Қазақстанның сара жолы

Оразалы СӘБДЕН

25.01.2023, 08:41

2050

Қазақстанның жағдайы. Қазақстан егеменді ел болғалы 30-шы жыл. «Ә» дегенде, үміт күшті еді. Өкініштісі, шаш етектен байлығымызды ел ырысына пайдалана алмай, реформаны дұрыс жүргізбей, бюрократиялық, олигархиялық, спекулятивті капитализм құрсауында қалдық. Экономикамызды әртараптандырмай, мәнді тек мұнай, газ, қазба байлыққа бергендіктен, қазір жағдайымыз қиын, шикізат елі болдық. Мысалы, Норвегияны алсақ, бар болғаны 40 жылда балықшы елден ең дамыған ел қатарына көтерілді. Себебі мұнайды тек алып, сатып қоймай, қайта терең өңдеуден өткізіп, зауыттарын салып, қосымша құн өндірістерін жасап, Норвегия мемлекеті бүкіл экономикасын күрт өзгертті. Осыларға қажетті заңдар шығарып, оларды қатаң орындады.

Осы жылдары жіберген биліктің әлеуметтік-саяси қателіктері жеткілікті. Сөз, ақпарат бостандығы, жерге иелік ету мен тіл бостандығы, адам құқығын сақтау жолында ат төбеліндей халық талай боздақтарынан айырылды, талайы түрмеде жатыр, шетелде де жүр, т.б. Халық оны ұмытпайды!

Елімізде сыбайлас жемқорлықтың шарықтап тұрғаны соншалықты, оның ішінде бұрынғы премьер-министрлер, министрлер, депутаттар, әкімдер, банк, бизнес өкілдері, т.б. жеткілікті. Тіпті, бұл жоғарыдан төменге дейін тамырын жайған бір дертке, жүйеге айналды. Зардабын қарапайым халық тартып отыр. Осының бәрі мемлекетімізді басқарудағы биліктің көп жылдар бойы жіберген күрделі қателіктерін көрсетеді. Зиялы қауым мен көзі ашық азаматтардың да дер кезінде осыған тоқтау жасай алмағандығында десе де болады. Бар шындықты қорықпай, басып айтатын баяғы Бұқар, Махамбет сияқты батыр, билеріміздің, Алаш ұлдарының көрінбегені өкінішті-ақ. Екінші жағынан, шындық үшін бас көтергенді қағып тастайтын биліктің таяғы тағы бар. Бұл да біздің 70 жыл бойы Кеңес дәуірінің қылышының астында болғандығымыздан арыла алмай жатқандығымызды көрсетеді.

Қазіргі халықтың күннен күнге күнкөрісінің төмендеп бара жатқаны, қымбатшылық соңы үлкен наразылыққа алып баруы мүмкін. Қоғамда билікке деген сенім кетіп барады, елді бір дәрменсіздік билеп тұр. Егер біз ел ішін кернеген теріс күштерге даяр болмасақ, онда қоғам ыдырайды. Қазір біздің қоғамда моральды тозу (износ) дерті қатерлі ісіктей белең алып тұр. Өнегесіз жүрісімізді бір тәртіпке салатын уақыт келді. Кемел ойлы, алдағыны ақылмен болжай білетін басшы, болатын өзгерісті сезе отырып, егер «қазаннан қайнаған буды» дер кезінде шығара алмаса, оның атылатынын білсе керек еді. Алысқа бармай-ақ оны көршілерден де көрдік емес пе?!

Қазіргі билік жоғарыда айтылған кемшіліктерді сезіп, әсіресе, қаңтар оқиғасынан кейін біраз реформалық қадамдар жасауда (конституцияға өзгерістер, халықтық референдум, Президенттік, Парламенттік сайлау, т.б. заңдарға өзгерістер). Бірақ бұл күрделі өзгерістер 30 жыл бойы қордаланған дағдарыстан қаншалықты алып шыға алады? Оны уақыт көрсетер.  

