24.03.2023, 08:53
2405
Қазақ журналистикасында кенжелеп тұрған сала – салалық журналистика. Әсіресе, қаржы-экономика, әскери, медицина, құқықтық сала бойынша арнайы маманданған журналистер аз. Бірақ уақыт талабы салалық журналистиканы дамытуды қажет етіп отыр. Салалық журналистика қалай даму керек, қай сала бойынша жазатын мамандар қажет? Осы сұрақтарды белгілі журналист, қаржы саласы бойынша кәсіби сарапшы Ербол Азанбекке қойдық.
– Ербол мырза, соңғы жылдары журналистік орталарда, әртүрлі мінбелерде салалық журналистика туралы көбірек айтыла бастады. Қазақстандағы салалық журналистиканың әлеуеті қалай? Нақты қай салалар бойынша журналистика қалыптасты, қай салалар әлі де кемшін немесе мүлде дамымай отыр?
– Иә, дұрыс айтасыз соңғы жылдары салалық журналистиканы дамыту туралы жиі айтылып жүр. Бірақ, өкінішке қарай, нақты қадамдар әлі де керек. 3-4 жыл бұрын журналистерге арналған курстар басталған еді. Қазір тоқтап қалған сияқты. Мысалы, іскерлік журналистика деп атап жүрміз, экономика, қаржы, бизнес тақырыптарында жазатын журналистер үшін «Түркітілдес журналистер қоры» жыл сайын дәстүрлі конкурс өткізеді. Біз «Іскерлік журналистика мектебі» атымен жас журналистерге тегін курс өткіздік, «Іскерлік журналистика» көмекші құралын шығардық. Ақпараттық сайт аштық. Кейде ЖОО-да семинар, тренингтер өтеді. Қаржы институттары журналистерге арнап тренингтер өткізіп жүр. Бары – сол. Қазір Ақпарат министрлігі жанынан MediaLab орталығы ашылды деп естідік. Мүмкін, қозғалыс болатын шығар. Мен жалпы, салалық журналистиканы дамытамын деген адамға іскерлік, діни, медициналық, құқықтық, әскери, мәдени бағыттарда контент өндіруге ынталы журналистерді конкурс арқылы қабылдап, ең кемі, 1 апталық курс өткізуді ұсынатын едім. 1 жыл бойы кезегімен. Үздіктерін шетелге тәжірибе алмасуға жіберсе, артық болмас еді. Және әр сала бойынша өз ынтасымен курс өткіземін дегендерге қаржылай грант берілсе. Әрине, қатаң қадағалаумен.
Жалпы, салалық журналистиканың әлеуеті зор. Өйткені өзіңіз білесіз, ақпарат өте көп. Ұялы телефон ұстағанның бәрі ақпарат таратушы. Қазір әлеуметтік желі қолданушысы, блогер, азаматтық журналист, журналист деп бөліне бастады. Әуесқой, кәсіби ақпарат таратушы да, ақпарат та көп. Әр нәрсе көп болған жерде автоматты түрде сегменттеле бастайды. Ол өнім өндірушіге де, тұтынушыға да ыңғайлы. Шығарушыға өнімі басқалармен бірдей болмауы керек. Ал тұтынушы тек өзіне керегін таңдап алады. Кәдімгі интернет дүкендегідей. Тура осы нарық заңымен салалық журналистиканың медиа өнімдері сұранысқа ие бола бастады. Оның ішінде, шоу бизнес (мәдени), діни тақырыптағы контент ерекше сұранысқа ие. Газет-журнал сұранысқа ие кезде «Жас Алаштың» «Ырғақ» қосымшасын, «Жұлдыздар отбасы» журналын көп оқитын. Қазір де кейбір сайттарға негізгі оқырманды шоу-бизнес жаңалықтары әкеліп отыр. Ал діни бағытта арнайы газет, журнал, сайттар бар. Бізде әлі де болса қазақ тілінде дамымай отырған іскерлік журналистика, медициналық, құқықтық бағыттар. Сұраныс бар, қоғам ақпаратқа зәру.
– Сіз өзіңіз банк саласында қызмет жасайсыз. Қазақстандағы қаржы-экономика саласы бойынша жазып жүрген журналистердің біліктілігі қалай?
– Жалпы, қазақстандық деңгейде алып қарасақ, орыс тілінде өте сауатты жазатын іскерлік басылым, сайттар, әлеуметтік желідегі жобалар бар. Күнделікті әскери әлемдегі ақпаратты өз деңгейінде қамтып беріп отыр. Бірақ өкінішке қарай, қаржы – экономиканы қазақ тілінде тұрақты жазатын санаулы ғана журналист бар. Қазақ тілді аудитория экономика, қаржы, бизнес туралы ақпаратқа зәру.
Қазір іскерлік бағытта ақпарат тарататын OrdaFm, Business FM радиоларында қаржы тақырыбында арнайы бағдарлама бар. «Атамекен бизнес» телеарнасы, inbusiness.kz сайты, Forbes.kz-тің қазақша нұсқасы, Хабар 24 арнасында арнайы қаржы жаңалықтары бар. Алдағы уақытта көбейеді деп үміттенемін.
– Салалық журналистиканы журналистика факультеттерінде оқыту қаншалықты дұрыс? Мұның басқаша жолы, оқыту технологиясы бар ма? Мысалы, кейбір шет мемлекеттерде медицинаны жазатын журналистерді сол салада оқыған, жазуға қабілеті бар студенттерден таңдап алады дегенді естуші едік...
– Әрине, әртүрлі мамандық бойынша негізі бар адамдарды бейімдеу оңай. Мысалы, өзіңіз айтқан экономисті қаржы тақырыбында жазуға бейімдеу жеңіл. Бірақ олай оқыту үшін гибридті (аралас) білім беруді енгізу немесе арнайы курстар ашу керек. Соңғысы, әр факультетте болғаны дұрыс. Мысалы, сіз экономфакта оқисыз. Қосымша мақала жазып тұрғыңыз келеді. Журфактағы арнайы курсқа жазылып, оқи аласыз. Немесе тура сол журфакта, радиожурналистика мамандығында оқисыз. Бірақ негізгі білім беру бағдарламасында жоқ SMM, іскерлік журналистиканы қосымша игергіңіз келеді. Курста оқып, сертификат алыңыз. Мысалы, Гарварда курс оқыған, сертификаты бар мамандар кейбір ЖОО-да оқығандарға қарағанда, сұранысқа ие. Жеке мысал айтсам, 2017-2018 жылдары журналистика, филология мамандықтары бар 8 жоғары оқу орнынан өзім аралап жүріп, 3-4 курстың 40 студентін таңдап алып, «Іскерлік журналистика» курсын тегін оқыттық. Сонда байқағаным – журналистика мамандығында оқып жүрген студенттерге қарағанда, ҚызПИ-дің мұғалімдік мамандықты оқып жатқан студенттері жылдам бейімделіп, алып кетті. Арасынан баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы үздіктерге берілетін бірінші «Үркер» сыйлығын алған жас журналистер шықты. Сонда байқағаным – жастарды салалық журналистикаға бейімдеуге 1-2 жыл уақыт керек. Ал нақты бір мамандыққа бейімделген, жазуға икемі бар мамандарды салалық журналист ретінде дайындауға 3-6 ай жетеді екен. Оның 3 айы теория, оған қосымша практика, 3 айы нақты практикаға кетеді. Осы жағын қолға алу керек.
— Әңгімеңізге рақмет!
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР