Қазақстанда спорт туралы ғылым ақсап тұр

Нұрай РАХЫМ

12.10.2021, 11:40

532

«Асық ату» республикалық федерациясының жауапты хатшысы және республикалық деңгейдегі асық жарыстарында төреші, спортшы Ерсайын Нарымбаев әндер жазуды да жанына серік еткен әуесқой қомпозитор екенін де атап өтпеуге болмас. Бірақ бүгінгі әңгімеге Токиода өткен биылғы олимпиадада еліміздің 83-орынға ғана қол жеткенінің, отандық спорттың ғылыми бөлігі ақсап отырғаны арқау болып отыр. Сонымен қатар, «Жас Алаш» газетінің №72 нөмірінде жарияланған «Спорттың туы қисайып тұр» мақаласына толықтыру ретінде Ерсайын Нарымбаев Қазақстан спортындағы кем тұстарды бір саралап шықты.    

Ерсайын ағамыз – талай жылдан бері осы саланы меңгеріп жүрген жандардың бірі. Ол кезінде Арқалық қаласының, Торғай облысының спорт басқармаларында басшылық қызметтерді атқарған, жиырма жыл бойы Арқалық пединститутының спорт кафедрасының меңгерушісі, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетте аға оқытушы, астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде спорт бөлімінің меңгерушісі болған. Еліміздегі спорт саласының дамуына, ондағы қазіргі олқылықтарға бей-жай қарай алмайтыны да сондықтан. Шыны керек, соңғы кездері отандық спортшылар бапкерлерге, спорттағы түйткілдерге қатысты интернет арқылы жиі наразылық білдіретінін де байқап жүрміз. Президент Қ.Тоқаев биылғы халыққа жолдауында да: «Жалпы Токио олимпиадасының қорытындысына байланысты спорттағы ахуалды бөлек кеңесте қарау қажеттігі туындап отыр», – деген болатын.

Спорт саласының өрге емес, артқа құлдырап бара жатқанының себебі неде?

Ерсайын Нарымбаев мәдениет пен спорт сияқты екі түрлі саланы бір министрлікке біріктіріп қоюдың өзі дұрыс емес деп есептейді. «Қарапайым адамға спорт саласы оңай дүние секілді көрінуі мүмкін, бірақ көбі оның ішкі құпияларын біле бермейді. Негізінен спорт – өте күрделі сала. Мұндай күрделі саланы неге мәдениет саласының адамы басқарады? Екі саланы бөліп тастау қажет, тіпті, министрліктің өзі керек емес. Бұрын жеке спорт комитеті болатын және мұны осы саланың білімді, ұлтжанды, мінезді маманы басқарғаны маңызды. Спорттағы жүйені қайта қарау қажет. Өйткені спорт саласындағы қаншама спортшының жағдайын жасау үшін оны түсіне білетін адам болуы керек. Ғарыш қалай дамып жатса, спорт та дүниежүзінде солай дамып келе жатыр. Біз ғана бір орында тұрмыз. Спортшыларымыздың XXXII жазғы олимпиада ойындарында алтын, күміс алмағандарына әркімді бір кінәлап жатырмыз. Ал мұндай жағдай болатынын, қазақ спортының құлдырап бара жатқанын мен қазақ газеттерінің біріне 5-6 жыл бұрын жазғанмын. Қазір осы мәселеге қатысты президент Қ.Тоқаевқа хат дайындап жатырмын», – дейді ол.  

Оның айтуынша, мысалы Жапонияда 6 жасар баланы бірінші сыныпқа барарда толықтай генетикалық зерттеуден өткізеді екен. Сол арқылы оның өзінің немесе әкесі мен анасының бойында, атасы мен әжесінен келе жатқан қандай аурулар бар екенін анықтайды.  

