Шаңырақ оқиғасы: Дарынсыз билік, нанымсыз сценарий

Дос КӨШІМ

14.07.2021, 09:19

3414

Шаңырақ оқиғасына – 15 жыл. 2006 жылы 14 шілдеде болған тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы үлкен ереуіл. «Полиция өртеніп кетті» деген суық хабарымен-ақ елді дүр сілкіндірген оқиғаның бір ғана себебі бар: әлеуметтік теңсіздік. Үйсіз-күйсіз жүрген елдің билікке қарсылығы. Тоқырау жылдары (бұл әлі жалғасып келеді) ауылдан қалаға ағылған қазақ өз үйін, өз шаңырағын қорғап қалу үшін басқа емес, өз билігімен ұстасуға мәжбүр болды.

Бұл оқиға 15 жылдан бері қоғам тарапынан әртүрлі бағытта зерттеліп келеді, бірақ із суытып кеткісі келетін билік бұл қақтығыстың әділ бағасын әлі берген жоқ. Ресми түрде мойындалмағанымен, Шаңырақты шайқап кете жаздаған бұл оқиға туралы қалың ел өте жақсы біледі. Осы іске қатысы бар деп қудаланған, сотталған «қылмыскерлердің» ақталатынына, түбінде ақиқат ашылатынына, оған кінәлі тұлғалардың аты ашық айтылатынына сенеді.

Оқиғаға қатысқан талай адам сотталды. Сол кезде «жаппай тәртіпсіздікке қатысты», «полиция қызметкерлеріне қарсы қару қолданды» деп айыпталып, шартты түрде бас еркінен айырылған Аят Темірбаевтың қорғаушысы болған саясаткер Дос Көшімнің ақырғы шешім шығар күнгі сотта сөйлеген сөзі мен келтірген уәжінің бір парасын оқырман назарына ұсынамыз.

Шаңырақ шайқасына қатысқандардың сотындағы соңғы сөз

Құрметті сот алқасы!

Құрметті сот процесіне қатысушылар!

Шаңырақ оқиғасы кезінде Алматыда әкім болып тұрған Иманғали Тасмағамбетов сол кезде «Один социум проживает в городе, стремится свое благополучие строить на действующем законодательстве, которое хорошо или плохо, но действует. Люди стоят в очереди на жилье или собирают деньги на ипотеку, находят работу. Порой даже работают в трех-четырех местах. И есть социум, который, попирая все законы, выставляет прежде всего, свое агрессивное иждивенчество: Вот я казах, я должен, я обязан взять эту землю силой» деген болатын. Одан кейін қала халқын екіге бөлетін, арғы жағы ұлтаралық қақтығысқа айналып кетуі мүмкін бұл пікірді Иманғали енді қайтып айтпайтын болғаны да белгілі.

Қазақ елін дүр сілкіндірген бұл сот процесі дүкенге түскен бір топ ұрыны соттау немесе талай адамның қанын шашқан қарақшылар тобын айыптау емес. Бұл мәселенің саяси-әлеуметтік негізі бар, керек десеңіз, ұлттық сипаты да анық көзге түседі. 

Әңгімені Шаңырақ оқиғасына алып келген жер сату мәселесінен бастаған дұрыс сияқты. Адамның өзі жасап шығарған дүние-мүлкін, таланты мен біліктілігін, шығармашылық туындысын тауар ретінде сату – қалыптасқан мәселе. Ал Алланың берген ауасын сату, жерін саудаға салу  ешбір мемлекетке құзыретіне жатпайтын жағдай. Оның ішінде қазақ халқына жат дүние. Қысқасы, қазақ жерін саудаға түсіргендер – бүгінгі процестің негізгі айыптылары.

Шаңырақ оқиғасының басы алдаумен басталып, аяғы да алдаумен бітейін деп отыр. Алғашқы алдау 1992 жылдың 17 маусымында болған. Сол уақытта «Азат» қозғалысы Терещенконың үкіметін кетіру мақсатында парламентті қоршап алып, шатыр тігіп, алты күн жатты. Бізге «Баспанасыздар одағының» үйсіз жүрген 2000 адамы қосылады деген сөзді естіген қала әкімшілігі ертеңіне-ақ жер бөліп беретін болды. Жер аламыз деген үйсіздер біздің әрекетімізге қосыла алмады. Шаңырақ жерінің басы осылай басталған.

