03.03.2023, 09:32
3857
Бүгінде бәріміз жанталасып Жаңа Қазақстан құруға кірістік. Өткен жылдың аяғында саяси жүйені сәл де болса өзгертіп, тарихи маңызы бар реформа жасап, президентімізді алаңсыз жеті жылға сайлап алдық. Тәуекелге бел буып, демократия жолына тағы бір батыл қадам жасадық. Алда не күтіп тұр? Тәуелсіздік алғалы қордаланған әлеуметтік мәселелерді толықтай шешіп болдық па? Ұсақ-түйек кемшіліктердің түйінін дер кезінде шеше алмағандықтан да ол кемшіліктер әлеуметтік жарылыс деңгейіне дейін жетіп, қаңтар оқиғасына ұласты. Қаңтар оқиғасы қайталанбауын тілей отырып, «ауруын жасырған өледі» демекші,өзіміз куә болған кейбір келеңсіз мәселелерді оқиғаныңсебебі мен салдары ретінде көпшілік назарына ұсынып отырмыз.
Қанды қаңтар көтерілісі тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа бір бетін ашқаны белгілі. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы тағы бір тарихи сынақтан өткен сияқты. Кеңес дәуірінде қолдан жасалған қасіреттерден (немесе эксперименттерден) қазақтан көп зардап шеккен халық жоқ шығар. Тарихта шексіз билік те, мәңгілік билік те болмайтыны белгілі. Бұлар тарихтың белгілі бір кезеңіне ғана тән өткінші құбылыстар. Бұған кешегі қанды қаңтар оқиғасы дәлел бола алады. Басында әлеуметтік мәселелер мен тұрмыстық ахуалға байланысты көтерілген халықтың бейбіт шеруі тосыннан қосылған, кейбір беймәлім күштердің әсерінен, жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Кейбіреулердің бұған «халықтық көтеріліс» немесе «мемлекеттік төңкеріс» деп те баға беріп жатқандары белгілі.
Адамзат қоғамы үнемі прогрессивті дамуда болатыны тарихи құбылыс. Қалам ұстаған қауымның бір өкілі болған соң, жылдар бойы бойымызда шемен болып қатып жатқан «шер толқыны» тыным бермеген соң, қолға қалам алуға тура келді.
Өткен ғасырдың соңына таман дүниені дүр сілкіндірген «Желтоқсан көтерілісі» куәгерлерінің бірі болдым. Бойларын намыс буып, Алматыдағы алаңға шыққан қазақ жастары, сол кездегі КазГУ-дің заң факультетін 1987 жылы бітіруге тиісті бір топ түлектер мемлекеттік емтиханнан жаппай «құлап», елдеріне дипломсыз қайтуға мәжбүр болды. Бес жыл оқып, туған жеріне дипломсыз қайтудан асқан қорлық бар ма екен? Курстастарымыздың көпшілігі оңтүстік өңірден еді. Сол кездегі астанамыз Алматы қаласы болғандықтан, оңтүстік жастарының Ресейге немесе солтүстік өңірлерге барып оқуы ешбір қисынға келмейді ғой.
Тарихи деректерге жүгінсек, қазақ халқының басына төнген нәубет жылдарынан кейін іле ашылған (1934) қазіргі әл-Фараби атындағы (бұрынғы С.М.Киров атындағы) Қазақ Ұлттық университетін құру туралы мына құжаттың құндылығы сонда, қаулының бесінші тармағында университетке қабылданған студенттер құрамының 60-70 пайызы қазақтар мен шығыс халықтары ұлтынан болуы керектігі нақты көрсетілген (мұрағаттық дерек болған соң тұтастай, аудармасыз беріп отырмын).
№131. 9 декабря 1933 г.
Из постановления Казкрайкома ВКП(б).
Об организации Казахского государственного университета.
