«Қазақстанды екінші Украинаға айналдырғысы келеді»

Батыр ЖАСҰЛАН

24.09.2021, 03:09

4912

     Ресейдің мемлекеттік думасына сайлау аяқталды. Кеше елдің орталық сайлау комиссиясы алдын ала мәлім болған деректерді жария етті. Сонымен, Путиннің «Бірыңғай Ресей» партиясы – 49,83, Коммунистік партия – 18,94, ЛДПР – 7,52, «Әділетті Ресей» – 7,47,  «Жаңа адамдар» партиясы 5,33 пайыз дауыс алып, белгілі межеден өтті. Енді аталған осы төрт партия мемлекеттік думадан орын алатын болады.

      Айта кету керек, алайда Ресейде сайлау аяқталғанымен, басқа елдің ішкі ісіне араласу мен шовинистік әрекеттер әлі тоқтала қойған жоқ. Ресей саясаткерлерінің Қазақстанға қатысты жосықсыз пікірі сайлау өтсе де, әлі жалғасып жатқан сыңайлы. Есте болса, осы уақытқа дейін орыс сарапшыларының біздің елімізге ақпараттық шабуылы мен территорияға қатысты ойлары бұл  ең алдымен Ресейдегі сайлауға қатысты деп болжанғаны белгілі. «Мемлекеттік думаға сайлау аяқталады, сосын Қазақстанға көз аларту тоқтайды» деп те баз біреулер жорамал жасағаны белгілі. Бірақ көңілдің арғы түкпірінде жатқан шовинистік әрекеттер бәрібір көрініп  тұрады.  

        Міне, сайлау аяқталмай жатып тағы озық емес ойлар бой көрсете бастады. Кеше орыстың «Правда-ру» сайты «Қазақстанды екінші Украинаға айналдырғысы келеді» деген тақырыппен мақала жариялады. Сұхбат беруші – Ресей аймақтық даму, көші-қон және демография институты бақылау кеңесінің төрағасы  Юрий Крупнов. Алып бара жатқан тосын ойлар жоқ, баяғы үйреніп қалған сол бір сарындағы әңгіме. Ресейлік сарапшы  «Қазақстандағы ұлтшылдық сипаты кімге тиімді?» деп сауал тастай отырып, оған жауап беруге тырысады.  Бірақ оның жауабында қаншалықты шындық бар, ол жағы енді басқа әңгіме.

       Юрий Крупнов Қазақстанда болып жатқан оқиғаларға қатты алаңдайды. «Соңғы бір жылда қазақ жерінен 45 мың орыс қоныс аударды, мұның бәрі жай көзқараспен қарай салатындай жағдай емес. Мұны түп-тамыры неде?» деген сауалға жауап береді. «Қазақстан Конституциясын ашсақ, мемлекеттік тіл – қазақ тілі екенін көреміз. Ал орыс тілі қандай мақсатта қолданылады, мәртебесі қандай?  Ол жағы тіпті түсініксіз. Ешқандай ұлтаралық қарым-қатынас  тілі емес. Мұның барлығын жай қоя салуға болмайды,  мәселені мемлекеттік деңгейде талқылау керек», – дейді Юрий Крупнов.

       Ресей сарапшысына Қазақстанның латын алфавитіне өтіп жатқаны да ұнамайды. Оның пікірінше, «… мұның барлығы Қазақстандағы орыстарға тиімсіз. Сондықтан олар елден кетіп жатыр. Бұл – біздің отандастарымыздың конституциялық құқын бұзу. Сондықтан латын қарпіне өтер алдында Қазақстан билігі Ресеймен келісіп алуы керек еді». Міне, орыс сарапшысының пікірі. Юрий Крупнов «Қазақстан – тәуелсіз ел. Ол қандай саясат жүргізеді, өз еркі» деген тұрғыда ой айтпайды.  Қайта Мәскеуде отырып алып, Қазақстанның ішкі ісіне араласады. Латынға өту үшін сонда біз ең алдымен Мәскеуге барып, Ресейден рұқсат сұрауымыз керек екен ғой. Қисынсыз нәрсе.

