Қазақта қайткенде баспана болады?

Айжан БҮРКІТБАЕВА

13.10.2020, 11:32

2125

Баспана зары қара халықтың етінен өтіп, сүйегіне жеткелі қай заман. Қазақ басына азаттық алғаннан бері, қай жерге қоныс теуіп, қайда тұрақтарын білмейді. Ауылдан қалаға жұмыс іздеп ойысқандар ордасын таппай, жалдамалы пәтерде жансақтық күй кешіп жүр. Үкіметтен үй алу жеңіл болып көрінгенімен, мәселенің төркіні қаражатқа келіп тірелетіні анық.

Елімізде тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін ипотекалық жобалар қарастырылған. Алайда халықтың әлеуметтік халі аттыларды алаңдатып отырған жоқ. Статистикаға сенсек, қазақстандықтардың бір жылдық ипотекалық қарызы 1,49 триллион теңгені құрайды. Олардың қалың  бөлігі несиесін төлей алмай, тұрағынан айырылып қалып жатады. Себебі, нәпақасын әрең әупірімдеп тауып отырған жұрт айына 100-150 мыңның ипотекасын игере алмайды. Баспана бағдарламалары қарекетінің берекеті қашан болады?

Бұл туралы әлеуметтанушы Гүлмира Сұлтанбаева былай деп пікір білдірді:

– Баспананың жетіспеушілігі – өте өткір мәселе. Елдің ипотекасын төлей алмауының басты себебі – жұмыс көзімен қамтылмауы. Ауылдан жұмыс іздеп келетін еңбек мигранттарын қоссақ, жұмысқа ағылатын азаматтарымыз ірі мегаполистерде баспанасыз босып жүргендердің санын көбейтеді. Қалаға қоныс аударуының себебі, жергілікті ауылдық, өңірлік жерлерде жұмыспен қамтитын мүмкіндіктер аз. Тек аурухана, білім беретін орта мектептерде ғана жұмыс істейтіндер болмаса, өзгелері екі қолына бір күрек таба алмай әуреленеді. Сосын амал жоқ, үлкен шаһарларды шарлауына тура келеді. Екінші бір фактор, қоғамда еңбекақысы төмен әлеуметтік топтар көп. Жалақысы тұрақсыз жұрт жалдамалы пәтермен күн көруге мәжбүр. Неге, нәпақасы тұрақты емес? Себебі, бір реттік қысқамерзімдік, науқандық жұмыстарға тартылатын азаматтар саны айтарлықтай. Бұл кісілерге әлеуметтік зейнетақы төленбейді. Және тұрақсыз түрде жалақы алады. Сондықтан осындай деңгейлі тұрғындар мемлекеттік ипотекадан қағылып жатады. Бізде әрбір қалада, ауданда, өңірлерде халықты әлеуметтік қорғау және еңбекпен қамтамасыз ету сияқты құзыретті органдар бар. Осы мекемелер ресми түрде бір реттік жұмысқа тартылған азаматтардың статистикасын дайындап, оларды жұмыспен қамту үшін ауқымды істер көрсету керек. Өкінішке орай, бүгінде ол ұйымдардың нәтижесін көре алмай отырмыз. Сонымен қатар біздің нарықта арзан жұмыс күштерінің көптеп келуі де ел азаматтарының қолын байлайды. Мысалы, құрылыс, тағам т.б. қызмет көрсету секторларына көрші мемлекеттен арзан еңбек күшінің тартылып жатқандығына куәміз. Бұл да ел азаматтарының жұмыссыз қалуына бірден бір себеп.

Банктерде үй ақысын бөліп төлеуге арналған арнайы бағдарламалар бойынша ең төменгі пайыздық мөлшер 5-ті көрсетеді. Яғни, «5–10–20» бағдарламасы 5, «7–20–25» бағдарламасы 7, «Баспана хит» 11, «Орда» бағдарламасы 12 пайыздан бастау алады.

Түсінікті тілмен топшыласақ, 15 миллион теңгенің үйін 10 жылға «5–10–20» бағдарламасы бойынша жылдық үстемақымен 6 миллион теңге артық төлейсіз. Ал «7–20–25»  бағдарлама легімен 8,4  миллион, «Баспана хит» бойынша 13 миллион, «Орда» бағдарламасымен  14,4  миллилонға ұтылады екенсіз. Оның үстіне пәтерді несиеге рәсімдеу үшін қолыңызда кем дегенде баспана бағасының 20 пайыздық жарнасы болуы керек. Яғни, 15 миллионның үйіне көз тіксеңіз, 3 миллионыңыз дайын тұруға тиіс.

Енді мемлекеттік бағдарламалар бойынша үлестірілетін ипотекалық үйлерді иеленушілерге қойылатын талаптарға тоқталсақ. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен белең алған «5–10–20» бағдарламасы бойынша баспананы несиеге рәсімдеуге тұрғын үйге мұқтаждар есебіндегі азаматтар ғана құқылы. Қазіргі атауы «Шаңырақ» деп бекітілген жобаға қатысу үшін жалақы көрсеткіші ең төменгі күнкөріс деңгейінен 3,1 еселенген болуы шарт. Мысалы, жаңа отау құрған отбасының ортақ табысы 300 мыңды құраса, олар «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша үй ала алмайды. Себебі,  300 мыңды әр жанұя мүшесіне бөлгенде, ері мен әйеліне 150 мыңнан үлестіріледі. Яғни, отбасы мүшелерінің айлық табысы бағдарламада көрсетілген жалақы 101 270 теңгеден артық болмауы тиіс.

