Қонаев ата-тегінің ақиқаты

Мұхтар Шахановтың «Қонаевпен сырласу» атты кітабынан

Ораз ҚАУҒАБАЙ

02.02.2023, 12:42

2892

 «Менің атам, яғни әкемнің әкесі Жұмабай Қонайұлы Хадиша атты татар қызына үйленген екен. Бұл оқиғаның біздің әулеттің бет-әлпетіне елеулі түрде әсер еткенін аңғаруға болады. Бірақ біздің қазақ ұлтты да руды да еркек кіндікке, атаға қарап жіктейді емес пе? Айтатындар айта берсін. Осы жағынан алып қарағанда өз басым 100 пайыз қазақпын».

Бәйдібек бидің ұрпағы, Еңке батырдың жиені

Соңғы кездері кейбір баспасөзде, интернет сайттарында Димекеңнің ата-тегін теріс қаузап, жалған дүрлікке (сенсация) туғызып, Қонаев абырой-атағына, әлемдік танымалдығына ерекше тұлғалық қасиетіне нұқсан келтірушілер көріне бастады. Димекең көзінің тірісінде өзінің таза қазақ екенін бұлтартпай дәлелдеп, мұны өзінен сұхбат алған Мұхтар Шахановқа тәптіштеп түсіндірген. Міне, сондықтан мен мақаланың кіріспесіне эпиграф етіп, Мұхаңа айтқан Димекеңнің өз сөзін қаз-қалпында текке беріп отырған жоқпын. Руының – ұлтының кім екенін әр адам өзі ғана біледі. Міне, сондықтан Димекеңнің «Мен 100 пайыз қазақпын» деп айтқанын білмейтін немесе әдейі жоққа шығарушылар қатты қателеседі. Атам қазақтың «өзі болған жігіттің түпатасын сұрама, қызынып қаузама» деген даналығын ұқпайтындар, аузына келгенін айта берсін. Одан Құдай артық жаратқан Қонаевтың ұлылығы төмендемейді, қайта асқақтап, зорая береді.

Жиырма жылға жуықтады менің Димекең ата-тегін індете зерттеп, жазып келе жатқаныма. Ол – қазақ және қазақтың бағына туған кемеңгер. Әз-Тәуке ханнан кейін «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» Димекең тұсында болды. Бұған ешкім дауласа қоймас. Осы ұлы тұлғаның қазір дүрбелең туғызып жатқан ата-тегі туралы бәрін басынан бастауға тура келіп отыр.

Мен өткен ғасырдың сексенінші жылдары Алматының шығыс жағындағы «Татарка» деп аталатын қаланың бір түкпірінде «квартирант» болып тұрдым. Дәлірек айтқанда, Гражданская, №7 үйде пәтер жалдадым.

Бірде дүкен маңында бір татар әжеге кездейсоқ кездесіп қалдым. Қазақша судай ағып тұр. Әңгімеден әңгіме шығып, ол кезде Қазақстанның бірінші басшысы Д.Қонаевтың ата-бабалары жөнінде әлгі әже өткен-кеткенді жыр қылып айтты. Арқа жақтан ауып, Балқаш өңіріне келіп, одан Алатау етегіндегі осы маңда тұрақтаған Қонай шіріген бай екен. Алматы базарына байдың құжынаған малы келгенде көше шаңнан көрінбей кетеді екен. Қонайдың жалғыз баласы Жұмабай осындағы татар мешітінде діни сауатын ашып, соңында бір татар қызына үйленеді. Неге екені белгісіз әже айтқан осы әңгіме есімде ерекше сақталып қалды.

