Шераға Халық қаһарманы болуы керек еді...

Нұрболат ӘЛДИБЕК

26.10.2022, 12:50

2148

Шындықтың шырақшысы атанған қайсар мінезді қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері, халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығы Жамбыл облысында кең көлемде аталып өтті. Торқалы той жазушының аты берілген Тараз инновациялық институтының алдына қойылған еңселі ескерткіштің ашылуымен басталды.

    

Салтанатты рәсімде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды. Мұнан соң Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Нұрлан Оразалин көсіле сөйледі.

– Бұл – ұлы Шерханның рухына ғана емес, қазақ халқының байтақ тағдырына көрсетілген тағзым. Тоныкөк, Бәйдібек баба, Төле бидің аруағы қозғалып жатқан күн. Әлихан, Міржақып, Мұхаң мен Сәбең, Ғабеңдердің рухы қозғалып жатқан күн.

Тараздың төрінде дүниеге теңдік сұрап сөйлеген Шерхан Мұртазаға құрмет жасалып жатыр. Шераға жаңа дәуірдің қиын кезеңінде, Ұлы дала тағдыры батыс пен шығыстың қайшысына түсе бастаған тұста жазушылық, қайраткерлік міндетін адал атқарды. «Қызыл жебе» – жазушылық бейнесі.

Журналистикада «Шерханның шекпенінен шыққан» жаңа дәуірдің көркемсөз майталмандары қалыптасты. Тәуелсіздікке қадам басқан кездегі қателіктерімізді де батыл айтқан – Шерхан. Сол үшін Шераға Халық қаһарманы болуы керек еді. Бірақ бүгін қоладан ескерткіш құйып, қазақ елі Шерханын қаһармандық биігіне көтерді. Осы ескерткіш жазушының қаһармандығына қойылған мәңгілік белгі, – деді.

Ал ақын Мұхтар Шаханов жиналған жұртшылыққа бата берді.

Ескерткіштің ашылу салтанатынан кейін «Көне Тараз» кешенінде Халық жазушысының мерейтойына арналған «Шерхантаным: қазіргі қазақ әдебиеті мен қазақ баспасөзінің даму тенденциялары» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Еліміздің әр қиырынан Мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жоғары оқу орындарының профессорлары мен оқытушылары, зиялы қауым өкілдері қатысқан конференцияны парламент мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген жүргізді.

Жиынға қатысушыларды Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов құттықтап, іс-шараның маңыздылығы мен тұлғаның өнегесі туралы айтты.

– Қасиетті Әулиеата топырағы текті тұлғалардың шоғыры шыққан аймақ. Жыр алыбы – Жамбыл, өнердің кені – Кенен. Міне, осы ардақты рухани тұғырдың биік шыңында даңқты жерлесіміз, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза да тұр. «Шерханның шекпенінен шықтық» деген азаматтардың өзі бүгінгі таңда белгілі тұлғаларға айналды. Біздің облыста Шерхан Мұртаза есімін ардақтауға бағытталған жұмыстар кеңінен жүріп жатыр. 2019 жылы Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығы ашылды. Өздеріңіз бүгін көргендеріңіздей, халықаралық Тараз инновациялық институтына және Баспасөз үйіне Шерхан Мұртазаның есімі берілді. Облыстағы төрт орта мектеп Шерхан Мұртаза есімімен аталады. Өңірдегі отыздан аса білім ошақтарында Шерхантану сабақтары өтіп жатыр. Шерхан Мұртаза аты берілген Тараз инновациялық институтының құрылтайшысы Ерболат Саурықовтың қолдауымен жазушының бес томдық жинағы және «Ауылды, сені сағындым» кітабы жарық көрді. Себебі Шерхан Мұртаза мұралары – жанымызға демеу, ұрпаққа ұран. Алдағы уақытта да жазушыға көрсетілер құрмет жалғаса береді. Бүгінгі конференция жұмысына сәттілік тілеймін, – деді облыс басшысы.

