Қазақтың санасын қалай сауықтырамыз?

Ермек МҰҚАНҒАЛИЕВ

30.06.2021, 08:59

4889

     Жер бетінде мыңдаған ұлт болса, соның ішінде өзінің тәуелсіз мемлекетін құрып, дербес ел болып отырған ұлт ­­– 200, соның бірі – қазақтар. Қазақстан дүниежүзі елдері ішінде жер көлемі жағынан алғашқы ондыққа кірсе, ұлтының саны жағынан алғашқы жүздікке кіреді. Сондықтан Қазақстан болашақта алдыңғы қатардағы дамыған елдердің бірі болуға тиіс. Ол үшін қазақ халқы өзінің ұлттық мүддесін қорғап, алға қойған мақсаттарын қазірден бастап анықтауы керек.

         Ұлттық мүддеге бірінші кезекте тәуелсіздігіміздің нығаюы, жеріміздің тұтастығын, тіліміздің дамуын, дініміздің сақталуын, салт-дәстүріміздің өркендеуін жатқызамыз. Ал алға қойған мақсатымыз демократиялық қоғам құрып, құқықтық мемлекет орнату болмақ.

         Осы жоғарыда айтылған ұлттық мүддемізді қорғап, нығайтып, дамытып және алға қойған мақсатымызға жету үшін қазақ халқының санасын сауықтырып, рухани болмысын оятуға тиіспіз. Себебі қазақ халқы бірнеше ғасыр патшалық Ресейдің, сонан кейін қызыл империяның боданы болып, ұлттық санасы мен рухани болмысын әлсіретіп алған халық. Соның салдарынан тәуелсіздігімізді алып, егемен ел болғанымызға ширек ғасырдан асса да, сондай-ақ қазақ халқы мемлекетқұрушы титулды ұлт бола тұра, осы кезге дейін рухани құндылықтарының негізі болып саналатын – тілін, дінін, салт-дәстүрін қалпына келтіріп, дамытуға толық қол жеткізе алмай отыр. Оның басты екі себебі бар.

          ХVІІ ғасырдан бастап Ресей империясы қазақтардың бір бөлігін өзіне бағындырып, отар жасай бастаған кезде қазақтар феодалдық қоғамда руға, тайпаға бөлініп өмір сүрді. ХІХ ғасырдың орта шенінде Ресей Қазақ хандығын жойып, жерін губернияларға бөліп, Қазақстанды өзіне толық отар жасады. Сондықтан қазақ қоғамы капиталистік-экономикалық формациядан өтпегендіктен, қазақ халқының ұлттық санасы толық қалыптасып үлгерген жоқ.

         1917 жылы Ресейде Қазан төңкерісі болып, билікке большевиктер келгеннен кейін Кеңес өкіметі ауылдық жерлерде ұжымшар ұйымдастырып, қазақтарды отырықшылдыққа айналдыра бастады. Бірақ та қазақтар ауылда көбіне мал шаруашылығымен айналысты, сондықтан олардың менталитетінде еш өзгеріс болмай, аграрлы ұлт болып қала берді.

         Кеңес Одағы кезінде Қазақстанда қалалар салынып, өндіріс дамығанымен,  қалалық жерлерде көбіне басқа ұлттардың өкілдері тұрып, өндірісте солар жұмыс істеді. Ауылда тұратындарға құжат бермегендіктен, қазақтардың қалаға келіп жұмыс істеуге мүмкіншіліктері болмады және оған Кеңес өкіметі әдейі шектеу қойды. Себебі қалада өндірісте жұмыс істесе, қазақтардың ұлттық санасының оянатынын олар жақсы білді. Қалаға оқуға кетіп, сонда қалып қойған қазақ жастары болса, олардың ұрпақтары ұлтының тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін ұмытып, ассимиляцияға ұшырап, мәңгүрттеніп кетті.

         Орыс отаршылдарының басты мақсаты өздеріне бодан халықтарды ұлттық санасынан, рухани болмысынан айырып, бәрін орыстандыру болатын. Қазақ халқының орыс отаршылдығы кезінде толық ассимиляцияланбай, ұлттық қасиетін сақтап қалуының басты себебі ­– олар көбіне ауылдық жерде тұрып, мал шаруашылығымен айналысты, ал орыстар ондай жерге барғылары келмеді, себебі мал бағудың қиыншылығы көп, еңбекақысы өте аз болатын.

         Қазақ халқы бұрын шала сауатты болғандықтан, өздерінің орыстарға отаршылдықта өмір сүріп жатқанын онша білмеді, сондықтан сол кездегі саяси билік не айтса да, не істесе де, оларға заңды болып көрінді. Оның үстіне коммунистік партия интернационалдық идеологияны насихаттап, коммунизм орнағаннан кейін қоғамымызда ұлтқа, тілге, салт-дәстүрге, тапқа бөліну болмайды, «әркім қабілетіне қарай еңбек етіп, керегіне қарай алады», бәрі «советтік өмір салтымен өмір сүреді» деп, адамдарды қиялдандырып қойды. Қазақ халқы аграрлы ұлт болғандықтан, коммунистердің бұл үгіт-насихатына имандай сеніп, өздерінің ұлттық рухани құндылықтарын ұмыта бастады. Кеңес Одағы кезінде қазақ халқының тең жартысы, әсіресе қалада тұратын интеллигенттер мен шенеуніктер ассимиляцияға ұшырап, мәңгүрттеніп кетті.