Кейін Қонайұлы Жұмабай қажының татар әйелінің аты Хадиша екенін білдім. Біреулер тіпті, бірі қазақ, бірі татар ерлі-зайыптылардың тұрған үйлері деп ескі мекен-жайларды да көрсетті. Жаңылмасам, Татаркадағы Қазан мен Уфа қысқа көшелерінің аралығындағы шатырлы көк үй Жұмабай қажынікі деп меңзегендер болды. Мұны әбден сұрастырып, білуге, дәлелдеуге менде ол кезде ниет болған жоқ. Татарканың күншығысындағы көне мұсылман қорымында Димекеңнің атасы Жұмабай қажы Қонайұлының және әжесі Хадишаның нағашысы Бөйіт сопының жермен жексен болып кеткен мүрделері осы зиратта жатыр. Бұл маңға алпысыншы жылдары құрылыс түсіп, зиратты сүрмекші болғанда оқыс жағдай болып, әрекет тоқтайды. Димекеңнің тиісті адамдарға айтқан нұсқауы бойынша ағаш егіліп, кейін бұл маң саябаққа айналады.

Жұмабай мен Хадишаның оннан аса ұл-қызы болған. Қазақ отбасыларында қашанда көп бала өмірге келіп, ержеткенін еске алсақ – Қонай әулетінде қазақ иісі ежелден аңқиды. Әр нәсілді екі ерлі-зайыптының (қазақ, татар) нысаналы болып туған ұлдары Меңліахмет еді. Зайыбы Жұмабай қажы, өзі дін жолын ұстаған кейуана Хадиша әже атақты көпес Ысқақбайға туыстық жақындығы бар, текті жердің қызы екенін «Қонай әулетінің» шежіре кітабы дәлелдейді. «Киіз кітапшада» ұлты татар деп жазылмаған Хадиша Сағалбайқызы қазақтанған ноғай екенін аңғартады. Әженің қазақ салтын ұстағаны соншалық – жаздыкүндері ауласына киіз үй тігіп, қонақ күтетіні татарларды тамсандырған.

Татаркада шамамен 1880 жылдары салынған, кейін кеңсе үкіметі кезінде бір мекемеге айналып, соңында қайтадан  ғибадатхана болған көне мұсылман мешітінде («Фатима») Жұмабай Қонайұлы оқып, молда атағын алады. Ол кілең қазақтар тұратын – Күрті, Балқаш өңірінде жаздыкүндері бала оқытып, діни ілім таратады. Соңында Меккеге екі рет қажылыққа барады.

Ұлы Меңліахмет басында нағашыларының қарамағында саудаға араласады. Қазақта «Жиен ел болмас» деген мәтел бар емес пе? Ноғай ағайындар «Сенің түбің қозақ (қазақ) деп оған «Қозақ» деген лақап ат беріп, Мәкеңнің (Меңліахмет) тегін есіне салып отырған. Мәкеңнің «Шежіре» кітабында қазақша жыл қайырып, естелік айтуы, ұл-қыздарының ай күнін қазақша ай аттарымен жазуы. Ол кісінің нәсіл-тегі  қазақ екенін айрықша айғақтайды. Ақын шалыс Мекең қазақ салты бойынша ататек толғауын жазған. Колжазба сақтаған.

Үйсін-Бәйдібектен бастап, Ысты-Ойықтан таратып, Азынабай-Қонай әулетіне дейін тізіп, соңын өзімен жалғастырып, өзінен кейінгі балаларының шөберелерін санамалап, тегін Ұлы жүз деп түйіндейді. Бәрін тізу мүмкін емес. Мекеңнің «Киіз кітабы» бойынша Димекеңнің жеті ата шежіресі: Дінмұхамед – Меңліахмед – Жұмабай – Қонай – Азынбай – Нұрманбет – Жолым болып жалғасып, Ысты – Бәйдібекке барып бірақ тіреледі. Шынайы шежіреде қате жоқ.

Қазақтың қаһарман батыры Бауыржан Момышұлы Димекеңнің әкесі Меңліахмет қариямен кездесіп, ұзақ әңгіме-сұхбат құрып, қаны да, жаны да қазақтың тектілігіне, сұңғылалығына қайран қалған ғой. Қазақтың шежіре тек ілімін, түп-тұқиян тарихын Әлкей Марғұлан мен Баукеңнен артық білген адам жоқ. «Қонаевтың нәсілі басқа» деген сөз бұл екі ғұламаның бірінің аузынан шыққан емес. Димекеңнің түбі шикі болса, кезінде екі данагөй бір ұрымтал тұста дәлелдеп айтар еді ғой. Қонаевтың тегі жайында жел сөзге желіккендер осыны білсе екен...