 Екінші алдау 2005 жылдың 9 тамызында болды. Жатақханадан шығарылып жатқандар – қазақтар, үйсіз жүргендер – қазақтар болғаннан кейін «Ұлт тағдыры» қозғалысы сол күні қала әкімін жатақханалар мен «Шаңырақ» ықшамауданының өкілімен кездестірді. Иманғали Тасмағамбетов сол жерде екі жатақхананың мәселесін нақты шешетінін айтты және «Шаңырақтағы» газдың үстіндегі 500 үйді  қиратпайтынын, газ құбырының қысымын азайтып, кейіннен оны ықшамауданды айналып өтетіндей етіп қайта жүргізетінін айтып сөз берген. Шындығын айту керек, бұл кездесуде сайдың ішіндегі үйлер туралы сөз де болған жоқ. Ал тұрғындардың айтуынша, сол жылдың 5 қыркүйегінде Шаңыраққа келген қала әкімі «Шаңырақ» шайқалмайды», «Әйгерім» әбіржімейді» деген атақты сөзін айтыпты. Президент сайлауының алдында, халықты дауыс беруге үндеу мақсатында салынып жатқан үйлердің ешқайсысына ескерту айтылмаған. Ал президент сайлауы өткеннен соң-ақ (2006 жылдың ақпан айында) үй бұзу басталды.

Шаңырақтағы үйлер жергілікті шенеуніктер үшін ең сүтті «сауын сиыр» болатын. Әрбір үйді заңдастырғаны үшін мыңдаған доллар алады. Сондықтан болу керек, 1992 жылы берілген үйлердің көпшілігі әлі де заңдастырылмай отыр. Ал ақшаларын берген, бірақ сайдың қақ ортасында тұратын ондаған үйлер заңды болып саналады. Алайда тышқан сияқты кертіп жейтіндердің үстінен қарайтын асап жейтіндер келді де, олардың бизнесін де, шаңырақтықтардың жерін де тартып алуға кірісті.  Демек, осы жағдайдың алдын алмаған жергілікті билік органдары – бүгінгі процестің тағы бір айыпты жағы.

Соңғы статистикалық мәлімет бойынша Алматы қаласының өзіне жыл сайын 40 мың тұрғын көшіп келеді. Бұл – қазақ ауылдарының күйреуінің салдарынан пайда болған ішкі миграция. Басын 90-жылдардан алған бұл аласапыран трагедияға қирап жатқан байлықтан қарпып қалуды ғана ойлаған билік көңіл де бөлмеді. Он шақты жылдан соң, ауылдан шұбырған қазақтар қала маңындағы ауылдарға, ықшамаудандарға орналаса бастады. Өз күндерін өздері көре берсін деген болу керек, мемлекет бұл жағдайды да көрмеген болып отыра берді. Ал жер ақшаға айнала бастаған уақытта қойдан жуас қазақтарды бір жапырақ жерден қуып шығу саясаты өмірге келді. Сот барысында куә болған шаңырақтық апайдың «Устюгов 14 шілденің алдында екі күн бойы машинамен келіп, көлдің маңын қайта-қайта қарап жүрді» деген көрсетпесі мен жер комитетінің өкілі Козлов мырзаның «ол жерге демалыс орнын салуға болады» деп абайсызда айтып қойған сөздерінен-ақ сайдың бойына ақшалы қалталылардың демалыс орнын салмақшы болғаны белгілі болды. Мүмкін, олар бір демалыс орны үшін 500 қазақтың үйін қирату түкке де тұрмайды деп ойлаған болар.

Мемлекет осы уақытқа дейін не ішкі миграцияны реттеген жоқ, немесе ауылдан қалаға шарасыз келген қазақтарды жермен қамтамасыз ету мәселесін шешкен жоқ, немесе заңды түрде берілген Шаңырақ сияқты аудандардағы салынған үйлерді заңдастыруды қолға алған жоқ. Демек, темір тордың ішінде осы қанды трагедия тудырған процестіңнақты бір айыпкері ретінде мемлекеттің өзі  отыруы керек.

Қазақ елінің түрмелеріндегі жағдай – демократиялық жолға түсіп, адам құқығы мен еркіндігін сақтаймыз деген декларацияны да, конституциялық заңдарды да жоққа шығарады. Оны бәріміз де жақсы білеміз. Бәріміз көзімізді жұмып, бұл зұлмат менің басыма түспейтін шығар деп ойлаймыз. Бірақ тағдырдан қашып құтыла алмайсың. Кешегі Шаңырақтың аналарын етікпен таптаған Самалихов та, қарусыз халыққа темір құрсанған СОБР жаналғыштарын алып келген Қадірқожаев та бүгін түрмеде отыр. Біздің деректеріміз бойынша 14 шілдеден бастап 170-ке жуық қазақ жастары ешқандай заңсыз ұсталып, жауап алынды. Олардан зорлықпен жауап алған тергеушілер тобының басшысы Тельман Есілбаев та осы сот процесінің алдында қазаға ұшырады. Олардың алды бір, ал кейбіреулері 7-8 күн абақтыға отырып шықты. Олардың көрген азаптарын, соның ішінде бүгінгі 25 жігіттің жеген таяғы мен көрген қорлықтарын ешкімнің басына бермесін. Бүгінгі процесте айыптылардың орнына «шындықты іздеушілер» – тергеушілер мен қанды қол полиция қызметкерлері отыруы керек еді. Ең басты айыпталушылар да солар болуы керек.

Шаңырақтағы үйлерді қиратудың алдында 744 полиция қызметкерін жібергенде де біздің үкіметіміз «жаппай тәртіпсіздікті» қуып таратамыз деп ойлаған болар.  Басқа елдерде де полиция айтқанға көнбеген тобырды су шашып таратады, сойылмен таяқтап, көшелерді тазалайды, қысқасы, қоғамдық тәртіп орнатады. Теледидардан жапон, кәріс, француз елдеріндегі осындай жағдайлардың болып жатқанын көріп, көзіміз үйреніп кеткен.

Алайда қазақтар жапон емес, ал шаңырақтықтар бұзақылар емес екен. Біз өз жерімізде, өз елімізде, өз ауылымызда қолдарына таяқ ұстап келгендерді тек қарақшы, басқыншы деп түсінеміз. Мейлі, ол орыстың казактары болсын немесе ішкі істер бөлімінің қызметкерлері болсын. Ал егер олар сағат бесте тасаға жиналып, таңғы сағат алтыда ауылға кірсе, сөз жоқ, жау болып табылады. Бұл ғасырлар бойы қалыптасқан, қанымызда сақталып қалған қасиет. Оны «тағылық» немесе «өркениетті елдердің заңдылықтарын қазақтардың қабылдамауы» деп түсінбелік.

Қазір билік шаңырақтықтарды басқаларға сабақ болсын деп жазалайын деп отыр. Алайда бұл да жүзеге аспайтын тәсіл. Желтоқсанның тозақтарын білмейтін қазақ жоқ, бірақ шаңырақтықтар сол зобалаң біздің де басымызға туады деп, үйлерін тастап қашып шыққан жоқ. Сол сияқты кешегі Шелектегі оқиғада, одан соңғы Малаводныйдағы жағдайда ешкім де «ойбай, Шаңырақтағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқан жастарды соттап жатыр екен, абай болайық» деп тартыншақтаған жоқ. 25 жігіттің сотының жүріп жатқанына біліп-көріп отырып, ұлттық намыс қысқанда, әлеуметтік әділетсіздікке төзе алмаған жағдайда полицияның сойыл, қалқанына қарамай, оққа қарсы ұмтылды.

                   Тәртіп сақшыларының арандатуы

Сот процесіндегі ең үлкен көзге түскен мәселе – сол күнгі жергілікті билік пен тәртіп сақшыларының іс-әрекеттерінің заңсыздығы болды. Процеске қатысқан барлық куәлар өздерінің әрекеттерін заң негізінде жүргенін айтып бере алмады. Сондықтан болу керек, біздің алдымызда олардың барлығы дерлік куәдан гөрі айыпталушы сияқты ыңғайсыздық жағдайында тұрды. 

Менің ойымша, полицияның Шаңырақтағы барлық іс-әрекеттері бір ғана нәрсені дәлелдейді. Шаңырақ қақтығысы – полиция тарапынан жасалған арнайы арандатушылығының нақты жемісі. Тағы да қайталап айтайын, бұл – арандатушылық. Бұл арандатушылық кімдерге қарсы бағытталған немесе кімдерге тиімді екені екінші мәселе, –  ол жағын келешекке қалдырайық, ал іс-әрекеттердің барлығы Шаңырақты қорғаушыларды қатыгез, қарақшы, басқыншы етіп көрсетуге бағытталғаны анық көрініп тұр. Оның нақты дәлелдері мыналар:

        Арнайы белгіленген әр аудандық ішкі істер бөлімі дайындаған фиксациялық топтар (болып жатқан әрекеттерді суретке, бейнетаспаға жазып алатын мамандар) а) не өрт сөндіретін машиналарды кімдердің жаққанын түсіре алмаған не түсірмеген; ә) не полиция қызметкерлерін ұрып жатқан бірде-бір адамды түсіре алмаған не түсірмеген; б) не полиция қызметкерлерін «кепілдікке» алып жатқан мезетін, не соны кепілге алып жатқан азаматтарды түсірмеген не түсіре алмаған; в) не Бейсеновке от қойған адамды бес жақтан тұрып (!) түсіре алмаған не түсірмеген; г) не жарылған бірде-бір газ баллондарын түсірмеген; д) не қарсылықты «ұйымдастырушы штабтың» жұмысын түсірмеген.

        Қысқасы, қақтығыстың ең бір қажетті жерлерінде арнайы дайындалған алты бейнекамера мен фотоаппараттар мылқау күйінде қалған.

        13-і күні «Шаңырақ» ықшамауданындағы тұрғындар дүрлігіп жатыр, тас жинап, бөтелкелер дайындап жатыр екен» деген хабарды алғанын қаланың қоғамдық қауіпсіздігінің басшысы өз аузымен мойындады. Бірақ «неліктен сол жерге барып, оқиғаның алдын алмадыңдар» деген сұраққа мардымды жауап бере алмады. Ол түсінікті де. Полицияға шаңырақтықтардың осы соғысқа  дайындалғандары қажет болды. Жұртты дүрліктіріп, түні бойы ұйқыдан қалдырып, оларға қарсыласуға жағдай жасау арандатушылар үшін ең тамаша психологиялық қару болатын. Ал сол түнде барып бәрін тоқтатса, ертеңгі ойластырылған қырғын болмайтыны айдан анық еді.

       Полиция басшылары немесе аудандық прокурор таңертең келген уақытта жиналған халыққа өздерін таныстырмаған, не үшін жиналғандарын хабарламаған. Бұл тәртіп сақшыларының ең басты міндеті болып табылады. Шынын айту керек, осы дерек анықталғаннан кейін-ақ сотталушыларды толық босатуға болады. Халықтың өкілдері өздері келіп, оларға шабуыл жасамау туралы өтініш айтпайды, полиция басшылары жиналған топқа барып, құжаттарын көрсетіп, өздерін таныстыруы шарт. Бірақ куәлердің барлығынан осы сұрақты сұрағанымда, ондай әрекеттің болмағаны анықталды. Бұны полиция басшылары да, Шаңырақты қорғаушылар да айтты. Ең қызығы, полицияның қолында (машинада) дыбыс ұлғайтқыш та болған. Бірақ олар «ескерту берсек, халық тарап кетеді де, арандату әрекеті іске аспай қалады» деп қорыққан болу керек. Өздерін ресми түрде таныстырмаған жандарды полиция киімін киген бандиттердің қатарына қосуға әбден болады, сондықтан олармен қақтығысу ешқандай заңбұзушылық болып табылмайды.

      Арандатушылар өздерімен бірге ешқандай үйді бұзатын техника әкелмегені (5 трактор, 4 бульдозер, 2 КамАЗ және 30 жұмысшы) де сот барысындағы куәлерден анықталды. Устюговтың ғана «Массагет» жағында техника тұрды деген жауабын ешкім де қостамады. Аудан әкімінің өзі «осыған байланысты бухгалтерлік құжаттар бар ма?» деген сұраққа, «Бәрі телефон арқылы ауызша болды» деп жауап берді. Қандай мекеме ішінде бульдозер, ауыр машинасы бар он шақты техниканы бір күн бойы тегін береді? Үйді бұзатын 30 адамды да ешкім көрмеген, демек, олар да шақырылмаған. Қысқасы, техника мен жұмысшылардың әкелінбеуінің өзі полицияның үйді бұзуға емес, төбелесті ұйымдастыра отырып, арандату арқылы шаңырақтықтарды соттауға алып келу мақсатын нақты көрсетеді. Шынында да, үйлерді бұзу емес, қырғын жасауға келгендерге техника мен жұмысшылардың қандай қажеті бар?