Біздің тағы бір үлкен кедергіміз ол – жаһандық интернет, цифрлы жүйе, ақпараттық топтар, квантты компьютерлік технологиялар, т.б. Келешекте мұнай мен газдың орнын осылар басатын болады. Оған қарсы тұра алатын озық ойлы, осыларды игере алатын білімді жастар билікке келуі керек. Қазіргі жағдайда жастар шетелге кетуде. «Болашақтан», т.б. іс жасап жатқан жастардың отанына келмеу себебін несіне жасырамыз. Халқымыздың келешегін кімнің қолына береміз? Баяғыда талантты жастар ауылдан келуші еді, мектептің, үлкендердің тәрбиесі күшті болатын.

Қазір ауыл тозды, ал жоғарғы білімді тауарға айналдырып жібердік, бәрі ақылы. Біздің мектеп жасындағы балаларымызды Ресей талай жыл бойы жеңілдіктермен алуда. Біз жастардан айырыла бастадық. Осыны кім ойлап жатыр?

Елдегі қордаланып қалған келеңсіздіктердің қайсыбірін айтасың? Осылай кете берсек, біз ХХІ ғасырдағы өркениет пойызының соңғы вагонына білімсіз міне алмай, мәңгілік шикізат елі болып қалуымыз немесе сол алпауыт елдерге жұтылып кетуіміз мүмкін.

 Не істеу керек? Қазақстанға мәдени революция керек пе?

     Енді біз қандай жолмен, кімнің соңынан жүруіміз керек, қай елдің озық тәжірибесін алсақ деген сұраққа, мысалы қазір АҚШ-тан кейінгі әлемде екінші орынға шыққан Қытайды алайық. Әрине, Қытайдың іскерлігін, инновациясын, трансферт технологиясын, кіші кәсіпті тез дамытуы, немесе қатаң тәртібін алуға болар. Бірақ оның саяси-экономикалық реформасын түгел алуға болмайды, себебі онда адам құқығы тапталуда. Немесе диктаторлық жүйеден кейін тез демократиялық дамуға көшкен, жаңа технологиясы күшті Оңтүстік Корея жолы ма? Жоқ әлде дүниежүзілік соғыстан кейін қатты дамып кеткен Жапония, немесе Азия барыстары Сингапур, Малайзия ма? Кеше ғана Советтер одағында бізбен бірге жүрген, Эстония елі ме, қазір тез дамып, жалпы ішкі өнімі әр адамға шаққанда, 25000$ асып отыр. Жоқ, әлде, Батыс Европа мемлекеттерінің, оның ішінде, Скандинавия елдерінің азаматтық қоғамды дамытудағы озық тәжірибесі керек пе?

      Менің ойымша, біздің осы адасқанымыз жетеді, қазір жол айрығына келіп тірелдік. Егер қазірге дейін 30 жыл бойы шетелдік «серіктестеріміздің» кеңесімен жүріп, өзіміз де басқара алмай, ескі жолмен барсақ, онда соңы тығырық. Ал бізге керегі ең озық, өзімізге лайықты әлемдік тәжірибені қолдана отырып, қоғамды өзгерту, өзіміздің отандық дара даму жолымызды табукерек.

      Әрине, таңдау – халықтың еншісінде. Бірақ ол үшін халыққа бұл дағдарыс жағдайдан қалай шығу туралы бағдарлама ұсыну қажет. Бұны жасау қазіргі билікке қиын. Олардың басым көпшілігі ескі кадрлар, шындықтың толық көрінісін көрмейді, өйткені мемлекетті вертикалды түрде, жоғарыдан төмен, ескі әдістермен, орынсыз амалдармен басқарып келеді. Осылайша, жаһандық желінің, жаппай коммуникацияның, жаһандану жаңалықтарының мәнін түсінбейді. Билік өкілдері біздің өзгермелі өмірімізді, яғни халықтың жағдайының қиын екенін түсінсе де, бірақ қазіргі құрылған, әсіресе, жемқорлыққа үйренген билік басындағылар халықты ойлап, олардың қажеттілігін жүзеге асыру жолында жұмыс атқаруға мүмкіндік бермейді. Бұл Қазақстан үшін «Ариаднаның жұмбақ жіптері» секілді болып тұр.