‒ Не үшін? Біріншіден, баланы қандай да бір аурудан емдеп шығару үшін. Екіншіден, спорт саласына баланың денсаулығы жарай ма, жоқ па екенін анықтайды. Өйткені алты жасар бала олимпиада чемпионы болғанға дейін кемінде 15 жылдай спортпен айналысуы керек. Оған артылар жүктеме, ауыртпалық жыл сайын күрделене береді. Спорттың ең биік шыңына шығу үшін қаншама жыл тер төгіп, еңбектенеді. Ал сол 15 жылға бала шыдай ала ма, жоқ па? Мысалы, 14 жылын шыдап, 15-ші жылы спорттың шыңына шығу керек кезде жасөспірімнің денсаулығынан кінәрат шықса, бапкерлер мен дәрігерлердің, басқа да мамандардың 14 жыл бойғы еңбегі және жұмсалған қаражат далаға кетеді. Сондықтан бұл мәселені кейбір мемлекеттер жан-жақты зерттеп келе жатыр. Мысалы спортшылар әлемдік деңгейде жетістікке жетуі үшін шетелдерде арнайы олимпиадалық дайындық орталығы бар. Біздегі спорт мектептеріндегі балаларға көп мүмкіндік жасалмаған. Норвегия, Голландия елдеріндегі орталықтарда кітапханасы, интернеті, қосымша жүзу бассейні, мұз айдыны, т.б. керек-жарақтың бәрі бар.

Біз Кеңес үкіметінен кейін көп нәрседен айырылып қалдық. Мысалы: ерлер волейболы бойынша 16 мемлекет арасында чемпион болған «Буревестник» деген команда болды. «АДК» деп аталатын қыздар командасы да чемпион атанды. Ал қазір мұның бәрін тамырымен құрттық. Астананың өзінде команда дайындайтын балалар жоқ.

Мектептегі дене тәрбиесі сабағын да құртты. Мен Институт бітіріп, мектепке мұғалім боп келгенде, әр мектеп жыл сайын жазғы және қысқы спартакиадасын өткізетін. Төрт жылда бір рет республика деңгейінде оқушылар спартакиадасы болатын. Қазір ешқайсысы өткізбейді. Мысалы, Қостанай, Павлодар, Солтүстік, Батыс, Шығыс Қазақстан қар түсетін өңірлер, осы жақтарда дене шынықтыру сабағында неге оқушыларды шаңғы, коньки тебу сияқты қысқы спорт түрлеріне белсенді түрде машықтандырмайды? Сабақ өткізіп жатқандарын көрген емеспін, баланы ойыншықпен алдағандай ойнауға допты ғана беріп қояды. Америкада спорттың 11 түрінен қыздар арасында, 12 түрінен ұлдар арасында мектепаралық жарыстар өткізеді әрі оны жергілікті телеарнада көрсетеді. Міне, осылай олар ұрпаққа спортты насихаттайды.

Мұқияттылығы сонша Голландия, Нидерланды, Норвегияда чемпиондардың әрқайсысына тағамды тәбетіне қарай ерекше дайындайды екен. Бізде олай емес. Жақында естідім, орыстың ақыны А.Пушкиннің немересі Италияда сүт өнімімен айналысады екен. Сонда сиырдың сүтінің құрамында қандай микроэлементтер болуы керек десе, соған сәйкес жейтін тамағын толықтырып беріп отырады. Оның барлығын компьютер арқылы есептеп біліп отырады. Ал біз мұндайды сиыр тұрмақ, адамға жасай алмай отырмыз.

Мысалы бес-ақ миллион халқы бар Норвегия соңғы 5-6 олимпиада ойындарында 138 медаль алды. Соның 50-і – алтын. Неге? Өйткені оларда жүйе бар. Баланың 6 жасар кезінен бастап әр жастағы күтімін ғылыми тұрғыда зерттеп жазып қойған. Ал бізде зерттеп жатқан ешкім жоқ, өйткені  ғылыми топ жоқ. Әдістеме де жоқ.

Дамыған мемлекеттер олимпиадаға үш топ дайындайды, Қытай төрт буыннан құрайды. Бізде құрама дайындау тәртібі де дұрыс емес. Американың биылғы чемпионатында кім бірінші орын алды, сол міндетті түрде олимпиадаға барады. Оған ешкім дауласпайды да, орнына ешкім таласпайды да, өйткені әділдік бар. Ал бізде дайындығы дұрыс болмады не тағы басқасы деп оның орнына басқасын итеріп жібереді, ‒ дейді Ерсайын Нарымбаев.  