Ұлы жүз – Үйсін «Қонай-Азынабай» жұрты әулет тарихын, тегін, жер-су қонысын Мұхтар Әуезов те жетік білген. Атақты «Абай жолы» романында көп кейіпкерлердің бірі – рулы ел тірегі Қонайдың аты бірнеше жерге кездеседі. Жанама кейіпкердің бейнесі былай суреттеледі: «ұзын сары келген, бойында артық қырым ет жоқ дейтіндей сүйекті, сіңірлі Қонай кең жауырынды, қараңғы кештерде алпамсадай бойымен биік аттың үстінде түйе мінген кісідей көрінеді». Жазушы Қонайдың кең дала, ұлы сахара қазағы, елде белгілі адам екенін кітабында көрсетеді. Шығармада Қонайдың ұры-қары, барымташыларға қарсы жасақ жинаған ержүрек ретінде бейнесі айшықталады. Қонай жазушының кітабына текке ілінбеген, текті кісі. Көшіп-қонып жүрген сахараның малсақ қазағы.

1984 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген Шона Смаханұлының «Үміт жұлдызы» атты кітабында Қохан ханына қарсы қол бастаған Қонай – «Жанай» деген атпен шығармаға арқау болған.

Шокең кітабында Қонайдың әкесі Азынабай о бастағы атажұрты Қаратау етегінен көшіп, Жетісудағы Желтораңғы жеріне келеді, одан Сарыарқадағы Құнанбай еліне барып, қайтадан Балқаш өңіріне тұрақтап, соңында Алатау атырабынан бірақ шығады. Қазақтардың Құдай берген өзінің кең даласында шыр айнала көшіп-қонып жүргені шындық. «Азынабай – Қонай» көші ежелгі тұрмысты дәлелдейді.

Димекеңнің ұлы атасы Қонай оның белбаласы Жұмабай, зайыбы Хадиша және олардың ұрпағы Меңліахмет туралы жоғарыда бәрін дәлелдеп айттық. «Алып анадан туады» деген. Енді шешесі, Зәуре Байырқызының зәу-зат, тегі жөнінде әңгімелеу артық болмас. Зәуре ана ежелгі ел, қабырғалы Қаңлының қызы. Оңтүстіктен ертеректе көшіп келген «қара қаңлы» деген тайпадан тарайды. Ұрпақтары Қазығұрт өмірінде ескерткіш қойған атақты Еңке батырдың – Зәуре зәу-заты. Әулет шежіресі былай жалғасады: Зәуре – Байырқызы – Шынболат – Өмірзақ – Баубек – Таза-Еңке болып, жіктеліп кете береді. Өзі Үйсін-Бәйдібек бидің ұрпағы, нағашылары Қаңлы Еңке батырдың зәу-заты Қонаев осы жерде өзі айтқандай «100 пайыз» қазақ екенін көзге ұрып көрсетіп тұрған жоқ па? Димекеңнің нағашылары жөнінде «Хан болған қаңлы» деп әзілдейтіні бар.

