Қош бол, инвестор!

        Ірі инвесторлар Қазақстаннан неге қашып жатыр?

Қарлығаш Зарыққанқызы

12.11.2020, 10:27

2351

Халықаралық UNCTAD сарапшыларының болжамынша, биыл Қазақстан бар-жоғы 1 миллиард доллардан астам тікелей шетел инвестициясын тартпақ. Оған әлемдегі коронакризис, инвесторлардың болашаққа сенімсіздікпен қарауы және мұнай бағасының құлдырауы себеп болыпты. Ұлттық банктің мәліметінше, былтыр елге келген тікелей инвестициялар көлемі 6,5 миллиард доллар болса, биыл бұл сома алты есе қысқарған. Тіпті елімізге ірі көлемде қаржы салушы инвесторлардың арасында дайын тұрған жобалардан бас тартқандар да  бар.

        Мысалы, қазан айының соңында  инвесторлардың бас тартуы салдарынан Шымкентте құны 6 миллиард теңгеге бағаланған  фармацевтика өндірісі жобасын жүзеге асыру тоқтатылды. Негізінде, бұл жобаның аясындағы құрылыс жұмыстары 2019 жылдың желтоқсанында аяқталады деп күтілген. Ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта жоба қаражаттың жетіспеушілігінен тоқтап тұр. Осыған байланысты біздің тарап қайтадан инвестор іздестіріп жатыр.

      Бұдан бөлек,  Атыраудағы газохимиялық кешеннен Borealis халықаралық компаниясы бас тартты. Бүгінде құрылысы 12 жылға созылған бұл жобаның құны 6,5 миллиард долларға бағаланған, ал белгіленген қуаттылығы жылына – 1250 мың тонна.  2015 жылы осы жобаның екі акционерінің бірі LG Chem жобаны іске асырудан бас тартқан болатын. Енді биыл Borealis-тің акционерлері қазақстандық нарықтан кетіп, өзінің Қазақстандағы мұнай және газ кен орындарын сатуда. Бұл біз келтіріп отырған бір-екі мысал ғана. Ал  сарапшылар инвесторлардың бұлайша дайын тұрған жобалардан бас тартуы біз үшін өте жағымсыз сценарий деп отыр.

  

              Қойшы көп болса, қой арам өледінің кері ме?!

      Негізінде, біздің мінберлерден «елде инвесторларға барлық жағдай жасалынған, салықтық жеңілдіктер қарастырылған, заңның томпақ тұстары да түзеліп, күзелген» деген мазмұндағы әдемі есептер жиі беріледі. Бірақ сала мамандарының пайымдауынша, нақ қазір біздегі жағдай «қойшының көптігінен қой арам өледіге» көбірек ұқсайды. Неге десеңіздер, бізде елге инвестиция тарту мәселесімен айналысатын ведомстволар өте көп. Мәселен, экономикаға инвесторлар тартуға сауда және интеграция министрлігі, индустрия және инновациялық даму министрлігі, тіпті елшілер арқылы сыртқы істер министрлігі, сонымен қатар әр өңірдегі жергілікті әкімдер де жауапты. Бірақ инвестицияға жауапты органдардың саны артқан сайын, елге тартылып жатқан инвестиция көлемі азайып барады. Бұл ретте «Аналитик» талдау және сараптау орталығының қаржыгері Саян Өмірзақовтың айтуынша, біздегі инвестиция тарту мәселесі әлі де сауатты қалыптасып отырған жоқ. Мысалы, инвестор жергілікті әкімдікке барса ол өзінің заңын айтып шығады, министрліктерге барса олар өз талаптарын кесе-көлденең тосады. Бұдан бөлек, олардың инвесторға бірінші қоятын сұрағы «бюджетке қанша пайда түсіресің» дегенге саяды. Ал Еуропада, тіпті көрші Ресейдің өзінде инвестиция тарту бұлай қалыптаспаған.

     – Олар алдымен жобаның тиімділігін, неше жылда жеміс беретінін талқылайды. Біз сияқты бірден пайданы көксемейді. Инвестордың қандай ниетпен келіп отырғанына қатты мән береді. Сондықтан алдымен осы жағын сауатты шешіп алу керек, – дейді қаржыгер.

