Серікқали Брекешевті киіктің киесі ұрады

Жарас КЕМЕЛЖАН

24.06.2022, 09:06

4093

Ақбөкенді ату керек пе, қорғау керек пе? Даланың кербез киіктері даланы тоздыра бастады деген қаншалық қисынды әңгіме? Әлем бойынша жер көлемі жағынан тоғызыншы орындамыз, деп көпіретін ұлан-ғайыр даламызға киіктер неге сыймай жатыр? Әлде сыйдырмай отырмыз ба? Қазақстанда мемлекеттік деңгейде осы сауал көтерілді. Қайталап айтайық, мемлекеттік деңгейде! Күлкің келеді. Бұған жылау керек еді.

«Киікті ату керек пе, атпау керек пе?» деген мәселені мемлекеттік деңгейде көтеретіндей, не басымызға күн туды? «Ақбөкенді ату туралы заң шығару қажет», деп жанығып жүргендердің артында астананың шенеуніктері мен бай-бағландары тұрғанын бесіктегі бала да түсінді қазір.

Қазақстанда ақшасы көп байлар мен креслосы биік шенділердің ең азарт ермегі – аңшылық. Аңшылық – атакәсіп еді бұрын. Бірақ байырғы бабаларымыз «Ысқырып атқан аңның жазығы жоқ», дейтін. Олар аңды ысқырып, үркітіп ататын. Бұл аңның қашып кетуіне мүмкіндік беру деген сөз. Қазір ше? Қазір киік түгілі, көкбөрінің өзін қар-шанамен қуып, өкпесін өшіріп, атып алады. Кейбір қызылкөздер көкжалдың інін қазып, күшіктерінің тірсегін қиып, итқұсты қорлап кететін болды. Бұрын-соңды нағыз аңшылардың арасында мылтықпен аң аулау, аңның қашып кетуіне мүмкіндік бермей ату – әлсіздік саналған. Мықты аңшы олжасын ит қосып алады немесе бүркітпен, қақпанмен алған. Бұл енді дала демократиясынан туған дәстүр.

Тақырыпқа оралайық. Кер даланың керкиігі биыл қатты көбейіп кетіпті-мыс… Санақшылар есебін шығара алмай жатыпты-мыс… Арқаның аңызын аралап, егінін таптап, шаруалардың мазасын қашырыпты-мыс… Осы мыстардың мысын басу үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев киіктерді атуға рұқсат берілуі мүмкін екенін айтты. Анау-мынау емес, тілшілердің алдында тістеніп тұрып сөйледі. Құдды, киікте кеткен көкесінің кегі бардай. Серікқали мырзаның сөзін бұрмаламай берейік. Ол: «Киіктер қазір ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің егістіктеріне түсіп жатыр. Баспасөзді де жіті оқып отырмыз. Онда бізді Қызыл кітапқа енген киіктерді атуға рұқсат беріп, аңшылық шаруашылықтардың мүддесін қорғап отыр деп жатыр. Біріншіден, киік Қызыл кітапқа енгізілмеген. Ол жойылып бара жатқан түр ретінде қарастырылады. 2016 жылдан бастап, бізде 110 мың киік болды. Бүгінгі таңда олардың саны 1 миллион 318 мыңға жетті, біз популяцияны сақтап қалдық. Қолдан келгеннің бәрін жасадық. Енді бұл популяцияны реттейтін уақыт келді», – депті.

Сонда популяцияны реттеудің жолы – ақбөкенді аяусыз қырып салу ма? Мұның басқаша шешімі жоқ па еді? Әлем экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуынан күн сайын жапа шегіп отыр. Қазақ топырағында да аң-құстың алуан түрі бар еді. Азарт аңшылар мен браконьерлер соның бәрін баудай қырып жүріп, елдің бағын, жердің құтын қашырды.

Браконьерлікке рұқсат бергісі келген Брекешев қылмысқа жол ашып отырғанын түсіне ме екен? Экология министрі: «Киік санын реттеуге нақты лимит белгіленеді. Бұл реттеудің ішінде осы жануарларды ату да бар. Лимит қатаң түрде анықталады. Жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобына барлық мүдделі мемлекеттік органдардың: Бас прокуратураның, Ішкі істер министр өкілдері кіреді. Біз браконьерлікті заңдастыруға жол бермеу үшін барлық жұмысты жасап жатырмыз», деген ол сөзінің соңын түлкі бұлаңға салып аяқтаған.