Исходя из решений ЦК ВКП(б) и Совнаркома Союза от 20 октября 1933 г. и приказа по Наркомпросу РСФСР за № 638 от 29 октября 1933 г. об организации Казахского государственного университета в Алма-Ате, во изменение постановления бюро Крайкома ВКП(б) от 13 ноября 1933 г., Крайком постановляет:
1. Сохранить в Алма-Ате педагогический институт.
2. Организовать с 1 января 1934 г. в Алма-Ате на базе существующего педагогического института Казахский государственный университет в составе факультетов: а) физико-математического, б) биологического; Факультеты – химический, историко-экономический, литературы и языка открыть с 1 сентября 1934 г.
5. Поставить задачу перед дирекцией университета обеспечить в составе принимаемых студентов в КазГУ казахов и восточных национальностей не менее 60-70%.
Міне, тарихи дерек осылай дейді. Ал Желтоқсан оқиғасын тексеруге Мәскеуден келген «дөкейлер» бұл қаулыны ескеріп, түсіністікпен қарамақ түгілі, басқаша бұрмалап, бұл университет ректоры, академик Ө.А Жолдасбеков тарапынан жіберілген «кемшіліктердің» бірі, «университеттегі студенттер құрамының жетпіс пайызы неліктен қазақ ұлтынан болды» деген үлкен кінә тағып, қылмыстық деңгейдегі саяси қате деп бағалағаны көпке аян. Ұлттық намысын қорғаған қазақ жастары шетінен «бұзақы», «маскүнем», «нашақор», ал тұтас қазақ халқы «ұлтшыл» деген атқа қалды.
Араға ширек ғасыр уақыт салып, Жаңаөзенде болған көтерілісті бастағандар тағы да биліктің шешімі бойынша ақырында, «оралмандар» болып шықты. Сырттан келген «террористер» болмаса да биліктің пәрменімен қару қолданылды, кісі өлімі болды, бірақ «жабулы қазан жабулы күйінде қалды». Нәтижесінде, тағдыр талайымен жат жұртта қалған қандастарымыздың елге келу квотасы шектелді, елде мемлекеттің болашағына, президент бастаған билікке деген сенім азайды. Осы жағдайды көрген адамдардың санасына үрей ұялап, халық әділдіктен түңілді.
Кездейсоқтық па, әлде осылай боларын алдын ала білген «көріпкелдік» пе білмеймін, тұңғыш президентіміз Н.Назарбаев Nur Otan партиясының кезектен тыс XX съезінде «елде демократия жоқ» деп сынайтын азаматтарға жауап бере келіп: «Мысалы, бізді кейде сынайды. Біздің демократиямыз Батыстағыдай, Америка, Германия, Франциядағыдай бола қалу керек екен. Біз соған қарай жүріп келеміз. Бірақ ол үшін экономиканың 60-70 проценті жекеменшікте болуы керек. Америка экономикасының 90%-ы жекеменшіктің қолында, ол жерде мемлекет жоқ, Германияда 80%-ы шағын және орта бизнестің қолында. Ал бізде небәрі 25-30 пайыз ғана. Экономиканың 60-70 проценті бизнестің қолында болса, ол адамдардың өз үйі, жұмысы, бизнесі, активі болса, ол соны қорғағысы келеді», – деген екен (№ 43-44. «Қала мен Дала», 27 қараша, 2020 жыл. 2 бет). Кейіннен белгілі болғандай, Қазақстанның бар байлығы небәрі 162 адамның ғана қолына жинақталған болып шықты. Демек, елбасының айтуы бойынша олар «өз байлығын қорғайтыны» белгілі болды, бірақ кімнен қорғайтыны басы ашық сұрақ күйінде қалып отыр.
