Референдум өткен екен...

Одан мәнсіз, мақсатсыз күйбең тіршілік біте ме?

Әділ АҚЫЛБАЙ

07.06.2022, 08:30

2234

«Референдум идеясы президент Тоқаевтың басына қайдан келді? Алдымен, бір нәрсені ұғып алайық: бірде-бір саяси шешім ешқашан өздігінен қабылданбайды. Оған түрткі болатын елеулі себеп керек. Ал тұтастай мемлекеттің Конституциясына ауқымды өзгерістер енгізу үшін белгілі бір алғышарттар қалыптасуы тиіс», дейді «KZ Пульс» сараптау орталығының YouTube-тегі арнасында сөз алған журналист және сарапшы Мұхтар Түменбаев.

Сонымен, бұл референдумды өткізуге не түрткі болды және оның қандай алғышарттары орнады? Сарапшы былай толғанған екен:

«Әрине, басты себеп – қаңтар оқиғасы. Бірақ қаралы қаңтар оқиғалары жоқ жерден пайда бола қалған жоқ қой? Бұл оқиғаға, кемінде, соңғы 15-20 жылдағы тоқырау мен соның салдарынан халықтың жаппай кедейленуі әсер етті. Оны да көтерер еді-ау, біздің көнбіс еліміз. Өз тарихында бұл қазақ одан бетер жоқшылықты да басынан өткерген.

Халықты күйдіріп, алаңға шығарған тек қана кедейлік емес, отыз жыл бойы елді қалағанынша билеп-төстеген Назарбаев кланы құрған жүйе қазақты психологиялық, тіпті, генетикалық жады тұрғысынан сындырып кетті. Биліктегі элитамыз жүгенсіздіктің шегіне жетті. Бірі қазынаны талан-таражға салып жатса, екіншілері халықты, бизнес өкілдерін ашықтан-ашық бопсалауға көшті. Заң емес, заңсыздықтың үстемдігі орнады. Нәтижесінде, халықтың келешекке деген сенімі жоғалды. Санаға сіңген бұл сенімсіздік пен шарасыздық елді бейшаралық gен қайыршылық күйге мойынсұндырды. Мәнсіз, мағынасыз, мақсатсыз күйбең тіршілік заманы орнады. Назарбаев дәуірінің қазаққа қалдырған ең басты кесапатты мұрасы, міне, осы.

2019 жылы Тоқаевтың мұраға алған мемлекеті осындай күйде болғаны бәрімізге де аян. Оны Тоқаев та түсінбей қалған жоқ, ол түсінді. Сондықтан да болар, билікке келген бойда саяси реформалардың басталғанын жариялап, оларды бірнеше кезеңге бөліп, біртіндеп, іске кіріскендей болып еді. Саяси партиялардың тіркелуіне қатысты жасалған жеңілдіктер пайда болды, митингілер хабарландыру арқылы өткізілетін болды, әйелдер мен жастарға парламентте 30 пайыздық квота белгілеу, алдымен, ауыл әкімдерін, сосын, аудан әкімдерін сайлау жөніндегі шешімдері сол кезеңдердің бір тармақтары еді. 

Алайда отыз жылда әбден ашынған, шыдамы таусылған халықты мұның бәрі қанағаттандырмады. Бұлар тым баяу, тым ұзақ процестер болып көрінді. Оған негіз де жоқ емес еді. Елдегі билік транзиті ұзаққа созылып кетті, өйткені. Ескі кландар тізгінді бермей, қасарысты, жаңа билік тізгінді толық қолына ала алмай біраз сорлады. Елде, оның ішінде, әсіресе, билік топтары арасында божырау басталды. Халық бір жыл күтті, екі жыл шыдады, ақыры, шыдам таусылды да, қаңтарда жаппай наразылық акциялары басталды. Әлі де өзара тартысы аяқталмаған кландардың бір бөлігі қалың бұқараның адал, әділ наразылығын өз пайдасына шешіп кетпек болды. Нәтижесін бәріңіз де білесіздер: билік транзиті аяқталды. Үлкен трагедиямен, ауыр қасіретпен аяқталды. Алайда, қаңтар оқиғасы бір жағынан, биліктің есін жиғызды. Тоқаев та қажетті нәтиже шығарды. Бастысы, саяси реформаларды оның алдында жоспарлағандай, ұзаққа созуға, біртіндеп енгізуге болмайтынын түсінді. Оның үстіне, қаңтардан соң, елге шұғыл түрде көзбен көріп, қолмен ұстап көруге болатын жетістіктер керек болды. Халыққа ереуілдің зая кетпегенін байқайтындай, қанағат керек еді. Осылай бұл билік батыл қадамдарға баруға мәжбүр болды. Нәтижесінде, алдымен, конституциялық реформа жасау ұсынылды, ал содан соң, жаңағы елдің көзбен көріп, қолымен ұстауы үшін бұл конституциялық өзгерістерді енгізу құқығын елдің өзіне беру жөніндегі шешім дүниеге келді. Демек, бұл референдумның басты инициаторы Тоқаев емес, халықтың өзі. Ал президент тек сол ел қалауын орындаушы және жүзеге асырушы. Халық саяси реформаларды қалайтынын, қалап қана қоймай, талап ететінін қаңтарда-ақ көрсеткен. Соған жанама түрде дауыс берген...