Лимит деген не? Күніне қанша бөкен, аптасына, айына қанша киік ату керек деген шектеу ғой, бұл. Бірақ кімнің мылтығының оғын санап отырасың? Заң шығардың ба, онда ерігіп жүрген қандыкөздер Арқа төсін қызыл қырман жасайды. Амалың жоқ. Қолында рұқсат қағазы, ату туралы құжаты бар. Неге аттың деп айдата алмайсың. Өйткені бұл ескі де жаңа Қазақстан! Қазақстанда қырып-жою, ату-шабу деген бұйрықтар өте жақсы орындалады. Тіпті артығымен. Сондықтан киікті ату керек деген заң шықса – қазақ даласы қан сасып, еркін жосыған ақбөкендер қынадай қырылады. Тіпті ондай аңшылыққа рұқсат берілді деген сөз – қылмыс көбейеді. Киікпен бірге бұғы, бұлан, құлан мен қарақұйрық та «Қызыл кітаптан» шығып, қара қазанда қайнамайтынына Брекешев кепілдік бере ала ма? Әй, қайдам?..  

Қазақ үшін киік қашанда киелі аң. Қазақты үріккен киікке, жосыған ақбөкенге теңейтініміз содан. Бұларды қой мен ешкі сияқты қайырып, қораға қамап баға алмайсың. Даланың еркін, ерке жануары. Арқаның сайын даласында үнемі босып жүрді. Бұрын қазақ та сондай еді. Еркін, өр, жүректі, асау еді. Патша үкіметі мен Кеңес одағы астындағы атын алып, қолдан аштық, репрессия жасаған соң, қазақ тағы мінезінен айырылды. Орманнан шыққан орысқа даланың асау көшпендісі құл болды. Тілі мен дінінен безді. Ділі де сынды. Орыстандырылған жетпіс жылды қоспағанда, тәуелсіздіктен бергі отыз жылда қазақ соның салдарымен ғана күресіп келеді.

Жаңа Қазақстан құрып жатырмыз, деп мақтанамыз. Жаңа Қазақстан идеологиясы киікке геноцид жасау болса, мынау Қыпшақ даласында қалған жалғыз құндылықтан көз жазып қаларымыз анық. «Киік тез өседі… Егізден-сегізден төлдейді… Бірінің құралайын бірі емізе береді… Төлі тез аяқтанады… Бұларды қыра салу да, өсіре салу да оңай...», деген сөздің бәрі бос әңгіме. Ол ай сайын үкіметтен бірнеше миллион теңге айлық алып семірген, тас қалада айналысатын ермек таппай, еріккен шенділердің ермегі ғана. Егінімді таптады деп байбалам салғандардың артында қарапайым халық емес, латифундистер тұр. Қарапайым шаруаның 10 гектар жері болар, бірақ 10 мың гектар егіні болмайды. Брекешевтердің киікті ату керек деп бүлініп отырғанының бір құпиясы осы. Оның үстіне, киік деген аң жайылымды тоздыратын, өрісінің топырағын шығаратын сиыр емес. Ол жосып жүреді. Оның басқан ізі тұяқкесті болмайды.

Айтпақшы, биыл ақбөкендердің үйірінде әппақ лақтар өріп жүр. Қорықшылар ақ лағын ерткен ақбөкенді суретке түсіріп алып, әлемжеліге салды. Көнекөз қариялар мұндай таңғажайып құбылыс жүз жылда бір рет болатынын, әппақ құралайдың төлдеуі жақсылықтың нышаны екенін айтуда. Солай болғай!.. Сөз соңында, экология министрі Серікқали Брекешевке құралай атқан адамды киіктің киесі ұратынын ескерткен жөн болар!

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 11:28
1 млн 119 мың га жер мемлекетке қайтарылды
Сайт әкімшілігі 11.08.2022, 12:36
«300 мал аштан қырылып қалды»: Сарыбастау ауылында жем-шөп, су мәселесі шешілмей отыр
Сайт әкімшілігі 11.08.2022, 09:29
Әкімдік арзан қантты өзі қалаған кәсіпкерлерге үлестіріп берген
Сайт әкімшілігі 11.08.2022, 09:04
«Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
Сайт әкімшілігі 09.08.2022, 10:36
"Мазақ қылып отыр". Ата-аналар мемлекет беретін мектеп формасынан жаппай бас тартуда
Бифат ЕЛТАЕВА 08.08.2022, 15:49
Жастарды мемлекеттік қолдау бағдарламалары жемісін беруде

Аңдатпа


  • "Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
    15.08.2022, 08:58
  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    12.08.2022, 08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49