       «Орталық Азия бағыты – ең негізгі саясат. Ресей үшін бұл негізгі ықпал ететін аймақ болуы тиіс. Әлемдегі алпауыт елдердің ықпалы бұл аймақта жүрмеуі тиіс. Ауғанстандағы оқиғалар да алаңдайтын мәселе. Сондықтан Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанмен индустрияландыру бағытын күшейтуіміз керек. Орталық Азия – бұл орыстың болашақ алаңы. Орталық Азиядағы 300-400 миллион адам – бұл Ресей үшін тиімді нарық. Болашақтағы геосаяси  жағдайды  ескере отырып, біз орталықты Мәскеуден Оралдан ары қарай жылжытуымыз керек. Мысалы, Қазақстан тәуелсіздіктен кейін астанасын орталыққа жылжытып, керемет қала салды. Мұның бәрі бекер емес. Сондықтан бізге де ойлану қажет. Менің ойымша, Ресейдің астанасы Омбы болуы керек. Ең алдымен біз осындай жағдайларды қаперге ала отырып,  дамудың Омбы – Нұр-Сұлтан дәлізін қалыптастырғанымыз абзал. Аталған екі қала инфрақұрылым мен көліктік дамудың жоғары деңгейіне жетуі керек. Екі шаһардың арасы 600 шақырымдай. Бұл даму екі елдің арасындағы арандатушыларға тосқауыл қояды. Сондай-ақ Беларусь, Қазақстан және Ресей – үш ел бірлесе отырып,  қорғаныс инфрақұрылымын құруымыз қажет. Бұл ең алдымен Ресей үшін тиімді саясат болар еді», – дейді Ресей аймақтық даму, көші-қон және демография институты бақылау кеңесінің төрағасы  Юрий Крупнов.

       Орыс саясаттанушысы  сондай-ақ соңғы кезде Қазақстанда өрістеп келе жатқан тіл мәселесін сөз етеді.  «Ұлтшылдар басқа ұлт өкілдерін қазақша сөйлеуге мәжбүрлеп жатыр, тұрмыстық деңгейдегі тілін үлкен саясатқа айналдырғысы келеді. Мұны барлығы да әдейі жасалынып отыр». Міне,  орыс сарапшысының ойы – осы. Мәселе қайда жатыр?  Мұны ұпай жинау үшін сайлауалды жасалған пікір ретінде «Ит үреді, керуен көшеді» деп, жабулы күйінде қоя салуға болмайды.

       «Кейінгі кезде  екі елдің арасына от салып, Қазақстанды екінші Украинаға айналдырғысы келетіндер көбейді. Ресей және Қазақстан элитасында да еуразиялық интеграцияны қаламайтын топтар бар. Тіпті Қытай, Түркия, АҚШ елдері мен НАТО ұйымы Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынасының нашарлауын қалайды. Біз мұндай жағдайға жол бермеуіміз қажет», – дейді Юрий Крупнов.

       Орыс саясаттанушысы тіл мәселесі  туралы сөз ете келіп,  «Қазақстанда орын алған әрбір оқиғаға Ресей тарапынан мемлекеттік деңгейде комиссия құрылуы керек» деп санайды.

       Ал енді бұған сіз не дейсіз? Бұл тәуелсіз елдің ішкі ісіне тікелей араласу емес пе?

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Ажар ОРЫНБАСАР 22.10.2021, 13:32
Мамандықтың озығы бар, тозығы бар
Қуаныш ЕРМЕКОВА 22.10.2021, 12:00
Тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларының алдын алу жұмыстары күшейтілуде
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 21.10.2021, 08:55
«Қазпошта» қазаққа жау ма?!
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.10.2021, 09:10
Сүйек-саяқты қанағат тұтып...
Нұрболат ӘЛДИБЕК 19.10.2021, 09:46
Жамбылда жол апаты неге жиілеп кетті?
Дос КӨШІМ 19.10.2021, 08:24
«Қажет болған кезде...» қазақ тілін өлтіре салыңдар!

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31