Қаңтар оқиғасы қолдарына шоғырланған есепсіз байлық пен шексіз биліктің уыстан шығып бара жатқанынан қорыққан белгілі бір кландық топтардың ұйымдастыруымен болғандығы халыққа аян. Қоғам өзгере бастағандай, себебі бұл жолғы көтеріліске қатысушылар билік тарапынан «бұзықтар», «бүлдірушілер», «экстремистер», «қоғамға іріткі салушылар», т.б. болмай, керісінше, демократиялық құндылықтарды «қорғаушылар», «сақтаушылар» болды. Бұл да болса биліктің халықтың үніне құлақ асып, халықпен бірге болуға ниет білдіргені деп түсінеміз. Отыз жыл бойы алданып келген халық қазір өзгерген. Бүгінгі жастар З.Нұрқаділовтің «өзін-өзі үш рет атып өлгеніне» немесе Р.Әлиевтің шетелдегі түрмеде «асылып өлгеніне» сене қалатын қазақ емес. Есейген, ержеткен, әсіресе, кейінгі отыз жылда Тәуелсіздікті ту еткен, бұрынғы Кеңес өкіметінің «тәрбиесін көрмеген» жастар. Қазіргі жастар – биліктің құрғақ уәделерінен әбден жерініп болған қазақтың ұрпағы. Олар келешекте ел тұтқасы болар жеткіншектер. Біз «барыс боламыз, әлемдегі озық отыз елдің бірі боламыз», деп жүріп, автократиялық, олигархиялық, клептократиялық, узурпаторлық қоғам құрып алғандығымызды өзіміз де байқамай қалыппыз. Көре тұра көрмеген болдық, жауырды жаба тоқыдық. Бір адамның «қызық қуанышы» мен мүддесі үшін миллиондардың тағдырын тәрік еттік.
Тұғырлы идеологиясы жоқ мемлекет заң шығарғыш келеді. Біз қаншама заңдар, реформалар, стратегиялық бағдарламалар жазып тастадық. Бірақ олардың қайсысы соңына дейін жеткізіліп, елге пайдасын тигізді? «Нұрлы көш», «Нұрлы жол», «Мәңгілік ел», «Дипломмен ауылға», «Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару», арнайы «Еңбек», «Серпін» бағдарламаларының аяғы не болды? Ресми деректер бойынша шет елдерде 5-6 миллиондай қандастарымыз тұрақтап қалған. Ал болжам бойынша 10 миллионнан асады. Бұл дегеніміз – ең құрығанда, орта дәрежелі бір мемлекеттің адамы ғой, ал біз отыз жылда «дамыған отыз елдің қатарына» кірсек те сан жағынан өспей қойдық. Біздің жемқорлық жайлаған мемлекетімізге дәл қазіргі уақытта тұрмыстық деңгейі бізден жоғары қандастарымыздың бірде біреуі көшіп келмейді. Сөйте тұра, қандастарымызға бөлінген квотаны қолдан тежедік, өз бауырларымызды өзіміз сыртқа тептік. Парламентте ассамблея атынан тоғыз бірдей депутат отырса да қандас бауырларымыз арасынан бірде-бір депутат шыққан жоқ. Осы арада өзім куә болған бір жағдайды айта кетейін. Елордада тәуелсіздік сарайында өткен бес жылда бір-ақ рет болатын Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығының 2017 жылғы маусым айында өткен соңғы құрылтайына экс-президентіміз екі сағат кешігіп келгеніне қарамастан, әлемнің қырықтан астам елінен жиналып, үлкен үмітпен келген бауырластарымыздың алдында бар жоғы жарты сағат қана сөз сөйлегені есімізде. Ол жерде президент тарапынан көңіл жұбатар ештеңе айтылмады, есесіне, бұған дейін Қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары болып келген Т.Мамашевтің орнына Зауытбек Тұрысбековты, ал «Отандастар» қорының (қауымдастыққа бөлінген мол қаржы осы қорға жинақталған) төрағалығына Нұртай Әбіқаевты тағайындағаны ғана есте қалыпты. Бұл тағайындаулардан кімнің ұтқаны белгісіз. Шынын айтсақ, қазіргі уақытта тоқсаныншы жылдары дүниежүзі қазақтарына жар салып, ата жұртқа шақырған Қауымдастықтың бар жоғы да белгісіз болып тұр. Кезінде әрбір қазақстандыққа уәде берген он соттық жерді сырттағы қандастарымыз түгілі, осында туып өскен, тұрғылықты қазақтар да ала алмады. Есесіне, билікке жақын әлдекімдер қарапайым халыққа бұйырмаған жерлерді гектарлап алып, қалағанынша пайдаланғаны белгілі болды.
