Сайқымазақ сайлау – ауылдан бастала ма?!

Жарлы БАЙҒАНИН

25.01.2023, 10:12

830

Редакциямызға келіп түскен мына бір арыздардан «Жаңа Қазақстандағы» ауыл әкімдерін ашық сайлау деген жобаның да іске алғысыз болғандығы ма деген ой түйесің. Жоғары жаққа қанша жазса да жауапсыз қалған сұрақтарына редакцияның араласуын өтінген ауыл тұрғындарының өтінішін өзгеріссіз жариялауды жөн көрдік. 

«Былтыр, 2022 жылдың 18 желтоқсанында Жетісу облысы Көксу ауданы Алғабас ауылында ауыл әкімін сайлау барысында көптеген заң бұзушылықтар орын алды. Басты күдік – сайлауға келген адамдар тізімі мен белгіленген бюллетендердің арасында үлкен айырмашылықтың болуы. Нақты айтқанда сайлау комиссиясының хаттамасына сәйкес сайлау пунктіндегі бюллетендердің жалпы саны 716, оның ішінде артық қалған бюллетень 208, сайлауға қатысқандар саны 508 адам, Исағұлов Сәбит Өмірзақұлы 263 дауыс жинаса, Батыршаев Ержан Нүсіпжанович 244 дауыс жинап, нәтижесінде Исағұлов Сәбит Өмірзақұлы әкім болып сайланды.

Сайлау учаскесі бақылаушыларының есебі бойынша сайлауға қатысқан адам саны 418, яғни 90 адам шамасында айырмашылық бар. Нақты айтқанда, сайлау комиссиясы мүшелерінің 90 бюллетенді қосып жіберу фактісі орын алды. Сонымен қатар сайлау учаскесіндегі сайлау барысында түсірілген бейнежазбаларды жоққа шығарып, көшірмесін беруден бас тартты.

Қазақстан Республикасының Сайлау туралы заңының 20-1-бабының 9-тармағына сәйкес «Сайлау учаскесінің бақылаушылары дауыс беру барысына және оның қорытындыларын шығаруға кедергі жасамай, фотожазба, дыбысжазба және бейнежазба жасауға құқылы» деген ережесін өрескел бұза отырып, сайлау учаскесі бақылаушыларына бейнежазба, фото түсіруге сайлау комиссиясы мүшелері тыйым салған.

Қазіргі таңда жергілікті тұрғындардың 70 пайызы Исағұлов Сәбиттің әкім болуына тікелей қарсы. Сондықтан сайлау әділетсіз өтті деп санаймыз.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы жолдауында, аудан, ауыл әкімдері жергілікті тұрғындардың дауыс беруіне байланысты сайланады деп атап айтқан болатын. Олай болса біз, жергілікті тұрғындардың қарсылығын ескере отырып сайлау қорытындысын заңсыз деп танып, сайлаудың қайта өткізілуін талап етеміз және сайлау комиссиясы мүшелерінің іс-әрекеттерін жан-жақты тексеріп, құқықтық баға беріп, тиісті шара қолдануыңызды сұраймыз», – деген Ержан Батыршаев есімді азаматтың атынан келіп түскен арызымен қоса, Бақылаушылар: А.Қадырбаев., К.Қожабеков, Р.Нұрғалиев, М.Сейтбековтердің арызының да айтары біреу: «Сайлау бюллетендеріне сайлау комиссиясы мүшелерінің қолы қойылмады. Барлық бюллетендер сайлау комиссия мүшелерінің қолынсыз таратылды. Қол қойылмаған бюллетендер сайлау туралы заңның 8-тарау 43-бабында жарамсыз болып танылу қажет.

Екі учаскідегі де сайлауға келген адамдардың тізімдерін бақылаушылар жазып отырды. Сайлау аяқталғаннан кейін бақылаушының тізімі мен сайлау комиссиясының журналдағы тізімін сәйкестендіру талабын орындамады. Сайлау бюллетендері дұрыс саналмады. Дауыстарды санау кезінде бақылаушыларды заңда көрсетілгендей 1 метр арақашықтықта емес, 6-метр қашықтықта тұрасыздар деп жолатпады, т.б.