       Бұл әрекеттердің арандатушылық екенінің тағы бір дәлелі сот барысында  көзге түсті. Ол – үйлерді қирату жоспарының болмағаны. Меніңше, сот орындаушылары полицияның соңынан жүріп отырғанда, «біз неге келе жатырмыз» деп ойламаған да болу керек. Себебі олардың қолдарында сот  үкімі болмаған, сот үкімінің барлығы сумкадағы папкада, бір адамның қолында болғаны сот процесіндегі жауаптан анықталды. Қай үйді, кімдердің бұзатыны да нақтыланбаған, қысқасы, сот орындаушыларын өздерінің арандатушылық әрекеттерін сәл де болса жасыру мақсатында, статистика есебінде пайдаланған сияқты.

        Логика бойынша жиналған халыққа бірінші болып сот орындаушылары баруы керек еді. Бірақ оларды халықтың ешқандай қарсылықсыз жіберетінін жақсы білген полиция басшылары оларды саптың соңына қойған. Сот орындаушыларының бірде-бірі жарақат алмауының да себебі осында жатыр. Олар полиция сияқты халықты қақтығысқа алып келе алмайтын еді. Үйді бұзу үшін алға жылжыған саптың алдында сот орындаушыларының болуы міндетті еді. Бұл да полицияның халыққа шабуыл жасау үшін істеген әрекеті деп білу керек. Ең қызығы, «СОБР сот орындаушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қатысты» деген жауап болды. Алайда СОБР-дың бірде-бірі сот орындаушыларын танымайтын да, білмейтін де болып шықты. Сот орындаушыларында арнайы форма да болмағаны белгілі. Сонда олар (шаңырақтықтар мен сот орындаушыларын ажырата алмайтын полиция өкілдері) кімдерді кімдерден қорғамақшы болған?

        Полиция басшыларының кепілге алынған қызметкерлерді шығарып алуға өрт сөндірушілерді итермелеуі – арандату әрекетінің нақты дәлелі. Арнайы дайындығы жоқ өрт сөндіруші қызметкерінің кепілдерді құтқару әрекеті жүзеге аспаса (оның жүзеге аспайтыны анық), бейбіт қызметтің адамын құрбан қыла отырып, Шаңырақ тұрғындарын тағы бір жауыз етіп көрсетуге болатын еді.

       Өрт сөндіргіш машинаның біреуін алып барып, өртенген уақытта не өздерінің экипажы сөндірмей, не артындағы екінші машинаның сөндірмей шегініп кетуі, экипаждың машинаны тастап кетуі де нақты ойластырылған арандату әрекетін көрсетеді. Арандатушылардың жоспары бойынша шаңырақтықтарға бір-екі машинаны жақтыру керек болатын. Олардың сол пасық мақсаттарына жеткені де белгілі.

       Арандату жұмысы халыққа жалған ақпарат берумен қатар жүргізілетіні белгілі. Сондықтан да теледидардан берген сұхбатында Бугаев мырза «Шаңырақтың адамдары мас» деген жалған ақпарат берді. Бұл мәлімдеме эфир арқылы бүкіл Қазақстанға тарады. Алайда біздің алдымызда берген жауабында полковник мырза өзінің осы сөзіне нақты дәлел келтіре алмады. Полиция тарапынан болған куәлердің бірде-бірі Шаңырақтағы шайқас кезінде мас адамды көрдім деп айта алмады, ал айтқандары ешқандай дәлел келтіре алмады. «Маскүнемдер мен нашақорлар» деген атақ Желтоқсан жастарына да тағылған, бұл жерде қалалық құқық қорғау органдарының басшылары ешқандай жаңалық ашқан жоқ деп ойлаймын.

       Жаппай тәртіпсіздік туған жағдайда оларды қуып тарату міндеті осындай жағдайда жұмыс істеуге арнайы дайындалған полиция тобына жүктелетіні де белгілі. Алайда осы арандатушылықты ұйымдастырушылар арнайы полиция тобын емес, бұл істен ешқандай хабары жоқ полицияның басқа да мамандарын шабуылға қатыстырған. Олардың ішінде тек қана көзіме түскендерді атап өтейін, мыналар  бар: мемлекеттік көлік инспекторлары, қылмыстың алдын алу бөлімінің инспекторлары, тергеушілер, учаскелік инспекторлар,  оперуполномоченныйлар, криминалистер, балалар ісі жөніндегі инспекторлар, кеңсе қызметкерлері – заңгерлер. Адамдарды резина сойылмен ұрып таратуға криминалистер де, балалар ісі жөніндегі инспекторлардың да дағдыланбағаны анық. Сондықтан да бұлардың барлығы СОБР сияқты жұмыла жұмыс істей алмайтын еді. Олардың көпшілігінің сайдың ішіндегі тасаларға тығылып қалғандары да соны дәлелдейді. Осы оқиғаны ұйымдастырушылардың басты мақсаты да осында болатын.

       Тағы бір мәселеге көңіл аударған дұрыс сияқты. Куәлердің айтуы бойынша, қарсылық білдіріп тұрған тұрғындардың мөлшері 700-1500-дің арасы. Оның ішінде бала-шаға, кемпір-шал, әйелдер де бар. Сонда 300-ге жуық жігітке ұзын саны 956 тәртіп сақшысының әлі келмеуі мүмкін емес еді. Олардың барлық мақсаты халықты ызаландыру, олардың қарсылығын тудыру, сол қарсылықты қылмысқа айналдыра отырып, халықты енді қайтып бас көтере алмайтындай етіп жазалау болатын. Кешегі прокурор мырзаның екі тас лақтырған адамға жеті жыл бас бостандығынан айыруды сұрап отырғаны да осы арандатушылықтың заңды жалғасы болар деп ойлаймын.

       Арандатудың ең үлкені – шабуыл кезінде тығылып қалған, өздерінің қатарларына қосыла алмай, халықтың арасында қалған қызметкерлерін құтқару туралы полиция басшыларының ешқандай іс-әрекет жасамағаны деп түсіну керек. Біріншіден, арнайы дайындығы бар қызметкерлер ешқашан қасындағы жолдасын жаудың қолына тастамайды. Олар жаралы болса да, өлі болса да, алып шығады. Бұл арнайы топтың ең басты парызы болып саналады. Алайда кепілдікке адамдарды тастап кету үшін жасалған дарынсыз шабуылдың салдарынан бірнеше полиция қызметкері Шаңырақтың ішінде қалды. Әрине, қарапайым логика бойынша осы жерде адам өміріне қауіп төніп тұрғаннан соң, полиция басшылары халықпен келісімге баруы қажет еді. Оның орнына олар тағы да шабуыл жасауға көшкені де арандатушылықтың нағыз дәлелі. Олар емес, алғашқы полиция қызметкерін арада жүрген қоғам қайраткерлері алып келеді. Әсет Бейсеновтің қазасы да осы зымиян жоспардың заңды жалғасы деп білемін. Байқап қарасаңыздар, полиция тергеушісі жанғаннан кейін ғана «уһ» деп, алға қойған мақсаттарына жеткен арандатушылар шабуылды тоқтатуға бұйрық берген. Бұдан артық арсыздық болуы мүмкін емес.

Тегтер: оқиға қылмыс тергеу тексеру

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ 23.09.2021, 09:05
Қазақстанға АЭС керек пе?
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 22.09.2021, 15:00
Орынбасарлары орын ауыстырса да Ахметов өзгермейді
Расул ЖҰМАЛЫ 22.09.2021, 08:35
Ауған тартысы және қазақ мүддесі
Жарас КЕМЕЛЖАН 16.09.2021, 07:50
Арман Шораев: Кейбір саяси шешімдер Мәскеуге тәуелді
Берікжан БАЙБОТАЕВ 15.09.2021, 09:30
«Сұмырай келсе су құриды...»
Батыр ЖАСҰЛАН 15.09.2021, 08:16
Тілді талқыға салатын төрт топ бар

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39