«Қажет болған кезде...» қазақ тілін өлтіре салыңдар!

Дос КӨШІМ

19.10.2021, 08:24

1133

       Әдетте қазақтілді қауымның көңіл аударатын мақала, пост, хабарламаларына орыстілді қауым мойындарын бұра қоймайды. Олардың өздері оқитын, таласа жазатын, қызу пікір алысатын тақырыптары бар. Екіншіден, жаңа дайындалып жатқан заңдарға деген қызығушылық біздің қоғамда мүлдем жоқ десе де болады. Қазақстандағы заңдарды билік жазады, оны парламент «бір адамдай» қолдап, қабылдайды, сондықтан көңіл аударуға тұрмайтын мәселе. Алайда соңғы бір аптаның көлемінде осы екі тілдік топтың жарыса жазып жатқан бір тақырыбы пайда болды. Оған әсер еткен – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша  өзгерістер  мен  толықтырулар  енгізу туралы» деп аталатын заң жобасы.

       Қазақтілді ресми сайттар осы жобадағы мемлекеттік тілге қатысты мәселелерді «тіл саласындағы үлкен жетістік» есебінде беруге тырысса, орыстілді әлеуметтік желілердегі талдаудың соңында «бұның арты не болады екен» деген сұрақ та бар. Бұл сұрақты көрген қазақтілді қауымның «орыстілді қоғам ішін тартып қалса, шынында да, қазақ тіліне қажеттілік тудыратын заң өмірге келген екен» деп ойлайтыны да анық. Ал қазақ зиялылары мен ұлтшыл азаматтар «осы парламентке келген қазақ азаматтары бірдеңе жасау керек еді, жігіттер кіріскен екен» деп ойлауы да ғажап емес. Қысқасы, қоғамда қызығушылық пайда болды, алайда әлеуметтік желінің «хабарлама бес жолдан аспау керек, одан асып кетсе ешкім оқымайды» деген алтын заңы бойынша берілген сан түрлі мәліметтерден оқырман қауым нақты мәлімет алмаған сияқты. Сондықтан оқырмандардың алдына мәжілістің екі талқысынан өтіп, сенатқа жіберілген заң жобасын жайып салып, кейбір баптарға өз тарапымнан қысқаша сараптама жасау қажет деп есептедім.

Біріншіден, бұл – жаңа заңның жобасы емес, 1989 жылы қабылданып, 1997 жылы өзгерістер мен толықтыруларға түскен «ҚР Тіл туралы» заңына тағы да өзгерістер мен толықтырулар ұсынып отырған заң жобасы. Бұл жобаның жаңалығы – әрбір салаға (медицина, көлік т.б.) бағытталғаны, кейбір мәселелерді нақтылағаны, жаңа терминдерді қолданғаны ғана шығар. Ал бүгінгі қоғамның қазақ тіліне қатысты нақты  талабы – мемлекеттік тілге қажеттілік жасайтын жаңа заңның қабылдануы. Биліктің «өзгерістер мен толықтыруларға» кіріскеніне қарағанда, жақын арада жаңа заң жөнінде бастама көтерілмейтін сияқты. Айта кету керек, жиырма жылдың ішінде біздің Конституциямызға да 100-ден аса өзгертулер мен толықтырулар еніп, құрақ көрпеге айналғанын бәріміз білеміз. Ата заңның 99 пайызы өзгерсе де, бүгінгі биліктің жаңа Конституция қабылдайтын түрі жоқ. Менің ойымша, қазақ тіліне қажеттілік тудыратын, «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа заң қабылдаудан бас тартып отырған билік тіл туралы заңды да косметикалық өзгерістермен «жарылқап» тастағысы келетін сыңайлы.

        Екіншіден, бұл жобаны парламент депутаттары емес, үкімет ұсынып отыр. Оған азаматтық қоғамның өкілдері, ұлтшыл азаматтар, тіл мәселесімен айналысып жүрген жандардың қаншалықты атсалысқанын айта алмаймын. Өз басым жобаны дайындауға да, оны талқылайтын парламенттік жұмысшы тобына да шақырылған жоқпын. Сондықтан жобаны талқылаған, оған қосымшалар ұсынған, кейбір баптарын күшейткен депутаттарға, оның ішінде осы жобаны түсіндіруге белсене араласқан Берік Әбдіғалиев сияқты азаматтарға түсіністікпен қарауды сұраймын.

      Үшіншіден, бұл жобадағы ұсынылып отырған мәселелердің көпшілігі «ҚР Тіл туралы» және «ҚР Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» заңдарында бар, қарастырылған, нақты көрсетілген, бірақ күнделікті өмірде жұмыс істемейтін өлі талаптар, қағаз бетіндегі баптар… Жобаны жасаушылар, әрине, кейбір мәселелерді нақтылауға тырысқан, бірақ кез келген заңның жұмыс істеуінің басты шарты болып табылатын жауапкершілік мәселесі көрсетілмегеннен соң, бұның бәрі босқа кеткен еңбек бола ма деп қорқамын.

        Енді жеке баптарға – «өзгерістер мен толықтыруларға» шолу жасай отырып, өзіміздің пікірімізді де ортаға салайық.

«Темекі бұйымдарын тұтынудың зияны туралы ескертудің мәтіні «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес келуге тиіс».

Жобаның өн бойында «Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес келуі тиіс» деген сөз тіркесін он үш рет кездестірдім. Демек, біздің заңдарымызда ондай талаптар бар (бірақ ешкім ол талапты орындамайды), бірақ осы жобада екінші рет, қайталанып талап етіледі. Бұл – не мемлекеттің шарасыздығының (бейшаралығының) көрсеткіші немесе қазақтілді қоғамды «көрдіңдер ме, тағы да талап етіп, заңға енгізіп  жатырмыз» деген алдарқату ғана. Меніңше, бұл жерде бұрынғы заңдардағы талаптарды қайталағанша, Әкімшілік кодексіне заң орындалмаған жағдайда қандай жаза қолданылатыны туралы баптарды енгізуі керек еді. 

 «1. Дәрілік заттар қаптамасына (бастапқы және (немесе) қайталама) қазақ және орыс тілдерінде жақсы оқылатын қаріппен басылған таңбамен және қазақ және орыс тілдеріндегі медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықпен (қосымша парақпен) айналысқа түсуге тиіс».

Меніңше, әрбір салаға байланысты қосымша баптарды енгізу ең тиімсіз, нәтиже бермейтін жұмыс. Мемлекеттік тілге қатысты заңсыздықтар, оның ішінде жазылу мәселесі қоғамдық өмірдің барлық саласында кездеседі. Қазіргі қолданыстағы заңымызда «Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iсқағаздарын жүргiзу тiлi» деген нақты бап бар, демек, әр салаға жеке талап қоюдың ешқандай қажеті жоқ. Екіншіден, «жақсы оқылатын қаріппен» деген сөз заң баптарына қолдануға болмайтын сөз тіркесі сияқты. Бұл жерде оның (қаріптің) көлемі немесе басқа да нақты шарттары көрсетілуі шарт. Қазіргі қолданыстағы заңда екі тілдегі жазба да «бірдей өлшемдегі әріппен жазылады» деген талап бар. Меніңше, тілдік ахуалдың өзгеріп келе жатқанын ескере отырып, барлық көрнекі ақпаратты тек қана мемлекеттік тілде жазуға көшу керек. Ал екі тілдегі жазбадан айырылғымыз келмесе, Израиль сияқты елдердің тәжірибесін алғанымыз дұрыс. Ол жерде иврит тіліндегі (мемлекеттік тіл) жазу араб тіліндегі жазудан екі есе үлкен болып беріледі.

 «4. Билеттерді сатуды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар оларды ресімдеу кезінде мәліметтердің «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес, қазақ және орыс тілдерінде, ал халықаралық тасымалдарды жүзеге асыру кезінде қосымша ағылшын тілінде толтырылуын қамтамасыз етуге міндетті».

Бұл да «ҚР Тіл туралы» заңында да, «ҚР Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» заңдарда нақты көрсетілген талаптар. Егер бұл жерге жаңа өзгеріс енгізу қажет болса, «тек қана мемлекеттік тілде толтырылуы керек» деген қосымша енгізер едім.

  1. «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» 1997 жылғы«Деректемелер мен көрнекі ақпараттың мәтіндері орфография нормалары және мәтіннің теңтүпнұсқалы аудармасы сақтала отырып жазылады»;

«Мемлекеттік ұйымдардың бланкілері мемлекеттік тілде және орыс тілінде, қажет болған кезде басқа тілдерде де жазылады.

Мемлекеттік емес ұйымдардың бланкілері мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де жазылады.

Мемлекеттік ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде және орыс тілінде, қажет болған кезде басқа тілдерде де орналастырылады.

Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, жол белгілеріндегі жазбалар мемлекеттік тілде жазылады».

Егер Қазақ елінде мемлекеттік тіл біреу ғана болса, неліктен бланкілер мен маңдайшаларға екі тілде жазу керек? Бұл менің басым жетпейтін мәселе. Кейбіреулер «заңда солай көрсетілген» деп ақталады. Заң Конституцияға сүйенеді, одан асып кете алмайды. Ал Конституция бойынша да мемлекеттік тіл – біреу және ол «мемлекеттің бүкіл аумағында қолданылады». Конституция бойынша орыс тілі қазақ тілімен қатар тек мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ғана қолданылады. Болды. Банктер, дүкендер, кассалар т.б. мемлекеттік мекеме емес. Жергілікті өзін-өзі басқаруға да үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Демек, біздің заң шығарушы органымыз Конституцияны аяққа таптап отыр деуге толық болады.

Бұл жерде іліп алатын жалғыз мәселе – жол белгілеріндегі жазбалардың мемлекеттік тілде жазылуы. Алайда мені «ҚР ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе» деген жолдар алаңдатып отыр, ертең «туризмді дамыту керек» деген сылтаумен қазақ тілімен қатар, орыс, ағылшын не қытай тіліндегі жол жазбаларын көруіміз әбден мүмкін. 

 «Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде   өзгеше көзделмесе, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тiлдерде де орналастырылады».

Бұл да қайталау. Мұндай талап бұрынғы заңда да бар. Ең қорқыныштысы – жобаны дайындаушылар «ҚР Тіл туралы» заңындағы талаптарды ғана емес, қазақ тілін дамытпайтын, аяғына тұсау болатын ең басты сөзді – «қажет болған жағдайда» деген сөз тіркесін де көшіріпті. Қазіргі қолданыстағы заңымыздың да әрбір бабында «мынадай жерлерде мемлекеттік тіл қолданылады, қажет болған жағдайда орыс тілі қолданылады» деген сөз бар.  Ең қызығы, «қажет болған жағдайдың» нақты шарттары жоқ, еш жерде көрсетілмеген. Ең болмаса «ауылдағы тұрғындардың 75 пайыздан астамы орыстілді болса, орыс тілінің қажеттілігі туындайды» деген сияқты пайыздық мөлшер де көрсетілмеген. Демек, қазақ тіліндегі жазбаның қасына орыс тіліндегі нұсқасын қосу иттің құлы итақайдың қолында. Егер қажеттілік туралы сөз болса, тұрғындарының 96 пайызы қазақ ұлтынан құралған менің Қызылордамда екі тілдегі жазбалар мүлдем болмауы керек қой. Қажеттілік жоқ. Алайда біздің заңсыздар елінде «қажеттілік» деген сөз – орыс тілін барлық жерге тықпалау дегенді білдіреді. 