Осы орайда ауыл тұрғындары сайлау комиссиясы мүшелеріне сенімсіздік танытып, облыстық прокуратураға қараша айында арыз берген.

Бірақ та қарапайым халықтың талабы орындалған жоқ. Бұл құрам тек жоғарыдан келген нұсқауды орындап, нақты нәтижені шығарған жоқ» деп келетін ұзын-сонар арыздың соңы: «Көксу ауданы мәслихаты депутаты Әлдибек Досымбековтің үлкен ұлы Ұлан Досымбеков аудан әкімінің орынбасары қызметінде отыр. Әкелі-балалы екеуі лауазымдарын асыра пайдаланып келеді дей келе, 2007 жылдан бергі жасаған заңсыз әрекеттері деп біраз дәйекті де өз арыздарында тізіп көрсеткен екен. Әрине, оның ақ-қарасын тиісті орындар анықтай жатар.

Дейтұрғанмен «19 желтоқсандағы сайлауда да заң бұзушылық орын алды деп аудандық сайлау комиссия төрағасы Ж.Байұзақоваға және аудан прокуроры А.Бекеевке арыз жазылса, 22 желтоқсанда облыс прокуратурасына, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне, облыстық Ішкі істер бөліміне, Ұлттық қауіпсіздік қызметіне және Президент аппаратына арыз жазылса да, сотта уақыт өткізілді деп қарастырмай отыр, дегендерін қалай түсінуге болады?

«Осы мемлекеттік органдардың жауаптары 6 қаңтарда келді, сотқа 10 қаңтарда жүгінген болатынбыз. Заң бойынша жауап келгеннен кейін 10 күн ішінде сотқа жүгінуіне болады деп жазылған. Сонда да еш нәтиже жоқ. Енді кімге шағымданамыз», – дейді амалы таусылған ауыл тұрғындары. «Әділдігін анықтап беретін тексеріс бола ма, Жаңа Қазақстан Көксу ауданы мен Алғабас ауылына келеді ме?»

Бұл тұрғыда біз де Қазақстан Республикасының Сайлау туралы заңының 50-бабының 1-бөлігі 6-7-тармағына сәйкес «Сайлау құжаттарын қолдан жасаған немесе дауыстарды көпе-көрнеу қате санаған жағдайда заңмен белгіленген қылмыстық жауаптылықта болады», – деген жолдарға сүйене отырып, Көксу ауданында орын алған олқылықтарды ҚР Жоғарғы сотының назарына ұсынамыз және бұл жолы тұрғындардың арыз-шағымын жауапсыз қалдырмайды деп сенгіміз келеді. Сондай-ақ аталған аудан, ауыл басшыларынан да нақты жауап күтеміз.

Тегтер: сайлау саясат Мәжіліс

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Ораз ҚАУҒАБАЙ 12:42
Қонаев ата-тегінің ақиқаты
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 09:07
Қарағандыда ашылған жаңалық Еуропада резонанс тудыруда
Батыр ЖАСҰЛАН 07:16
Әкімдер ай қарап жүр ме?
Әділ АҚЫЛБАЙ 01.02.2023, 07:26
Қазақстан қашанғы кландар меншігі болады?
Жарлы БАЙҒАНИН 31.01.2023, 09:00
№36
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 31.01.2023, 07:42
Әбдірахымовқа қатысты құпиялар көбейіп тұр

Аңдатпа


  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    07:16
  • Тағдырын «дәретхана дауы» талқандаған...
    07:12
  • «Экстің» пайдасынан зияны асып кеткен жоқ па?!
    01.02.2023, 07:32
  • Бір мандатқа таластырды бұл билік...
    01.02.2023, 07:28