың өте маңызды объектілеріне зиянды бағдарламалық-техникалық әсер ету (кибершабуыл) жүзеге асырылуы мүмкін. Әлемдік аренада мемлекет маңында теріс ахуалды қалыптастыру мақсатында ақпараттық кеңістікте күшейтілген әсер ету жүргізілуі мүмкін», – делінген жобада.

Сонымен, доктринаның тармақтарына түрлі 67 өзгерістер енгізілмек. Сарапшы Асхат Қасенғалидің пайымдауынша, резервтегі әскери қызмет дегені – тұрақты әскерімізден бөлек, қосымша резервтік күштерді дайындауға байланысты кеңінен түсініктер қалыптасады деген сөз. Қолда бар ақпараттарға сенетін болсақ, енді бұрын әскерде болған және болмаған азаматтарды әскери дайындықтарға шақырады.

Ол тегін емес. Біріншіден, қаржысы төленеді. Екіншіден, елімізге қандай да бір қауіп-қатер төнетін болса, резервтік күштерде болған азаматтың бірден ұрыс даласына аттануға мүмкіндігі болады. Жыл сайын әскери дайындықтан өткен соң, атысу, заманауи тактика-стратегия дегеннің барлығын меңгереді. Үшіншіден, азаматтың бекітілген қару-жарағы болады. Военкоматқа барған кезде қолына бірден қаруы беріліп, 1-2 күн даярлықтан өтіп, ұрыс даласына барады. Бұл мемлекет үшін уақыт ұтуға және төнген қауіп-қатердің, яғни, жаудың бетін қайтаруға мүмкіндік береді. Меніңше, бұл өте қажет. Әлемдегі геосаяси жағдай ғарыштық жылдамдықпен өзгеріп жатыр. Қазір қауіп-қатердің қайдан пайда болатынын нақты білмейміз. Ал биологиялық қаруға қатысты түзетулер, меніңше, Мәскеудің қазір Украинада жасап жатқан іс-әрекетіне қарсы жауап сияқты. Себебі, Мәскеу «Украинада билогиялық қару жасалды, зертханалары вирус шығарды», деген байбалам салды. Қазақстанға қатысты да солай айтып қалды бірнеше рет. Алматыдағы АҚШ-пен бірлескен биологиялық зертханамызды меңзеп. Соған байланысты әскери доктринамызға осындай пункт енгіздік. Біз ешқандай биологиялық қару, қауіпті ауру түрлерін жасап жатқан жоқпыз. Біз зерттеумен айналысамыз және зерттеуді тоқтатпаймыз. Мұны әскери доктринамызға бекіту арқылы осындай бір жауап бермекпіз. Не арбаны сындырмаудың, не өгізді өлтірмеудің бір тәсілін солай таптық.

Доктринаға енгізілетін маңызды ұғымдардың бірі – ол диверсияға қарсы заманауи құрылғылармен әсер етуді қамтамасыз ету мәселесі. Қазіргі әлемде кез келген мемлекеттер арасында бейбіт күннің өзінде диверсиялық топтардың бар екені анық және диверсиялық шабуылдар үнемі жасалып тұрады. Мысалы, Арыстағы жарылыстың құпиясы әлі ашылмады. Тараз маңындағы Байзақтағы жарылыс. Мұның бәрін біз диверсия деп анық атай алмаймыз, өйткені қолымызда ешқандай дәлел жоқ. Бірақ мұндай жарылыстар еліміздің әскери нысандарын диверсиялық шабуылдан барынша, қорғау қажеттігін көрсетіп берді.

Тағы бір мәселе – ол ғарыш саласында ақпарат алмасу. Ғарыш үшін болатын бәсекелестікте Қазақстанның көш соңында қалып қалмауы мәселесін де көтерген екен. Әрине, Қазақстанның ғарыш саласын игерудегі әлеуеті ғарыштық держава саналатын өзге елдермен салыстырғанда, төмен, бірақ бір артықшылығымыз – ғарыш айлағымыз бар. Десек те, Байқоңырдың өзі қазір Ресейдің қолында. Ресей жалдап отырғандықтан, олардың бізге қандай да бір артықшылықтар мен мүмкіндіктер беруі екіталай. Ал қазақтың ғарыштық бәсекеде қалып қалмауы маңызды. Қазір әлемдік державалар арасында қарсылық пен бәсекелестік су астында да, құрлықта да, әуе кеңістігінде де жүріп жатыр. Ал бәсеке жүріп жатқан төртінші кеңістік ол – ғарыш. Қазір ғарышта АҚШ-тың мыңнан астам спутнигі бар, ауыл шаруашылығы, әскери сала, саяси сала үшін кеңінен қолданылатын. Ресейдің 162 спутнигі бар ғарышта. Соның өзі Ресейге барлау жұмыстары жағынан жеткіліксіз болып жатыр. Мысалы, Украинаға барлау жұмыстары бойынша АҚШ өзінің спутниктері арқылы кеңінен ақпарат беріп отырғаны белгілі болды, ал Ресей өзінің спутниктерін қанша қолданса да, дәл Украина сияқты ақпарат ала алмай отыр.

Сондықтан доктринаға ғарышты игеру мәселесі қосылғаны дұрыс. Кибершабуыл мен ақпараттық қауіпсіздік деген мәселе де бар. Расымен де, әлемде кибершабуылдар көбейді. Интернет әбден дамыған қазіргі кезеңде бір ғана кибершабуылмен жаудың көзін соқыр қылып, құлағын тас керең етіп тастауға болады. Доктринаға ақпараттық қауіпсіздік мәселесінің толыққанды енгенін өте дұрыс санаймын. Қазақстанның әскерін әртүрлі ұшқышсыз ұшу аппараттарымен қамтамасыз ету керек деген сөз енгізіліпті. 21 ғасыр соғысының бір көрінісі – дрондар. Оның ішінде, барлау дрондары, соққы жасаушы дрон, камикадзе-дрондар.

— Қазақстанның осы ұсынып отырған әскери доктринасына қарап, бір нәрсені түсінуге болады: біздің әскер үлкен реформаның алдында тұр. Реформаны біріншіден, әскери доктринаны өзгертуден бастайтын сияқтымыз. Екіншіден, әскерге бөлінетін қаражаттың деңгейі еселеп артады. Себебі қазіргі ұсынылып отырған 67 тармаққа назар аударсақ, мұның бәрі орасан зор көлемдегі қаржыны қажет етеді. Ұсынылып отырған бұл доктрина геосаяси жағдайды ескере отырып жазылған сияқты. Бұл пункттердің ішінде сепаратистік көзқарастарға қарсы іс-қимылдар, оның ішінде, ақпараттық және физикалық тұрғыдан жаттығуларды арттыру деген пункттерді нақтылап енгізген дұрыс, – дейді сарапшы Асхат Қасенғали.

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жарас КЕМЕЛЖАН 24.06.2022, 09:06
Серікқали Брекешевті киіктің киесі ұрады
Марат ТОҚАШБАЕВ 23.06.2022, 14:00
Германия неге соғыс ашты?
Жарас КЕМЕЛЖАН 23.06.2022, 09:23
Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 23.06.2022, 09:20
«Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 22.06.2022, 08:33
Тоғжановтың қиялы...
Күлтегін БЕК 21.06.2022, 08:30
Тоқаев мінез танытты...

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33