Шындықпен ширатылған шымыр ойлар

Һәм бір кем дүние 

Бетті әзірлеген Арай САХАРИЕВА

18.10.2022, 15:42

1631

Шер-аға, Шерағаң… Иә, ол қалам ұстаған сан буынның жадында дәл осы есім-сойымен жатталып қалды. Еңбек жолын қатардағы тілшіліктен бастап, одан кейін Қарағанды, Қостанай өңірлерінде «ЛЖ»-ның меншікті тілшісі болған Шерхан Мұртазаның өзіне тән қолтаңбасы оның 60-жылдары «Қазақстан магниткасынан» жазған эссе-очерктерінен айқын аңғарылады. Жылдар өте келе ол өзінің білікті басшы, алғыр ұйымдастырушы екенін «Лениншіл Жас», «Егемен Қазақстан» газеттері мен «Жұлдыз» журналында Бас редактор, «Қазақстан» телерадиокомпаниясында төраға болған кезінде одан әрі дәлелдеді. Ол – қазақ баспасөзінде өзгеше редакторлық мектеп қалыптастырып, қазақ телевизиясында да «Таңшолпан», «Шарайна» секілді айдарлар ашып, арнаға жаңа леп әкелді. Бүгінде оның тәрбиесін көргендердің «Шерағаңның шекпенінен шыққанбыз» дейтіні де содан. Жазушының тыл еңбеккерлері туралы «Мылтықсыз майдан», «41–жылғы келіншек», «Интернат наны», өндіріс пен ғылыми-төңкеріс жайын сипаттайтын «Қара маржан», «Ай мен Айша», Алаш қайраткері Т. Рысқұлов туралы «Қызыл жебе» атты романдары оқырмандарға жақсы таныс. «Сталинге хат», «Бесеудің хаты» пьесаларын жазумен қоса, Ш. Мұртаза аударма саласында да тер төге еңбектенді. Ол Г. Х. Андерсеннің әңгімелерін, Ш. Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалап жүгірген тарғыл төбет», повестері мен «Боранды бекет», «Жанпида» романдарын қазақ тіліне аударды. Сондай-ақ қоғамдағы күрмеулі мәселелерді үлкен трибунада тұрып, билік өкілдеріне жеткізген Шерағаның қайраткерлігі өз алдына бір төбе. Биыл баспасөз баһадүрінің 90 жылдық мерейтойы. Соған орай, біз бүгін оның төл газеті – «ЛЖ»-та жазушының адам, қоғам, тіл мен діл турасындағы ойлары топтастырылған «Бір кем дүние...» кітабынан үзінді жариялауды жөн көрдік.

                Шындықпен ширатылған шымыр ойлар һәм «Бір кем дүние...»  

 Біреулерге Құдай бәрін береді. Байлық та бар, алтын, гауһар, інжу-маржан – бәрі бар. Төрт құбыласы сай. Бірақ Иманы жоқ. Ең сорлы адам сол.

                                                                              ***

 Тәңірдің құдіретіне таңғаласың. Құдірет әлемді әділ, сағат тетігіндей мінсіз жаратты.  Бәрі тәртіпті: Күн де, Ай да, Жер де тек өз жолымен жүреді. Сансыз жұлдыздар да бәрі тура жолмен жүреді. Ал адамдар ше? Пайғамбарлар, сахабалар, аса бір данышпандар болмаса, көбі қисалаңдай береді. Бұралаң жолдарға түседі. Адасады, сүрінеді, құлайды.

  • Е, Құдай, не жаздым?! – деп жылайды. Құдай жолымен жүрсең, жыламайсың. Бірақ соны ұмыта береді.

                                                                           ***                                 

 Самайға ақ кіріп еді, мұрт та ағара бастады. Ұялған ұрыдай болып қастың бір талы да ағарыпты. Сөйте-сөйте… Сүйек те ағарады-ау...

Несіне тырбаңдаймыз?

Бәрі де өтеді.

Өтпейтін тек уақыт қана.

Адамдар: «Уақыт өтіп барады», – деп өкінеді. Шынында өтіп бара жатқан уақыт емес, өмір өтіп барады. Ал уақыттың басы да, аяғы да жоқ. Уақытты жылға, айға, сағатқа, минөтке, секөндке, ғасырға бөліп жүрген адамдар ғой.

Уақыт – мәңгілік. Мәңгілік басталмайды да, аяқталмайды да.

Бәрін бір Алла біледі.

Алла білімі шексіз.

Білімі шектеулі адамдар.   

                                                                          ***

Темірді тат шірітеді. Тат темірдің өзінен шығады. Адамды аздыратын жаман қылықтар да өзіңнен шығады. Ол да тат. Оны сабындап жуып кетіре алмайсың.  Адам жанын тат басса, оны тек кітап кетіре алады. Әрине, асыл кітап, адал кітап.

Ең бірінші – Құран!

Екінші – хадистер!

Ұлы классиктер.

Қазақтың ұлы ақын-жазушылары.

Кітап жем, су сұрамайды. Кітап – ғажайып қазына. Кітап – өмірсерік.     

Кітапты сүймеген Құдайды да сүймейді.

                                                                       ***

Адамға бала жастан ең керегі – Ұят деген қасиет. Ол туа бітеді. Бірақ кейбіреуі өсе келе, үлкейе келе ұяттан жұрдай болады. Бір кем дүние...

                                                                         ***

Адамның жүрегінен от көрініп тұратын болса...

Жақсы адамдікі жұлдыздай жарқырап тұрса...

Жаман адамдікі күңгірт, қарайып тұрса...

Сонда айыру оңай болар еді. Жақсыға жақындар едің, жаманға жоламас едің. Өкініш: ондай белгі жоқ. Тану қиын. Дүние содан бүлікшіл.

                                                                       ***

Кісіге бірге туыспау керек. Туысқан соң, сөз қуыспау керек. Сөз қуған пәлеге жолығады. Жол қуған олжаға жолығады (Әйтеке би). Пенделер бұл ақылды тыңдамайды. Пәленің бәрі содан.

                                                                         ***

Адам да құстар сияқты өмірбақи алып бәйтеректің бір бұтағын паналап тіршілік етеді. Сөйте тұра, сорлылар, сол өзі паналайтын бұтақты балталап шаба береді. Бұтақ құласа, өзі де құлайтынын сезбейтін қандай мақұлық?! Кейде адамдар жасампаз бола тұра, өркениеттене келе өз құйрығын өзі жалмайтын айдаһар сияқтанады-ау деймін. Құмырысқа екеш құмырысқа да өз илеуін қорғайды. Ал адамдар өз үйін (табиғатты) қорлайды. Ойсыраған орны толмас бір кем дүние...Өзгенің көлеңкесінде тұрғанның өз көлеңкесі болмайды. Өз көлеңкесі болмаса – өлгені

                                                                       ***

Ұйықтап жатқан құмырысқаны көрмедім. Бәрі қыбырлап-жыбырлап жем тасып бара жатады. Біз ғой түске дейін ұйықтаймыз. Түстен кейін қыдырамыз.

Бай баласы байға ұқсайды,

Байланбаған тайға ұқсайды, – деген осы. Жалқаумыз. Бір кем дүние...

                                                                      ***

Егер адамның жүрегіне мұз қатып қалса, көркем кітап соны жібітуге тиіс. Егер еріте алмаса, ол осал шығарма. Бір кем дүние… .                                                                    

                                                                      ***

Араны ашылған, ашқарақ тойымсыздар – адалдықтың қазығынан ажырап қалғандар. Адалдықтың қазығы – қанағат. Бір кем дүние – зор кем дүние.

                                                                      ***

«Әлем бізді құрметтесін десек, өз ұлтымызды және ұлттық бейнемізді алдымен бздің өзіміз бар сезімімізбен, ақыл-ойымызбен, іс-әрекетімізбен құрметтеуіміз керек. Өзінің ұлттық бейнесін таба алмаған ұлттардың басқа ұлттарға жем болатынын біліп қойғанымыз жөн» (Ататүрік). Ал бізде, қазақтарда қалай? Басқа-басқа, тіпті Парламенттің өзінде Сенаты бар, Мәжілісі бар, дауысқа салғанда тоқсан пайызға жуығы қазақ тіліне қарсы дауыс береді. Ал дәл осы Парламент қазақ тілін мемлекеттік тіл деп шешім қабылдаған болатын. Бұл толқу сонда не толқу? Депутаттардың басым көпшілігі кешегі өз шешіміне қарсы шыққаны қалай? Жоғарыда Ататүрік айтқан ұлттық қасиеттердің мүлде ада болғаны ғой. Ұлттық қасиет, ұлттық намыс өлгені ғой. Міне, бұл нағыз қасірет!

                                                                        ***

Қос тілді ұлт болмайды. Қос тілді жылан ғана болады.

                                                                         ***

«Болашақ» деген шығып, бай балалары шетелде оқып, бірсыпырасы сол жақта қалады. Бір сыпырасы елге қайтады. Білімі жақсы, істі біледі. Бірақ, тек орысша, иә ағылшынша сөйлейді. Қазақшасы жоқ.  Бір кем дүние...

                                                                          ***

 Заң дегеніміз – өрмекшінің торы: әлсіздер тұтылып, әлділер құтылып кете береді. Бір кем дүние...

                                                                         ***

Елде қылмыстың көбеюіне жоғары-төменді жемқорлар, парақорлар кінәлі. Олар қарапайым адамдардың несібесін озбырлықпен жеп қойғандықтан, адал азаматтар амалсыз түрлі қылмысқа барады. Бір қылмыс келесі қылмысты тудырады. Бір кем дүние...

                                                                     ***

Итті майлы сүйекпен ұрсаң, қыңсыламайды. Кейбір адамдар да сондай. Озбырлар көбінесе осы әдісті қолданады. Бір кем дүние...

                                                                     ***

Көне Мысырдың «Марқұмдар кітабында» мынандай жазулар бар екен:

      « – Мен ағын суды бөгемедім.

         – Мен ешкімді өлтірген жоқпын.

         – Мен таразыдан жеген жоқпын.

–          Мен әлсіздерді жәбірлемедім.

-           Мен ешкімнің көз жасына қалмадым».

        Осы өлшеммен келгенде, қазір бізде қалай?

                                                                        ***

 Кедейді бай, азды көп қылған патша данышпан. Бір кем дүние... 

                                                                         ***

Қылыш ел шауып, қазына құрайды.         

Қалам қазына тауып, қайыр сұрайды.

Мұны Жүсіп Баласағұн баяғыда жазып кеткен. Қалам ұстаған міскіндер әлі сондай...

Бір кем дүние...

                                                                         ***

Бәрін де сатып алуға болады, — деді Ғабең бір жолы.

– Ақшаң болса қалтаңда,

Талтаңдасаң – талтаңда!

Бәрін де – атақты да, ар-ұятты да, әйелдің махаббатын да… Ал бірақ талантты сатып ала алмайсың. Ешқашанда. Талантты адам бермейді, Құдай береді. Біздің Союздың есігі айқара ашық: халтураға да, дарынсыз сүмелектерге де. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген сол. Білдің бе?

Мен, әрине, білемін.

Бұл да бір кем дүние...

… Қазіргі Жазушылар одағы – біздің Мыңбұлақтың егіс даласындай: еккен арпа-бидай арамшөптің, есекмияның, кекіренің арасынан көрінбейді.

                                                                     ***

9 мамыр – Жеңіс күні. Жылда тойланады. Газеттер N- лерін осы Жеңіске арнайды. Өте дұрыс. Ал осы Жеңіс тек әскер күшімен келген жоқ. Ауыл, қала еңбекшілерінің де үлкен үлесі болды ғой. Бірақ Жеңіс күніне арналған TV хабарларында не газеттерде тыл ерлері туралы ештеңе айтылмайды. Әділетсіз әлем. Тылсыз Жеңіс келер ме ед? Ұмытшақ заман...

                                                                    ***

«Егемен Қазақстан» редакциясы зейнеткер мені шолушы қызметіне алды. Кейбіреулерге күлкі: кешегі бас редактор бүгін сол редакцияның босаға жағында отыр. Ал мен ойлаймын: заманында осы газеттің бас редакторлары болған Смағұл Сәдуақасов, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов сияқты алыптар басқарған мекеменің босағасында отырсаң да жарасады. Мәңгілік ештеңе жоқ. Мәңгі тек Құдай ғана. «Бір Алладан басқаның бәрі өзгермек» (Абай).

                                                                        ***

«Караван» деген газет мені «ұлтшылдардың ұлтшылы» деп жазды. «Қазақстан халқы» дегенге қарсы депті. Талай айттым: «Өзбекстан халқы» деген халық жоқ, «Өзбек» деген халық бар, «Татарстан халқы» деген халық жоқ, «Татар» деген халық бар, т. б. Сол сияқты «Қазақстан халқы» деген халық жоқ, «Қазақ» деген халық бар. Ендеше «Біз, қазақ халқы және Қазақстанды мекендейтін басқа халықтардың өкілдері немесе диаспора» (1993ж.). Айдан анық шындықты бұрмалайтын тоңмойындарға не дерсің? Бір кем дүние...

