Шөкеевтің басына күн туды

Тоқаев Түркістанның әкіміне кешірім жасауы тиіс пе?

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

19.07.2022, 08:53

3574

Жақында елордада өткен брифингте Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ірі көлемде парамен ұсталған Кентау қаласы әкімінің кінәсі дәлелденсе, отставкіге кететінін мәлім еткен болатын. Міне, сол сәт те келді. Өткен аптада Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі соты Кентау қаласының бұрынғы әкімі, биыл ақпанда 98 500 доллар пара алды деген күдікпен ұсталған Дәурен Махажановқа үкім шығарып, оны 10 жылға бас бостандығынан айырды. «Енді Шөкеев уәдесінде тұрып, отставкаға кетсін». Қазір әлеуметтік желіде осындай пікір айтылып жатыр.

Облыс әкімдігі Шөкеевтің отставкасына қатысты арнайы мәлімдеме де жасады. Оған қарағанда, Шөкеев үкім заңды күшіне енген соң тәртіпке сәйкес отставкіге арыз береді. Ал оны қабылдау-қабылдамауды президент шешеді. Яғни Шөкеевтің басына күн туып тұр деген сөз. Тоқаевтың Шөкеевке қатысты қандай шешім қабылдайтыны уақыттың еншісінде. Бұл Шөкеевтің Ақорда үшін қаншалықты қажет кадр екендігін де білдіретін болады.

Махажановқа қатысты тергеу амалдары Алматыда жүргізілді. Ол үш айда бітті. Сот та Алматыда өтті. Таңғаларлығы сол, экс-әкімнің ісі сотқа мамырдың аяғында түскен. Сотталушының кінәсін мойындамағанына, адвокаттардың айғақ-дәлелдерді даулағанына қарамастан, судья іс бойынша бар-жоғы бір жарым айда үкім шығарды (егер осы іс Түркістанда қаралғанда кемінде жарты жылға созылуы мүмкін еді). Бәлкім бұл да кездейсоқтық емес шығар...

Уақтысында Павлодар облысы әкімінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрлігінде қызмет еткен Дәурен Махажанов Кентау қаласының әкімінің креслосына 2019 жылдың сәуірінде отырған. Ол содан екі ай бұрын облыс әкімі болған Өмірзақ Шөкевтің тағайындаған алғашқы кадрларының бірі саналады. Сот үкіміне қарағанда экс-әкім 98 500 доллар параны (теңгеге шаққанда 42 миллион) алатынына толық көз жеткізу үшін мердігерді осыншама қаражатты қарызға алғаны туралы келісімшартқа қол қоюға мәжбүр еткен. Яғни Махажанов тарихта пара алудың «рекордын» жаңартқан (мұншама көлемде пара алу облыста бұрын-соң болған емес) және «откатты» құжат жүзінде заңдастырған әкім ретінде қалайын деп тұр.

Құзырлы органдарға пара туралы арызданған «VIP Stroy Company» серіктестігінің директоры О.Артықалиевтің сотта берген жауабына қарағанда, 2019 жылы ол Л.Бобрышев деген кәсіпкермен танысады. Ол Кентау қаласындағы жол жөндеу жұмыстарына қатысуға шақырған. Осы мақсатта Бобрышев Артықалиевты Кентау қаласының әкімі Махажановпен таныстырған. Жол-жөндеу жұмыстары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында жүзеге асқан. Келісім бойынша мердігер құрылысқа қажетті ақшаны өзі шығарады. Ал мемлекет бұл шығындарды бес жыл бойы бөліп төлеп құтылатын болған. Бобрышев осы қаражаттарды кедергісіз аударып отыру үшін Артықалиевтен 50 миллион теңге сұраған. Ол оның 40 миллионы әкім Махажановқа, 7,2 миллионы А.Евниев деген азаматқа берілетінін, ал 2,5 миллион теңгесі өзіне қалатынын айтқан. Айтпақшы, бұл қай Евниев? Әңгіме уақтысында Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі болған Арман Евниев туралы сияқты. Ол Махажанов екеуі аталған министрлікте бірге жұмыс істеген. Евниев құрылтайшылық ететін компания Кентауда жобаларды жүзеге асырумен айналысқан. Махажанов жол жөндейтін мердігер тауып беруді алғашқыда Евниевтен сұраған көрінеді. Евниевтің өзі сотқа куәгер ретінде қатысқан. Ал ақша алғандығы туралы ешқандай факті жоқ.

2020 жылдың наурызында Артықалиевтің фирмасы тендерде жеңіске жетіп, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен, сонымен бірге Кентау қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен келісімшартқа отырады. Жобаның жалпы құны 1 миллиард 720 миллион теңгеден асқан. Мердігер өзіне тиесілі міндетін атқаруға кіріседі. Ал Бобрышев Артықалиевтің 50 миллион теңге беру туралы уәдесінен тайқып кетпейтініне көз жеткізу үшін алғашқыда «VIP Stroy Company» серіктестігі құрылтайшыларының құрамына кірген. Кейін 2021 жылдың ақпанында Артықалиевпен 50 миллион теңге қарыз беру жөнінде келісімшарт жасасқан. Келісімде қарыздың 2021 жылдың соңына дейін қайтарылуы тиістігі жазылады. Үкімде осы тірліктің бәрін Бобрышев Махажановтың тапсырмасы бойынша жүргізгені жазылған.  Артықалиевтің айтуынша, Махажановпен кездесу барысында әкім оған «менің шаруамды қашан шешесің?», «Бобрышев менің сәлемдемемді айтты ма?» деген сияқты сөздерді айтқан, әңгіменің ақша туралы екендігін білдіру үшін қолымен ишара жасап көрсеткен.

Артықалиевтің фирмасы Кентаудағы жол жөндеуді 2021 жылдың желтоқсанында толық аяқтаған. Жұмыстар мемлекеттік қабылдаудан өткен. Бірақ мердігер уәде еткен ақшасын бермеген. Осыдан кейін Бобрышев ақшаны баяғы жасасқан келісімшарт арқылы талап ететінін айта бастайды. Ақыр аяғында, дәлірегі биылдың 19 ақпанында Артықалиев антикордың Алматы қаласы бойынша департаментіне арызданған. Сол күні кешкісін антикор Бобрышевті Алматыдағы кафелердің бірінде Артықалиевтан 108 мың доллар алып тұрған жерінен ұстайды. Келесі күні Бобрышев құзырлы органға Махажановтың өзінен және Артықалиевтен ақша талап еткені жөнінде арыз жазып берген. Яғни ол «сыбайластарды әшкерелеу операциясына» қатысуға келісімін берген.

Арнайы жазба құралдарымен қамтамасыз етілген Бобрышев Кентауға келіп, Махажановпен оның қызметтік бөлмесінде жолығады. Әкім ақшаны қалай алатынын өзі айтатынын білдіреді. 22 ақпанда Махажанов ақшаны алу үшін өзінің мектепте бірге оқыған досы, банктің Түркістан облыстық филиалының директоры қызметін атқаратын Б.Түймебаевты жіберген. Сол күні Түймебаев 98 500 долларды Бобрышевтан Шымкенттегі қонақ үйлердің бірінде алып, артынша антикорға ұсталған. 23 ақпанда Б.Түймебаев құзырлы органға өзі арқылы заңсыз ақша алмақ болған Махажановқа шара көруді сұранған арызын жазып береді. Яғни ол да тергеумен бірге жұмыс істеуге мәжбүр болған. Антикордың қызметкерлері оны Махажановпен телефон арқылы сөйлестіріп, ақшаны не істеу қажеттігін сұратады. Махажанов долларды теңгеге ауыстыруды, осыдан кейін оны тығып тастау қажеттігін айтыпты. Әкімнің ақшаны жуық арада алмайтынын түсінген соң тергеушілер шұғыл-іздестіру операциясын тәмамдап, Махажановты ұстау туралы шешім қабылдаған. Сонымен криминалдық драманың финалына да келіп жеттік.

… Сол күндері Дәурен Махажанов мазасыз күй кешкен. Ол тірліктің дұрыс бағытта жүріп жатпағанын сезген сияқты. Әлденеден күдіктенген. Сенім білдірген адамдарының әрекеттерінен секем алған. Әсіресе ол ақша алып келуге жіберген Түймебаевтың достарға арналған ортақ чаттан шығып кеткенінен қатты сезіктенеді. Сотта берген жауабына қарағанда, ол өзінің досы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Кентау қалалық бөлімінің бастығына кіріп, оның ұялы телефон арқылы Түймебаевпен сөйлескен. Не сөйлескендері белгісіз. Шамасы ол істің насырға шапқанын түсінген. Осыдан кейін дереу еңбек демалысына шығып еткен. Антикордың қызметкерлері оны 24 ақпанда үйінен келіп ұстаған.  

Сот үкімімен пара алуға оқталған Д.Махажанов 10 жылға, параға делдалдық жасаған Л.Бобрышев 1 жылға, Б.Түймебаев 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотта Махажанов кінәсін мойындамаған. Оның үкімге апелляциялық шағым беретініне күмән жоқ. Егер сот алғашқы қарқынын жоғалтып алмаса, апелляциялық шағымды да жедел түрде қарауы әбден мүмкін. Ал осының бәрі де отставка туралы шешімді жеделдету үшін жасалып жатқан тірлік емес пе?  

P.S. Айтпақшы, Махажанов екі жыл бұрын қарамағындағы ауыл әкімінің жемқорлық қылмысынан кейін Шөкеевтің атына отставкаға кету туралы арыз берген. Шөкеев оған кешірім жасап, қызметінде қалдырған. Кешірім алған Махажановтың кейінгі тағдыры осылай өрбіді.

Қалай ойлайсыз, Тоқаев Шөкеевке де кешірім жасауы тиіс пе?

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 22.09.2022, 08:40
Қарыздары триллион, жалақылары миллион...
Арман ЖҰМАДІЛ 21.09.2022, 14:28
Жаңа Қазақстан астанасына жаңа ат қажет!
Еркежан АРЫН 21.09.2022, 12:02
Аналар күнін ұлықтау қажет
Сайт әкімшілігі 19.09.2022, 09:44
"Алматының Құрметті азаматы" атағын кімдер алды?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.09.2022, 08:42
«Жаңа Қазақстан» емес, «Тас дәуірі» тәрізді...
Ринат РАХЫМ 13.09.2022, 13:49
Алтынбексіз ауыр жылдар

Аңдатпа


  • Безбүйрек үкімет. Қуыршақ депутат. Таңдаусыз сайлау
    23.09.2022, 08:47
  • Жемқорларға жем болған Қазақстан
    23.09.2022, 08:42
  • Аймағамбетовтің құлағына «Алтын сырға»
    23.09.2022, 08:37
  • 25 қазан ұлттық мереке: Парламент заң қабылдады
    22.09.2022, 13:38
  • Әкімді әйел билесе...
    22.09.2022, 08:41