Президенттің бұл шешімі елдің басты құқығы бар екенін, жалпыхалықтық референдум өткізуге қақы бар екенін еске салды. Халықтың заң шығаратын органды сайлап қана қоймай, сол заңның өзін депутаттарсыз-ақ бекіте алатын құқығы бар екенін билік мойындады.

Ата заңға енетін өзгерістердің артықшылықтары мен кемшін тұстары жайлы ұзақ дауласуға болады. Бірақ дауласар алдында бір нәрсені есте сақтаған жөн. Қазақ елі ширек ғасырдан бері, дәлірек айтқанда, тұтастай 27 жыл бойы өзінің конституциялық заңмен бекітілген бұл құқығын жүзеге асыра алмай келді. Өзіңіз ойлап көріңіз, 27 жыл бойы мұндай функция халықта атрофияға ұшырады. Бұл әлгі, қол-аяғы істемей қалған адам сияқты. 27 жыл бойы мүгедек сияқты арбада отырған адам тұра сала, бірден толыққанды жүріп кете ала ма? Жоқ, әрине. Алдымен, біраз балдақпен жүреді, сосын, ақырын ілдәлдалап жүре бастайды. Сол сияқты отыз жыл арбаға таңулы болған қоғам бірден дұрысталып кетеді деу – фантастика! Таза қиял. Бірақ жансызданған қолға, аяққа жан біте бастады қазір. Ал енді Ата заңға енгізілетін заңдар менің өз жеке басымның көңілінен шықты ма? Жоқ, шыққан жоқ! Бірақ, әрине, дауыс бердім. Неге мен өз көңілімнен шықпаған, көп өзекті мәселелер ескерілмеген Конституцияға саналы түрде дауыс бердім? Оның өз себептері бар.

Біріншіден, мен Назарбаев дәуірінің ендігәрі қайталанғанын қаламаймын. Назарбаев дәуірі дегенде, мен нақты бір кланды немесе адамдардың шағын тобын айтпаймын. Назарбаев дәуірі деген озбырлық пен жүгенсіздікке, ұрлық пен қарлыққа, күштінің әлсіз алдындағы өктемдігіне негізделген доктринаға құрылған басқару жүйесі. Ал ондай жүйенің сақталғанын қалайтындар бізде жетіп-артылады. Тіпті, бүгінгі мемлекеттік қызметкерлердің жартысынан көбі десем, қателеспейтінім анық! Оларға тек мүмкіндік берсең, болды. Олар бәрін әп сәтте-ақ бұрынғы қаз-қалпына келтіреді.

Екіншіден, мен үшін 2024 жылы Тоқаев президент бола ма, жоқ әлде басқа бола ма – маған маңызды емес. Кім болса, ол болсын. Тек соған дейін осындай ірі өзгерістердің арқасында, қоғам санасы барынша оянып, халық өз еркіндіктері мен көзқарастары үшін күресе алатын деңгейге жетсе. Шарасыз мойынсұнудан арылып, аяқ-қолы түбегейлі жазылып, әрекет етуге дағдыланса екен, деймін. Бұған қазір барлық алғышарттар бар.

Қаңтар оқиғасынан кейін биліктің кез келген эшелоны, мейлі, ол әкім болсын, не министр болсын, әлде депутат болса да мейлі – әлі біраз уақытқа дейін озбыр әрекеттерден тартынатын болады. Оларға да қаңтардағыдай, халық қаһарынан туындайтын қауіптің қайталанғаны керек емес. Себебі енді екінші рет болса, оның арты немен бітері беймәлім.

Сондықтан да билік біршама саяси жеңілдіктерге баруы тиіс. Тоқаев та қазір қоғамның көңіл күйіне қарайды. Өз еркімен бе, жоқ әлде шарасыздықтан ба, әйтеуір, санасуға мәжбүр. Себебі оған қазіргі таңда ескі билік өкілдерімен күресу үшін қоғамның қолдауы ауадай қажет. Демек, қоғам қазіргі таңда саяси күшке айналды және өз алдына бір саяси тарап болды. Ал кез келген саяси күш өз мүддесін қорғауы керек. Халықтың мүддесі қалыптасқан жағдайды максимальды түрде өз пайдасына қарай пайдалану. Кешегі референдум – соның алғашқы мүмкіндігі», – дейді ол. 

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Ораз ҚАУҒАБАЙ 12:42
Қонаев ата-тегінің ақиқаты
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 09:07
Қарағандыда ашылған жаңалық Еуропада резонанс тудыруда
Батыр ЖАСҰЛАН 07:16
Әкімдер ай қарап жүр ме?
Әділ АҚЫЛБАЙ 01.02.2023, 07:26
Қазақстан қашанғы кландар меншігі болады?
Жарлы БАЙҒАНИН 31.01.2023, 09:00
№36
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 31.01.2023, 07:42
Әбдірахымовқа қатысты құпиялар көбейіп тұр

Аңдатпа


  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    07:16
  • Тағдырын «дәретхана дауы» талқандаған...
    07:12
  • «Экстің» пайдасынан зияны асып кеткен жоқ па?!
    01.02.2023, 07:32
  • Бір мандатқа таластырды бұл билік...
    01.02.2023, 07:28