       Маманның айтуынша, қазір экспорттан түсетін кіріс азайды. Шикізаттың құны арзандап жатқаннан кейін, ішкі нарықты дамытатын инвестиция тартқанымыз абзал.  

    – Мысалы, Атыраудағы газ-химия зауытын 12 жылдан бері бітіре алмай келеміз. Осы аралықта маңымыздағы Өзбекстан, Ресей елдері қаншама жаңа өндіріс орындарын ашып тастады. Инвесторлардың елден кетіп жатқанын пандемиямен байланыстырады, мен ондай пікірмен келіспеймін. Мұның себебі елдегі лоббизм мен бюрократияға қатысты. Сосын, инвестордың тек қана пайда тапсам деген ниетінде жатыр. Қазақты байытпай отырған да осы мәселе. Заң әлсіз, бақылау аз болғандықтан, олар білгендерін істеп, өздері байып алғаннан кейін жобадан тайқып шыға келеді, – дейді қаржыгер Саян Өмірзақов.

                           Жіліктің майлы басы кімдікі?

       Сала мамандарының пайымынша, бізге келетін инвесторларды шенеуніктердің  дөрекілігі, жүйедегі қағазбастылық, заңдардың жиі өзгеріске ұшырауы қорқытады екен. Экономика ғылымының докторыҒайролла Әбдінәбиевтің айтуынша, бізде инвестиция құйып, тұрақты кіріс алуға болатын салалардың барлығына мемлекеттің өзі, яғни министрлер, депутаттар немесе тағы басқа шенділер жайғасып алған. Қазір әрбір халық қалаулысының өз бизнесі бар. Олар тіпті заңдарды да соған қарай икемдеп, өзгертіп жібереді. Сондықтан жеке инвесторларға тек тәуекелі көп, күмәнді жобалар ғана қалып отыр. Ал қазіргі дағдарыс жағдайында ондай жобаларға есебі мықты инвесторлардың тәуекел ете қоймайтыны тағы белгілі.

    – Рас, Қазақстанның байлығының арқасында көк қағазды шытырлатып санап, байып жүрген қаншама инвестор бар. Олар кезінде байып алды. Ал қазір таршылықта олар бізге қол ұшын соза ма? Тәуекелге барып, басын бәске тіге ме? Жоқ. Шетелден келген инвестор бізге пана болмайды. Олар жіліктің майлы басын мүжіді, жеді де кетті. Опық жеген біздің отандық  кәсіпкерлер, – дейді Ғайролла Әбдінәбиев.

      Экономист-ғалым біз әуел бастан отандық инвесторларды қолдауымыз керек еді дегенді айтады. Олардың қаражаты аз болса да, кейін пайдасын көрер едік. 2000 жылдары шетелден инвесторлар келе бастағанда оларға барлық жеңілдіктерді қарастырдық. Үкімет те қолдады, солардың ұпайын түгендейтін заң да шығардық.

     – Қазір солардың қайсысы келіп «қазаның ортайып қалмасын, біз көмектесейік» деп, жанашырлық танытып отыр? Қиын заманда олар бастарын ала қашуда. Негізінде, шетелден инвестор тартқанда бақылау пакетінің басым үлесі Қазақстанның еншісінде болуы қажет. Былайша айтқанда, «жіліктің майлы басы» біздікі болуы керек. Жалпы, өзге елдер мұнай-газ саласына айрықша назар аударады. Мұнайды ақырына дейін өңдеу әдісіне бүгінде Германия, Израиль сияқты елдер қатты мән беруде. Тіптен алысқа бармай-ақ, теріскейдегі көршімізді мысалға алайық, Ресейде тек қана  мұнай-химия өнеркәсібіне қатысты мамандар дайындайтын арнайы жоғары оқу орындары бар. Ал біз осы салаға қатысты бірді-екілі факультеттер ашумен ғана шектеліп отырмыз. Егер мұнай шикізат күйінде сыртқа кете  бермей, өндірілген мұнайдың 47 пайызы ең соңғы дайын өнімге дейін өңделетін болса, одан өнім алып отырған болсақ, әлемдік нарықтағы мұнай бағасын аңдып отырмайтын едік. Ендеше Мамин үкіметіне болашақта осы жайттарды қайта қарап, отандық инвесторларды қолдау жағын қарастыру керек. Жіліктің майлы басын шетелден келген кірме инвесторларға беруді доғарған жөн. Өзіміздің мамандар мен отандық кәсіпкерлерді қолдағанымыз абзал, – деді Ғайролла Әбдінәбиев.