ТАТАР БОЛЫП ЖАЗЫЛУЫНЫҢ ТАРИХЫ

Димекеңнің «татар» болып жазылуының тарихы генерал қазақ Сабыр Рахимовтың «өзбек» болып, туу туралы куәлік алуына әбден ұқсайды. Рахымның шешесі өзбек қызы болды. Ол Ташкентте амалсыз  осы ұлттың атын алды. Ал Димекеңнің әжесі татар еді. «Татаркада» ол да осылай нағашыларының нәсіліне жазылып, еріксіз «татар» атанды. Енді осы оқиғаның сырына үңілейік. Аты мұсылман әлеміне әйгілі, ғұлама Қырым татары Ғ.Гаспринский ашқан медреселердің бірі – Алматыда да болған. Бала Димашты әкесі Меңіліахмет алғаш осы дін мектебіне әкеледі. Басында анкета толтырғанда ұлты «қазақ» деп жазады. Баланы ұстаздар «татар емес» деп қабылдағысы келмейді. Қайткен күнде баласын оқытуды ойлаған Мекең «әжесі татар және ол алпауыт Ысқақбайдың туысы, татар» деп жазсаңдар да болады. Әйтеуір балам оқыса екен» деп жалынады. Анкетада ұлты татар болып толтырылады. Бұл – бір. Екінші, Димекеңнің туған атасы Жұмабай қайтыс болып, әулеттегі барлық билік Хадиша әжесінің құзырына көшеді. Ол немерелерінің бәрін «татар» деп жазуды қаласа керек. Димекеңнің «әжеміз татар болыпты» деп айтуына қарағанда, басқа ұлт өкілі болып куәлік алғанын да меңзейді.

Димекеңнің әпкесі Үйсін-Албан Айтжан Түркебаевқа тұрмысқа шыққан Әмина апа: «Біз тегіміз қазақ, Үйсінбіз, әжеміз татар болғандықтан, білмейтіндер бізді ноғаймен шатастырады» деген сөзді ол кісі де айтады екен.

Ата-тегіне байланысты Димекеңнің өмірінде тағдыры тәлкекке түскен кездері болғаны құпия емес. Міне, сондықтан ол басында оқуға келген медреседен кетеді. Себебі, белгілі.

Мәскеуде оқып жүргенде оны байдың баласы, қазақ емес деп оқудан шығарып жібереді. Көре алмайтындар жалған арыз жазады. Ол кезде Мәскеуде үлкен қызметте (отызыншы жылдары) жүрген Тұрар Рысқұлов ағарту министрі В.Луначарскийге телефон шалып, оқудан шыққан студент Д.Қонаевты алтын және түсті металлдар институтына қайта алдырады. Міне, сондықтан Димекең оның жақсылығын өле-өлгенше ұмытпады. Алматыдағы әйеліне барлық жағдай жасады. Тіпті Мәскеуде тұратын қызына империя астанасынан пәтер алып берді.

Д.Қонаевтың қазақ екенін дәлелдеп, Мәскеуге барған, туу туралы куәліктің жаңа көшірмесін апарған Атымтай Қисанов болатын. Димекеңнің естелігін аударған Серік Әбдірайымов: «Менде Димекеңнің туу туралы куәлігі бар. Бір реті келгенде көрсетермін» деп жүргенде дүние салды. Жазушы мұрағатында бұл құжаттың бар екеніне күмәнім жоқ. Өкініштісі, өзім көргенім жоқ. Отызыншы жылдары алынған жаңа куәлік болар.

Димекеңнің Балқашта қызмет етіп жүргенде партиялық билетінде ұлты «татар» деп жазылғаны жөнінде бұрыннан айтылып жүр. Мен өзім о бастағы  түпнұсқасын көрген емеспін. Біреулердің қолдан жасап, ойдан шығарғандарының көшірмесі ме деп ойлаймын.

Дейтұрғанмен партбилет құжатында «татар» деп жазылуының сыры жұмбақ, бір құпиясы бар екенін сеземін. Димекең өте адал және түбін ойлайтын сұңғыла кісі ғой. О баста еріксіз «татар» болып жазылғаны күндердің күнінде алдынан бір шығатынын білген. Сондықтан Партияға құдайдай сенген және оған адал болуды ант еткен Димекең «жалған» жазылған түпкі құжат негізінде анкета толтыруды жөн көрген. Егер «қазақ» деп жазса біреулердің «ол татар, бұрынғы куәлігінде солай жазылған» деп арыз жазатындарын алдын ала сезген.

