Қазақстанға АЭС керек пе?

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ

23.09.2021, 09:05

3302

Бұл сұрақ қазір қазақ қоғамының қызу талқысына түсіп, өте өткір тұрған мәселелердің бірі. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы халыққа жолдауында және Ресейдің Владивосток аймағында өткен VІ Шығыс экономикалық форумында да Қазақстанға атом электр станциясы керек екенін айтты. «Көмір дәуірі біртіндеп келмеске кетіп бара жатқан заманда жаңғыртылатын энергияға қоса, біз сенімді базалық қуат көздерін ойластыруға тиіспіз. Қазақстанда 2030 жылға қарай электр қуатының тапшылығы пайда болады. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мұның ең оңтайлы шешімі – бейбіт атом. Бұл күрделі мәселе. Сондықтан қауесетке сеніп, эмоцияға берілмей, оны барынша тиімді шешуіміз керек», – деді. Президенттің бұл сөзі көпшілікті ойландырып тастады. Әлбетте, мұны саланың тісқаққан мамандарының зерделеуі ауадай қажет боп отыр.

         Жақында ғана белгілі медиа-менеджер Арманжан Байтасовтың Youtube арнасына сұхбат берген «ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесі туралы өз ойын айтты. «Қазір климаттық өзгерістер болып жатқаны және оған ауаны ластайтын көмірқышқыл газының (CO2) шығарындылары әсер ететіні белгілі. Сол үшін де әлемде белсенді әрі ауқымды түрде энергияның таза түрін насихаттау әрекеттері жүріп жатыр. Қазақстанға келсек, АЭС салу мәселесі, бірінші кезекте, осы көмірқышқыл газының шығарындысымен күресу үрдісінен туындады деп ойлаймын. Ал бізде энергияның азғана бөлігі су электр станциясынан алынса, негізгі бөлігін көмір электр станциялары шығарады. Мәселен, қазір батыста (Еуроодақ) «Карбон салығы туралы» заң қабылданып жатыр. Қарапайым тілмен айтқанда, егер сіз лас энергияны пайдалана отырып, өндірілген өнімді экспортқа шығарсаңыз, яғни ішкі энергия жүйесінде лас көздердің үлесі басым болса, айыппұл төлейтін боласыз. Ол айыппұл экспортқа шығаратын кез келген өнімге салынуы мүмкін: мұнай, мырыш, алюминий, мыс және тағы басқасы. Демек, экспорттық өнімнің толық құнын ала алмайсыз. Өйткені бұл өнімді климатқа зиянын тигізетін лас энергияның көмегімен алғандықтан, экспорттық табыстың бір бөлігі салық есебіне шегеріледі. Негізінен, шикізат экспортына сенетін Қазақстан үшін мұның әсері айтарлықтай болуы мүмкін. Яғни мемлекет экспорт табысынан түсетін ақшаның қомақты бөлігінен қағылады. Бүгінгі таңда талқыланып жатқан бұл заң 2023 жылы күшіне енуі керек. Көп уақыт қалған жоқ. Әзірге, құжатта «Карбон салығы» ұсталатын мұнай мен газ туралы сөз жоқ. Бірақ алюминий бар. Өйткені оны өндіру үшін мол электр қуаты қажет. Заң жобасына цемент те кірген. Шын мәнінде, бұл – басы ғана. Кейін бұл тізімге мұнай мен газдың, мырыш пен мыстың, қара металдың да енуі қаламның құзырындағы шаруа. Яғни осы өнімдерді экспорттаушы ел айтарлықтай, қомақты кірістен қағылады. Сондықтан Қазақстанда атом энергетикасы туралы бастамалардың көтерілуіне Қ.Тоқаев мырза айтқан көміртексіз, Қазақстан ішінде өндірілетін электр энергиясындағы таза қуаттың үлесін арттыру идеясының тууына, бірінші кезекте, осы жайт себеп болды деп ойлаймын», – дейді Мұхтар мырза.

Оның айтуынша, мұндай жоба КСРО кезінде де Балқаштың маңындағы Үлкен кентінде АЭС салу идеясы болған. Кейін көмірге көшіп, ол аяқсыз қалған. Ал Балқаштың маңындағы тау-тау боп үйілген көмірдің күлі қазір қоршаған ортаға желмен тарап жатыр.

Мұхтар Жәкішев, жалпы, атом станцияларының түрі әлемде соншалықты көп те еместігін айтады. Бұл нарықты кезінде таңдау мүмкіндігі аз болған Совет Одағының дүкендерімен салыстырды.

«Совет заманынан бері келе жатқан, уақыттың тезінен өткен «ВВР» дейтін реактор бар. Ресей Федерациясы қазір бүкіл жерде соларды орнатып жатыр. Олар бұл реакторды жаңғыртқан. Соны алға тартып, «3+» санатына жатқызып жүр. Шындығында, ол ешқандай «3+» стандартына жатпайды. Ол баяғыдан екінші деңгейдегі реактор болатын. Жетілдіргеннің арқасында, қауіпсіздік деңгейі сәл артқан шығар. Дегенмен бұл типтегі реактордан соншалықты ақау шығып көрген жоқ.

Одан бөлек, Қытай ұсынып отырған реакторлар бар. Ол да ескірген. Бірақ Францияның Framatome компаниясы жасаған. Қытайлықтар әуелі өздерінде көптеп салып, кейін жетілдірген болды. Одан да ақау шығып көрген жоқ. Дегенмен ол да ескірген технологиямен жұмыс істейді. «3+» деңгейіндегі екі реактор бар: біріншісі – Westinghouse Electric (АҚШ) жасаған «ІР 1000» деген 1000 мегаваттық реактор. Бұл өте жақсы реактор. Өйткені жұмысы физиканың өте қарапайым базалық заңдарына негізделген. Электронды жүйелердің орнына механикалық жүйе қойған. Бірақ оның жалғыз прототипі Қытайда салынды. АҚШ-тың өзінде ондай бір станция салынған жоқ.

Екінші реактор франциялық технологиямен жасалған. Аты ERP болуы тиіс. Бұл реактордың ең алғашқысын Финляндияға салды. 2001 жылы бастағанда үш жылда бітіретін болған, алайда көпке созылып кетті. Мен түрмеде отырған кезде ғана іске қосты-ау деймін. Мұнда қауіпсіздік жүйесі электроникаға негізделген. Сондықтан ол ІР 1000-ға қарағанда, әлдеқайда қымбатқа түседі. Құнынан бөлек, оны салудың өзі қиын. Жалғыз реактор Финляндияда тұрғанын білемін. Сонда нарықта небары төрт түрлі нұсқа бар. Одан басқа жоқ. Оңтүстік Корея ұсынуы мүмкін. Алайда ол да франциялық реактордың негізінде жасалған ескі технология», – дейді маман.

Сонымен қатар, тағы бір маңызды мәселе станцияның қуатына келіп тірелетінін айтады. Мысалы, 1000 мегаватт қуатты біздегі энергия жүйесіне кіріктіруге келмейді екен. Бұған дейін де АЭС салу мәселесі талқыланған кезде KEGOC 600 мегаватт энергияны ғана резервтен алатындарын айтыпты. Оның үстіне, көлемді станцияларды салу үлкен шығын әкеледі екен. Франциялықтар 1000 МВт-тық атом станциясын салу 3 млрд долларға түседі әрі оған үш жыл уақыт кетеді деп топшылағанымен, станцияның құны әлдеқайда қымбатқа түсіпті. Шамамен, 10 млрд долларға шығыпты. Ал салуға үш емес, 12 жыл уақыт кеткен көрінеді.

Ресей қазір Түркияға АЭС салып жатыр. Расымен, жағдайды соған қарап бағалауға да болатын шығар. Жақында Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған «Аккую» АЭС реакторының бірінші блогының құрылысы 2023 жылға қарай аяқталады деген үмітін білдірді. Мұндағы станцияның бірінші блогының құрылысы 2018 жылдың сәуір айында басталған.     

Жалпы, Мұхтар Жәкішев қазақ жерінде атом электр станциясын салу сияқты күрделі мәселені халықтың өзі шешуі керектігін айтады. «Негізі, қазіргі реакторлар жер сілкінісіне де, цунамиге де, тіпті, ұшақ келіп соғылса да, апат болмайтындай етіп жасалған. Радиологиялық салдарды алға тартып жүргендер бар. Мұны енді халық өзі шешуі керек деп ойлаймын. Егер елдің басым бөлігі қарсы болса, салудың мәні жоқ. Бірақ халықтың қандай уәждерге сүйенетіні де бөлек мәселе. Себебі қандай да бір ұрандарды немесе бұл салада біліктілігі жоқ адамдардың мәлімдемелерін негізге алуы дұрыс емес шығар. Өйте берсек, ұялы телефоннан да, машинадан да бас тартайық, қолданбайық. Жалпы, саланы жете білмейтін адамдарға әлеуметтік желілерде жазылып жүрген уәждер салмақты сияқты көрінуі мүмкін, ал нағыз маман оған басқаша көзбен қарауы ықтимал. Шешім сондай ойлардың ықпалымен шығарылса дұрыс емес. Алайда қалай десек те, соңғы шешімді халық айтуы қажет. Ал егер елдің санасына дұрыс ақпаратты жеткізе алмасақ, ресми органдардың уәжіне халық сенбесе, проблема халықта емес. Проблема өзімізде деген сөз», – дейді Мұхтар мырза.

Айта кету керек, 2013 жылы Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы қабылданып, адамзат болашағы жасыл энергия екені сан мәрте айтылды. Содан бері электр энергиясын желдің жылдамдығы, күннің сәулесі, су толқыны, геотермиялық жылу сияқты табиғи ресурстардан алуға көшу бүгінгі заман талабы дедік. Алайда соған қарамастан, Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі әр жылдары көтеріліп келеді. Ең бірінші рет бұл идея 1990 жылдардың ортасында айтылса, кейін 2000 жылдан бері қарай бірнеше рет талқыға түскен. Еліміздегі сарапшылардың көбі мұны қолдамады, ал 2019 жылы «Байтақ болашақ» экологиялық альянсы қарсылық білдіріп, елордада шеруге шыққан болатын-ды. Алайда көрші Ресейдің Қазақстанда АЭС салу қызығушылығы бәсеңдеп қалмағанын бүгін тағы көріп отырмыз.

Сарапшы пікірі

Темірғали КӨКЕТАЕВ, «ХХ ғасырдың ғұлама адамы» атанған физик ғалым, профессор:

– Физик ғалым ретінде атом электр станциясының салынуына қарсы емеспін, бірақ оны Ресейге жасатайын деп отырғандарына қарсымын. Ресей атом электр станциясын салудан баяғыда артта қалған. Егер де Жапония немесе Германия, Швеция, Америка салатын болса бір жөн, онда қарсылығым жоқ. Оларда жаңа технология бар. Бірақ қазір Ресейге тапсырыс бергісі келіп жатыр. Ертең олар келіп ең нашар атом электростанциясын салып береді, сосын, біз соларға өмір бақи құл боп қалуымыз мүмкін. Мен ұрпағымның біреуге кіріптар болғанын қаламаймын. Өзімізде бұл салада тәжірибе де, қажетті мамандар да жоқ, сол себепті маманның барлығын тағы Ресейден алуға мәжбүр боламыз. Ал олар қазақтарға үйретпейді де, теориясын айтпайды. Бір шегесі дұрыс болмай қалса, оны түзеу үшін бәленбай миллиард ақша сұрауы мүмкін. Жапондарға салдыртсақ, олар өз мамандарымызды үйретеді. Бізді құл қыламын деп ойламайды. Жапонияда 5-6 рет болдым, қазақ халқын қатты құрметтейді.

Жалпы, жақсы АЭС салу үшін миллиардтаған қаражат кетеді, халық онсыз да пандемияның зардабын шегіп отырғанда, мұның дәл қазір қажеті жоқ.   

Досым СӘТПАЕВ, саясаттанушы (жеке парақшасынан):

«Семей ядролық полигоны жабылуының 30 жылдығы қарсаңында Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы мәлімдеме жасау орынсыз. Мұндай мәлімдемелерді өздерінің атомдық жобаларын белсенді түрде тықпалайтын Ресей президентімен жақында болған кездесуден кейін бірден жасау, кем дегенде, саяси қате.

Өз жазбаларымның бірінде АЭС салу Ресей үшін тек экономикалық қана емес, сонымен бірге, саяси мәселе екенін атап өткенмін. Өзінің атом реакторын басқа мемлекетке өткізгісі келетін мемлекет серіктесін көп жылдарға әртүрлі міндеттемелермен өзіне байлап қоюды көздейді: мамандарды тек Ресейде дайындайды, ресейлік техниканы ғана және көпжылдық техникалық-сервистік қызметтерді Ресейдің қатысуымен ғана сатып алады.

Мысалы, Өзбекстанда Ресей тарапы шығындардың негізгі бөлігін өз мойнына алғысы келеді. Ол, тіпті, Өзбекстанға несие беруге дайын, өйткені АЭС құны, шамамен, $11 млрд болуы мүмкін.

Бірақ Өзбекстанның жағдайында себеп түсінікті. Өйткені өзбектер атом электр станциясының пайда болуы есебінен, газ экспортын ұлғайтқысы келеді.

Ал Қазақстан жағдайында бұл идея шикі. Мұнда кімнің реакторын қолданғысы келетіні де маңызды емес: мейлі, ол ресейлік, америкалық, жапон немесе француздық болсын.

Қазақстан билігі 2060 жылға қарай, көміртекті бейтараптыққа қол жеткізгісі келетіндерін ресми түрде мәлімдеп қойғаннан кейін бір нәрсе ұсыну керек болғаны түсінікті. Көмірді алмастыратын дүние қажет, өйткені елдегі электр қуатының 70 пайызы соны жағу есебінен өндіріледі.

Бірақ Қазақстан Франция немесе Жапония емес (мұнда халық саны, ірі қалалар, кәсіпорындар мен энергия тұтынушы саны көп) және олар басқа қуат көздерінің тапшылығынан атом энергетикасын дамытуға сүйенген елдер. Бізде көмір мен мұнайдан басқа, газ бар. Соның есебінен, қазір елдегі электр қуатының тек 15 пайызы өндіріледі және бұл мұнаймен қосқанда.

Демек, бізге елді неғұрлым жедел газдандырып, газ есебінен де электр энергиясын өндіру қажет. Қазақстанда табиғи газдың бағалау қоры, шамамен, 3,3 трлн текше метр, ал әлеуетті ресурстар 6-8 трлн текше метрге жетеді.

Бірақ осы уақытқа дейін Қазақстанда өндірілетін көгілдір отынның басым бөлігі – мұнай кен орындарындағы ілеспе газ, ол кері айдау үшін пайдаланылады, не жағылып, экологияға орасан зор зиян келтіреді.

Біреудің салғырттығынан жарылатын оқ-дәрілердің қауіпсіз сақталуының өзін қамтамасыз ете алмайтын елде Қазақстан билігі АЭС салуды ойламай-ақ қойғаны дұрыс. Ең сенімді ядролық реактор болғанның өзінде, адамның қателігі, немқұрайдылығы немесе кәсіби біліксіздігі бізге қымбатқа түсуі мүмкін. Сондықтан адамдардың игілігі, ел азаматтарының денсаулығы мен қоршаған орта үшін қауіп-қатерсіз экономиканы дамыту үшін айдалатын және өртелетін сол газ саласын ретке келтіру туралы ойлану қажет.

Қазақстанды осы технологияларды әзірлейтін әрі жаһандық деңгейде қажеттілігі артатын әлемдік орталықтардың біріне айналдыруды мақсат ету үшін баламалы «жасыл энергетиканы», ЖЭК (жаңартылатын энергия көздері) пен энергия үнемдеуші технологияларды дамыту туралы ойлау керек».

Тегтер: АЭС электр станция мәселе түйін

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Ажар ОРЫНБАСАР 22.10.2021, 13:32
Мамандықтың озығы бар, тозығы бар
Қуаныш ЕРМЕКОВА 22.10.2021, 12:00
Тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларының алдын алу жұмыстары күшейтілуде
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 21.10.2021, 08:55
«Қазпошта» қазаққа жау ма?!
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.10.2021, 09:10
Сүйек-саяқты қанағат тұтып...
Нұрболат ӘЛДИБЕК 19.10.2021, 09:46
Жамбылда жол апаты неге жиілеп кетті?
Дос КӨШІМ 19.10.2021, 08:24
«Қажет болған кезде...» қазақ тілін өлтіре салыңдар!

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31