Сағат Әшімбаев: парыз бен қарыз

Уалихан ҚАЛИЖАН

23.08.2021, 08:56

1399

       Қазақ тарихының тереңіне көз жүгіртсек, елін, жерін, халқын өз жанынан артық бағалап, күллі саналы ғұмырын ұлтының бақыты мен болашағына арнаған азаматтар, құдайға шүкір, баршылық. Бірақ олар көп емес, қадау-қадау, саусақпен санарлық қана.

«Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек?

Заманға жаман күйлемек,

Замана оны илемек», – деп  ұлы Абай айтқандай, сол өз заманына күйлеп кетпей, оның илеуіне көнбей, қарсы тұратындар ғана халқына қалаулы, еліне елеулі азамат атағын таза сақтап өтсе керек.

 ХХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген  сондай ірі де кесек тұлғаның бірі  Сағат Әшімбаев еді. Ол алдындағы Алаш арыстары армандап кеткен талай іргелі істерді қызыл империяның қылышының жүзінде жүріп-ақ оябын тауып іске асырды, ұлтының өшіп бара жатқан рухын ояту үшін жанталаса арпалысты.

Сәкең елге тұлға болу үшін заңғар билікке ие болу немесе қолына қару алып ашық айқасқа шығу міндет емес екенін өзінің қажырлы ісімен дәлелдеп кеткен ойшыл азамат еді. Кішіпейілділігімен де, кісілігімен де адамды баурап алатын жас жігіттің әдеби сынға араласа жүріп, өз замандастары түгіл, өзінен жастары да, атақ-даңқтары да үлкен алыптардың өзін мойындатуы, оның өзгеше бітімін, ерек ақыл-ойдың иесі екенін білдірсе керек.

        Алпысыншы жылдардың аяғында келіп, әдеби ортаға араласа бастаған дарынды жігіттің жазғандары ә дегеннен-ақ сол тұстағы зиялы оқырманның назарын бірден аударды. Зерек таным, пайымды парасат, сұңғыла талғам оны тек әдеби ортада ғана емес, жалпы, қазақ ғылымы әлеміне тез танытты. Ол қандай жұмыстың құлағын ұстаса да, белсене араласатын, бойындағы шалқар білім мен адамдармен тез тіл табыса алатын ұйымдастырушылық қасиеті оны әрдайым елден ерек даралап тұратын. Сондықтан да университетті үздік бітірген жас жігіт 1969 жылы «Лениншіл жас» газетінің «Әдебиет және өнер» бөліміне қызметке қалдырылды. Төрт жыл өтпей жатып сол кездегі беделді басылым – «Жұлдыз» журналының «Сын және библиография» бөліміне меңгеруші болып ауысады. 1976 жылы «Сын мұраты» кітабы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын алды. Бас редактордың орынбасары болып өзі еңбек жолын бастаған «Лениншіл жас» газетіне қайтып барды. Бұл кезде ол әлі отызға да толмаған еді. Оның одан арғы қызметтегі жолы тек қана өсу, өрлеу үстінде болды. Қазақстан радио және телехабарлар жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы қызметіне дейін көтерілді. Ол министрдің лауазымымен тең дәрежедегі қызмет еді. Бірақ қандай қызметте жүрсе де, қолынан қаламын тастамады. Елдің мұңы мен ұлттың жоғын жоқтаудан танған емес. Өзі білдей билік тізгінін ұстай жүрсе де, Колбиннің қол астында жүріп «Парыз бен қарыз» (1986 ж.) хабарын ұйымдастырып, оны тікелей өзі жүргізуі де осыған нақты дәлел бола алады.

         ...1986 жылғы Желтоқсан Сағат Әшімбаевтың жан дүниесін талқандап кетті. Жаны ауырды, рухы азаптанды. Ол осы кезде арагідік телефон шалатын. Ол – министр, мен «Лениншіл жастың» бас редакторымын. Идеологиялық қыспақ екіжақты жүріп жатты. Бірі – Қазақстан Компартиясы  орталық комитеті тарапынан болса, екіншісі – мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен. Сондай күндердің бірінде Сағат Әшімбаев телефон шалды.

— Уәлихан, білесің бе, мен көп нәрсені көрдім ғой… Сұмдық жағдай… Сұмдық, – деді ол әдеттегідей тез-тез әрі бастырмалатып сөйлеп.