Спорт ғылымы туралы ақпарат

құралдары да жоқ

‒ Ұлттық олимпиадалық комитеттің дамыған мемлекеттермен арада келісімі болуы керек. Соған сәйкес біздің елдегі бапкерлерді тәжірибе алмасу үшін сол жақтарға жіберіп, қосымша оқытып, зейінін ашып, дамытып отыру жұмыстарымен айналысуы қажет. Ал бізде қазір не ғылым жоқ, не әдістемелік дүние жоқ. Ол аздай, Қазақстан бойынша спорт туралы ғылым жөнінде шетелдік газет-журналдардың өзін жаздыртып алатын мүмкіндік жоқ. Өйткені поштада жаздыртып алуға болатын БАҚ тізімінен таппайсыз бұларды. Қазақстандағы ұлттық олимпиадалық комитеттегілерге өзімдегі бұрынғы журналдар мен әдістемелерді көрсетіп: «Мынадай шетелдік журналдарды жаздыртып аласыздар ма? Дүниежүзіндегі спорт саласында не жаңалық болып жатқанын білесіздер ме?» – деп сұрасам, ешқандай журнал жаздыртпайтындарын айтады. Қалай қынжылмайсың?

Мысалы, Пекин Олимпиадасының алдында қытайлықтар дүниежүзінен шығатын 2 мың түрлі журналдарды жаздыртып алған деп естідім. Яғни, олар бәрін сараптап отырады, жарыстарға дайындықтары күшті.

Өз басым Кеңес үкіметі кезінде Мәскеуден «Құрама команданың қандай ауруға шалдығуы мүмкін және оларды қалай емдеп шығару керек», «Спорт пен денсаулық», «Шет елдердегі спорт пен дене тәрбиесінің қалай дамығаны» туралы қаншама журналдар мен брошураларды жаздыртып алатынмын. Ал республикамызда бірде бір әдістемелік құрал да жоқ, ең құрығанда, орыстар шығарып жатқан дүниенің өзін сатып ала алмай отырмыз. Отандық БАҚ-та «Қазақ спорты» деп аталатын газет қана бар, оның өзі 3600 данамен ғана шығады. Бізде 19 млн халыққа 3600 дана не болады? Бұрын барлық аялдамада газет-журнал сататын дүңгіршектер болушы еді, қазір 2-3 жерде ғана. Сөйтіп тұрып, Токиодағы Олимпиада ойындарында сексен екінші орыннан бір-ақ шықтық деп ренжиміз, ‒ дейді Ерсайын Нарымбаев.

        

ҰОК неге есеп бермеді?

‒ Қазақта «екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деген сөз бар. Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитеті мен ұлттық олимпиадалық комитеті бірін-бірі аренадан сүзіп шығаруы керек.

ҰОК-ның хартиясында «ҰОК қоғамдық ұйымы мемлекетпен тіл табысып жұмыс істеуі керек» деп жазылған. Ал бізде қалай? Комитет өзін түгел бөлек шығарып алған. Мысалы соның төрағасы Т.Құлыбаев олимпиада ойындары біткеннен кейін ауыз ашып бірдеңе айтты ма? Есеп берілуі керек еді ғой!  

Кеңес үкіметі кезінде Жомарт Сабыржанов екеуіміз Арқалықта қазақтың асық ойынын өткізгенбіз, кейін ойын ережесін нұсқаулық кітапшасы етіп басып шығардық. Қазір халықаралық деңгейде жарыс өткізіп жүргенімізге он жылдан астам уақыт өтті. Айтайын дегенім: мемлекет осы спорт саласын дамытуға жыл сайын ақша бөледі. Соны Бекболат Тілеухан басқаратын ұлттық спорт түрлері қауымдастығы мен ҰОК-ның федерацияларына таратады. Бұл федерацияларға неге спорт саласының майталманы емес, шонжарларды қойып отыр дейсіз? Өйткені ақша бөлген кезде сол шонжарлардың дәрежесі арқылы спорт түрлеріне көбірек ақша алуға мүмкіндік алады. Алайда нәтиже көңіл көншітпейді. 

Демеушілер мәселесіне келетін болсақ, шетелдерде демеуші спортқа бөлген ақшасынан салық төлемейді. Мәселен, бізде кәсіпкер өзінің 10 млн теңге жалпы табысынан 2 миллионын демеушілік жасап мүгедектердің спортына бөлсе, мемлекет содан да салық ұстайды. Сонда кәсіпкерге демеушілік жасағаннан қандай пайда? Дәл сол демеушілікке бөлген 2 миллионнан салық ұсталмауы тиіс қой, әйтпесе, кәсіпкерге қандай стимул болады? Мұны депутаттар шешуі керек мәселе деп есептеймін.

Сонымен қатар, спортшы жарыста жеңіске жетіп, сыйақы алып жатса, оның ұзақ жыл бойы дайындаған бұрынғы бапкеріне де бір үлесі беріледі. Яғни бапкердің еңбегі әділетті бағаланып отыр.

Жалпы, еліміздегі бапкерлер де білімін жетілдіріп отыруы керек. Ағылшындықтар бапкерден негізгі білімінен бөлек қосымша оқуды талап етеді. Орыс педагогы К.Ушинскийдың мынадай сөзі бар: «Учитель лишь до тех пор остается учителем, пока сам учится. Как только он перестает учиться, он перестает быть учителем». Кешегі дүние бүгінге жарамайды. Ал біз ескі біліммен, оқу құралымен әлемдік жарыстарда бірінші орынға шыққымыз келеді. Мысалы қазіргі «тойота» көлігімен бұрынғы «москвич» жарысқа түсе ала ма?

Спорт мәселесі жөнінде президенттің жанынан кеңес алқасын құрған жөн. Өйткені ҰОК, шынына келгенде, премьер-пинистр А.Маминге бағынбайды да. Америкада президент болған Дуайт Дэвид Эйзенхауэр 1966 жылы өзінің қасынан АҚШ президенті жанындағы дене шынықтыру мен спорт жөніндегі кеңесін құрған. Шамамен 24 адамнан тұратын бұл алқалы топ осы күнге дейін жұмыс істеп келе жатыр. Төрағасы – бүгінгі президенті, мүшелері – беделді спортсмендер, медицина саласының мамандары, ғалымдар. Олардың мақсаты – спортты дамыту, қаражат құю, жағдайын жасау. Бізге де мұндай тәжірибе артық болмайды.

Кеңес үкіметі кезіндегі жүйе бойынша облыстардағы спорт саласын басқарып отырған азаматтар министрліктің келісімімен ғана тағайындалатын. Ал қазіргі әкімдер бөлім басшыларын ешкіммен келіспестен, өз шешімімен тағайындай береді. Сол тағайындалған адамның білімі мен тәжірибесі бар ма, оны жұрт тыңдай ма деген мәселелер жіті қадағаланбайды, әйтеуір, тек әкімнің айтқанын ғана орындаса болды деген өлшеммен қарайды, ‒ деп қынжылады спорт маманы.

      

Тегтер: спорт футбол хоккей ақпарат дерек ұйымдастыру

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 08:55
«Қазпошта» қазаққа жау ма?!
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.10.2021, 09:10
Сүйек-саяқты қанағат тұтып...
Нұрболат ӘЛДИБЕК 19.10.2021, 09:46
Жамбылда жол апаты неге жиілеп кетті?
Дос КӨШІМ 19.10.2021, 08:24
«Қажет болған кезде...» қазақ тілін өлтіре салыңдар!
Сайт әкімшілігі 18.10.2021, 11:04
Жанар-жағармай тапшылығы тағы қайталана ма?!
Еркежан АРЫН 16.10.2021, 15:28
ЕАЭО электронды коммерциясының бірыңғай операторы

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31