         Екінші себеп – еліміз егемендігін алып, тәуелсіз мемлекеттігін жариялағанымен, қоғамымызда авторитарлық жүйе орнап, билік басында сол бұрынғы метрополияға қызмет еткен бюрократ шенеуніктер қалып қойды. Соның салдарынан мемлекетқұрушы титулды ұлт – қазақ халқының саяси, экономикалық, рухани мүддесін қорғап, отаршылдықтың кесірінен ұмыт болған ұлттық құндылықтарын қалпына келтіріп, отарсыздандыру саясатын жүргізудің орнына билік басына келген шенеуніктер өздерінің топтық мүддесін қазақ халқының ұлттық мүддесінен жоғары қойып, жекешелендіру кезінде қоғамдық байлықты өзара бөліске салып, қолында билігі барлар аяқастынан байып, қарапайым халық кедейленіп шыға келді. Сонымен, ойламаған жерден билікке және байлыққа ие болған шенеуніктер өздерінің осы үстемдігінен айырылып қалмау үшін елімізде авторитарлық жүйе орнатып, интернационалдық идеологияны  басшылыққа алып, Кеңес Одағы кезіндегідей «біз көпұлтты мемлекетпіз» деп, бұрын бірнеше ғасыр бодандықта болған қазақ халқының құқығын еліміздегі диаспоралардың құқығымен теңестіріп, қазақ халқы Қазақстанда мемлекетқұрушы титулды ұлт болса да, саяси, әлеуметтік, құқықтық, рухани жағынан сол бұрынғы мешеу дәрежесінде қалып отыр.

         Әрине, мұның бәрі еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қоғамымызда авторитарлық жүйе орнап, билік басында сол бұрынғы метрополияға қызмет еткен шенеуніктердің қалып қоюынан болатын. Бұл проблема ширек ғасыр бойы қоғамдық ақпарат құралдарында айтылып та, жазылып та келді. Бірақ та саяси билік құр уәде беруден әріге бармады. Қазақ халқы тәуелсіздігін сақтау үшін төзімділік көрсетіп шыдап бақты және аграрлы ұлт болғандықтан, ұлттық санасы өте жоғары дамымаған және саяси сауаты да төмен болатын.

         Қоғамда саяси жүйе демократиялық және антидемократиялық болып екі топқа бөлінеді. Ал антидемократиялық жүйенің өзі тоталитарлық және авторитарлық болып келеді. Кеңес Одағы кезінде Қазақстанда тоталитарлық жүйе үстемдік еткен болатын.

         Тоталитарлық қоғамда адам өмірінің барлық салалары мемлекеттік бақылауға  алынады. Онда қоғамның саяси, экономикалық, рухани салалары – бәрі түгелдей бақылауда болады. Азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына тыйым салынады және жазалау, қуғын-сүргін күшейеді. Бұқаралық ақпарат құралдарына, білімге, мәдениетке және бақылау күшейтіп, демократиялық ұйымдардың жұмыс істеуіне тыйым салынады. Ондай қоғамда билік партиясы құрылып, ол өз көсемінің айналасына топтасып, идеология үстемдік етеді. Ол партия барлық ақпарат құралдарын пайдаланып, өз саясатының дұрыстығын дәлелдеуге тырысады. Кеңес Одағының коммунистік партиясы осындай саясат жүргізген болатын.

         Авторитарлық саяси жүйе деп – жеке адамның билігіне негізделінген мемлекеттік саяси жүйені айтамыз. Онда атқарушы билік үстемдік етеді. Мұндай жүйеде парламент жұмыс істеуі мүмкін, бірақ ол кеңесші органға айналады.  Ондай жүйеде бірнеше партия және әртүрлі идеология болуы мүмкін. Тоталитарлық жүйедегі сияқты экономикаға қатал бақылау қойылмайды. Онда оппозицияға тыйым салып, жеке адамдар мен қоғамдық ұйымдардың саяси құқықтарына шектеу қойылады.

         Қазақ халқы өзінің соңғы жүзжылдық тарихында осы екі жүйені де басынан өткерді, тоталитарлық жүйенің 70 жылын Кеңес Одағы кезінде көрсе, авторитарлық жүйені соңғы 30 жыл бойы еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін басынан өткерді. Енді алдағы уақытта қазақ халқы өзінің тәуелсіздігін сақтап, егемен ел болу үшін демократиялық қоғам құрып, құқықтық мемлекет орнатуға ұмтылуы керек.

         Алдағы уақытта осы кемшіліктерімізді жойып, ұлттық тәуелсіздігімізді нығайтып, демократиялық қоғам құрып, құқықтық мемлекет орнату үшін біз ұлттық идеология жасауымыз керек. Ол идеологияны Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде кеңінен жан-жақты талқылап, бір шешімге келуге тиіспіз. Мен осы мақсатта 2017 жылы жарыққа шыққан «Қазақ ұлттық идеологиясы» деген кітабымды Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне талқылауға ұсынамын.

Тегтер: идеология сана ой пайым шешім

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 08:31
Үкімет қазақ әйелдерін ашындырып жүр
Жарас КЕМЕЛЖАН 16.09.2021, 07:50
Арман Шораев: Кейбір саяси шешімдер Мәскеуге тәуелді
Берікжан БАЙБОТАЕВ 15.09.2021, 09:30
«Сұмырай келсе су құриды...»
Батыр ЖАСҰЛАН 15.09.2021, 08:16
Тілді талқыға салатын төрт топ бар
Дінмұхаммед ҒАЛИ 13.09.2021, 06:40
Covid-19 пандемиясы кезіндегі Қазақстан халқының ұдайы өсуінің ерекшеліктері
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 10.09.2021, 13:13
Адасқан жастардың айыбын кімге арытамыз?

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39