28.09.2022, 05:59
1609
Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы күндері шетелге үлкен турне жасап, сыртқы саясатта біраз жетістіктерге қол жеткізді. Ең соңында Нью-Йорк төрінде отырып, БҰҰ мінберінен сөз сөйледі. Бұл – бәз-біреулерге ұнамаған секілді.
Соңғы бірнеше айдың ішінде ел президенті Қытай, Түркия, БАӘ сияқты құрлықтағы ең маңызды ойыншылармен жаңа келісімдерді қамтамасыз етіп, ТМД елдерімен қарым-қатынасты жаңалап, қайта орнатты.
Тоқаев Қазақстанды Батыс пен Қытаймен айтарлықтай жақындатты. Қайткенде де, бұдан былай әлем Қазақстанға Ресейдің айтқанынан шықпайтын «одақтасы» ретінде қарауын қойды. АҚШ пен Еуроодақ Қазақстанның қаншалықты қиын жағдайда тұрғанын енді түсіне бастады.
– Мұның бәрі Ресейдің мобилизация жариялауы мен әскерден қашқандарға қылмыстық жауапкершілік енгізумен тұспа-тұс келіп отыр. Соғыстан қашқан мыңдаған ресейлік Қазақстанға ағылып жатыр. 28 қыркүйектен бастап, Ресейдің бірқатар өңірінде соғыс жағдайы жарияланып, азаматтардың ел аумағынан шығуына тыйым салынбақ. Дәл осындай жағдайда Қазақстан президентіне қарсы кезекті ақпараттық шабуылдар үдеп, ағылшын тілді қоқыс сайттарда жарияланған қаралау мақалаларының пайда болуы – тапсырыс берушілердің теріс ниеттерінің неден туындап жатқанын түсінікті етеді. Тоқаевты жамандау – сыртқы аудиторияға керек. Сыртқы саясатта бірқатар жеңіске жеткен президентті қаралау үшін.
Ал ел ішінде бұл жайтты президенттік сайлау алдында шоқты үрлеу үшін жариялап жатыр. Сол себепті, дәл сол пиғылмен қазақстандық БАҚ-тардың сайттарын шетелден бұғаттауға тырысып жатыр екен. Мұны биліктің ісі деп көрсету мақсатында. Қазақстанда әлі де цензура бар, билік сөз бостандығын шектейді дегендей. Сайлау үрдісіне сына қағып, саяси жүйеге авторитарлық билік образын телу үшін. Меніңше, бұл шабуылдарға сыртқы күштердің ғана емес, қазақстандық күштердің де қатысы болуы керек. Атышулы Әблязов қана емес, «ескі Қазақстанның» олигархтары да өз елін қаралауға қатты күш салуда. Бірақ ең қызығы, қоғамдық пікір мен әлеуметтік желілерде жүргізілетін мониторинг мұндай ақпараттық шабуылдардың қазақстандықтарға түк те әсер етпейтінін көрсетеді. Ендеше, мұндай ақпараттық шабуылдардың тапсырыс берушілері табылып, жазалануы тиіс, – дейді қазақстандық медиа-маман Никита Шаталов.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР