Қоғамдағы көп кеселді қолдан жасап отырмыз

Махамбет САПАРМҰРАТОВ

15.10.2020, 09:48

1997

                                                           «Ұлтты өлтірмейтін оның

                                                     төлтума мәдениеті ғана».

                                                                                         Ақселеу Сейдімбек

      Ғибраты мол ғұлама Ғабит Мүсірепов өзінің қойын дәптеріне: «Қазақта: «Әкемізді ұрып көріп едік, бірақ арбаға байлап ұрғанды  көрген емеспіз»  деген мәтел бар» деп жазып қойыпты.  («Күнделік». Алматы. Ана тілі 1997 ж. 147-бет)  Қазақтың мың бір мәтелінің ішінен осы мәтел классик жазушының  көңілін неге аударды екен деген ой туады.  Тамыршыдай тап басып айту қиын, әрине.  Біздіңше,  ұлы суреткердің  мәтелге назары ауып,  ақ парақ бетіне  қоңдыруының себебі: салт-дәстүр дидарындағы дақ;  үлкенге ізет, кішіге құрметтің есепке құрылуы;  мейірім шуағының азаюы;  аярлықтың асқынып,  көкірек көзінің бітелуі т.б. кесел түрлерінің қоғам кеңістігіне дендеп еніп бара жатқаны алаңдаушылығын  тудырса керек.   Осыдан  отыз бес жыл бұрын көз жұмған жазушы қайта бас көтеріп,  сонынан ерген көшке көз салса:  «дүние – үлкен көлдің» ластанғанын; «замана – соққан желдің» қысқа күнде қырық құбылғанын; «әкесін арбаға байлап ұрғаннан» кем түспейтін қоғамның қиямпұрыс  кескін-келбетін көрер еді. Дарабоз сөз зергері мәтел астарынан бүгінгі заманның  беталысын байқап, жазбай таныған  ба дерсіз?!

      Құдіреті күшті ақша деген  әзәзіл жұмыр Жерді тұрақ еткен адамзат әулетінің  санасын улап жатыр.  Материалдық байлықтың айдарынан жел есіп, алға шығып кетті.  Ақшалы алпауыттардың аузына қаратып қойды. Оңай жолмен жиналған байлық опа бермейді дегенге  ешкім сенбейді.  Кешегі коммунистік моральмен тәрбиеленген адамдар кедейліктің өзін адалдықтың символындай көретін.  Бүгінгі қоғам кедей-кепшікті күресінге лақтырып кетеді.  Мәдениет қоғамның өмір сүруінің міндетті қызметі болудан қалып,  төлтума сипатынан алшақтап,  алабажақтанып барады.  Бұған телеканалдардың қосып жатқан «үлесі»  орасан зор болып тұр.  Қазақ теледидары қазаққа қарсы жұмыс істеп жатқан сияқты.  Ұлт дидарына дақ түсіретін, қазақты мазақ ететін қайдағы бір жарымжан дүниелерді ойлап таба қояды.  «Қалаулым», «Қосылайық», «Әкемізге тұзақ», «Бажалар», «Пәленшеевтер» т.б. толып жатқан  сапасыз, сәтсіз, мәнсіз, мазмұнсыз бағдарламалар рухани дүниеміздің астан-кестенін  шығарып жатыр.  Айтыңызшы, «әкесіне тұзақ»  салған қазақтан басқа кім бар?   Толстойдың бір неміс князі: «Құл-құтан тәрбиелегін келсе, астатөк әпербақан музыка шалқытып қой» деп пікір айтқан сөзі бар екен.  Бұл сөзге құлақ асқыңыз келмесе, онда мына бір мысалды көлденең тартып көрейік.

      Қытай халқының көсемі Конфуцийдің  көп шәкірттерінің бірі  елдің хал-ахуалын,  парасат болмысын бағалауға  музыкасына құлақ түрсең жетіп жатыр деген тұжырымға келіпті.  Жаныңды әлдилер сабырлы саз – халықтың ынтымағы жарасып,  қамсыз өмір сүріп жатқанын көрсетеді екен.  Музыка сергек әрі  сенімге толы болса – ел ішінде берік тәртіптің бар екенін  айғақтап тұратын көрінеді.  Егер музыка тыңдаған бетте  жанынды еліктіріп,  үйіріп әкетсе – онда ел-жұрттың  бейберекет, немкетті, әркімнің өзімшіл күйкі тірлікке малданып жүргенінен хабар беріп, қауіпті екенін ескертеді.  Біздің пешенемізге соңғысы бұйырып тұрғанын мойындауымыз керек.  Бесіктен белі шықпаған баладан еңкейген кәріге дейін тыңдайтынымыз ұлттық өнерімізге мүлдем жат,  бөтен сөз, өгей ән,  құлақ тұндыратын айқай-шу.