Жоғарыдағы өзгерту бабында «ас мәзірлері» деген сөзді кездестірдім. Бұл – «Тіл майданы» акциясының бір бағыты, сондықтан ондаған құжат атауларының ішіне «ас мәзірі» деген сөздің енуі «еститін мемлекеттің» бар екенін көрсету үшін жасалған, жылаған балаға кәмпит беріп алдаған сияқты тым ыңғайсыз тәсіл. Түптеп келгенде, бұлардың барлығы тұтынушыларға арналған ақпараттар. Ал тұтынушыларға арналған ақпараттардың қазақ тілінде болуының міндеттілігі біздің елдің заңдарында  (бір емес, екі заңында) анық көрсетілген. Мүмкін, сол ақпараттардың аттарын жеке-жеке жазған дұрыс та болар, себебі «Ұлт тағдыры» қозғалысы 2006 жылы орыс тіліндегі билеттерді қазақшалау үшін Орталық музеймен соттасқанда сот төрағасының «заңда «билет» деген сөз жоқ екен» деген «железный» дәлелімен жеңіліп қалғанбыз. (Бірақ музей директоры барлық билетті қазақ тілінде шығарды. Қысқасы, біз сотта жеңілдік, бірақ мақсатымызға жеттік.) 

  1.  «Әлеуметтік жарнама Қазақстан Республикасының аумағында қазақ тілінде, ал жарнама берушінің қалауы бойынша орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де эфирге оның күн сайынғы шығатын барлық уақыты бойы біркелкі таратылады».

         Неге біркелкі таратылады? Әлде әлеуметтік жарнама да мемлекеттік ұйым не болмаса жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне жата ма? Конституциялық Кеңестің өзі мойындаған «қазақ тілінің басымдылығы» қайда?

 «8) бақылау-касса машиналары тұрған жерде тұтынушының бақылау (тауарлық) чегін алу қажеттігі туралы және бақылау-касса машиналарын қолдану тәртібі бұзылған жағдайда оның мемлекеттік кіріс органына (тиісті мемлекеттік кіріс органының телефон нөмірі көрсетіле отырып) жүгіну құқығы туралы «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес келетін қазақ және орыс тілдеріндегі ақпаратты орналастыруға;»

Бұл талап та тұтынушылардың құқығына арналған заңда бар. Тағы да қайталауға тура келеді, өзгерістер мен толықтыруларды дайындаушылар бүтінді бөлшектеп, жалпы талапты жеке талаптарға айналдыруға күш салған сияқты. Ал бақылау-касса аппараттарына келсек, бізді касса жанындағы ақпараттың тілінен гөрі сол касса аппаратынан шығатын чектерді 30 жыл бойы қазақ тіліне көшіре алмағанымыз таңғалдырады.

 «Жарнама мәтіні «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес келуге тиіс. Жарнама мазмұнының аудармасы оның негізгі мағынасын бұрмаламауға тиіс».

Меніңше, аударма мәселесіне ерекше көңіл бөлу керек сияқты. Қазір барлық дерлік жерде орыс тілінен қазақ тіліне аудару орын алған. Қазақ тіліндегі нұсқа (аударма) адам күлерлік болса, «не істейміз, осылай аударылыпты» деп қарап тұрады. Біз әлі күнге дейін әрбір объектіге, затқа қазақ тіліндегі атау беру керегін және сол атауды беру үшін оның орыс тіліндегі нұсқасына көңіл аударудың қажеті жоқтығын айта-айта шаршадық. Мысалы, қазақ тілінде сағат жөндейтін шеберханаға «қазақша атау беру керек» десеңіз, мына жерде «Ремонт часов» деп тұр ғой, біздің тілімізде «Сағаттарды жөндеу» болмай ма?» деп таласа кетеді. Орыс тілінің өзіндік ерекшелігі бар екенін, оларды сөзбе-сөз қабылдауға болмайтынын, қазақ тіліндегі атауды орыс тілімен салыстыра берудің ақымақтық екенін әлі де түсінбейтін жандар бар. Сондықтан «Жарнама мазмұнының аудармасы оның негізгі мағынасын бұрмаламауға тиіс» деген сөйлемді «Жарнаманың қазақ тіліндегі мазмұнын орыс тіліне аударған кезде оның негізгі мағынасы бұрмаланбауы керек» деп берген дұрыс.