Статистиканың сырсандығына көз салсақ, елімізде жастар үлесі жыл сайын азайып бара жатқанына куә боламыз. 2016 жылы  жастардың саны 4,2 миллионды құраса, бұл көрсеткіш 2020 жылдың соныңа дейін азаюынан арылмай, 2021 жылы өскелең ұрпақтың үлесі 3,8 миллионды қанағаттайды деген болжам бар. Зерттеушілердің ұйғарымы негізінде бұл мәселеге 2 фактор әсер еткен. Алғашқысы, 1990-жылдағы елдегі туу көрсеткішінің төмендігі болса, екіншісі, жастардың өзге елге орын теуіп жатқандығы себеп. Жастар неге жат елге жайғасуға  құмар?

Осы тұрғыда «Жаңғыру» өркендеу орталығының төрағасы Дәурен Сатыбалдыұлы былай деп пікір білдірді:

— Қазақстан халық саны бойынша әлемде 63 орынға табан тірейміз. Өсу деңгейіміз де жоғары емес. Жеріміз кең, алайда шетел асып кетіп жатқандар көп. Соларға өз жерінен тұрақ табылмағаны ұят қой. Егер халық санын көбейтеміз десек, алдымен, халықты толықтай дерлік баспанамен қамту керек.

Елімізде жас мамандардың 75 пайызы баспанамен қамтылмаған. Тірі болып тіршілігін қамдауға кіріскен әрбір азамат үйлі болудың сан мың жолын қарастырып көргені анық. Алайда табысына тап келетін тұрағын таба алмай, әуреге салынады. Мемлекет тарапынан жалақысы қалтасына жұқпайтын жастар үшін қандай бағдарламалар қарастырылған?

2017 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Алматы жастары» деген бағдарлама ұсынған болатын. Бұл жоба жоспарында 35 жасқа дейінгі қала тұрғындары жеңілдетілген несиеге ие бола алады делінген. 13 млн теңгеге дейінгі қаржы жылдық 5 пайыздық үстемақымен беріледі.

Бұл бағдарлама бойынша жас журналистерге, әлеуметтік сала қызметкерлеріне, мәдениеттік қызмет, білім беру, денсаулық сақтау, спорт саласы қызметкерлердің үй алуына мүмкіндік берілген. Аталған жобаның ерекшелігі – алғашқы жарна ретінде 1 млн 300 мың ғана құйсаңыз жеткілікті. Егер ипотекалық несие алушының табысы жеткіліксіз болса, табысы жеткілікті бір адамды гарант ретінде алуына рұқсат етілген.

ЦентрКредит банкі ұсынған «Жас отбасы» деп аталатын бағдарлама бойынша 20 жылға дейін бөліп төлеумен үй алуға мүмкіндік берілген. Бірақ алғашқы жарна көлемі 30 пайыздан кем болмауы керек. Бұл 15 миллионға пәтер алғыңыз келсе, меншігіңізде 4,5 миллион теңгеңіз болуы керек деген сөз. Сонымен қатар ипотеканың пайыздық мөлшері – 16,5 пайызды құрайды.

Басқа елде баспаналы болуға қандай мүмкіндіктер жасалған?

Қытай елінде де «Қолжетімді қалалық тұрғын үй құрылысын басқару әдісі» бағдарламасы қарастырылған. Бұл жобаға табысы орташа немесе төмен отбасылар ғана қатыса алады. Яғни, бағдарлама айына 30-70 юаннан аз жалақы алатын жанұяларға көмек ретінде ұсынылған.

Ал Ирландияда баспана алуға өтініш білдіргендерге ипотекалық несиені ең аз 2-2,5 пайыздық мөлшермен беріледі.

АҚШ-та қызметкерлерін мемлекеттік баспанамен қамтамасыз етеді. Яғни, жұмыс істеуіне байланысты азаматтарына мемлекет тегін үй үлестіреді. Алайда бұл жекеменшікке өтпейтін мемлекет бақылауындағы баспана болып қала береді.

Нидерланды елінде жылжымайтын мүліктің 55 пайызы ғана голландықтардың үлесіне тиесілі. Қалған бөлігі жалға беретін мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың құзырында. Тұрғын үйді жалға беру аталған елде қалыптасқан жүйе ретінде қарастырылады. Бұл елде азаматтарының табыс көзінің көлеміне байланысты пәтерақысының шығындарын өтеу мемлекетке міндеттеледі екен.

Финляндия билігі Housing first қағидасы бойынша баспанасы жоқ адамдарға ешқандай талап пен шартсыз тұрғын үй береді. Бұл елде басына пана таппай сандалғандарды кездестірмейсіз. 

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жарлы БАЙҒАНИН 22.10.2020, 10:55
Өз балаңды өзекке теппеші
Қарлығаш Зарыққанқызы 20.10.2020, 09:07
Құм құрсауында қалған ауылдар
Махамбет САПАРМҰРАТОВ 15.10.2020, 09:48
Қоғамдағы көп кеселді қолдан жасап отырмыз
Сайт әкімшілігі 08.10.2020, 10:06
Балабақша: сан бар, ал сапа қандай?
Жарлы БАЙҒАНИН 08.10.2020, 09:13
Домбырам басы дың, дың!
Әділбек ЖАҚЫП 06.10.2020, 09:43
Сталин неге Шығыс Түркістанның тәуелсіздігін құрбан етті?

Аңдатпа


  • Қымбатқа түскен «ноу-хау»
    22.10.2020, 10:52
  • Д. Ахметов: «Азаматтың қазасына себепкерлер жазасыз қалмайды»
    22.10.2020, 09:42
  • Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
    20.10.2020, 14:28
  • Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
    20.10.2020, 10:41
  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16