Өз кезегінде, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді, Уәлихан Қалижан, тарих ғылымы­ның докторы Мәмбет Қойгелді, Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Ғарифолла Есім, парламент мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, жазушы, публицист, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Әмірхан Меңдеке, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы және басқа да азаматтар сөз сөйлеп, тұлға туралы тағылымды ойларымен бөлісті.

Жиынға қатысушылар Шерхан Мұртазаның сан қырлы қызметі, елдің саяси және қоғамдық өміріндегі түбегейлі өзгерістерге атсалысуы, әдебиет пен журналистиканың дамуына қосқан зор үлесі туралы әңгімелеп, қаламгердің биік болмысын одан әрі асқақтатып, жазушылық, қайраткерлік, азаматтық асыл қасиеттеріне терең тоқталды.

Жамбылда Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына арналып жыл басынан бері өтіп жатқан іс-шаралардың қорытындысы іспетті дүбірлі жиын ары қарай түс ауа қаламгердің туған ауылы, Жуалы ауданындағы Талапты елді мекенінде жалғасты. Еліміздің әр қиырынан келген меймандар мұнда, алдымен, жазушының өзі тұрған үйдің әдеби-мемориалды музейге айналуының куәсі болды. Мұнда жазушының мұралары сақталады. Түрлі мәдени-әдеби іс-шаралар өтетін ыңғайлы мәжіліс залы да бар. Бұл музей-үйді халық жазушысының немере інісі Әлижан Мұртаза басқарып, күтіп ұстайтын болады.

Ашық алаңда тігілген ақшаңқан киіз үйлерде торқалы тойға келген көпшілікке дәм беріліп, Шерхан Мұртазаның рухына арналып, Құран бағышталғаннан соң, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры ел назарына «Шерхан» драмалық қойылымын ұсынды.

Жиын соңында республикалық деңгейде ұйымдастырылған «Ақиқат­тың ақ туы» атты эссе тақырыбындағы байқау мен «Шын­ның жүзі – Шераға» атты республи­калық ақындар мүшәй­расының қоры­тындысы шығарылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.

«Ақиқаттың ақ туы» атты шығармашылық бәйгеде бас жүлдеге Гүлзейнеп Сәдірқызы лайық деп танылса, бірінші орынды Қуандық Түменбай жеңіп алды, екінші орынның екі жүлдесі Көсемәлі Сәттібайұлы мен Серік Ақсұңқарұлына табыс етілсе, үшінші орын жүлдесіне Елен Әлімжан және Анар Қоныс ие болды.

Ал «Шынның жүзі – Шераға» атты республикалық мүшәйраның бас жүлдесін Баймаханбет Ахмет алса, жүлделі бірінші орыннан Табиғат Абаилдаев көрінді. Ал «Жай отынан жаратылған намысы» атты Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына арналған облыстық ақындар айтысының бас жүлдегері Қанат Мырзахан мен бірінші орын иегері Дархан Әбдіманаттың  айтысы сәтті шықты.

Осылайша, Әулиеата жерінде, Талаптының төрінде Шерхан Мұртазаның 90 жылдық торқалы тойы дүркіреп өтті.

Тегтер: тұлға естелік парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Мәкен УАҚ 11:59
Ататүрік қашан «бостандыққа» шығады
Ораз ҚАУҒАБАЙ 02.02.2023, 12:42
Қонаев ата-тегінің ақиқаты
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 02.02.2023, 09:07
Қарағандыда ашылған жаңалық Еуропада резонанс тудыруда
Батыр ЖАСҰЛАН 02.02.2023, 07:16
Әкімдер ай қарап жүр ме?
Әділ АҚЫЛБАЙ 01.02.2023, 07:26
Қазақстан қашанғы кландар меншігі болады?
Жарлы БАЙҒАНИН 31.01.2023, 09:00
№36

Аңдатпа


  • Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
    07:32
  • Ресей Путиннен қашан құтылады?
    07:17
  • Қайдасың, инвестор?
    07:23
  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    02.02.2023, 07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    02.02.2023, 07:16