Сөздің аяғын тоспайтын мінезі бар еді. Айтып-айтып тастайтын. Маңдайы терлеп, жүзі алабұртанып кететін. Үлкен көзілдірігінің астынан тесіле қарап, тыңдаушысын арбап алатын қасиеті де көз алдымда. Телефоннан айтқан сөзін естігенде, оның сол кейпі көз алдыма келіп тұра қалды.

Жоғарыдағы әңгіме болған кезде мен жаңа ғана «Лениншіл жас» газетіне бас редактор болып, қаһарлы 17 желтоқсан күні Мәскеуден осы қызметке бекіп келіп едім. Көп кешікпей ақын Есенғали Раушановтың бір топ өлеңдерін жариялаған болатынмын. Оның ішінде Есенғали марқұмның атын тарихта  қалдырған  «Қара бауыр, қасқалдақ» өлеңі де бар-ды. Оны бүркемелеп, тақырыбын көрсетпей, жұлдызша қойып жариялап жібергенмін.

Сезімтал да сергек көңілді Сағат Әшімбаев қана оның терең  мазмұнын аңғарды. «Қазір бәріміздің де батыр болатын кезіміз ғой, – деп еді сонда Сәкең. – Мен ең әуелі «СҚ-ны» емес, «ЛЖ-ны» оқимын ғой.

Сонан соң үлкен әңгімені қайта жалғады.

— Алаңға көп талантты журналистер шықты. Қазір мемлекеттік қауіпсіздік комитеті орталық комитеттің терезесінен түсіріп алған хрониканы қарап, солардың ішінен университеттер мен институттардың, техникумдардың, редакциялардың ішінен алаңға шыққан азаматтарды іздестіріп жатыр, – деді Сәкең. – Біздің ғимараттағы жағдайды өзің жақсы білесің. Ерекше шұқылап, қарап жатыр. Солардың арасында болашағынан көп үміт күттіретін бір журналиске араша түскім келіп тұр. Ол – Бейбіт Исабаев деген жігіт. Көр де тұр, бір күні өзін танытады. Екеуміз бауырмыз ғой, түсіністікпен қара, Бейбіттің алаңға шыққан суреті бар екен.  Сол жігітті аман алып қалайық. Өз өтінішімен жұмыстан босатайын. Бұйрықты ертерек күнмен шығарамын, сен де сол күнмен газетіңе қызметке ал. Кез келген қызметке, – деді ол.

      Осының алдында ғана журналист Мейрамбек Төлепбергеновке араша түскенімді есіме салды. Расы да солай еді. «Жетісу» газетіне Желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің сотта қасқайып тұрған  суреті жарияланған болатын. Мейрамбек Төлепбергенов сол күнгі газетте кезекші болған екен. Басына бұлт үйірілген сәтте «Лениншіл жасқа» жұмысқа алғанмын.

         Мейрамбек Төлепбергенов республикаға танымал журналист болды. Бүгінде Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаты.

Дәл сол уақытта «мұның арты не болады, бас кетпей ме» деген ой да келмепті.

Сонымен, Бейбіт Исабаев қызметке келді. Ол да азғана жылдар ішінде танымал журналист қана емес,  көрнекті  саясаткерге айналды. «Өркен–Горизонт» газетін басқарды. Алматы қаласы әкімінің орынбасары, мәдениет вице-министрі, Президент  баспасөз қызметінің жетекшісі, елші болды. Бұл күнде Қазақстан Республикасы президентінің парламенттегі өкілдігін басқарады.

Сағат Әшімбаевтың осындай адам танитын қасиеті де бар еді.

Шынымен де, ұлттық сана оянған шақ қой. Желтоқсан кезінде «кім қайда болды» деген сауалдар жиі қозғалып жүр.

         Сағат Әшімбаев рух майданының алғы шебінде болды деп нық сеніммен айта аламын.

        

                                                               ***

Қазақ әдебиет сынында Сағат Әшімбаевтың  өзіндік орны бар. Ол Сәкеңнің атын  шығаруымен қатар, түсінбеушілік те туғызды. Әдеби сын  ерекше құбылыс ретінде әртүрлі өрбиді.  Кейде шығарманың құны мен мәніне жоғары баға беріліп жатса, кей тұста ұстараның жүзіндей кесіп те түседі. Орта да оны әртүрлі қабылдайды.

Мысалы, «Социалистік Қазақстанда» сыншы Зейнолла Серікқалиевтің Ілияс Есенберлиннің шығармашылығына қатысты екі  беттің етегін алған сын  мақала жарияланған  еді. Оқылды. Әркім өз пікірінде қалды.

         Ал Сағат Әшімбаевтың Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына қатысты мақаласы неге жұртты сонша дүрліктірді?

         Жауап біреу: ол – ақын Мұқағали Мақатаев пен әдеби сыншы  Сағат Әшімбаевтың ағалы-інілі, Хан Тәңірі тумалары болуында. Басқа түк те емес. Саясиландырылуы, бәлкім, билікке, белгілі бір әдеби топтарға  қажет болған да шығар.

Осындай сәтте тағы бір-екі оқиға есіме түседі. Ол менің әдебиет сыншысы болуға талпынғаным еді. Қай жылдар екені есімде жоқ. Сол, Сәкеңнің мақаласы шыққан жылдар, шамасы. Диссертация қорғағалы жүрген кезім. Сірә, 1978 жыл ғой деймін. «Жетісу» газетінде қызмет істеймін, қатардағы аға тілшімін.

Кітап дүкенінен М.Мағауиннің «Көк мұнар», Ә.Дүйсенбековтің «Ақ жауын», тағы бір автордың повестері мен әңгімелерін сатып алып оқыдым да,  сын жаздым. Сын материалым алты беттей болды. Соны алып, Сағат Әшімбаевқа кеңесуге келдім. Сын мақаламды оқып шығып, әуелі риза болды. Біраздан  соң:

— Уәлихан, таза әдеби сынға әзірше бармай-ақ қой. «Ақмоллаңды» қорғап, ғылыми атақ алып ал. Мына мақаланы жарияласаң, мәңгілік жау табасың. Мұхтар Мағауин оңай адам емес. Әрі өзіңнің университеттегі ұстазың екен. Қанатың қиылып, ұша алмай қаласың.

 Мұхаң туралы мақалаңды алып қал да, ана екі автор туралы   сын рецензияңды «Қазақ әдебиетіне» бер. Ол салалық газет. Ешкім ештеңе демейді, – деп кеңес берді.

Сағат Әшімбаевтың бірер жас үлкендігі және атақ-даңқы бар. Айтқан сөзі иландырды. Солай істедім де.

Кейін Әділ Дүйсенбеков ағаммен «Егемен Қазақстанда» бірге қызмет істедік. Шерағаң бәріміз оңтүстікке баспасөзге жазылу науқанын  жүргізуге сапарға шықтық. Сол күндердің бірінде марқұм Әділ Дүйсенбеков  ағайым тосын сұрақ қойды.

      – Уәке, бауырым, інім, баяғыда «Ақ жауын» повесін неге сынадыңыз? Кімнің тапсырмасы болды?  Біраз уақыт өтті ғой, айтыңызшы.  Кітабымның дүкенге түскеніне екі апта да өткен жоқ еді, – деп, өзін мазалап жүрген сұрағын қойды.

— Әдеке, ешкімнің де тапсырмасы емес. Әдеби сынға барсам ба деп жүрген кезім еді. Кітап дүкенінен екі-үш кітап сатып алып, соған сын пікір жаздым ғой. Сізді танымаймын да, – дедім.

Бірақ сендіре алмадым.

Әрине, мен де коммунистік идеологияның тәрбиесін көрген адаммын. Ол кездегі ой-санам сол идеологияның құндылықтары аясында болатын.

М.Мағауиннің «Көк мұнардағы» профессордың образы біз білетін ғалымның биік деңгейлі бейнесіне мүлдем қайшы болатын. Ол кездегі сыным – ізденісім еді.

Қазір «Көк мұнар» туралы жаза қалсам, мүлдем басқа пікірде болар едім. Өйткені жазушы Мұхтар Мағауин үлкен суреткер-жазушы ретінде адамның рухани азғындауының себептерін ашқан екен ғой.

Қазір ойлаймын, қазақ әдебиетінде таза әдеби сынның қалыптаспауы тек қана адами қалыпқа, идеологияға байланысты болды. Сондықтан да біз әдебиет сыншысы емес, әдебиет зерттеушісі болып кеттік.

                                                                ***

Сағат Әшімбаевтың  «Парыз бен қарыз» хабары дүркіреп, ұлттық ойды қозғап, рухани жаңғыру жүріп жатқан сәт еді.

Тағы бір телефон арқылы сөйлескенімізде:

       – Уәлихан, амансың ба? «Парыз бен қарызды» көріп жүрсің бе? – деді тікелей.

     – Әрине, Сәке, бірде қуанып, бірде қорқып, бірде үркіп қараймын. Биліктегілердің шымбайына батып, олардың ащы тырнағына ілініп кетпесе екен деп  алаңдап отырамын.

— «Айтпаса сөздің атасы өледі» демей ме халық даналығы. Айтатын сөзді айтып қалайық. Бір хабарды Дулат Бабатайұлына арнағым келіп еді. Сен ескі ақындарды зерттеп жүрсің ғой. Заман қандай, заң қандай  дегендей. Дулат бабамыздың біраз өлеңдері бар, соларды саған беріп жіберейін. Курьер әкеп береді. Газет архивінде жатсын, – деді.

     Айтқанындай, машинкаға бастырған, 1802-71 жылдары  Аягөз өңірінде өмір сүрген Дулат ақынның көп өлеңдері бар конверт қолыма тиді. Өзіме таныс, беймәлім өлеңдері де бар. Көп шумақтардың астын сызып-сызып қойыпты. Әсіресе Барақ сұлтанға айтқан арнауы қызыл, жасыл, қара түсті сиямен сызылыпты. Сол кезде бес-алты бояулы қалам болғаны есімде.

Өлеңдерді оқып шығып, бұрыштама қойып, сол кездегі «Лениншіл жас» газетінің «Әдебиет және  өнер» бөлімінің меңгерушісі, бүгінде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын  Өтеген Оралбаевқа  табыстап едім. Мүмкін, газет тігінділерімен бірге архивке өткізілген болар.

         Осы мақаланы жазу барысында Дулат Бабатайұлының өлеңдерін қайта бір қарап шықтым. «Бараққа», «Сүлейменге» деген өлеңдерін оқығанда Сағат Әшімбаев сызған жолдар көзіме оттай басылды.

         «Бараққа» атты жырында мынандай жолдар бар:

        … Жақсы болса ұлығы,

         Өз елін жаудай таламас.

         Қасқыр тартып, қан шықса,

         Жаман ит жұлып жей берер,

         Алды-артына қарамас.

         Жақсы иттің белгісі –

         Жұлмақ түгіл, жаламас.

         Азған елдің бектері,

         Қан шықса, елін жұлмалар,

         Қасқырменен аралас...

      «Сүлейменге» деген өлеңдегі баттитып-баттитып сызылған төмендегі жолдар әлі де санамнан өшпейді.

        … Аяз қысса мүйізді,

         Мүйіз қысып тұқылды...

         Қанталаса тұқылың,

         Алпыс екі тамырың

         Қаңсып қалған сықылды:

         Ұлық қысса ұлықты,

         Ұласып мидай былықты...

         Атқа мінер ауылда

         Итше ілініп қылықты.

         Орыстың көрсе ұлығын,

         Қыздан-дағы қылықты.

         Ұлық кетсе, қазаққа,

         Қорқақ қасқыр құлықты

         Бұзауы өлген сиырдай

         Сауыны иіп Дулат жүр

         Місе қылып тұлыпты.

       Құдайым-ай, содан бері қаншама жыл өтті. Сағат Әшімбаевтың жүрегі әлденені сезді ме  екен?! Мүмкін, Желтоқсанның жойқын жаңғырығы өз басына да төнер деп қауіптенді ме? Ол жағын білмеймін.

        

                                                          ***

         Сағат өмір сүрген кезең социализмнің тоқырай бастаған, күшпен құрылған алып империяның ыдырауға бет алған уақыты болатын. Ол өмірде болып жатқан әділетсіздіктерді, халықтың өз ділінен айырыла бастаған аянышты халін басқалардан бұрын көрді, жан-тәнімен сезінді. Әр мақаласында атадан қалған қасиетті дәстүрдің өлмеуін, ұлттық болмыстың қайта жандануын насихаттады. Ол «Әдебиет және мораль» деген мақаласында «Әдебиет – белгілі бір қоғамның материалдық дамуының немесе экономикалық өсуінің шежіресі емес, керісінше, өз заманының саяси-әлеуметтік жағдайына сәйкес, моральдық және рухани жағынан өсуі мен өзгеруінің, кер кетуі мен  кемелденуінің таразысы әрі айнасы...» – деген ой айтады.  Осы пікірдің астарында сол дәуірдің тұтастай шындығы жатқанын ол кезде көбіміз байқамаған да сияқтымыз. Елдің индустриялануын суретте, тың игеруші еңбек ерлерінің жағымды образын сомда деген коммунистік жүйедегі социалистік реализм әдісінің ескіргенін осы пікірімен-ақ жоққа шығарып отырған жоқ па?!

         Сағаттың шығармашылығы мен тұлғасына тән ерекшелік – өз замандастарын толғандырған әр алуан мәселелерге барынша терең назар аударып, оны тайсалмай жазуында, көпшілікке жариялай білуінде дер едік. Ол әдебиет ісіне белсене араласа жүріп, тек қана әдеби сынды мұрат тұтып, әдеби талдаулардан аса алмай,  соның айналасынан ұзап шыға алмай қалды десек, қателескен болар едік. Ол сын мақалаларының өзінде әрдайым қоғамдық мәселелерді тереңдей талдап, халық өміріне қатысты, ұлттың көкейкесті арман-мақсаттарын барынша жарқырата көрсетіп отырды.

С.Әшімбаев әдебиетті қазақ өмірімен, ұлт мінезімен бірлікте салыстыра қарастырды, ал өмірді Абайлар, Махамбеттер жырларына арқау еткен жоғары идеалдар тұрғысынан талдап, түсіндірді. Сыншы «Ақын жанын жабырқатқан жайлар» деген Абай шығармашылығы туралы мақаласында ұлы ақынның ұлтжандылығы туралы былайша толғайды: «...қазақ қазақ болып, ес жиып, етек жапқаннан бергі уақыттан Абайға дейінгі аралықта одан артық «қалың елі, қазағы, қайран жұртының» қамын ойлап, қабырғасы қайысқан, жақсылығымен қоса, жамандығын жіліктеп айтып берген, туған жұрты мінезінің жарамсыз жағы жанына батпандап батқан ақын да, азамат та өтпеген сияқты». Бұл Абай туралы қаншама зерттеулер жазылса да, Сағатқа дейін ешкім айтпаған тың пікір, толымды тұжырым.

        Сағаттың сыны оқырманды тек қана көркем шығарманы дұрыс қабылдауға үйретіп қойған жоқ, ол өз шығармалары арқылы мыңдаған өскелең ұрпақты өз елінің, өз дәуірінің шынайы азаматы болуға тәрбиеледі. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне шыққан жастардың көтерген плакаттары мен айтқан ұрандарының кезінде газет-журналдарда Сағат көтерген ұлт тағдырына, тілге, ел мен жердің бүтіндігіне қатысты мәселелермен үндесіп жатуы жайдан-жай болмаса керек.

          С.Әшімбаев құдай берген таланты мен қызметінің рахатын көріп, мына фәни жалғанды жалпағынан басып өтуіне де болар еді. Бірақ оның кеудесіндегі ұлтым деп соққан жүрек, санасын шырмаған алашшыл ой оған мүмкіндік бермеген секілді. Сол қызыл империяның тұсында қай жерде қазақ мәселесі көтерілсе, ол тап сол жерден табылып, халықтық мәселеге жанын сала араласатын. Теледидар арқылы жалпы қазақ көрермендерінің сүйіп көретін бағдарламасына айналған «Парыз бен қарыз» да сондай Сағаттың жүрегінде шемен болып қатқан сыр мен шерді, ақиқат шындықты сыртқа шығару мақсатында жасалған жоба болатын.

Сыншы-журналист сол хабар арқылы талай ұлт мәселесіне қатысты түйткілдердің сырын ашып қана қоймай, одан шығатын жолдың да амалын іздеді. Мұның бәрі, әрине, айтуға ғана оңай, ал шын мәнінде аталған хабардың теледидар арқылы таралуына сол тұстағы билік тарапынан да үлкен кедергілер қойылып, автордың жеке басының өзі талай рет сынға алынып, қудаланғанын біріміз білсек, біріміз біле бермейміз.

        Қызыл империяның билік басында отырғандары да айналасындағы оқиғаларды, кез келген шектен асып кетуі мүмкін әрекеттерді жіті қадағалап, әрдайым алдын алып, әр алуан қитұрқы әдістермен сабасына түсіріп отыратын. Мысалы, ұлт туралы, туған жер туралы жылы сөз айтып немесе жазып бір көрініп қалдың ба, одан өмір бақи құтылу қиын болатын. Олардың басты тәсілдерінің бірі – бөлшектеп, бір-біріне қарсы қою еді. Ел арасында бедел жинап, атағы шыға бастаған адамдарды бір-біріне ебін тауып шағыстыру да солардың ертеден қолданып келе жатқан кәнігі әдісі.

        Жетпісінші жылдардың ішінде талантты ақын Мұқағали Мақатаевтың атағының дүрілдеп тұрған шағы, ал сында Сағат Әшімбаевтың өзгелерден оза шауып, оқшау көрінгені де жұртқа белгілі болатын. Коммунистер ебін тауып осы екі талантты, туысты, бауырды, ұлтын сүйген алашшыл азаматтарды бір-біріне айдап салды. 1974 жылдың 26 шілдесінде «Социалистік Қазақстан» газетінде «Талант пен талап» деген С.Әшімбаевтың ақын М.Мақатаевтың шығармашылығы туралы мақаласы жарық көрді. Тақырыптың астына «Бір ақын творчествосындағы түйткілдер» деген қосамжарланған атаудан-ақ бұл мақаланың жоғарыдағылардың арнайы тапсырысымен жаздыртқаны байқалып тұр. Сәкең аталған мақаласында өзі діттегін тақырыпқа бірден бармай, әдеби сынның міндеттері мен ақындық өнердің ерекшелігі жайлы біршама кеңінен толғап, қилы-қилы ой-тұжырымдар жасайды. «Ақындық мәдениет, біздіңше, өмірге, сол өмірден алып отырған объектіңе өткеннің де, бүгінгінің де, болашақтың да көзімен қарай келіп, жалпы адамдық болмысқа ортақ шынайы сезімнің шындығын жырлау, Абайша айтқанда: «бір кісі емес жазғаным, жалпақ жұрт қой» деп, жалпақ жұрттың көкейіндегі сөздің сөлін, сезімнің мөлдірін табу, екіншіден, сол сырлы сезімге орап, әлеуметтік мәселені қамтитын азаматтық ой айта білу». Ал енді осы жерде сыншы айтып отырған «сырлы сезімге оранған әлеуметтік мәселені қамтитын азаматтық ой» дегенді қалай түсінесіз? Онда халықтың мұңы, алдан күтер көкейкесті арманы, азаттығы туралы ой жатқан жоқ па?!

 Сыншының келесі бір ой иіріміне көз жүгіртіп көрелік: «Ақын өзін бастаушының аузына қараған хордың қатардағы көп әртісінің бірі ретінде ұстанған жерде поэзияда үлгілі өрнек жасай қою екіталай».Бұл ойдың астарында не жатыр? Ақын кеңес дәуірінде кімнің аузына қарап еді? Сыншы Мұқағали шығармашылығына тоқталмас бұрын, осындай көптеген мәселенің басын ашып кетеді. Бұл дәл сол кеңестік кезеңнің бүркемеленген шындығы, шығармашылық тұлғалардың бір ғана коммунистік партияның нұсқауымен жүріп (әдебиеттің ол кезде партиялық болғанын естен шығармаған жөн), тікелей солардың тапсырмасын орындағанын көбіміз әлі күнге шейін ұмыта қойған жоқпыз. Көріп отырғанымыздай, сыншы Мұқағалиды ғана сынап отырған жоқ, ол өмір сүрген социалистік жүйені тұтастай сынап отыр.

       С.Әшімбаев өзін толғандырған ой-пікірлерді күнделігіне түсіріп отырған. Күнделік әрбір адамның ішкі ойы, жұртқа жария ете бермейтін сыры десек те болады. Сондай ой ұшқындарының біріне назар аударып көрелік. «Біздің әдеби атмосферада көркем шығарма идеясы дегенді біржақты түсіну бар.  Атап айтқанда, оны саяси қайшылығы жоқ, саяси бағыты дұрыс деген мағынада ғана қарап жүрміз. Бұл дұрыс емес», – дейді. Яки кеңес әдебиетіндегі саясаттың ықпалын, шығармашылық тұлғаға еркін ойлауға, еркін жазуға мұрсат бермейтін бақылағыштық әрекетін қатаң айыптайды.