                                                                           ***

Тілші менен сұрайды:  – Жұрттың көбі қалада тұрады. Сіз неге ауылды аңсай бересіз? – дейді. Мен: – Наурызкөк, қарлығаш, т.б. құстар ерте көктемде сонау жердің түбіндегі Африкадан біздің елге мыңдаған шақырым ұшып жетеді.Немене, сонда Африкада ұя салатын жер жоқ па? Құс екеш құс та  туған жеріне жер түбінен ұшып жетеді. Ал мен адаммын ғой. Кейбіреулер туған жерінен жерісе, бұл да бір кем дүние.

Тұғырына саңғыған сұңқар оңбас,

Үйірінен безінген тұлпар оңбас.

                                                                ***

                                 Шерхан Мұртаза туралы замандастар лебізі:

«Бауыржан ағамыз бен Тұмағаңнан кейінгі Мыңбұлақтан ұшқан қырандардың бірі еді. Ұшса – сұңқар, шапса – тұлпар ағамыз ең алдымен кісілік келбетіне кір жұқтырмаған парасат иесі болды. Шерағаңның ағалығы мен азаматтығының өзі неге тұрады? Жүзі суық болғанымен, жаны жібектей жұмсақ еді. Қайырымды, бауырмал еді. Ағамның жарқын күлкісі мен айбатты сөздері әлі көз алдымда».

         Мырзатай Жолдасбеков, Мемлекет қайраткері, ғалым, ф. ғ.д.

                                                                ***

«Әй, Әкімбай» деп еркелетуші еді. Бір-ақ жас үлкендігімен өмірбақи аға болып, ағалық биіктіктен аласармай өтті. Шер-ағамның еңбегін бір ғана журналистикаға, бір ғана редакторлыққа бір ғана жазушылыққа, тіпті бір ғана әдебиетке байланыстырып айту жеткіліксіз. Оның тұла бойы, тұтас болмысы қазаққа қызмет етті».

                       Әкім Тарази, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

                                                                   ***

«Ел өмірінде орны айрықша, екі туып, қос қайталанбайтын тұлғалар болады. Өз заманында айбатты аға қазақтың көркем сөзі мен көсем сөзін қоғамдық мінбеге көтеріп, ата-бабаларымыздың айбынды рухын қайыра атқа қондырды. Ұрпақ санасын тәрбиеледі. Шерхан аға маған кейде ақбоз атқа шірене қонып, қолына ақ найзасын ұстап, беліне ай қылышын байлап, келе жатқан баяғының батырларын елестетуші еді. Ол кісінің әрбір қимылы, әрбір сөзі бізге қамшы болды.

                       Нұрлан Оразалин, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

                                                                      ***

«Шерхан күллі қазақ журналистикасының басын аяғына, аяғын басына келтіріп қайта құрған талантты, күрескер тұлға. Шерағаң жас әдебиетшілерге үлкен әсер етті. Әсіресе Ә. Кекілбаев, Ж. Қыдыров, М. Шаханов, Р. Нұрғали, А. Сейдімбек, О. Бөкей – бәрі Шерағаңның алдын көріп үлкен сапарға аттанған қаламгерлер. Ш. Мұртаза жауапты қызметтер атқара жүріп, аса қызықты тақырыптарға барудан тайынбады. Бұл орайда «Сталинге хат», «Бесеудің хаты» кезінде ашық күнде найзағай ойнағандай әсер етті. Мен де Шерағаңның шекпенінен шыққандардың бірімін.

Әнес Сарай, жазушы-журналист, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Мәкен УАҚ 11:59
Ататүрік қашан «бостандыққа» шығады
Ораз ҚАУҒАБАЙ 02.02.2023, 12:42
Қонаев ата-тегінің ақиқаты
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 02.02.2023, 09:07
Қарағандыда ашылған жаңалық Еуропада резонанс тудыруда
Батыр ЖАСҰЛАН 02.02.2023, 07:16
Әкімдер ай қарап жүр ме?
Әділ АҚЫЛБАЙ 01.02.2023, 07:26
Қазақстан қашанғы кландар меншігі болады?
Жарлы БАЙҒАНИН 31.01.2023, 09:00
№36

Аңдатпа


  • Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
    07:32
  • Ресей Путиннен қашан құтылады?
    07:17
  • Қайдасың, инвестор?
    07:23
  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    02.02.2023, 07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    02.02.2023, 07:16