«3) 26-баптың 2-тармағының 7) тармақшасындағы «қазақ және орыс тілдерінде» деген сөздер «мемлекеттік тілде және орыс тілінде» деген сөздермен ауыстырылсын».

Келіспеймін. Басқа елдердің мемлекеттік тіл туралы заңдарында бұл мәселе басқаша берілген. Егер бірінші бапта «Украина Республикасының мемлекеттік тілі – украин тілі» деген анықтама жазылса, заңның бұдан кейінгі барлық жерлерінде «мемлекеттік тіл» деген сөз кездеспейді, оның орнына «украин тілі» деген тіркес қолданылады. Бұл барлық жағынан дұрыс. Егер мемлекеттік тіл анықталса, одан арғы жерде мәртебе алған тілдің аты жазылуы керек. Біз, өкінішке қарай, «қазақ тілі» деген сөзді айтудан жасқанамыз да, барлық жерде «мемлекеттік тіл» деген абстракты ұғымды қолданамыз. «Қазақ тілі» деген сөзді  қолдансақ, «үңгірден шыққан ұлтшыл» атанамыз ба деп қорқатын сияқтымыз.

 «Қазақ тілінде фильмдерге дубляж жасау, оларды субтитрлеу не кадр сыртындағы аудармамен қамтамасыз ету кезінде сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі, олардың дұрыс құрастырылуы және дыбысталуы сақталуға тиіс. Субтитрлеу орфография нормаларына сәйкес жазылады.

Фильмдерге дубляж жасаудың, оларды субтитрлеудің мазмұнын аудару не оларды кадр сыртындағы аудармамен қамтамасыз ету олардың негізгі мағынасын бұрмаламауға тиіс».

2012 жылы арнайы заң қабылданып, кинотеатрда көрсетілетін фильмдердің барлығы қазақ тілінде дубляждалуы керек деген нақты талап қойылған болатын. Алайда 2017 жылы «Мәдениет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезінде осы заңға өзгеріс енгізуге ұсыныс түсті. Кино мамандары «дубляжға көп қаржы кетеді екен, одан да кадр сыртындағы аударма немесе субтитрмен шектелейік» деп, бес жыл өтпей жатып бұлтың етіп екінші жаққа аунап түсті. Мен де осы жұмыс тобының отырысына қатысқан болатынмын. Алғашқы отырыста Нұртай Сабильянов екеуміздің қарсылығымыз ғана бұл мәселені кейінге қалдыруға қол жеткізді. Мына мәтінге қарағанда кино маңындағы мамандар қазақ тіліндегі дубляжды субтитр мен кадр сыртындағы аудармамен ауыстырған сияқты. Бұл – тіл мәселесіндегі кері кетудің нақты көрінісі.

Бұл осы жобадағы менің көзіме түскен, көңіл аударуға тұрарлық деп тапқан мәселелер. Бағасын өздерің берерсіңдер. Бірақ осы мәселеге, «ҚР Тіл туралы» заңына, оның ішінде көрнекі ақпараттың берілуіне байланысты бірнеше пікірімді сіздердің талқыларыңызға салғым келеді. Талданып жатқан заң жобасының сенатқа жіберілгенін ескерсек, бұл пікірлер мен ұсыныстар сол жерде отырған азаматтарға ойтүрткі болады деп үміттенемін. Екіншіден, «сынай бергенше, өздерің ұсыныс бермейсіңдер ме» деген сөзден де құтыламыз.

