Сенат пен Ассамблеяны тарату керек пе?

Нұрай Рахым

25.01.2022, 09:38

3423

Кейде көпшілік арасында «отау ішінен отау тіккен» деген тіркеспен қатар қолданылатын Қазақстан халқы ассамблеясы жақында ғана әлеуметтік желіде сынға ұшырады. Басшысы – Ассамблея төрағасының орынбасары Марат Әзілханов «Этнос өкілдері жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан жоқ», деп сөзден оңбай сүрінді. Мұнысы, бір жағынан, онсыз да еліміздегі этностар мен қазақтар арасында алауыздық, дискриминация туғызып отырған орган дейтін наразылардың сөзін дәлелдей түскендей болды.

Қазақ жұрты өзін басынбаған өзге нәсілдіні кеудеден итермей, керісінше, қонақжайлылығын көрсеткен ел. Сондықтан дәл Қазақстан халқы ассамблеясы бір елде өмір сүріп отырған өзге ұлыстар мен қазақты, шынымен, достыққа шақырып, татуластырып отырған орган деуге келе ме? Марат Әзілхановтың: «Қазақстан халқы Ассамблеясы кез келген заңға қайшы келетін әрекетке қарсы. Бұзақылық пен лаңкестікке жол жоқ. Қазақстанның этнос өкілдері елде болған заңсыз акциялар мен жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан жоқ», деген сөзінің өзі этностарды қазақтан бөліп алып отырғанын көрсетеді. Бұл дегеніміз – заңға қайшы. Себебі Ата заңымыз Қазақстан Республикасының Конституциясындағы 14-баптың 1-тармағында «заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең» екені жазылған, 2-тармағында «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды», делінген.

«Қазақпарат» сайтында жарияланған бұл мақалаға әлеуметтік желі қолданушылары шүйлігіп еді, сайт жалма-жан материалдың тақырыбын өзгерте қойыпты. Әлбетте, мұны Ассамблеяның тапсырмасымен жасағанын түсіну қиын емес. Ендігі тақырыбы «Арандатушылыққа қарамастан, Қазақстан халқы ауызбіршілігін жоғалтпады» деп өзгеріп шыға келген.

Қазір ғаламторда «Қазақстан халқы ассамблеясы таратылсын» деген петиция жарияланып, халық арасында соған қол жиналып жатыр. Бұқара неге қарсы? Себебі осы Ассамблеяның кесірінен, қазақтың құқығы қорғалмай қалатыны нәтижесінде, қазақ пен этностардың бір-біріне деген қарсы көзқарасы пайда болатыны жиі айтылады. Расымен, Ассамблея жұртты бірлікке шақыратын ұйым болса, әсіресе, Оңтүстік өңірлерде этностар мен қазақтар арасында жанжал неге жиі болады?

Бұдан бөлек, Қазақстан халқы ассамблеясынан Парламентке 9 депутат легитимді сайлаусыз өте салатыны да біраз уақыттан бері көпшіліктің наразылығын туғызып келеді. Қазақстан халқы ассамблеясы деген жалпылама түсініктің артында қандай ұйымдар бар? Ассамблея хатшылығынан бөлек, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарайтын «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі бар. Мемлекеттік тапсырыс жасау сайтында тендер өткізетін де дәл осы мекеме. Одан бөлек, тағы сол Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіндегі «Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесі де

мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылып отыр. Мемлекет есебінен күн көрудің тағы бір жолы жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ретінде жеке отау боп құрылған «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтына» бұйырып отыр. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 2 мамырдағы №262 қаулысы бойынша жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысады. «Серіктестіктің жарғылық капиталы осы қаулының қосымшасына сәйкес, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) теңгеріміндегі республикалық мүлік есебінен қалыптастырылсын», деп жазылған.

Қоғамда «халық үшін пайдасы шамалы, қарттар үйіне айналған» деп айтылып жүрген тағы бір орган — Парламенттің жоғары палатасы, Сенат. Парламенттің екі палатасында барлығы – 156 депутат болса, соның – 49-ы осы Сенатта. Сенаттың – 34 депутаты әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан – 2 адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралса, оның – 15 депутатын Президент тағайындайды. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі – алты жыл болса, оның жартысы әрбір – 3 жыл сайын қайта сайланады.

Парламент Ресейде де екі палатадан жасақталған. Алайда Қазақстан Ресей секілді бірнеше елден құралған федерация емес. 19 миллион ғана халқы бар біртұтас (унитарлы) мемлекет.

Қазір Парламент қабырғасындағы Сенат отырысында «біз бұған дейін ұсыныс айттық», «біз ескерттік, бірақ үкімет тыңдамады» деп отырған сенаторлар халықтың көңілінен шықпайтын заңдарды бір ауыздан қолдап жібере салатыны былай тұрсын, үкіметке сөзін де өткізе алмайтыны бар, ендеше, жоғары палатаның біз үшін, шынымен, маңызы бар ма?

Саяси сарапшы Асхат Асылбеков бір палаталы Парламентті қайтаратын уақыт жеткенін айтады. «Қазақстан – біртұтас (унитарлы) мемлекет. Бұл біздің елге екі палаталы парламенттің пайдасы жоқ екенін нақты көрсетеді. Құқықтануды білетіндер мұны жақсы түсінеді. Өкінішке қарай, Қазақстанның саясатына бола, Сенат түріндегі аппендикс пайда болды. Ол тек бір мақсатқа қызмет етті – егер төменгі палата кенеттен бүлік шығарып, президентке импичмент жарияласа, тосқауыл жасаудың қосымша факторы болуды көздеді. 1993 жылдың қазан айында Мәскеуде өткен белгілі оқиғалардан кейін, яғни депутаттар Ресей президенті Ельцинге импичмент жариялаған кезде, вице-президент Руцкой президентке қарсы шыққанда, сонымен қатар, Зорькин бастаған Конституциялық сот Ельцин импичментін қолдаған кезде, Қазақстан содан қорытынды жасады. Біріншіден, Қазақстанда Конституциялық сот алынып тасталып, оның орнына функциялары шектеулі Конституциялық Кеңес пайда болды. Екіншіден, Жоғарғы Кеңестің орнына Мәжіліс пен Сенаттан тұратын қос палаталы парламент жасады. Оның үстіне, Сенат сайлауын ҚР Президенті Әкімшілігі толықтай бақылайды. Үшіншіден, вице-президент лауазымы алынып тасталды. Осылайша, депутаттармен сөз байласу арқылы ешкім де президентті ауыстыруға, азғыру туралы ой пайда болмауы керек еді. Енді әділеттілікті қалпына келтіріп, Конституциялық сотты, бір палаталы

Парламентті және вице-президент лауазымын қайтару уақыты келді. Сондай-ақ сайлау және саяси партиялар туралы заңдарды өзгертетін күн де жетті», – дейді Асхат Асылбеков.

Нұрай РАХЫМ

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жарас КЕМЕЛЖАН 08:07
Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
Тұрысбек СӘУКЕТАЕВ 20.05.2022, 08:09
НӘН-байдың заманы мен зауалы
Жарас КЕМЕЛЖАН 20.05.2022, 08:01
Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
Айдын ОЛЖАЙ 19.05.2022, 08:52
Мусин міз бақпайды
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ 18.05.2022, 06:17
Қонаев кімнен кем, кімнен артық еді?
Дос КӨШІМ 17.05.2022, 05:00
Қайран 16 миллиард...

Аңдатпа


  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01
  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56