Қонаевтың іс-әрекеттерін қалай бағалауымыз керек?

Төлеубек ҚАРАМЕНДІТЕГІ

21.04.2021, 09:13

4588

       Газетіміздің №26, 27, 28  сандарында Сәбетбек  Еркінбайұлының «Қонаевқа неге соқтыға береміз?» деген мақаласы жарық көрген еді. Сол мақалаға байланысты редакцияға телефон  шалып, қарсы пікір айтып, мақала жолдап жатқандар да бар. Бүгін солардың бірін  назарларыңызға ұсынып отырмыз. «Жас Алаш» ашық ой, еркін пікірталас алаңы болғандықтан, қарсы тарапқа да сөз бергенді жөн көрдік. Өйткені біз үшін  көзқарас алуандығы құнды. Тек тағы бір ескертетін жайт – жарық көрген мақалалар редакция ұстанымын  білдірмейді.

Мемлекетқұраушы қазақ халқының өмірлік мүдделерін аяққа таптау арқылы елді ұзақ уақыт басқарып отыратын тұлғаның жеке басына табынып кетпеу үшін, қазіргі және болашақ ұрпақтың оған тосқауыл қоя алуы үшін де оларға тарихтың ащы сабақтарын білу маңызды. 1992 жылы«Желтоқсан» газетіндеменің«Кімге және неге сенуіміз керек?» деген мақалам шықты. Қысқаша мазмұны мынадай: «Республикамыздағы және одан тыс жерлерде өмір сүріп жатқан білімді азаматтар Д.А.Қонаев Л.И.Брежневтің пікірлесі ретінде күні өтіп бара жатқан КСРО жүйесін құрушы болғанын жақсы біледі. Бұл саясаттың нәтижесінде халық шаруашылығының барлық салалары тоқырауға ұшырап, Қазақстан халқының көпшілігі кедейленіп, КСРО-ның заңды түрде күйреуіне алып келді. Семей ядролық полигонындағы экологиялық қасірет салдарынан адам шығыны болған кезде және Арал теңізінің құрғап қалуынан, орны толмас материалдық шығын орын алған кезде республикамыздың бірінші басшысы болып тұрған Д.Қонаевтың іс-әрекеттерін қалай бағалауымыз керек?

КСРО-ның басқа да республикаларынан ағылып келген адамдар қазақ халқының ғасырлар бойы жинақталған мәдениетіне кесірін тигізбей қойған жоқ. Қонаев ел басқарып тұрған кезде 700-ден астам қазақ мектебі жабылып, қазақтардың мәңгүрттенуіне жол ашылды. Патшалық Ресейдің, кейін кеңестік орталықтың космополиттік, мәңгүрттік саясаттары қазақтардың 40 пайызының өз ана тілін ұмытуына алып келді. 70-80 жылдарда орын алған сыбайлас жемқорлық пен протекционизм қазіргі кездегі жағымпаздардың, жалпақшешейлердің, екіжүзділердің және барлық сипаттағы мансапқорлардың пайда болуына алып келді.

Д.Қонаев туралы Н.Назарбаев «Дружба народов» журналына берген сұхбатында (1987 жыл) былай деген: «Қонаев қасіретінің басты себебі – партия қағидаттарының қасарысып қалғанына деген қалыптасып қалған сенім мен партия басшылығының қателеспейтіні туралы түсінік. Мәскеудегі басшылық не істесе де, олардың барлығы да айнымастан Алматыда қайталанып отырды, содан облыстар мен аудандарда да қайталанды. Кадрлардың босаңсуы, бірін-бірі құтқарып қалу жоғарыдан төменге қарай жүрді, сөйтіп, тоқырау мен кері кетушілікке алып келді».

        1990 жылы «Совершенно секретно» газетіне (№9) берген сұхбатында Олжас Сүлейменов былай деп айтқан болатын: «Қонаев өзі қызмет еткен жүйенің талаптарына сай болатын. Тәртіпті болатын, Кремльден жеткен әрбір сөз ол үшін талқылауға емес, орындауға жататын бұйрық болатын-ды. Сондықтан қызметі де өсіп отырды. Саяси бюро мүшесі дәрежесінде ол қайдағы жоқ мақта үшін, Арал теңізінің құрғап кетуіне алып келген сауатсыз қаулыға қол қойып жіберді. Осы жылдардағы баяндамаларда ондаған индустриалды Қазақстандар пайда болды. Қазба байлықтары қопарылып алынып жатты, бірақ қалалар дамыды, жаңа жолдар пайда болып, инфрақұрылым жақсарды». Кәрішал Асановтың «Қазақстандағы қайта құру туралы шындық, Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы шындық» деген кітабында Д.А.Қонаев өз мансабы үшін өзінің татар екенін жасырып, 1946 жылдан бастап қазақ болып жазылғанын, оның қазақ халқы алдындағы ең кешірілмес қылмысы деп, 1986 жылдың 17-18 желтоқсанында Алматы қаласында алаңға жиналған жастарға шықпай қалғанын келтіреді.

        «Мақтаныш пен мақтаншақтықтың айырмашылығы көп» деп аталатын мақаламда(«Казахстанская правда», 24.04.1993 жыл) мен басшы кадрлардың іскерлігі мен адамгершілігіне қарап емес, олардың белгілі бір жүз бен руға жататындығына қарап таңдалатыны туралы жазғанмын. Жершілдіктің жақсылыққа апармайтыны туралы кесте «Доживем до понедельника» газетінде  29.03.1996 жылы келтірілген болатын. Онда Жамбыл облысында ауысқан 140 басшының 80 пайызы Ұлы жүздің жаныс руынан екені көрсетілген. Осы газеттің редакторымен 1990 жылы болған сұхбатында халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сафуан Шәймерденов Д.Қонаевты Ұлы жүздің руларын жақсы көруші деп атады. Осы сөздің өзі жазушыны қаралайтын мақалалардың «Заман Қазақстан» (26.04.96 жыл), «Егемен Қазақстан» (24.04.96 жыл), «Жас Алаш» (27.04.96 жыл), «Түркістан» (01.05.96 жыл) басылымдарында қаптап шығуына алып келді. Ал «Вечерний Алматы» газеті (03.05.96 жыл) оған жершіл деген атақ беріп, ҚР Конституциясының 20-бабы 3-тарауымен сотқа тартамыз деп қорқытты. Халық жазушысы С.Шәймерденовті қорғап қалу үшін мен «Доживем до понедельника» газетінде (17.05 және 24.05. 1996 жылы)«Жершілдіктің қаупі неде?» деген кең көлемді мақала жаздым.

       Өзінің ұзақ уақыт Қазақстанның бірінші басшысы ретінде билік құрған кезінде Д.Қонаев қазақ халқының мүддесі үшін не істеді? Ол Н.С.Хрущевқа қарсы келе алмады:

Солтүстік Қазақстанның бес облысын Ресейге береміз деген кезде;

– Оңтүстік Қазақстанның мақта өсіретін аймақтарын Өзбекстанға береміз деген кезде;

– мал шаруашылығының жайылымы болып табылатын Солтүстік және Орталық Қазақстанның тың және тыңайған жерлерін жыртып тастаған кезде;

— аннан қашқан, мыннан қашқан миллиондаған славяндардың Қазақстанға қоныс аударуына;

– жергілікті тұрғындардың өкілдерін басшылықтан шеттете отырып, шет жақтан келген кадрларды кең көлемде тартуға тосқауыл қоя алмады.

        Ж.Тәшенов пен оның отбасына материалдық та, моральдық та көмек көрсетпеді. Қонаевтың айналасындағы қазақтар орыс орталығының алдында құлдық психологияда бола отырып, ауыл шаруашылығының экономикасына арналған кітаптарының барына қарамастан, Ж.Тәшеновке докторлық диссертациясын қорғауға жол бермей қойды.

Қонаев қазақ халқының мүдделерін жинап қойып, тек қана өзінің мансабын ойлағаны туралы Мадат Аққозин 30.11.2009 жылы жарық көрген өзінің «Дінмұхамед Қонаев: Оның образын өзі тірі кезінде қалай бұрмалаған?» деген мақаласында көрсеткен. Интернетте де «Қонаевтың кезіндегі орыстану», «Қонаев қалай Бейсебаевты ұмыттырып жіберді?», «Болуы мүмкін бәсекелестерді жою», «Қарсыластары тура 60 жасында қуғында болды», «Қазіргі сыбайлас жемқорлық Қонаевтың кезінен басталды», «Қонаевтың қайын атасы мен інісі» деген мақалалар қаптап жүр.