      Демократиясы дамыған,  халқының еркіндігі бастан асатын Франция сияқты елдің өзі  ұлттық музыкасын көздің қарашығындай сақтап, саф алтындай таза ұстап, насихаттайды.  Сазбұзарлардың сазайын беріп, айыппұл салып бас көтертпей тастайды.  Ал біз болсақ ұлттың жаны – дәстүрлі ән-күйімізге ұсақ-түйек деп  атүсті қарағанымыз аздай,  асыл өнерімізді өгейсітіп, рухани қазынамызды тәрк етуге бейімбіз.  Қалың бұқараны  таңдау функциясынан айырып,  тек тұтынушы ретінде тиімді пайдаланып отырғаны тағы бар. 

      Бүгінгі қоғамның болмысына сын көзбен қарасақ – мәдениетіміздің өзекті мұраттары мәнсізденіп,  деңгейі төмендеп, көсегемізді көгертетін рухани күші әлсіреп кейінге шегініп бара жатқан сияқты. Өткен 30 тамыз – Конституция  күні мерекесі  жексенбіге тап келіп,  телеканалдар бір-бірімен жарысып түкке тұрғысыз, түбімізге жететін түрік сериялдарын күні ұзақ көрсетті де жатты.  Ақсақтар мен жоқ-жітіктерге  садақа ұсынғандай болды. Мына жайтқа көңіл аудармаса болмайды.  Күнделікті өмірімзде орын алып жататын адам тонау, кісі өлтіру, зорлық-зомбылық, ұрлық, төбелес т.б.  қатыгездікке толы оқиғаларды әлеуметтік желілерге салып, кеңінен «насихаттау» жұмыстарының  қарқын алып  бара жатқаны қатты шошытады. Мектеп оқушыларының топ-топ болып төбелескені,  жаға жыртысқаны жиі жарнамаланады.  Мұны көрген жасөспірімдер желігіп,  есі ауып, елітіп «е, біз кімнен кембіз?» деп «ерлік» жасауға  білек сыбана кірісіп кетеді.  Біз балаларымызды өз қалауымызбен неше түрлі сұмдыққа қолдан байлап беріп жатқанымызды байқамаймыз. Түгел сөздің түйіні: «Не ексең, соны орасың». 

      «Мен Мәдениет министрінен қорықпаймын, министрдің мәдениетінен қорқамын» депті ұлы режиссер Шәкен Айманов. Сол айтпақшы, тамашаны тақта отырып көретін, қарны тоқ адамдардың ұлы мәдениетке ұмтылысы мен сүйіспеншілігі  бар мен жоқтың  арғы-бергі жағында тұр.  Мәдениетіміздің өркендеуі адамдардың санасындағы өзгеріске байланысты десек те, қоғамдағы көп кеселді қолдан жасап отырған сияқтымыз.  Дәстүрбұзушылықтың кез келген  көрінісі мәдениетіміздің деңгейін төмендетіп,  ұяттың да, ар-намыстың да белінен басып, ұлт дидарына дақ түсіреді.

      Мәдениеттің ең кішірейтілген көлемдегі портреті:  президент Буштың әлі жиырмаға толмаған қызын көпшілік орында сыра ішкені үшін  жауапқа тартыпты.  Бізге бұл кішкентай мысал қиял-ғажайып ертегідей көрінгенімен,  «Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа»  деуге келмейді.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жарлы БАЙҒАНИН 22.10.2020, 10:55
Өз балаңды өзекке теппеші
Қарлығаш Зарыққанқызы 20.10.2020, 09:07
Құм құрсауында қалған ауылдар
Айжан БҮРКІТБАЕВА 13.10.2020, 11:32
Қазақта қайткенде баспана болады?
Сайт әкімшілігі 08.10.2020, 10:06
Балабақша: сан бар, ал сапа қандай?
Жарлы БАЙҒАНИН 08.10.2020, 09:13
Домбырам басы дың, дың!
Әділбек ЖАҚЫП 06.10.2020, 09:43
Сталин неге Шығыс Түркістанның тәуелсіздігін құрбан етті?

Аңдатпа


  • Қымбатқа түскен «ноу-хау»
    22.10.2020, 10:52
  • Д. Ахметов: «Азаматтың қазасына себепкерлер жазасыз қалмайды»
    22.10.2020, 09:42
  • Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
    20.10.2020, 14:28
  • Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
    20.10.2020, 10:41
  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16