Соңғы уақытта қабылданып жүрген ішінара шешімдер халыққа өте маңызды болса да, 30 жыл бойы жиналған проблемаларды шешу өте қиын болары анық. Себебі Қазақстанда 2022 жылдың басында қанды «Қаңтар оқиғасы» болды. Ә дегенде, Жаңаөзендегі газ бағасын төмендетуді қолдап шыққан бейбіт халықты белгілі күштер, биліктен айырылып қалу қаупін сезе қойып, тез арада алдын ала дайындалған бұзақыларды, діни теріс күштерді салып, тып-тыныш жатқан елімізді, Алматыны тас-талқан етті. Қаңтар оқиғасын ұйымдастырушылары да, бейбіт халықты қырғынға ұшыратқан авторлар да, олардың жендеттері де белгілі. Тек оған бүкіл Қазақстан халқының алдында саяси-қоғамдық ашық баға беру керек. Сонда ғана билік халық сеніміне ие болады.

      Жоғарыда айтылғандардың бәрін жиып-теріп келгенде, менің көп ойланып, толғанып, маман ретінде айтарым, Қазақстанға эволюциялық жолмен мәдени революция (культурная революция) керек.

      Мәдени революция дегеніміз – біз өзімізден бастап, 30 жылда қалыптасқан бүкіл билік жүйесін өзгертуіміз керек. Қазақстанның бүкіл құрылымын өзгерту үш бағыттан тұрады: экономиканы әртараптандыру арқылы инновациялық жолға түсу, әлеуметтік инновация, адам капиталының сапасын арттыру, сананы өзгерту; түбегейлі саяси реформа жасау. Елбасы айтқандай, бірінші экономика, сонан соң саясат емес, менің ойымша, осылардың бәрі бір жүйе (процесс) ретінде қатар жүруі керек. Бұл ойды мен о бастан-ақ айтқам да, жазып та бергем билікке. Бірақ тыңдар құлақ жоқ. «Жас-Алашта» жазған едім. Қазақстанда көп жылдар бойы қордаланған, ластанған, қоқыр-соқыры көбейген билік жүйесін, адам жанын, арын, моралін, ой-өрісін, психология, рухани құндылықтарын тазартатын бізге үлкен «сыпырғыш» өте қажет.

      Біз тегіміздің қандай болғанын және тарихымыз бен болмысымызды терең танып «тектоникалық тереңдікте сезіне отырып, мына қиын әлемдік өркениетте не күтіп тұрғанын білуіміз керек».

       Мәдени революцияны түбегейлі шешу үшін дамыған елдердің тәжірибесін алып, оған Қазақтың менталитетін қосып, Мемлекетімізге түбегейлі модернизация жасау керек: саяси модернизация, рухани-әлеуметтік модернизация, экономикалық модернизация.

ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУ ЖОЛЫ

(не істеу керек?)

  1. Әлеуметтік инновация

       Жаһандық дағдарыс, болып жатқан өзгерістер, атап айтқанда, ғылым мен білім, мәдениет пен имандылық, адамгершілік ұлттық құндылықтар саласындағы теріс салдарларды анықтады. Сұрақ қоғамның моральдық тозу қаупі туралы болып тұр. Мұның басты белгілерінің бірі – мемлекеттік басқарудағы ең төменгі деңгейден жоғары деңгейге дейінгі адами капиталдың барлық саласында белгілі кәсіби қабілетсіздік, немқұрайлық болып тұр. Бұл, әсіресе, дамушы елдер жағдайында айқын көрінеді. Мысалы, дағдарыс кезінде, тіпті, дамыған елдердің өзінде тәуекелді басқаруда кадрлардың жетіспеушілігін сезінді. Тағы да айтам, бізде кадр саясатын түп тамырымен өзгерту керек.

     Осыдан әлеуметтік инновацияның жаңа парадигмасы – білімді қоғам, жаңа заманның тұлғасын жасау керек. Жаһандық дағдарыс жағдайында білім беру және ғылым алдыңғы қатарға шығып, ұдайы өндірістік циклдің бүкіл жүйесінің негізіне айналады. Бұл идеяның пайда болуынан бастап, адамның қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін пайда табумен аяқталатын, сондай-ақ жаңа өркениеттік даму үшін инвестицияларды жүзеге асыру қажет.