Ал экс-президентіміздің бастамасымен құрылған, парламентте тоғыз бірдей «халық қалаулысы» отырған (таяуда ғана Тоқаевтың жарлығымен бес адамға дейін қысқартылды) бюджеттің қазынасына ортақ Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы не айтуға болады. Бүгінгі таңда елімізде этносаралық татулық, толеранттылық туралы жиі айтылады. Бірақ соның бәрі кеңестік кезеңнен қалған жасандылық. Мәселен, Қазақстанда этносаралық қақтығыстар орын алған жерден ҚХА өкілдерін мүлде көре алмайсыз. Мәселен, бұрынғыларды айтпай-ақ, 2020 жылы Қордайда болған қазақ-дүнген (шынын айтқанда бұл да күмәнді, халық арасында қолдан ұйымдастырылған қойылым деген пікір басым) қақтығысында аталмыш ассамблея мүшелерінің көлеңкесін де көрмедік. Мұндай мысалдар жеткілікті. «Диаспоралардың басын қосуға тиісті Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде еш пайдасы жоқ, таза бутафориялық құрылымға айналған. Бюджеттің қаржысына ортақ қажетсіз құрылым таратылуға тиіс», деген пікірлер қаншама рет айтылса да әлі орындалар емес. Бәлкім, елден қашқан жемқорларға араағайын болып, қорғап қалар құрылым да осы болар.Алдыңғы толқын ағалардың есінде, өткен ғасырдың 70-80 жылдары таңнан қалмай, киоскілерден газет алуға жүгіретінбіз. Себебі ол кезде көпшілік газет оқитын, әр көшенің қиылысында газет киоскілері болса да сәл кешіксең, көздеген газетіңді ала алмай қаласың (қазіргі жастар осы әңгімелерді ертегідей көреді). Шынын айтқанда, өзімізге сол уақыт кезеңі «коммунизмнің елесіндей» болып жүр. Қазір облыс орталықтары түгілі үлкен мегаполис деп жүрген астананың өзінде газетті арнайы барып, тек «Главпочтадан» ғана аласың. Бұрынғыдай таралым жоқ, көпшілігі «бюджетте қаралмаған, өздерінің күндерін өздері көрсін» деген желеумен жабылған. Ал бұрынғы президентіміз жасанды түрде құрған «Нұр Отан» (қазіргі «Аманат») партиясы үшін бюджеттен ақшаны аямаймыз. Әділетіне жүгінсек, билік басындағылардың бәрі және жемқорлықпен ұсталып жатқандардың басым көпшілігі осы партия мүшелері екендігі белгілі. Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті күніне арналған «Штрихи к портрету» деректі фильмінде Нұрсұлтан Назарбаев адам бойындағы ізгі қасиеттерге тоқтала келе: «Мен, қатал болдым, тіпті, өз туыстарыма да», (№ 45-46. «Қала мен Дала», 4 желтоқсан, 2020 жыл. 3-бет) деп сұхбат бергені бір түрлі қызық естілді. Бұрынғы президенттің бұл сөзінен не аңғаруға болады? Өзі, отбасы және айналасындағылардың ғана толық мағынасында өмір сүріп, қарапайым халықтың тек жан бағыстың күйбеңімен күн кешіп жүргенін қалайша білмеген?