1. Республикалық, облыстық деңгейдегі көрнекі ақпарат тек қазақ тілінде ғана жазылуы керек. Аудандық, ауылдық деңгейдегі жазбалар, сол жердегі тілдік жағдайға қарап екі тілде (қазақ-ұйғыр, қазақ-өзбек, керек десеңіз, қазақ-орыс т.б. тілдерде) берілуі мүмкін. Бірақ бұл талаптың да белгілі бір өтпелі кезеңмен шектелінуі шарт. Мысалы, үш не бес жылға ғана. Қала, көше атаулары, жол белгілеріндегі жазбалар тек қана қазақ тілінде беріледі. (Бұл орыстілді азаматтарға үлкен көмек болып табылады. Тілді үйренудің ең тиімді жолы да күнделікті жазбалар. Ал біз осы күнге дейін орыстілді азаматтар қазақ тілін үйренбесін деген ұстаныммен қазақ тілінің қасына орыс тіліндегі нұсқасын жазып жүрміз.)

2. Қазақ елінде, басқа ешбір мемлекетте кездеспейтін екітілді елді мекен атаулары бар. Мәселен, Орал қаласының орысша атауы Уральск (?) болса, Өскеменіміз орысшаланғанда қос сөзден тұратын атауға айналады. Ең қызығы, бұлар ресми атау болып табылады. Қасым-Жомартты орыс тілінде, ресми түрде – «Коля», ал Нұрсұлтанды – «Нурик» десе, қолында өлуге болады ғой. Қысқасы, белгілі бір ұғымға бір ғана атау – мемлекеттік тілдегі атауы берілуі шарт.

3. Шетелдерден келетін тауарлардың сыртындағы жазбалар, ішіндегі нұсқаулықтарды тексеру кедендік қызметке тапсырылуы керек. Қазақ тіліндегі жазбалары, нұсқаулықтары жоқ тауарлардың Қазақ еліне енуіне толық тоқтау салынуы шарт. Қазақ тіліндегі жазбалары жоқ тауарлар  контрабандалық тауар болып есептелінеді және оны таратқан субъектілер жазаға тартылады.

4. Қазіргі қоғамдық жерлердегі жетесіз аудармаларды түзету жұмыстарына белгілі бір уақыт берілуі шарт, оны жүзеге асыратын жауапты орган (қала, аудан әкімдері), оны бақылайтын орган (тіл басқармалары емес, тек қана прокуратура) белгіленуі керек. Мысалы, көшелерде «кафесі БОТАГӨЗ кафе» деген сияқты сөз тіркестерінен көз сүрінеді. Бұл «оң жағына  қазақша, сол жағына орысша жазу керек дегеннен шыққан ақымақтықтардың бірі ғана.  Алматының «ВОКЗАЛ – 2» немесе «Айнабұлақ – 3» деген сауатсыз жазбаларынан сонда ғана құтыламыз (қазақ тілінің нормасына сай, «2-ВОКЗАЛ», «3-Айнабұлақ» болып жазылады).

5. Көркем ақпараттардың дыбыстық тәсілмен берілетін хабарламалар, жарнамалар тек қана қазақ тілінде болуы шарт. Бұл да орыстілді азаматтардың қазақ тілін үйренуіне үлкен пайдасын тигізеді, екіншіден, жолаушылар өздерінің қай шаңырақтың астында отырғандарын сезінуі керек.

6. Бір тілде, қазақ тілінен басқа тілде жазылған барлық ақпараттық, көрнекі жазбалар алынып тасталуы шарт. Бұл заңсыздықпен күресу барлық азаматтардың парызы, міндеті болып саналады. Әрине, оны алып тастауды  полицияға, ал немесе өзге тілде жарнама жазғанды сотқа беруге де болады. Бірақ ондай жағдайдың көптігі және сол полиция, прокуратура, сот қызметкерлерінің көпшілігі өздерінің мемлекеттік тілі – қазақ тілін  білмейтінін ескере отырып, азаматтарға да сондай құқық берілгені дұрыс (Руза сияқты жыртып, қоқыс салған жәшікке лақтырып тастауға да болады).   