      Сондықтан бізге адами капитал саласында қаржыландыруды көбейтіп, тұрақты өмірге байланысты «минималды қалыптар» құру керек және бәсекеге қабілетті креативті экономикаға өту қажет:

     — денсаулық сақтау (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша денсаулық сақтауды қаржыландыру ЖІӨ-нің 6% -дан кем болмауы керек, ал бізде 3,2%);

     — ғылым (мемлекеттің қалыпты дамуы үшін ғылымды қаржыландыру ЖІӨ-нің 1,5-4,5% болуы керек, ал бізде 0,13%);

     — білім (ЖІӨ-нің кем дегенде 6% болуы керек, ал бізде 3,2%);

— мәдениет(ЖІӨ-нің кем дегенде 5%, ал бізде 3%);

        Жоғарыдағы фактілер көрсеткендей, біз экономиканың өте маңызды осы әлеуметтік бағыттарын «қалдықтық негізде» (остаточный принцип) көптеген жыл бойы қаражатты өте аз беріп ұстағанымыз көрініп тұр. Осы салалардың артта қалғандығын айқын көрсетеді. Мысалы, ғылымды қаржыландыру 20-30 есе артта қалған кезде, кедей ғалымдардан әлем жаңалықтарын қалай талап етуге болады? Ғалымның миы толық, бірақ қалтасы тесік, ал әкімдердің миында не бар екені белгісіз, бірақ қалтасы толық дейтінім осыдан.

Академик Қ.Сәтбаев бастап басқарған ҚР Ұлттық ғылым академиясын жабуда да осындай стратегиялық теріс мәні бар. Бұлай келешегімізге балта шабу, қатыгездікке де саяси баға берілер. Жоғарыдағы мысалдар елбасының Қазақстанды білімсіз елге айналдыру саясаты екенінің дәлелі. Ал білімсіз елді Ұлы Абай айтқандай, не төбеден таяқтап отырып (ішінде бас көтергендерді қағып тастау), не паралап отырып, диктаторлық басқару оңай. Біз осылай сыбайлас жемқорлығы шарықтаған, коррупциялық елге айналдық.

        Адами және әлеуметтік қажеттіліктер саласында әр адамның жеке тапсырысына дейін тауарларға, қызметтерге және басқа да әлеуметтік қажеттіліктерге әртүрлі әлеуметтік сұраныстарды қалыптастыру қажет. Осыған байланысты үшінші сектордың, яғни азаматтық қоғамның рөлі күрт артады. Әлеуметтік капиталды қалыптастыру бірінші кезекте тұрады және ол жақсылап инвестициялануы керек.

         Осыған сүйене отырып, адами капитал саласындағы осындай минималды әлеуметтік-экономикалық стандарттарды (өмір сүрудің белгілі бір стандарттарын) орнату арқылы біз шынымен де жақсы өмірді қамтамасыз ете аламыз. Минималды стандарттарды экономикалық өсу қарқынымен байланыстыра отырып, халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын анықтауға болады. Бұл шешілмей келе жатқан үкіметтің айналысатын мәселесі.

         Әлемдегі ең бай елдердің бірі бола отырып, сонымен бірге, халқымыз аз болғандықтан, біз осы бай мұраны сақтай аламыз ба? Біздің еліміздің адами әлеуетін әр адамның «кодталуынан» жеке тұлғаның биометриялық өсуіне дейін бағалауымыз керек. Басқаша айтқанда, барлық тұрғындарға жан-жақты қызмет көрсету және өзін-өзі қамтамасыз ету үшін барынша жағдай жасау, желілік экономикамен, интернет желісімен және цифрландырумен бүкіл елді «қамту» өте маңызды. Теледидарда көрсеткендей, ХХІ ғасырда қазақ баласы тауға шығып, не үйдің төбесіне, не ағаш басына тарзан болып шығып, интернетті ұстау – қазақ еліне масқара емес пе? Мұнда ең бастысы, ұлттық қауіпсіздікті, адамгершілік аспектіні қамтамасыз ету – адамды бақылау емес, оның қажеттіліктерін қанағаттандыруда көмектесу керек. «Сананы өзгерт, өзің өзгер!» дейтінім сол.

 

  2. Түбегейлі саяси реформа

    Біз енді әлемдік қауымдастықта өзіміздің қоғамдық-тарихи, саяси-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық бет-пердемізді толық анықтап алуымыз қажет. Шындығына келсек, біз бұл мақсатқа жеткен жоқпыз, осы жолды меңгерудеміз. Ал ішкі саясатымызда да түбегейлі реформалар жасауымыз керек, Конституциялық өзгерістерден бастап, бүкілхалықтық референдум қабылдауға дейін проблемалар бар...

      Қазақстан 30 жыл бойы президенттік басқару жүйесімен жүрді. Бұл жүйедегі жақсысы да, жаманы да өзіміздікі, оны талдап жатпайық. Енді саяси-демократиялық кезең басталуы керек! Парламенттің рөлін күшейту қажет. Бұл мемлекетімізді басқаруды «Парламенттік басқару жүйесіне» көшіру, яғни президенттің құзырын күрт шектеу. Үш биліктің: заң, сот және атқарушы биліктің тепе-теңдігін іс жүзінде сақтау. Осы жүйеге көшкенде, заң, сот жүйесінде әділеттілік орнар еді, жемқорлық тыйылып, халықтың жағдайы жақсарар еді.

      Нақтырақ айтсам, біз унитарлы мемлекет болғандықтан да, бірпалаталық парламентке өтуіміз қажет. Онда депутаттардың саны – 150, ал оның 50%-ы партиялардан, 50%-ы бір мандатты мажоритарлық округтардан елге белгілі маман, қайраткерлер сайлануы тиіс. Себебі, қазір «партия» деп халық қай депутатты жергілікті жерден сайлағанын, өзінің мұң-мұқтажын кімге айтарын, ал олар шешілмесе, қай депутатты қайтарып, басқасын сайлауды білмей қалды. Партиялардың парламентке өту межесі 3-5%-дан аспауы керек. Бұл ұсыныстарды мен парламентте талай рет депутат болып, оның ащы-тұщысын татқаннан кейін, ең тиімді жол деп таныған соң айтып отырмын.

     Мұның ең өзектілігі – оппозиция деп қорықпай, жаңа партияларды тез тіркеу, көп партиялы парламент жасақтау және оның статусын көтеру болып отыр. Өйткені парламентаризм – «қалталы депутат емес», көппартиялы орта, пікірталас арқылы шындыққа шығу алаңы. Біз, ең бастысы, сайлауды таза демократиялық жолмен өткізуге тиістіміз. Халық өз дауысын қандай партияларға қанша пайызбен бергендігін өзгертпей, әкімшілік ресурсты алып тастап, әдеттегідей, дауыс ұрламай, парламентке сайлау өткізу керек. Сонда жаңа парламент жаңа үкіметті жасақтаудан бастап, жаңа кадр саясатын жасай алады. Жаңа парламент қоғамдық комиссия құрып, Қазақстанның 30 жылдағы даму жолына әділ саяси, экономикалық, қоғамдық баға беру керек.

     Бұл жағдай өз басымнан өтті, келеңсіздіктің құрбаны да болдым. Сайлаудың әділ өткеніне билік емес, халық сенуі қажет. Егер сен мәселенің құрылымын білсең, онда жөндеп басқара аласың демекші, осының ішінде күйіп-пісіп жүргеннен соң ұсынудамын.

     Қандай Конституциялық өзгерістер жасасақ та, реформалар қабылдасақ та ең абзалы халықтың жағдайы, әлеуметтік күнкөрісі төмендемеу керек. Әр адамға бет бұратын уақыт келді. Адам мен табиғаттың қадірін білсек қадірлі адам, қадірлі қоғам, қадірлі мемлекет боламыз. Осы жолда барлық күш-жігерімізді алдағы уақытта ізгілікті дамыған қоғам орнатуға салуымыз өте қажет.