Қонаевтың академик Қаныш Сәтбаевқа қызғанышпен қарағаны туралы М.Аққозин мынандай фактілер келтіреді: «1981 жылы Қонаевқа КСРО геология министрі Е.Козловский келеді. Ол Сәтбаев туралы мақтанышпен айтып, осы зор ғалым мен геологтың алдындағы борышы туралы естіртеді. Д.Қонаев министрді тоқтатып: «Сіз жалған айтып тұрсыз. Жезқазғанды түпкілікті зерттеген және оны ашқан Сейфуллин деген геолог. Сәтбаев соның еңбектерін пайдаланып кеткен», –  деп айтқан. Жазушы Кәкімбек Салықовтың айтуы бойынша, Е.Козловский: «Қаныш Сәтбаев қайтыс болған соң, кейбір басшылар оның есімін ұмыт қылғылары келгенін зор өкінішпен айтуға тура келеді. Олар оның даңқы өздерін көлеңкеде қалдырып кетеді деп қорықты», – деп айтқан екен.  Сонан соң, Қонаев өзінің билікте ұзақ уақыт қалуына кедергі келтіретіндерді қызметтен босатып, ұмыттыруға тырысты. Өзінің жеке басын асқақтату үшін Қонаев өзін билікке алып келген тұңғыш қазақ басшы Жұмабай Шаяхметовті де ұмыттырып жіберуге тырысты.

Қонаев Бауыржан Момышұлына тірі кезінде де, ол өлген соң да, Кеңес Одағының Батыры атағын алып беруге ешқандай да талпыныс жасамады.

Қонаев басшылық етіп тұрған кезде, 1966 жылы Қазақ КСР-і тың облыстарында қазақ тіліндегі газеттерді шығару тоқтатылсын деген ҚКП ОК қаулысы қабылданған-ды. Ол туралы Мадат Аққозин былай деп айтқан болатын: «Қонаев Алматы облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасарына дейін түсіріп тастаған Өзбекәлі Жәнібековтің республикалық деңгейдегі басшы бола алатынын қанша жамандасақ та, Колбин дөп басып, көре білді. Сөйтіп, ол Ө.Жәнібековті ОК идеология жөніндегі хатшысы қызметіне тағайындады.

Брежневтің қолдауының арқасында Қонаев өзінің әлжуаз інісі Асқар Қонаевты екі мерзім бойы Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті ретінде ұстап отырды.

         Д.Қонаев бас хатшы Брежневтің әрекеттерін көшірумен ғана болды. Брежнев БАМ-ды (Байкал–Амур магистралын) салса, Қонаев БАК-ты (Үлкен Алматы каналын) салды. Жобаның техникалық-экономикалық көрсеткіштері нақты ғылыми негіздерге сүйенбеген, суару жүйесі де, демалыс аймақтары да дұрыс қарастырылмаған. Ал оған қыруар қаражат жұмсалды. Сондықтан да оны халық арасында «Большой Арык Кунаева» деп атап кетті. Жалпы, билікте ұзағырақ болуға тырысқан, қазақтың мүдделеріне мән бермеген, тарихи тұлғаларды ұмыттырып жіберуге тырысқан Д.Қонаевтың әрекеттерінен көптеген фактілерді келтіруге болады.

         Д.Қонаевты жақтайтын оқыған-тоқығандары бар адамдардың өздері де оның социализм дәуірінде басшылық жасағанын ұмытып кете береді. Ол кезде қазіргі заманда болып жатқан келеңсіздіктерге жол берілмейтін. Әділеттілік үшін мынаны айтуға тиіспін: Қонаев кейбіреулерге қарағанда, жалшының отбасынан шыққан жоқ. Ол адамдармен мәдениетті түрде сөйлесе алатын, білімі де жоғары деңгейде болды, байлық жинауға да құмартпады.

Мұндай қайраткерлердің істеген істері туралы қазақ халқының болашақ ұрпағы білуі керек.

Ұқсас материалдар: Қонаевқа неге соқтыға береміз? (1)

Қонаевқа неге соқтыға береміз? Досановтың романы: қайран тіл, қайран сөз

Қонаевқа неге соқтыға береміз? Табеевтің мақаласы: Біле тұра білмеген боламыз

Тегтер: тұлға пайым пікір естелік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 09:43
Мемлекет медбикелерге қашан мейірімммен қарайды?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 12.05.2021, 11:00
Жошы ханды жаһанға таныта аламыз ба?
Болат ШАРАХЫМБАЙ 12.05.2021, 08:16
Желтоқсан құрбандарын толық ақтау – асыл парыз
Сайт әкімшілігі 10.05.2021, 15:23
Алматыдағы тағы бір ЖОО лицензиясы тоқтатылды
Тұрсын ЖҰРТБАЙ 08.05.2021, 09:15
Жанкешті тағдырлардың сақабасы
Несіпбек АЙТҰЛЫ 06.05.2021, 09:09
Жалақорға жауап

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06