Сарыторғай – қазақтың сары алтыны

  Киелі һәм тарихи ауылды жапқанда не ұтпақшысыз, әкім мырза?

Айтбай СӘУЛЕБЕК

15.04.2021, 09:22

3330

Қостанай облысы әкімі Архимед Мұхамбетовтің назарына!

     Әлде Сарыторғайдан 12 шақырым жерден бастап, Ұлытауға дейін мыс, никель, қорғасын т.б. жерасты пайдалы қазбалары табылған соң, шаруа қожалықтарының заңды жерін  «Қазақмыстың» жекеменшігіне өткізу үшін жанталасып жатырсыздар ма? Сарыторғайдың жанындағы Маятас жерінде көп жылдан бері алтын өндіріліп келеді. Бірақ оның пайдасын тек белгісіз олигарх көріп келеді.

       Торғай облысы дүркіреп тұрған шақта Амангелді ауданына қараған Сарыторғай (Екі дің) ауылы Қостанай облысына қосылғанда тоқалдың баласының күнін кешті. Алдымен 130 шақырым жердегі, бейне бір теңіз бетінде нән толқындармен алысып, қалт-құлт етіп тұрған қайық сынды Арқалық қаласына «тұрмысқа шықты». Онсыз да өз күнін әрең көріп отырған шағын қала мен қойнауы шежіреге, тарихи сырларға толы Сарыторғайдың біріккен «өмірі» жараса қоймады.

     Ауылға бір шақырым да жол төселмеді. Еш көмек көрсетілмеді. Әлеуметтік-тұрмыстық ахуал құлдыраған соң, ауылдан көшушілер легі көбейе түсті. Қалалық әкімшілік бұл көріністі бақыласа да, жаныашымастың кейпін танытты. Қарағанды облысымен шекарадағы Сарыторғай қаншама сарғая үміт етсе де, не қала, не облыс басшылары жылы сөз айтпады.

                          ТАРИХИ СЫРЛАР  НЕ  ДЕЙДІ?

        1723 жылы басталған жоңғар-қалмақтарға қарсы күресте Торғай өңірінің батырлары да ерлікпен шайқасты. «Қарадан хан атанған» Сығай батыр, Тілеулі Әбдірахманұлы Шақшақ Жәнібек тарханға қосылып, қыпшақ оғландарын жауға қарсы ұйымдастыра білді. 1727 жылы Әбілқайыр хан қазақ қолын бастап, Ұлытау жерінде қалмақтарды тырқырата қуды. Батпаққара (Торғай) қыпшақтары да осы шайқаста аянбай соғысты. Тарихта бұл оқиға «Қалмаққырған» деген атпен сақталды.

        Ақырында, 1771 жылы Торғай жері Еділ қалмақтарынан түгелдей тазартылды. Осы жылы Жайық бойында Е.Пугачев бастаған шаруалар көтерілісі бұрқ етті де, Торғайдағы Дәуітбай тархан, Нұрмамбет, Үмбетей батырлар Сарыторғайда бас қосып, көтерілісшілерге көмек берудің жай-жапсарын ақылдасты.

     1838-47 жылдары Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне Торғай азаматтары да белсене қатысты. Шәкір, Жанайдар, Иман (Амангелдінің әкесі) Төлебай, Тышқан, Төлек Жәуке батырлар қазақ ұлтының тәуелсіздігі жолында бастарын өлімге тікті. Бұл жөнінде тарихшы Е.Бекмаханов «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» деген әйгілі еңбегінде атап көрсетті.

     1863  жылғы 17 желтоқсанда Орынбор және Омбы өңірлеріндегі қазақтар арасындағы дау-дамайды қазақтың ата салтымен шешіп, бітістіру мақсатында Ресей императоры ішкі істер министрлігіне съезд өткізу жөнінде  жарлық (№146) береді. Съезд өзіміз тілге тиек етіп отырған Сарыторғайда өткізіледі. Оған 189 лауазымды кісі қатысады. Съезде қабылданған қарарға аға сұлтандар мен болыстар, билер мен батырлар, ел ағалары қолдарын қояды, мөрлерін басады, рулық таңбаларын салады. Съезд жұмысы 1864 жылы 15 маусымда басталып,  25 маусымда аяқталады. Енді құрылтайға қатысушылардың бір тобымен таныстыралық:

     Полковник Шыңғыс Уәлиханов;

     Подполковник Мұхаммед Жантөрин;

     Полковник Баймұхамедов (Айшуақ ханның немересі);

     Штабс-капитан Әлмұхамед Сейдалин;

     Ырсай Жаншуақов;

     Сансызбай би Шыныбаев;

     Подполковник Сүлеймен Жәңгіров;

     Дәуренбек Бірімжанов;

     Бірімжан Шегенов;

     Қазыбек Шегенов;

     Көшек Жадаев;

     Аққошқар Кішкентаев (Аққошқар Сайдалы);

     Қошқарбай Саржанов;

     Аманбай батыр Тоқанов;

     Әжібай датқа Қарпықов;

     Подполковник Елкей Қасымов;

     Зауряд-хорунжий Алмат Тобабергенов т.б.

    

     1916-17 жылдардағы Торғай өңіріндегі ұлт-азаттық көтерілісіне де сарыторғайлықтар көптеп қатысты.

     Міне, көріп отырсыздар, Сарыторғайдың қойнауы табиғи байлықтарға ғана емес, тарихи оқиғаларға да бай. Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісінде (1838-47 жж.) айрықша ерлік көрсеткен батырлардың бірі, Сарыторғайдың (сол кездегі атауы Ақшығанақ) тумасы Төлек Жәуке Назарғұлұлы (1819-89 жж.) туралы Е.Бекмахановтың «Қазақ халқының Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалысы» атты еңбегінде, І.Есенберлиннің «Қаһар» романында, Д.Әлімбаевтың «Кенесары», Н.Ахметбековтің «Қарға» дастанында, М.Әбдіровтің «Кенесары және қазақтар», Ж.Кенжалиннің «Жәуке батыр» зерттеулерінде т.б. жазба дүниелерде атап өтілген.

     Жәуке батырдың мерейтойы соңғы рет 1994 жылы Торғай облысы кезінде ұйымдастырылған. Батырдың кесенесі ауылдан бес-алты шақырым жерде тұр. Аталмыш ауылдағы «Қыз тамы», «Махат сахнасы», «Екі дің» (ерте заманнан келе жатқан қарауыл төбелер) т.б. киелі тарихи-мәдени ескерткіштер.

       Ұлы Отан соғысы жылдарында И.Сталиннің бұйрығымен «Сарыторғай» кеңшарында 3500 бас асылтұқымды жылқы зауыты ашылып, жарамды аттар үздіксіз соғыстағы совет жауынгерлеріне жөнелтіліп отырған. Шаруашылықта 60 мыңға тарта қой өсірілген. Осы деректердің өзі-ақ «Екі діңнің» (Сарыторғайды осылай атай береді) төрт түлік өсіруге қолайлы екенін айғақтап тұр емес пе? Сулы һәм нулы жер. Неше түрлі шүйгінді шөбі мал азығының кепілі.

        Оның үстіне бау-бақша өнімдерін өсіруге мүмкіндік жеткілікті. Сарыторғай Қарағанды облысының Ұлытау ауданымен шекаралас аймақта орналасқан. Сондықтан республиканың оңтүстік облыстарымен қарым-қатынас жасап тұруға ыңғайлы. Мұндағы айтпағымыз: оңтүстіктегі  ағайындар мал бағам десе де, бау-бақша өнімдерін өсірем десе де, бұл жерден артық мекенді табуы қиын. Сондықтан Сарыторғайды жауып тастағанның орнына қалпына келтірген дұрыс. Әлде шынымен де «Қазақмыстың» осы ауылдың жерінен шыққан жерасты байлығын игеруі үшін қазақтың тарихи, киелі ауылын «құрбандыққа» шалудың саясаты ма бұл?

        Біздіңше, Арқалық қаласының әкімдігі Сарыторғай ауылына еш көмек бермегендіктен әрі бермейтіндіктен жауып тастауды «ақылды шешім» деп ұйғарған болуы керек. Бұрынғы Торғай облысы орталығынан (Арқалық) 130 шақырым қашықтықта жатқан Сарыторғайға автобанның да, асфальттың да керегі жоқ. Жол жөндеушілердің тілімен айтқанда, грейдер салса жетіп жатыр.

          Құрметті Архимед Бегежанұлы!

       Егер де Арқалық қаласы ұсынған «Сарыторғайды жабу туралы» ұсынысты қолдайтын болсаңыз, қатты қателесесіз. Киелі мекенге жаныашымастықпен немқұрайды қарауға болмайды. Сарыторғайдың қойнауында келер ұрпаққа қажетті қаншама тарихи мұралар, ал жерінің астында алтын, күміс, мыс дейсіз бе, қаншама байлық жатыр.

     Сөз соңында айтарым: Сарыторғайдан 60 шақырым қашықтықтағы Қарағанды облысының Ұлытау ауданына қарасты Шеңбер ауылының тумасы, қазақтың әйгілі айтыс ақыны Мұқаш Сейітқазинов әлемжеліде «Сарыторғай Қостанай облысына керек болмаса, бізге берсін!» деп ұсыныс айтып, жар салғанын ескерген ләзім.

Тегтер: әкім жергілікті әкімдік ашық хат арыз шағым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 09:43
Мемлекет медбикелерге қашан мейірімммен қарайды?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 12.05.2021, 11:00
Жошы ханды жаһанға таныта аламыз ба?
Болат ШАРАХЫМБАЙ 12.05.2021, 08:16
Желтоқсан құрбандарын толық ақтау – асыл парыз
Сайт әкімшілігі 10.05.2021, 15:23
Алматыдағы тағы бір ЖОО лицензиясы тоқтатылды
Тұрсын ЖҰРТБАЙ 08.05.2021, 09:15
Жанкешті тағдырлардың сақабасы
Несіпбек АЙТҰЛЫ 06.05.2021, 09:09
Жалақорға жауап

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06