         Әлемдік  әдебиет тарихында қандай ұлы ақын болса да, олардың сыналмаған кезі сирек шығар. Кезінде ағылшынның ұлы ақыны Байрон да, орыс ақыны Пушкин де, Абайдың да сыналғанын жұрттың бәрі біледі. Мысалы, Белинскийдің «Гогольге хатын» күллі әлем жұртшылығы оқиды. Одан Гогольдің беделі түсіп қалған жоқ, Белинскийді де жерден алып, жерге салып жатқан адамды көрмедік. Ол хатта Белинский Гогольге өте ауыр сөздер айтады. Бірақ ол орыс әдебиеті тарихындағы шынайы сын ретінде бағаланады. Сөйте тұра, неге екені белгісіз, Мұқағалиға келгенде сол сын әрдайым орынсыз, негізсіз айтылғандай болып, оған бағытталған сынды күпірлікке, білімсіздікке балап жатамыз. Бұл, мүмкін, Мұқағалидың халық арасындағы беделінен, оны халықтың шектен тыс жақсы көруінен болса керек. Бірақ ол, мейлі, қандай өнер иесі болсын оның да жаңылатын, оның да кейде олқы түсетін кездері болатынын естен шығарып алатындаймыз.

Мұқағалидың барлық шығармалары шетінен мінсіз деп айту, әрине, білместік болар еді. Дәл сондай пікірді ақынның көзі тірі болса, өзі де қабылдай алмас еді-ау деген бір ой ылғи да қылаң беріп қалатынын жасыра  алмаймыз. Мысалы, Сағат Мұқағалидың өлеңдерін сынамас бұрын, сынның мұраты жайлы айта келіп, Томас Манның баласы Клаус Манға айтқан мына бір ақылын көлденең тартады. «Әділ сын атаулыны қабылдамау – адамгершілік кемшілікті көрсететін, турасын айтқанда, рухани бейшаралықтың дәлелі. Клаус, талант түгіл, адамзат қоғамын өзін-өзі сын көзбен қарау өсірген», – дей келіп, Мұқағалидың да көптеген шығармаларында ойшылдықтың жетіспей жатқанын нақты мысалдар келтіре отырып дәлелдейді. Ал Мұқағали өлеңдері тұнып тұрған терең философиядан ғана тұрады дегенге, меніңше, бүгінгі күні де ешкімді иландыра алмаймыз, оның лирикасында ойдан гөрі сезімнің басым келетінін сыншылар түгіл, қарапайым оқырман да ажыратып айта алады. Сол сияқты Сағат айтқан сынның орынсыз емес екенін көрсетсе керек. Аталған сында мынадай жолдар бар: «Сөзіміз дәлелді болу үшін тағы бір мысал келтіре кетейік: біздің бұл өлеңге тоқталғанымыз осыған ұқсас бір қайнауы кем дүниелер кітапта мол ұшырасады. «Қырқада, ойда, бөктерде» деген өлеңді оқып көріңіз:

«Биеден шампан алдырып,

Той жасап жатыр қойлы ауыл».

Немесе «Тауға келсең» деген өлеңдегі:

«Құлақ түріп, қурайдың ызыңына,

Ұғынасың өмірдің тәтті екенін», – деген сияқты арзан жолдар ақындық алғыр ойдан туған тапқырлыққа жатар ма екен?» – дейді. Біздіңше, бұл жерде сыншымен дауласатындай дәлелді уәж таба қоюдың өзі қиын. Әрине, Мұқағали – ХХ ғасырдағы ірі, ұлы ақын. Бірақ Сағаттың сыны жарық көрген кезде оның көзі тірі еді. Мүмкін, расында да, Сағат оны қайрай түскісі келген шығар, кемшілігін Томастың баласы Клаусқа айтқанындай ашып көрсетіп, одан да терең, одан да сұлу жыр жазуға септігін тигізгісі келген шығар?.. 

Сыншы өз күнделігінде «Ақиқатты айтқан адам айыпты емес, ақиқатты көріп тұрып, көзін жұмған адам қауіпті» немесе «Ақиқат – адамның еркінен тыс нәрсе, сондықтан да оны айыптау болмаса аяқасты ету мүмкін емес», – депті. Әлде талантты ақынның жырларындағы кемшіліктерді көре тұра, өзінің ар-ұятынан аттай алмады ма екен!? Ол арасын бүгінде біз тап көріп басып, дәлелдеп бере алмаймыз.

        Коммунистік жүйе, мүмкін, о баста халықтар бостандығын, ұлттар теңдігін дұрыс бастаған да шығар, бірақ уақыт өте келе негізінен үлкен ұлттың кіші ұлтқа үстемдік жасауын барынша қолдағанын, одақтас республикаларды өздерінің отары сияқты ұстағанын көзіміз көрді. Ұлт туралы, туған халқы туралы жанашырлық мінез, ашық әрекет жасағандардың бәрін біріне-бірін айдап салу арқылы жауға айналдыру олар үшін түкке тұрмайтын еді. Оған М.Әуезовтің үстінен Ұлы Отан соғысының батыры М.Ғабдуллинге, Қ.Аманжолов туралы С.Қирабаевқа мақала жаздырулары айқын дәлел бола алады. Мүмкін, өзінің өлеңдері арқылы халық сүйіспеншілігіне бөленген М.Мақатаев туралы мақала да сондай тапсырыспен жазылуы әбден мүмкін. Бірақ тапсырыспен жазылса да, сыншы өз мақаласында Мұқағалиды жерден алып, жерге салмайды. Жазықсыз күйе жақпайды. Адамгершілігіне, жеке басының намысына тимейді.

        Сағат ақынның барлық өлеңін теріске шығаруды мақсат етпеген. Сынай отырса да, оның талантын мойындайды, шебер жазылған лирикасына оң бағасын береді. «М.Мақатаевтың «Қырқыншы жылдардағы бесік жыры», «Мұң басқанда», «Қайран жандар», «Көзің нұрсыз дейсің сен», «Қайдан білсін...», «Бозқараған», «Құлыным қайда?», «Сарыала қаз оралды» сияқты санаулы өлеңдері бұл жинаққа ажар беріп, көрік қосып тұрған оқшау дүниелер. Осы өлеңдерде ерекше есте қалатындай философиялық ой болмағанымен, аяулы сыр, ақшаңқан сезім бар. Мәселен, «Бозқараған» атты өлеңді бейжай көңілмен, салқын да самарқау сезіммен оқу қиын. Мұнда шынайы ақындық толғаныс арқылы әлеуметтік өмір жайлы шыншыл сыр шертіледі. Өлеңді оқып отырғанда көз алдыңа ақынның балалық, бозбалалық шағы өткен Ұлы Отан соғысы жылдарының шындығы елестейді, сол кездегі «аш ауылдың» тіршілік тынысын сезінгендей боласың», – деп ойын түйіндейді.

       Қазір қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жылға арналған көптеген іс-шаралар өткізіліп жатыр. Жаңа ұрпақ, жас ұрпақ ақын өлеңдерін жатқа айтады, ән етіп шырқайды.

         Осыдан бірнеше ай бұрын Талдықорған қаласында Мұқағали Мақатаев ағамыздың кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Ұлы Жамбыл Жабаев туралы роман-этюдымның таныстырылымы болды. Сонда бір жас жігіт:

— Мұқағали бауырымыздың өлеңдерінің өршіл, сыршыл, көркем болуына жерлес бауырымыз Сағатхан Әшімбаевтың да еңбегі бар екен. Талантының, талғамының одан әрі биіктеуіне кезінде жазған әдеби сыны әсер етіпті. Оны біз білуіміз керек. Мұқағали Мақатаев та, Сағатхан Әшімбаев та қазақ әдебиетінің ұлы тұлғалары ғой, – деп айтып жатты.

     Мен бұған қатты қуандым. Шын сөзді саралай білетін, санасы уланбаған жаңа ұрпақ өсіп келеді. Олар замана шындығын жасқанбай айтады. Сынды дұрыс қабылдау – қоғамдық ойдың жетілгенінің  белгісі. Демек, ақынның да, сыншының да парызы мен қарызын жаңа ұрпақ ұғынады, жалғастырады. Бұл қос тұлғаның ұлт тарихында қалған, Хан Тәңіріндей биіктігінің көрінісі емес пе?! 

Тегтер: тарих пайым пікір естелік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұртаза ҚЫДЫРНИЯЗОВ 03.12.2021, 08:48
Қауіп қайдан?!
Махамбет САПАРМҰРАТОВ 01.12.2021, 09:20
Жауапкершілікке шекесінен қарайтындар ел мүддесіне қызмет етпейді
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 30.11.2021, 09:00
2,5 миллиард теңге кімнің қалтасында кетті?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 25.11.2021, 09:00
Теңгесінде тұрақ, үкіметінде естір құлақ жоқ елдің жайы не болмақ?!
Көпжасар НӘРІБАЕВ 23.11.2021, 14:20
Желтоқсанның себебі мен салдары
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.11.2021, 09:03
Ұрпаққа келгенде үкімет те керең, әкім де сараң

Аңдатпа


  • 14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
    02.12.2021, 15:50
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00