ХХ ғасырды өнеркәсіптегі жоғары технологияның ғасыры десек, ал енді ХХІ ғасыр – ол жоғары гуманитарлық ноосфералық өркениет ғасыры болмақ деген пікірді білдіремін. Бұл жерде әр адамның, азаматтық қоғамның мүмкіндіктері пайдаланылады деген сөз. Себебі адам өзінің ақыл, ой-санасы және тілі арқылы ең жоғарғы биологиялық феномен болып есептеледі.

    Реформа билік басындағылардың мүддесі үшін емес, қоғамның, елдің мүддесі үшін жүргізіледі. Азаматтық қоғам институттарының жұмысын жетілдіру қажет. Атқарушы мемлекеттік биліктің жұмысына қоғамдық бақылау орнатылуы тиіс. Осыған орай, азаматтық қоғамның негізгі белгісі, жергілікті өзін-өзі басқарудың көзі – биліктің халықпен санасуында және халықтың, азаматтық қоғамның шешім шығаруға формалды емес, белсенді түрде араласуында.

     3. Экономикалық реформа(жаңа модель).

     Негізгі мақсат біз экономиканың шикізат моделінен кетіп, экономикамызды, өндірісімізді әртараптандырып (диверсификациялап) инновациялық жолға түсіп, ары қарай қазақ қоғамын ізгілендіру (гуманизациялау) болып табылады. Барлық байлықты (ресурсты) жаңа технология мен әлеуметтік инновацияға салсақ тез алға басамыз. Бұл жаңа қоғамдық және өндірістік қатынасқа, экономиканың дамуының жаңа моделіне өту деген сөз.

      Жаңа заман, жаңа талапқа байланысты барлық шығынды күрт азайтып, Мемлекетті басқарудың жаңа жүйесіне (моделіне) көшу керек. Сол кезде жаңа кадр саясаты, жаңа саяси және әлеуметтік-экономикалық реформа адамның тыныс-тіршілігіне тікелей әсер етері анық, сонда ғана халық билікті қолдайтын болады.

Мен «Мемлекетті 5-тік спиральмен (мемлекет, бизнес, ғылым, адам қажеттілігі, информатизациялау) жаңаша басқару туралы жобамды» ҚР президенті Қ.Тоқаевқа жібергенмін. Сонымен қатар, бұл жоба «Жас Алаш», «Дат» газеттері мен Abai.kz, qamshy.kz, т.б. интернет сайттарында да жарияланды. Бұл менің арнайы жаңа Қазақстанды жаңаша басқару жобаммен  танысасыздар деген ойдамын.

     Ең дұрысы, билік осы өзгерістерді өзі бастағаны жөн, өзі мұрындық болуы тиіс. Сонда ғана, осындай өркениетті ісі арқылы билік, шынында да, қоғамның саналы әрі салауатты күшіне арқа сүйей алады.

     Түйінді ой ретінде айтарым, алдымыздағы екі онжылдықтағы ең басты қиындық – Мемлекетті тиімді басқаруда және жаңа технологияларға сай кәсіби біліктілікте, жаңа кадр саясатындаболмақ.

     4. Қазақстанда мәдени революция іске асу үшін тез арада нақты қаражатпен қамтамасыз етілген 4 тағдырлы Ұлттық жобаның шешу тетіктерін жасауды ұсынамын:

     Бірінші мемлекеттік жоба. ҚР ашық нарықтық экономика болуы керек, әсіресе, ашық саясат және қоғамды демократияландыру, соңғысы жоқтың қасы. Ол үшін Конституциядан бастап, бірқатар заңдардың қабылдануымен осы бағыттарды түбегейлі реформалау қажет, әсіресе көппартиялы парламент, судьяларды да  халық сайлау керек.

     Екінші мемлекеттік жоба. Қоғамның рухани-тарихи жаңаруы жаңа өркениетке жол. Негізгі назар мәдени, тарихи, денсаулық, моральдық – адамгершілік, ұлттық құндылықтарға, әсіресе жаңа білімге аударылуы керек. Нағыз демократияны тек білімді ел, азаматтық қоғам құра алады. Осындайда ұлы Абайдың толық адам ілімінің жол картасын жасап, біздің рухани Конституциямыз ретінде халықты оқыту керек. Қазақстанға рухани-мәдени ренессанс қажет.

     Үшінші мемлекеттік жоба. Ауылды жаңарту мен ауыл шаруашылығын дамытуға аса басымдық беру керек. Мұнай мен газдың орнына бренд астық пен ет өндірісі болуы керек. Қазақстан өзінің азық-түлік мүмкіндігімен әлемнің бірнеше елін тамақтандыра алады. Жасанды интеллект, робототехника, адам геномы және басқалардың пайда болуымен байланысты №1 проблема адамдарды экологиялық таза өнімдермен және сумен қалай тамақтандыру біздің генофондымызды сақтайды.

Сондықтан дәл қазір мүмкіндікті жіберіп алмауымыз қажет және жақын арада Қазақстанды азық-түлік державасына айналдыруымыз керек. Ол үшін 2023-25 жылдары Ауыл жылдары деп жария етіп, арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдап, үлкен қаражат бөлу керек. Жаңа Қазақстанның болашағы ауылға бетбұрудан басталады. Егер азық-түлік державасы болғымыз келсе ауалшаруашылығы өнімдерінің жалпы ішкі өнімге шаққандағы үлесі қазіргі 4,5 пайыздан кем дегенде 20-25 пайызға дейін өсуі керек.

      Төртінші мемлекеттік жоба. Жаңа өндірістік құрылым саясатына, индустриялды-инновацияға көшу, технологиялық құрылымдарды жедел дамытудың тиісті мемлекеттік бағдарламасы мен сыни технологияларды тез дамыту қажет. Біз алда инновациялық дамыған экономикасы, гуманизациялық қоғамы бар ел болуымыз керек.

      Соңғы айтарым, мүмкін бізді тектілігіміз, ата-бабаларымыздың рухы, болжампаздығымыз, әлемдік тез өзгерістерді түсінгендігіміз алдағы күтпеген нәубеттен сақтап қалар! Цифрлы әлем, цифрлы экономика заманында уақыт өте тапшы, бәріміз ойланып, шешім қабылдайтын сәт туды.

      Қасаң тартқан сананы өзгертіп, рухани тазаратын кез жетті! Бұл біздің соңғы мүмкіндігіміз болуы мүмкін. Сондықтан мен сіздерді мәдени революциялық жолға, дана халқымыздың көрегенділігін ұстанып, ата-бабаларымыздың бірлігі мен тірлігін жалғастыруда қапы қалмауға шақырамын!

     Осы мемлекеттік деңгейдегі 4 жоба ҚР президентінің және халықтың тікелей назарында болу керек. БАҚ, телеарналардан тұрақты түрде, жиі-жиі беріліп тұруы қажет.

Құрметті оқырмандар, осы көптен бері көкейімде, жазып та, айтып та жүрген «Қазақстанда культурная революция» жасау керек деген ойыммен бөлістім. Ерте ме, кеш пе әйтеуір бір болады. Уақытты тағы-да жіберіп алмайық. Мұны не президент, не халық жасайды. Ал ең дұрысы халық болып бірге жұмылып жасау керек.

Тегтер: Экономика нарық ұсыныс

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Мәкен УАҚ 11:59
Ататүрік қашан «бостандыққа» шығады
Ораз ҚАУҒАБАЙ 02.02.2023, 12:42
Қонаев ата-тегінің ақиқаты
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 02.02.2023, 09:07
Қарағандыда ашылған жаңалық Еуропада резонанс тудыруда
Батыр ЖАСҰЛАН 02.02.2023, 07:16
Әкімдер ай қарап жүр ме?
Әділ АҚЫЛБАЙ 01.02.2023, 07:26
Қазақстан қашанғы кландар меншігі болады?
Жарлы БАЙҒАНИН 31.01.2023, 09:00
№36

Аңдатпа


  • Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
    07:32
  • Ресей Путиннен қашан құтылады?
    07:17
  • Қайдасың, инвестор?
    07:23
  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    02.02.2023, 07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    02.02.2023, 07:16