Кеңес дәуірінде елге пайдасы тиер бір өндіріс орны немесе шаруашылық ашылып жатса, бүкіл ел болып қуанатын, тілшілер арнайы барып, қолымен ұстап, көзімен көріп, газеттер жабыла жазып, оның игілігін бүкіл халық көріп, сезініп жататын. Дербестігіміз қолымызға тиген соң, сол дәстүрлердің бәрі де келмеске кеткендей. «Дамыған заманда» билікке келген тұңғыш президентіміз өңірлерге барып, уақыт жоғалтпай, кабинетінде мониторға қарап отырып-ақ сахналық шоулардың шымылдығын ашқандай қаншама зауыттар ашып тастады. Бірақ бұқара халық сол зауыттардың пайдасын көрмек түгілі, селт етіп сезінген де жоқ, облыс әкімдері ұйымдастырған мұндай жасанды қойылымдарға президентіміз «сенсе» де халық сенген жоқ, себебі еттері әбден үйренген. Өңірлерді дамытудың орнына ауылдарды қиратып, жастарды қалаға жинадық. Бірақ ауыл жастарынан пролетарлар табы шыға қойған жоқ, нәтижесі белгілі. Осы жерде саясаткер, қоғам қайраткері Серікболсын Әбділдин ағамыздың мына бір сөзіне тоқталғым келеді: «Біз Кеңес тұсындағы дәрежеге бүгінде еңбектеп жете алмай келеміз. Кеңшардан 200 шақырым қашықтықта отырған малшылар қыстауына электр желісін тартуға өзім де талай араласқан едім...» («Жас Алаш», 10 қаңтар, 2012 жыл. 5-бет).
Бұл пікірге мен де қосыламын, топонимикалық жер-су атауларын зерттеуге байланысты далалық экспедицияларда көп жүреміз. Сол кездерде жер шалғайлығына қарамай, қой шаруашылықтары үшін артезиан құдықтар қазып, электр желілерін тартудан қалған белгілер әлі күнге дейін кездеседі, тек бағандары кесіліп, сымдары алынған. Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданындағы бір кездері Одаққа әйгілі болған «Ортау», «Қызылтау», «Ақтау» қой совхоздарының жерін аралағанда, бұған талай көзіміз жеткен болатын.
Білім-ғылым саласындағы былықтардың өзі де бірнеше том болар еді. Ғылыми зерттеулерге мемлекет тарапынан бөлінетін аздаған қаражаттың өзі тендер арқылы белгілі бір адамдар тобының игілігіне айналғандығы қазіргі күндері құпия емес. «Балық басынан шіриді» демекші, сонау тоқсаныншы жылдары президент Н. Назарбаевтың докторлық диссертация қорғағаны да ел есінде. Осы «дәстүр» жұқпалы дерт сияқты оның айналасына тез тарап, нәтижесінде, елбасының отбасы мүшелері, министрлер мен облыс әкімдері жаппай ғылым докторлары болып шыға келді. Бұдан не ұттық? Сол ғылым докторларының қайсысы студенттерге дәріс оқып жүр? Есесіне, нағыз ғылым жолындағы ізденушілердің біразының жолы кесілді. Ұлы ғалым, академик Қ.Сәтбаев өткен ғасырдың қырқыншы жылдары, соғыстың кезіне қарамай, ірге тасын қалап, шаңырағын көтерген Ұлттық ғылым академиясын экс-президентіміз бір бұйрығымен қоғамдық ұйымға айналдыра салғаны белгілі. Бұл тарихтың тәлкегін қараңызшы, бұрнағы жылдары конкурс бойынша академик атағы үшін сайысқа түскен екі бірдей кәсіби ғалым өтпей қалып (бірі ғылыми еңбектерімен әлемге танымал атақты археолог, екіншісі әлемге белгілі шығыстанушы ғалым), академик атағын ғылым саласында ешқандай еңбегімен көзге түспеген Динара Құлыбаева мен Дария Қожамжаровалар «жеңіп» алған екен. Отыз жыл бойы қордаланған осы сияқты мәселелерді (саяси, әлеуметтік, тұрмыстық, т.б.) бір мақала аясына сыйғыза алмаймыз. Бұл тек басы ғана. Бір айтарымыз – қоғам сілкінді, қазақ халқы жаңа бір сатыға аяқ басты. Қазіргі президентіміздің бастамалары орта жолдан тоқтап қалмаса болғаны.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР