Қош бол, ауыл!

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

26.07.2022, 09:19

1881

Фото ғаламтордан алынды

Қарағанды облысының ауыл тұрғындары тағы бір сойқан соққыны бастан өткізу алдында тұр. Бүгінде облыста жеті аудан, 270-тен астам ауыл бар. Алдағы жылдары соның төрттен бірі жабылатын елді мекендердің жоспарына еніп кеткен көрінеді.

Енді деректерді сөйлетейік, тағдыры қыл үстінде тұрған Абай ауданының Ақбастау ауылында қазір – 609 үй бар. Мұндағы халық саны – 2500 мың кісіге жетеді. Келесі болашағы бұлдыр деп танылған Нұра ауданының Заречный ауылында 862 түтін тұрады. Басына қара бұлт төніп тұрған көштің қатарына қосылған Қарқаралы ауданы Аппаз ауылында 741 отбасы тұрмыс кешуде. Шет ауданының Ақшатау ауылы да қысқартуға ілінбек. Кезінде кен өндірумен аты шыққан өлкеде осы күні 583 шаңырақ бар. Енді мұндағылардың халі не болмақ? Себеп белгілі. Осыншама елді мекендегі нөпір халық қалада үйсіз, күйсіз жүрген қандастарымыздың қатарын толықтырмақ. Түсініксіздігі сол, халық саны ауыл санатына сәйкес бола тұра, бұл елді мекендер кімге және қалайша келешегі жоқ болып қалды?! Жалпы, бұл тізімді құрастырған қай мекеме? Қандай зерттеу жұмыстардың нәтижесіне сүйеніп, сараптамалық тұжырым жасады? деген мәселе көлденең алдан шығады. ​

– Осы келте шешімнің авторын білу ниетімен жергілікті әкімдіктегілерден жоба туралы сұрағанымызда, олар «Мұны экономика министрлігі дайындады», деп жалтарды. Ұлттық экономика министрлігіне қайырылғанымызда, ондағылар «Жабылатын ауылдарды анықтау біздің құзыретіміздегі жұмыс емес, бұл – әкімдіктің зерттеуі», деп жоба дайындау ісін бір-біріне сілтеп, ақыры, екеуі де жауапкершіліктен бастарын алып қашты. «Ауыл» партиясының ұстанымы бойынша, ауылда екі адам қалса да, ол жабылмауы керек! Сондықтан әрқайсымыз қара шаңырақты сақтап қалу жолында күресуіміз қажет, – дейді «Ауыл аумақтарын дамыту» атты тұңғыш мемлекеттік бағдарламасының авторы, «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Төлеутай Рақымбеков. ​

«Ауыл» партиясының өкілдері өткен аптада қара тізімге енген Бұқар жырау ауданы Қызылқайың ауылында болып қайтты. Екі мыңға жуық халық тұратын ауылда жұмысқа жарамды – 750 жан болса, соның 25 пайызы нәпақасын тұрғылықты жерден тауып отыр. Қалған 75 пайызында жұмыс жоқ. Күнкөріс көзін тапқан 600-ге жуық қызылқайыңдықтар іргедегі Теміртаудың өндірістерінде еңбек етеді. Әлбетте, қалаға жақын елді мекендіктердің жарасы жеңіл. Сонда, үлкен шаhардан қашықта жатқандар қайтпек?!

 ​– Қала мен аудан орталығынан шалғайда жатқан ауылдар шынымен де сорлап жатыр. Ақтоғайдың – Айыртас, Қарқаралының – Айрық, Мәди, Абай ауылдары қу далада қоныстанған. Ал тоғыз жолдың торабында тұрған, әрі республикалық тас жолмен қиылысатын, маңайында өзен-көлі бар Абай, Осокаров аудандарындағы ауылдар мүлдем жабылмайды.

Әлеуеті әлсіз алыстағы ауылдарға Үкімет инвестиция құюға құлықсыздық танытып отырғаны өкініш тудырады. Жағдайы ауыр ауыл тұрғындары үйін, ата-қонысын тастап, амалсыз қалаға бас сауғалайды. Алаңдатарлығы – қалада тағы стихиялық урбанизациялау процесі үдей түспек. Елімізде осыншама ауыл жабылсын, деп тізім жасаған ауылдың пайдасы мен қадірін түсінбейтін шетелден оқып келген жастарға қырдың жауапкершілігін жүктеу үлкен қателік. Жобаны әзірлеуге ауыл шаруашылығын жетік білетін тәжірибелі мамандар тартылуы керек еді. Біздің тілегіміз, ауылды сақтап қаламыз десек, оған қаржы тартудың көзін табу қажет. Ол үшін мемлекет бірінші кезекте ата-қонысқа көшуге ынталы адамдарды баспанамен қамтамасыз етіп, азаматтарға қайтарымсыз грант беру тетігін тауып, ауылда орта және шағын бизнес нысандарын көбейткен жөн. Сонда ғана жұмыс болады. Кәсіп болса, тұрмыс түзеледі. Жағдай олай болмаса, қазақ ауылдары қаңыраған шөл далаға айналады, –дейді Қарағанды облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Ниқанбай Омарханов. ​

Қазақстан аграрлы ел. Ауыл азайса, мемлекеттің қуаты әлсіреп, тұрғындардың тұрмысы тұралайды. Табиғаттың дайын сыйынан бас тартсақ, ауыл шаруашылығы жылма-жыл дамып келе жатқан Ресей мен Беларусьтің дайын өніміне еріксіз малданып, таза тұтынушы елге айналарымыз шүбәсіз. Тәуелсіздік алған жылдары жасалған ауылды жаппай жекешелендірудің зардабынан шыға алмай жатып, ендігі төніп келе жатқан екінші кедергінің салдарына ұшырасақ, ауылдан мүлдем айырылуымыз әбден мүмкін.

Тегтер: ауыл шаруашылығы егістік пестицидтер қор қойма мал шаруашылығы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 22.09.2022, 08:40
Қарыздары триллион, жалақылары миллион...
Арман ЖҰМАДІЛ 21.09.2022, 14:28
Жаңа Қазақстан астанасына жаңа ат қажет!
Еркежан АРЫН 21.09.2022, 12:02
Аналар күнін ұлықтау қажет
Сайт әкімшілігі 19.09.2022, 09:44
"Алматының Құрметті азаматы" атағын кімдер алды?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.09.2022, 08:42
«Жаңа Қазақстан» емес, «Тас дәуірі» тәрізді...
Ринат РАХЫМ 13.09.2022, 13:49
Алтынбексіз ауыр жылдар

Аңдатпа


  • Безбүйрек үкімет. Қуыршақ депутат. Таңдаусыз сайлау
    23.09.2022, 08:47
  • Жемқорларға жем болған Қазақстан
    23.09.2022, 08:42
  • Аймағамбетовтің құлағына «Алтын сырға»
    23.09.2022, 08:37
  • 25 қазан ұлттық мереке: Парламент заң қабылдады
    22.09.2022, 13:38
  • Әкімді әйел билесе...
    22.09.2022, 08:41