  

                Шетелге қашанға дейін кіріптар боламыз?

      Жалпы, мамандардың байыптауынша, елге ірі инвестицияны сонау 1993 жылдары нарықтық экономикаға енген тұста тартуымыз керек еді. «Сол кезден бастап елге инвестиция ағыла бастағанда шетелдік инвесторларға қазіргідей соншалықты кіріптар болып отырмайтын едік» дейді сала мамандары.

     Рас, бұған дейін де ұлттық экономиканы көтеруді мақсат тұтпадық емес, тұттық.  Осы орайда, жас мамандарды мемлекеттік бағдарламалар аясында шетелде оқыттық. Оларға арнайы мемлекеттік гарнттар бөлдік.  Негізінде, сол мамандар келіп, экономикамызға жаңа реңк беруі тиіс еді. Бірақ  «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген жастардың кеңселерден шықпай қалғаны да жасырын емес. Бұл ретте үкіметтің бір қателігі – шеттен оқып, білімін жетілдіріп келгендерді өндіріс орындарына жіберу жұмыстарын әлі де қолға ала алмай жатыр. Сонда  біз мамандарды шетелде не үшін оқыттық?! Дамыған елдердің іс-тәжірибесін меңгеріп, оны өзімізде пайдалануымыз керек еді ғой. Мүмкін, сонда шетел инвестициясына кіріптар болмай, шаруаны шырқ үйіріп әкететін жастар легі өзімізде қалыптасар ма еді?! Өкінішке қарай, біздің «болашақтықтар» бірден министрлік креслоға жайғасып алды. Бұдан соң, бізде ақылға сыймайтын реформаларды қазақы ортаға тықпалау жағы басым. Сондай-ақ экономиканы құртатын жалған статистика екенін білсек те, көрсеткіштерді қолдан көтеріп, өсіріп, үнемі әлек болып жатамыз. Ал мұндай бағытпен шаруамыз дөңгелеп, тасымыз өрге домаламайтыны даусыз. Сондықтан біздің реформашыл үкімет болашақта еліміздің байлығын өзгелер емес, өз халқымыз көретін жобаларды жүзеге асыруға ниеттенетін шығар деп үміттенеміз.

Тегтер: инвестор инвестиция шетел мұнай газ химия

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аян КІШКЕНБАЕВ 17:34
Жалғыз өзі сотталды - 2
Нұрболат ӘЛДИБЕК 09:46
Арсыз болмай, атақ жоқ
Бифат ЕЛТАЕВА 19.01.2021, 09:15
Ата-ананы өзекке тебетін заң қазаққа қажет пе?!
Мүсірепхан МЫҢБАЙ 15.01.2021, 10:07
«Жас Алашым» – жастық шағым
Талас ОМАРБЕКОВ 14.01.2021, 14:05
Отарлық сананың мызғымас ошақтары
Әділ КЕМЕҢГЕР 12.01.2021, 15:49
Теріс жолдан тез тайқыңдар! Ойлан, қазақ элитасы!

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» – әділдіктің трибунасы
    13:59
  • Жәнібек пен Ордаға жол жететін күн бар ма?
    20.01.2021, 09:21
  • Шағаладай шарқ ұрған шақ
    20.01.2021, 09:32
  • "Сатаев - саудагер, бас серіктес - Райымқұлова"
    19.01.2021, 10:30
  • Ата-ананы өзекке тебетін заң қазаққа қажет пе?!
    19.01.2021, 09:15