Қазақ тектік іліміне сүйенсек, ол қаны қазақ будан асыл – бір жаңа нәсіл. Теңдесі жоқ дала алыбы. Тегінің асыл, түр-тұлғасының өзгеше дара екенін білетін ол қанына тартып,  «мен 100 пайыз қазақпын» деп әлемге жар салып, соңында өмірден озды. Ұрпақ білсін, «жаным да, тәнім де қазақ» деп атақты ақынға мұны аманат етті. Олай болса, Қонаев тегін қорлап, саудаға салушыларды, нәсіліне күдіктенген рушыларды Алла Тағаланың өзі жөнге салсын деп айтудан басқа ләж жоқ.

 Қонай әулетін, Димекең өмірін өте жетік білетін екі жазушы Мұхтар Әуезов пен Ілияс Есенберлиннің Қонаевты өз ұлтының ұлы перзенті деп, оған осылай баға бергендерін көзі қарақты кісілер жақсы біледі. Мұхаңның 1956 жылы айтқан: «Димаш бұйырса, иісі қазаққа ортақ ұл болғалы тұр, тіл-көзден сақтасын» деген данышпандық сөзінде «қазақ аты» айғайлап тұр. Ал І.Есенберлиннің «Мұхиттан өткен қайық» романындағы басты кейіпкер, «Ақылбек» – Дінмұхамед Қонаевтың протативі. Осы шығармасында қаһарман қаламгер Димекеңді қазақтың бағына туған, қазақ екенін жиі қайталап, еске салып отырады. «Димаш Ахметұлы болса туған елінің бағына туған адам және біздің әрқайсымыз үшін айрықша ыстық» деген кемеңгерлік сөзінде Қонаевтың ұлттық рухы мен бейнесі көз алдыңда тұрады.

«Мен қазақпын» деп әлемге жар салған әйгілі ақын Жұбан Молдағалиевтің дастанына арқау, І.Есенберлин кітабына кейіпкер болған ұлы бабасы Қонай – М.Әуезовтің шығармасында айтылатын Димекеңнің ұлылығы өз алдына көзге көрінбейтін бір «нұр бейнеге» әлдеқашан айналып кеткен. Бір сөзбен айтқанда, әулие ол Тәңір тағында отырған құбылыс. Сондықтан оның өзі жөнінде, ата-тегі туралы білмей сөйлеу, өтірік-өсек айту – бұл үлкен күнә. Қазаққа Құдай бере салған әлемдік тұлғаның тек мінін айтып, жамандағанша – халыққа жасаған игілікті істерін дәріптегеніміз жақсы.

Тегтер: тұлға пайым парасат естелік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркенұр ҚОНЫСБАЙ 05:32
Кәсіптік білім. Диплом тарату – маман дайындау емес
Сайт әкімшілігі 29.03.2023, 10:59
Пікір айтқанда әділ болайық!
Махамбет САПАРМҰРАТҰЛЫ 29.03.2023, 05:46
Жетісайдың «күрескер» әкімі Жыңғылмен күресіп жүр
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 28.03.2023, 06:00
Кешіккен кодекс: Дүйсеноваға миллион, кедейлерге 70 мың теңге
Сайт әкімшілігі 27.03.2023, 05:59
Үй құрылысы азайды, көрсеткіш тағы да төмендей беруі мүмкін
Жарас ШӨКЕ 24.03.2023, 08:53
Салалық журналистиканың медиа өнімдері сұранысқа ие бола бастады

Аңдатпа


  • Үкімет кетті, «Халық әртісі» мен Қошанов қайта оралды
    05:37
  • Айтыскер, блогер һәм тренер
    05:34
  • Кәсіптік білім. Диплом тарату – маман дайындау емес
    05:32
  • Жетісайдың «күрескер» әкімі Жыңғылмен күресіп жүр
    29.03.2023, 05:46
  • Нұртай Базарұлы, зейнеткер: Қарағұсованың заңына қарсылық білдіремін
    29.03.2023, 05:44