Қазақстанның 13 қаласы ауылға айнала ма?

Жарлы БАЙҒАНИН

12.01.2021, 14:43

1948

Газетіміздің өткен жылғы №80 санында «Қала тілі қазақылансын десек...» атты мақаламыздың жариялануын күтіп отырғандай, 3 желтоқсан күні парламент сенатының отырысында «Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы» заңға облыстық маңызы бар қала мәртебесін ауыл мәртебесіне ауыстыруды көздейтін түзетулер қабылданды. Бұл мәселеге баса назар аударған сенатор Нұрлан Бекназаров «қолданыстағы заңға сәйкес» дей келе, бұларға кемінде 10 мың адам тұратын елді мекендер жататынын, қазіргі уақытта облыстық маңызы бар деген 48 қаланың 10-нан астамы бұл талапқа сәйкес келмейтінін және олардың мәртебесі халықтың аздығына байланысты өзгеруі мүмкін деген ой тастауынан туындап, бірнеше қаланың аты аталды.

Аудандық маңызы бар қай қалалардың халқы 10 мыңға жетпейді?

      ҚР стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, 2020 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша республикамыздағы 14 облыстық маңызы бар қалада 10 мыңға жетпейтін халық тұрады. Олар: 1. Степняк, 2. Ерейментау, 3. Державинск, 4. Темір, 5. Жем, 6. Шар, 7. Серебрянск, 8. Қарқаралы, 9. Қазалы, 10. Форт-Шевченко. 11. Сергеевка, 12. Булаево, 13. Мамлютка қалалары.

       Айта кету керек, 2019 жылғы мәліметтер бойынша, Қаражал қаласында (Қарағанды ​​облысында облыстық бағыныстағы қала) 9664 адам тұрды. Өткен жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша бұл қалада тұратын адамдар саны 18 677-ні құрады. Яғни мұндай шұғыл өзгерістер орын алуы да бек мүмкін.

Тағы қандай қалалардың мәртебесі өзгеруі мүмкін?

      Әрине, бұдан былай халық саны 10 мыңнан аз қала ауылға немесе басқа елді мекенге бірден өзгереді дегенді білдірмейді. Мұндай шешімдер әртүрлі деңгейде талқылаудан өткен соң барып қана ресми қабылданады. Дей тұрғанмен «жел соқпаса шөптің басы қимылдамайтынын» ескерсек, бұл әңгіме әріден бастау алатыны бесенеден белгілі. Тек түзету  артықшылықтарының бірі – қала мәртебесі ауылға өзгерген жағдайда онда тұратын ауыл тұрғындары заңнамада көзделген мемлекеттік және әлеуметтік қолдауға ие болады. Сондай-ақ тұрғындар коммуналдық қызметтер, қызметтік тұрғын үй, жер және мүлік салығы және т.б. байланысты бірқатар жеңілдіктерді пайдалана алады. Ең бастысы, ауылдық мектеп мұғалімдерінің жалақыларына қосылатын 25 пайыздық үстемеақы мен ауылдық мектеп түлектерінің жоғары оқу орындарына түсуге берілетін жеңілдіктер бұл жолда үлкен рөл ойнауы да мүмкін.

       Десек те, біздің жазғанымызды қуана құптағандай болған өкімет төмендегі тізімде көрсетілген «үлкен ауылдар» қашан қала мәртебесіне ие болады деген сұрағымызды жауапсыз қалдырыпты. Неге? Жоғарыда сенатор Нұрлан Бекназаровтың «қолданыстағы заңға сәйкес,  қалалық мәртебеге кемінде 10 мың адам тұратын елді мекендер жатады» дегенін анық естідік емес пе?  Ендеше неге мына төменде көрсетілген «үлкен ауылдар» қала мәртебесіне ие болмай отыр екен? 1. Бейнеу – 52 836 (2019) 2. Әйтеке би – 43 155 (2019) 3. Ұзынағаш – 39 416 (2019) 4. Қарабұлақ – 35 301 (2019) 5. Шелек – 34 370 (2019) 6. Шиелі 31 691 (2019) 7. Сарыкемер – 31 416 (2019) 8. Жаңақорған – 27 564 (2019) 9. Қордай – 25 507 (2019) 10. Манкент – 25 058 (2019) 11. Ақсукент – 24 491 (2019) 12. Абай – 21 221 (2019) 13. Төле би – 21 168 (2019). Иә, мұның бәрі 2019 жылғы деректер. Өздеріңіз көріп отырғандай, халқының саны межелі белдеуден неше мәрте асып кеткен және күн санап өсе түсуде.

  

Қарқаралы да қалалық мәртебеден айырылатын қалалар қатарында

       Осы кестедегі 8-орынға жайғасқан Қарқаралының қалалық мәртебесіне мән беріп көрелікші. Қарағанды  қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 220 шақырым жерде орналасқан осы қаланың тағылымды тарихынан қаншалықты хабардармыз?

       1824 жылы бекініс ретінде іргетасын Ресей империясының әскерилері тұрғызды демесеңіз, Қазақстандағы көне, Қарағанды облысындағы ең ескі қала. 1868 жылы уездік қалаға айналғаннан 1928 жылға дейін Семей облысына қарасты Қарқаралы уезінің, 1928-30 және 1934-36 жылдары Қарқаралы округінің орталығы болды.

        Қарқаралы – қалалық мәртебе мен мәдениет көне дәуірлерден басталған шаһар, б.з.д Х-VІІІ ғасырларда мұнда жалпы адамзат тарихындағы ең көне қола өңдеу өндірісі дамып, одан құралдар жасалған, осы қола дәуірінің заттары Қарқаралыдағы тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы.

Қазақ тарихының ортасынан ойып тұрып алар орны бар атақты Қоянды жәрмеңкесі де 1848-1930 жылдар аралығында осында өткізіліп тұрғаны баршаңызға аян. Тарихшылардың Қарқаралы–1, Қарқаралы–2 деп атаған орындарын Әлкей Марғұлан зерттеп, оны еліміздегі ең көне адамзат тұрақтарының бірі екенін дәлелдеп те қойған.   

       1847 жылы 16 болыс басшылары қол қойып, құрылысы үшін қомақты қаржы жиналып, 1849-52 жылдары Қарқаралы округіне аға сұлтан болған Құнанбай құрылыс жүргізу ісін өз қолына алып, тыңғылықты аяқтағандықтан, мешіт халық арасында «Құнанбай мешіті» аталып кеткен.

1870 жылдары екі сыныптық училище, 1880 жылдары үш сыныптық қалалық училищенің бірінде 1881-86 жылдары ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан оқыса, Ахмет Байтұрсынұлы мұғалім, меңгеруші болған.

         Қарқаралы тамыры, қалалық дәстүрі, Алаш қозғалысының бастауы болуымен Қазақ мемлекеттігіне тікелей қатысы және халықаралық туристік маңызы мен қалаға тән тарихи әрі мәдени орындардың көптігі, сонымен бірге ұлы тарихи тұлғалар өмірімен тікелей байланыстылығы – оның қала мәртебесін сақтауына толық негіз бола алады деп сенеміз.  

        Қарқаралы мен Кент таулары негізінде 1998 жылы Қарқаралы ұлттық табиғи саябағы құрылды. Сол секілді Қарқаралы тас мүсіндері, Суықбұлақ қонысы, Құнанбай мешіті т.б. ескерткіштері халықаралық туризмді дамытуға сұранып-ақ тұрған дүниелер емес пе?!

Қарқаралы петициясы

      Қоянды петициясы – Ресей үкіметіне қазақ халқы атынан қойылған талап, тілек. 1905 жылы 22 маусымда Семей, Ақмола облыстарының қазақтары Қоянды жәрмеңкесінде бас қосып, Петербургке 16 мың адам қол қойған өздерінің арыз-тілектерін жіберген. Патша өкіметі бұл акцияны «барып тұрған саяси күрес» деп тауып, хұзырхатты ұйымдастырғандар: Ә.Бөкейхан, М.Дулатов, А.Байтұрсынұлы, Ж.Ақбаевтарды және орыс тіліне аударған Т.Нұркенов екендерін анықтап, оларды қудалауға түсірді. Кейін мұндай хұзырхаттар (петиция) Торғай, Орал облыстарында жаппай жазыла бастады. Ал сол хат жазылған атышулы Көк үй де тарихи үлкен жәдігер емес пе?! Осынша дүниенің барлығына куәгер болған Қарқаралының қалалық мәртебесін тартып алғанда не табамыз?

        «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» демекші, ұзақ жылғы тарихы бар қала халқының күрт азаюына кінәлі осы үкімет өзі екенін есіне сала кетуді жөн көрдік. Қазыналы Қарқаралыда өндіріс, өнеркәсіп дамымаса, сол себепті ел үдере көшсе, оған тұрғылықты халық емес, үкіметтің шикі саясаты кінәлі. Күнкөріс қамымен «тәуелсіздік дорбасын» (қытайдың ала сөмкесі) сүйреткен халық еріккеннен ешқайда ауып кеткен жоқ. «Ит тойған жерінені» жиі айтатын қазақ атамекенін себепсіз тастамайды. Сол Қарқаралыға кіреберісте қасқая қарсы алатын үш арыстың еркін отырған ескерткіші ғана бар қазақтың еңсесін тіктейтіндей әсер қалдырушы еді. Енді «аузы сасық» ауылға айналмақшы.

        Тарихи маңызы үшін Хорватияда 28 адам тұратын Хум, Болгариядағы 217 адам тұратын Мелник, Ұлыбританиядағы 600 адам тұратын Лануртид Уэллс қалаларының мәртебесін сақтауда. Бұған халық саны бірнеше жүз адам мен бірнеше мың адам ғана тұратын тарихи, мәдени, туристік маңыздағы әлемдегі жүздеген қалаларды қоссаңыз, онда осы үш өлшемге де толық жауап беретін Шоқан, Абай, Әлихан, Ахмет, Мұхтар, Қаныштар қала деп кеткен қазақтың Қарқаралысын ауыл деуге ауыз бармайды.

      Қазақтың барлық зиялылары түгелдей дерлік бас қосқан ұлы шаңырақ – Көк үй тұрған, Құнанбай мешіт салдырған, Абай барған, қазақтың екі қаласының бірі Қарқаралыға «біреулерге» ерекше мәртебе беруде алдарына жан салмайтын екі палаталы қазақтың парламенті ерекше мәртебе бере алар ма екен деген ой ғана. Әншейінде қабірін қырға салатын қазақ та тап осы жолы қағидасынан жаңылғандай. «Атыңнан айналайын, Қарқаралы!» деп жүріп, мәңгілік мекенін Мәліксайдан тапқан Мәди бабаның басындағы бұлтты сейілтуге бұл үкіметтің мүмкіндігі мол.

       P.S. Тарихи санасы түзу, мәдениеті жоғары елдер үшін халқының санына қарай қала мәртебесін беру негізгі алғышарт емес. Бұл да кеңестік жүйенің қалаларда қарқынды жүргізілген орыстандыру саясатының сарқыншағы. Біз жазсақ, осы саясат негізінде қала тілін қазақыландырсақ деген ниетпен жазғанбыз. Қазіргі қазақ тілінің мәселесі де осыған байланысты. Тіліміз қалаға кіре алмады. Қазақтың қалалық мәдениеті енді қалыптасуда. Бүгінгі ұлттық қала мәдениетін Алматының «алтын квадраты» немесе астананың «сол жағалауы» емес, Қарқаралы секілді Алаштың байырғы қалалары қалыптастырады деген нық сеніммен жазғанбыз. «Кері кеткеннің иті кері оттайды» демекші, үкімет мұны да кері айналдырып ала қойды. Негізі, сол солақай үкіметтің проблемалардан құтылу жолдарын емес, шешуді үйренгені жөн болар еді. «Болар елдің балалары» ұлттық өркениетіне үлес қосқан осындай мекендерін мыңға жетпейтін халқымен де қалалық мәртебе бергені былай тұрсын, сақтап, баптағаны аздай, насихаттап та жүр. 

        Қарқаралы 1868 жылдан қала мәртебесінде болса, тізімдегі қалған қаласымақтардың барлығы дерлік кешегі кеңес дәуіріндегі әскери немесе өндірістік мақсатта келімсектерге жағдай жасау тұрғысынан қалалық мәртебеге ие болғандар. Олай болса Қарқаралыға ерекше мәртебе берілуі қажет деп білеміз.

Тегтер: қала ауыл аймақ мәртебе маңыз

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аян КІШКЕНБАЕВ 21.01.2021, 17:34
Жалғыз өзі сотталды - 2
Нұрболат ӘЛДИБЕК 21.01.2021, 09:46
Арсыз болмай, атақ жоқ
Бифат ЕЛТАЕВА 19.01.2021, 09:15
Ата-ананы өзекке тебетін заң қазаққа қажет пе?!
Мүсірепхан МЫҢБАЙ 15.01.2021, 10:07
«Жас Алашым» – жастық шағым
Талас ОМАРБЕКОВ 14.01.2021, 14:05
Отарлық сананың мызғымас ошақтары
Әділ КЕМЕҢГЕР 12.01.2021, 15:49
Теріс жолдан тез тайқыңдар! Ойлан, қазақ элитасы!

Аңдатпа


  • Қазақ қызы АҚШ президентінің протокол басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды
    22.01.2021, 13:10
  • «Жас Алаш» – әділдіктің трибунасы
    21.01.2021, 13:59
  • Жәнібек пен Ордаға жол жететін күн бар ма?
    20.01.2021, 09:21
  • Шағаладай шарқ ұрған шақ
    20.01.2021, 09:32
  • "Сатаев - саудагер, бас серіктес - Райымқұлова"
    19.01.2021, 10:30