7. Парламент «мемлекеттік ұйымдар» мен «жергілікті өзін-өзі басқаруға» қандай органдардың жататынын анықтап, олардың тізімін бекітіп, БАҚ-та жариялауы керек. Демек, сол тізімге кірмеген, сол анықтамаға сай емес жерлерде орыс тілін талап етуге болмайды.

8. Тіл заңы, оның ішінде көрнекі ақпарат туралы заңбұзушылық орын алғанда бұл мәселені прокуратура органдары ғана қарау шарт.

Алайда ең бастысы да бұлар емес. Шынында да, көрнекі ақпаратқа қатысты заң жобасы дайындалып жатыр дегенде, біздің күткен басты мәселеміз – жауапкершілік мәселесі болатын.

Егер көрнекі ақпараттағы жазбалар тек қана ағылшын не орыс, қытай тілінде болса, азаматтар не істеуі керек? Заңның бұзылып тұрғаны анық. Демек, полиция шақыру керек қой. Бірақ полиция ештеңе істей алмайды. Олар жол ережесін бұзғандарға сол мезетте айыппұл салады (әрине, бейнежазбасы болуы шарт), бірақ тіл ережесін бұзғандарға (бейнежазбасы бар болса да) ештеңе жасай алмайды. Прокуратураға арыз жазу керек пе? Олар оны тіл басқармасына жіберумен шектеледі. Сотқа беру керек пе? Қуат Ахметов «Арзан» дүкенін «Молоко» дегеннің қасына «Сүт» деген сөз жазылмады» деп арыз берген соты алты ай жүрді. Бірнеше отырысына мен де қатыстым. «Арзан» дүкенінің өкілдері өздерінің заңсыздықтарын толық мойындап отыр. Бірақ сот Қуат Ахметов бауырымыздың өтінішін қанағаттандырмады. Қызықтың көкесі осында.

Бізде нақты жауапкершілік жоқ. Осы жобаны жасаушылар сол мәселені мүлдем қозғамаған. Сондықтан болу керек, біздің азаматтар заңбұзушылықты көріп отырып, онымен күреспейді, заңды қорғауға атсалыспайды. Мұндай жағдайда заңдылық деңгейде бір ғана жол қалады: ол – сол заңсыздықтарды көріп отырып, оны түзеуге, дұрыстауға, заң баптарын қорғауға әрекеттенбеген лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту. Осыған орай, менің соңғы ұсынысым мынадай:

9.  Тіл туралы заң бұзылған жағдайды өз көздерімен көрген және сол мәселеге куә бола отырып, заңды қорғауға тырыспаған мемлекеттік қызметкерлер заңбұзушылыққа жол берген адамдар есебінде жауапқа тартылады.

Мүмкін, сонда ғана қазақ тілінде бір ауыз сөз жоқ «Ас мәзірін» қолдарына алған прокурорлар мен әкімдер тамақтарын ішпей, білектерін сыбанып, соттасуға кірісіп, «Тіл майданының» қатарын көбейтеді деп ойлаймын. Сонда ғана үкімет пен парламент жауапкершілігі қарастырылмаған заңдарды шығаруды тоқтатады деп үміттенемін.

  

     

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 08:54
Үкімет зейнетақы қорына қатысты шешімді халықпен неге ақылдаспады?
Нұртаза ҚЫДЫРНИЯЗОВ 03.12.2021, 08:48
Қауіп қайдан?!
Махамбет САПАРМҰРАТОВ 01.12.2021, 09:20
Жауапкершілікке шекесінен қарайтындар ел мүддесіне қызмет етпейді
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 30.11.2021, 09:00
2,5 миллиард теңге кімнің қалтасында кетті?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 25.11.2021, 09:00
Теңгесінде тұрақ, үкіметінде естір құлақ жоқ елдің жайы не болмақ?!
Көпжасар НӘРІБАЕВ 23.11.2021, 14:20
Желтоқсанның себебі мен салдары

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14