Спорттың туы қисайып тұр!

Қыдырбек РЫСБЕК

07.09.2021, 11:21

977

Қазақстан Республикасының

Президенті

Қасым-Жомарт Тоқаевқа

ашық хат

    Жоғары мәртебелі Қасым-Жомарт Кемелұлы! Токио олимпиадасы аяқталған бойда Сіз: «Ұлттық құраманың Олимпиададағы көрсеткіші спорт секілді аса маңызды салада шұғыл әрі тиімді реформалар жүргізу қажет екенін көрсетті. Ұлттық құраманың бұл көрсеткіші Қазақстанның спорттағы әлеуетіне және мемлекет тарапынан спортты дамытуға бөлініп отырған мол қаражатқа сәйкес келмейді», деп миллиондаған жанкүйердің көкейіндегі ойды дөп бастыңыз. Иә, биылғы жазғы Олимпиада ойындары спорт саласындағы ұзақ жылғы жүйесіз тірлікті, білімсіздікті, жойдасыз жемқорлықты, бүтін ел тізгінін сеніп тапсырған басшылар мен қосшылардың өз ісіне немқұрайды, атүсті қарағанын, білікті кадрлар  дайындау бағытындағы  ұзақтан жалғасқан кемшілікті, көптеген жауапты адамдарда ұлттық-патриоттық және ел алдындағы жауапкершілік сезімінің әлсіздігін анық көрсетті.   Ақиқатын айтсақ, республикалық және аймақтық спорт мекемелері басшылары мен бапкерлерінің   көпшілігі өз қызметтеріне сай емес. Біз ең әуелі   мемлекетшіл, білікті кадрлардан қатты ақсап тұрмыз.   

      Қадірлі Президент!   Спорт саласында жұмыс істегеніме  36 жылдан асты. Он бес жылдай республикалық, облыстық спорт мекемелерінде басшылық қызметте, жиырма жылдан аса уақыт спорт журналистикасы, спорт тарихы  саласында еңбек еттім. Бүгін Сіздің назарыңызға қазақ спортының ең бір өзекті проблемаларын жеткізгенді жөн санадым.  

Бірінші, дене шынықтыру және спорт саласын жеке республикалық Агенттіктің құзырына тапсырсаңыз, деген тілегіміз бар. Бұл менің ғана емес, спортқа жанкүйер, тілеулес мыңдаған адамдардың жүрекжарды ойы. Спорт агенттігі құрылса, оның басшысы білімді, іскер, ұлтжанды, адам танитын, көпті тыңдай білетін парасатты азамат болғанын қалаймыз. Президент әкімшілігімен, Парламентпен, үкіметпен қарым-қатынасы жақсы, мінезді әрі мәдениетті басшы болса, іс алға басады. Осындай азаматты асықпай, қателеспей таңдап, кемі 7-8 жыл қызмет істеуіне мүмкіндік туса, дейміз.

Екінші, республикалық Спорт комитеті мен Ұлттық Олимпиада комитетінің   құрамын қайта қарау қажет. Бұлай деуімізге себеп: бұл ұжымдардың басшылығында, басқармаларында  Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтен басқа ел мойындаған ірі тұлғалар жоққа тән.   Серік министрліктегі ішкі ілік-тартыстардың себебінен жарты жылдай  қызметінен сырт қалды. Сондықтан Токиодағы сәтсіздікті оған жабуға мүлде болмайды.

    Ал кейінгі  алты-жеті жылда Мәдениет және спорт министрлігінің спортқа жауапты вице-министрі бес рет, соңғы төрт жылда республикалық  спорт  комитетінің төрағасы үш рет ауысты. Кейінгі екі министріміз де спорттан тым алыс адамдар. Вице-министрлердің ішінде де спорттың иісі мұрнына бармайтын адамдар болды. Мұндай жағдайда республиканың спорт   саласында тұрақты, бір ізді, сапалы тірліктің, жүйелі дамудың  болуы мүмкін емес еді.  Тағы бір өте маңызды проблема: бұрын  спорт комитетінің орынбасарлары мен басқарма басшылары кәсіби дәрежесі жоғары, өз саласының майталманы әрі елге танымал тұлғалар болатын.  Кейінгі жылдары спорт комитеті бұл жағынан кәдімгідей әлсіреп қалды.

    Үшінші,   мемлекеттік дене шынықтыру және спорт институтын ашатын уақыт әлдеқашан жетті. Спортымыз  ғылымға  арқа сүйесе  ғана әлемдік аренада шоқтығымыз биік болмақ. АҚШ, Қытай, Жапония, Англия, Германия, Франция, т.б. елдер бұл жағынан тым ілгері кетіп қалды. Бізде басқасын айтпағанда, екпінді спорт түрлерінің өзінде заман талабына сай ғылыми-кешенді топтар жоққа тән. Жекелеген дәрігерлер мен психологтар бар, бірақ олардың басым көпшілігінің кәсіби деңгейін әлемдік дәрежеге лайық деп айту қиын.

   Жоғары мәртебелі Президент!  Дзюдоны ғылыммен суарған  Жапония кешегі Токио олимпиадасында осы күрестен 9 алтын медальді жеңіп алды. Спорт ғылымы өркендеген АҚШ жалпы командалық бірінші орынға шықты. АҚШ Олимпиада комитетіндегі ұлттық құраманың  ас-суына жауапты дирекция   Олимпиада басталардан бір жыл бұрын командалардың диетологтарымен кеңесіп, тамақ мәзірін дайындауға кіріскен екен. Олимпиада қарсаңында бұл дирекция Токиоға 33 тонна тамақ пен сусын жіберіпті. Бұған қоса дирекция  Жапониядағы танымал аспаздарды жұмысқа тартып, жапон  теңіздерінен ауланған балық өнімдері мен белоктарды қажетінше сатып алыпты.  АҚШ мамандарының спортшылар тамағына мән бергені сонша, Токиоға өздерінің  ыдыс-аяғына  дейін апарған екен (ішінде күміс ыдыстар бар).

   Осыған ұқсас жағдай 2012 жылы Лондон олимпиадасы кезінде бізде де болды. Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Темірхан Досмұхамбетов пен республикалық Спорт агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияевтің тікелей басшылығымен жүлдеден үміткер спортшылар  Олимпиада қалашығына бармай, арнайы жалданған виллаларда тұрды. Олардың ас-суын  арнайы аспаздар  әзірледі. Спортшылардың Лондонға баратын мерзімі, жерсінуі, жарысқа түсуге қолайлы әрі ұтымды уақыты, қауіпсіздігі, бәрі-бәрі есепке алынды. Бұған дейінгі бір жыл бойы жүлдеден үміткер спортшылар ҚР ҰОК президенті Т. Досмұхамбетовтің  тапсырмасымен  жауапты мамандардың мұқият қадағалауында болды. Нәтижесі белгілі: Қазақстан құрамасы 7 алтын медальмен 200-ден аса мемлекет тайталасқан додада 12-орынға табан тіреді.

   Ал біздің ұлттық құраманың басым бөлігі Токио олимпиадасына шешуші дайындықты Алматы облысы, Талғар ауданындағы АИБА базасында өткізді. Бұл база теңіз деңгейінен 1405 метр биікте жатыр. Шамамен орта тау деңгейіне келеді. ҰОК пен министрлік қазіргі пандемиядан қатты қауіп қылып, бапкерлер мен спортшыларды бір орталықта, дәрігерлердің қырағы бақылауында ұстаған екен. Жер шарын індет жайлап тұрған тұста ең алдымен бапкерлер мен спортшылардың бас амандығын ойлаған жандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Әйтсе де, тауда тер төгіп, одан түскеннен кейін адам ағзасында өзгеріс болатынын ғалымдар баяғыда дәлелдеген.  Тәжірибелі спорт мамандарының басым бөлігі орта тау деңгейінен жазыққа түскен спортшының алғашқы бес күн ішінде жарысқа кіріскенін дұрыс санайды. Алтыншы күннен бастап, спортшының  ағзасында өзгеріс болады, деседі. Білікті бапкерлер Асылбек Құлмағамбетов, Михаил Шепетюк, Боранбек Қоңыратов, Ғалымжан Жылгелдиев және  зерделі маман, ғылыми атағы болмаса да, талай ғалымнан білігі жоғары Жұмажан Имаяқов та осы пікірді ұстанып отыр. Бұл мамандар таудан түскен спортшы он алты, жиырма күннен кейін ғана ширығып, шамырқана бастайды, дейді. Ал ғылым докторы, ұзақ жыл ел спортын басқарған Анатөлі Құлназаров: «Орта тау деңгейі   әркімге ағзасына қарай әртүрлі әсер етеді. Біздің спорт басшылары шешуші дайындыққа Токионың табиғатына ұқсас, климаты  соған жақын аймақты таңдауы керек еді. Ресей  Владивостокты таңдады, қателескен жоқ», деді.  Бас бапкер Әбдісалан Нұрмаханов 1996 жылы Атланта олимпиадасына шешуші даярлық кезінде бокс командасын Атланта табиғатына жақын жерлерде баптап, Америкаға Олимпиада басталардан он екі бұрын барды. Нәтижесі тамаша: 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль. Командалық үшінші орын. Біз спорт ғалымы емеспіз. Бірақ жоғарыдағы мамандардың сөзі көкейге қонады. Ұлттық құрама спортшыларының көпшілігі  таудағы жаттығу жиынынан кейін 8-9-ыншы күндері айқасқа кірісті. Бұған қоса кейінгі бір  жылдағы жаттығу және жарыс үдерісінде елеулі кемшіліктерге жол берілгені анық. Нәтижесі белгілі: командалық 83-орын?..

      Кезінде Алматыдағы  Қазақ дене шынықтыру институты Қазақстан спортының темірқазығы болды. Институттың  кафедраларында Совет одағына танымал спорт ғалымдары  мен жаттықтырушылар еңбек етті. Олар спорт ғылымы мен практикасын ұтымды әрі терең ұштастырып отырды. Олар тәрбиелеген, олар баптаған спортшылар әлемдік ареналарда жақсы жетістіктерге жетумен қатар, осы саланың мықты мамандарына айналды.

      Өкінішке қарай, бізде сол институттың деңгейіндегі спорттық оқу орыны болмай тұр. Ал ғылыми-зерттеу институтының жоқтығынан біздің елде спорттың әр түрінен әдістемелік, ғылыми-сараптамалық кітаптар жетіспейді. Кей спорт түрлерінен әдістемелік кітапшаларды емге таппайсың. Мұндай жағдайда  жас бапкерлер жаттығу мен жарыс процесінде қандай ғылыми негізге сүйенеді, деген заңды сауал туады. Ал Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық Олимпиада комитеті осы бір аса қажет, аса маңызды мәселеге жете мән бермей отыр.

    Төртінші, біздің елде бапкерлердің білімін көтеріп, білігін шыңдайтын жоғары мектеп жоқ. Совет өкіметі кезінде Мәскеуде «жаттықтырушылардың жоғары мектебі» деп аталатын арнайы орталық болатын. Сол мектеп совет спортының ұстаханасы іспетті еді. Әйгілі бапкерлер Диқанбай Биткөзов пен Марат Жақыт Мәскеудегі сол мектептің  жаттықтырушыларға тигізген пайдасы туралы ықыласпен айтып отырады. Егер Нұр-Сұлтан қаласында дене шынықтыру және спорт институты ашылса, сол мекеменің жанынан міндетті түрде «Жаттықтырушылардың жоғары мектебін» құру керек. Әзірге  уақыт жоғалтпау үшін республикалық оқу-әдістемелік, талдау орталығының құрамында осындай арнайы мектеп болса, деген тілегіміз бар. Себебі, қазіргі жаттықтырушылардың 90 пайызы жаттығу процесін ғылымға сүйенбей, жоспарсыз өткізеді. Бұл білген адамға мыңдаған талапкер балаларға жасалып жатқан қиянат дер едік.

         Мысалы, күрес секциясына барған бала әуелгі  үш жылда алғашқы дайындық тобының талабына сай жүгіріп, секіріп, созылып, керіліп және гимнастикалық, акробатикалық жаттығуларды  меңгеріп, жеңіл-желпі алысып, буындарын, сіңірлерін, қысқасы бүкіл ағзасын сан алуан әдіске, алдағы айқастарға біртіндеп дайындауы керек. Одан кейін оқу-жаттығу тобында  күрес  әдістерін, шабуыл, қорғаныс тәсілдерін үйреніп, салмақ «қумай», қатты жанықпай  бес жылдай  машықтануға тиіс. 16-17-ге толған баланы жарысқа саласыз. Ал спорттық жетілдіру тобына зорықпай, шалдықпай жеткен бозбала (18-20 жас) тау қопаруға дайын тұрады. Ар жағы жоғары спорт шеберлігі тобы. Жоғарыдағы жүйемен баптанған балуан әрі қарай ауыздығымен алысқан аттай тың болады. Кейінгі жиырма жылда бұл жүйе құрдымға кетті.

    Ғылым тек жаттығу жүйесімен ғана шектелмейді. Тамақтану, салмақтан арылу, психология, педагогика, биология, биохимия, биомеханика, физиология, диеотология, орта тау деңгейінде, биік тауда жаттығу, жерсіну, т.б. мәселелерді бапкерлер  мен мамандар жақсы білуі үшін бізге мықты физкультура институты әбден қажет.

    Бесінші, республиканың спорт басшысының жанында білімді, тәжірибелі, білікті мамандардан арнайы кеңесші топ болса, дейміз. Жыл басында әрбір құрама  команданың жылдық жаттығу және жарыс кестесі талқыға түскенде, осы мамандар жылдық жоспардың артығын күзеп, кемін толтыруға атсалысса, жылдық жоспар барынша  дұрыс  әрі сапалы шығар еді. 1959-1971 жылдары Қазақстан спортын басқарған Қаркен Ахметұлы осы жолды берік ұстанған екен. 1959 жылы ССРО халықтарының жазғы спартакиадасында 17 команданың арасында  жалпы командалық 13-орында  қалған Қазақстан құрамасы 1971 жылы 5-орынға көтерілді. Көгалдағы хоккейден Совет одағының 18 дүркін чемпионы атанған Алматының «Динамосының» бас жаттықтырушысы Эдуард Айрих командасының жылдық жоспарын бекіту үшін құлаш-құлаш плакат, сызба  дайындап, жарыс, жаттығу жоспарын он қайтара пысықтап барғанның өзінде ССРО спорт комитетіндегі мықтылардың сынынан қара тері сорғалап, зорға өтеді екен. Бізде осындай комиссия, осындай талап бар ма?! Кешегі Токио аламаны қарсаңында спортшылардың әзірлігі ғылыми сүзгіге түсті ме, терең талданып, сарапталды ма?! Біздің дзюдо, грек-рим, еркін күрес  балуандарында неге алып та, шалып та жығатын алапат күш, қарсыласты қапысыз соғатын оңтайлы әдіс жоқ! Ең бастысы, боксшыларымыз бен балуандарымыз рухсыз айқасты. Көздерінде от жоқ!

     Бапкердің ірілігі, кесек мінезі шәкіртке қатты әсер ететінін  естен шығармау керек. Біздің ұлттық құрамалар жаттықтырушыларының басым бөлігіне кесек мінез, кәсіби білім-білік  жетіспейді. Бірақ министрлік пен ҰОК  жылда олардың жадағай есебін тыңдап, жадағай тірліктеріне еттері өліп кеткен сыңайлы.

    Алтыншы, бас бапкер тағайындау немесе бас бапкердің құзыры қаншалықты қуатты, деген мәселе төңірегінде ой тарқатсақ. Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы қызметіне білім-білігі жоғары, өзіндік позициясы бар, мінезді, мемлекетшіл адамды тағайындаса, іс ілгері басар еді. Бір кездегі Октябрь Жарылқапов, Қабден Байдосов, Вадим Псарев, Қазбек Байболов, Темірхан Досмұхамбетов, Әбдісалан Нұрмахановтар осындай тұлғалар болатын. Қазақтың бокс құрамасының тізгінін тоғыз жыл ұстаған Мырзағали Айтжанов та кәсіби дәрежесі биік, білімді, бірбеткей азамат. Мұндай мамандар бар жерде ынтымақ та, табыс та болады. Бізде кейінгі кезде бас жаттықтырушының тірлігіне жөнсіз араласып, құраманың берекесін алатын дөкейлер пайда болды. Мықты, жүректі бапкер мұндайлардың ығына жығылмайды, жаттықтырушылар алқасы бекіткен жоспардан ауытқымайды, тізгінді берік ұстайды. Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушыларының бәрі бірдей табанды, өрелі мамандар ма? Басшылар бас бапкер таңдағанда осы жағын жете  ескеріп, олардың ісіне жөнсіз қол сұқпау жағына қатты мән беруі керек.

    Жетінші, кейінгі жылдары Мәдениет және спорт министрлігінің аймақтардағы спорт басқармаларына ықпалы, әсері тым әлсіреп кетті. Егер министрлікке қарасты спорт комитеті әр тоқсан сайын  Қазақстан чемпионаттары, Азия және әлем біріншіліктерінен кейін облыстардың және  Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдеріне, спорт басқармаларына сол ресми жарыстардың нәтижелерін жіберіп, әр өңір спортшыларының көрсеткіштерін, олардың ұлттық құрамалардағы пайыздық үлестерін жолдап отырса, облыс, қала  әкімдері мен олардың   спортқа жауапты орынбасарлары көп жайға қанығар еді.  Тек сондай жағдайда ғана шала ұйқы халдегі спорт басқармалары дүр сілкініп, ең болмаса, әкімдерінің көңілін табу үшін бапкерлері мен спортшыларына талапты күшейтер еді.

    Ақиқатын айтсақ, Мәдениет және спорт министрлігінің кейінгі төрт, бес жылдағы  коллегиялары мағынасыз, мәнсіз, жадағай қалыпта өтіп жүр. Осыдан он, он бес жыл бұрынғы коллегияларға мекеме басшылары, аймақтардың  жетекшілері, бас жаттықтырушылар  аса жауапты емтиханға қатысатын абитуриент тәрізді мұқият әзірленіп келетін. Кейінгі кезде мұның бәрі далада қалды. Аймақтардың, ұлттық құрамалардың нәтижелері ешкімге керек емес. Сараптап, талдап, қызыл кеңірдек боп жатқан басшы мен қосшыны көрмейсің. Осындай немқұрайдылықтың,  жаны ашымастықтың салдарынан кей аймақтардың спорт басшылары министрлік жиындарына атүсті қарайтын болды. Әлі есімде, 2013 жылдың жазында республикалық Спорт агенттігінің сол тұстағы төрағасы Ерлан Қожағапанов Алматыда көшпелі коллегия ұйымдастырды. Жиында Алматы спортының жетістіктері мен проблемалары көпшіліктің көз алдында кеңінен қозғалды. Өткір сын айтылды. Жиналғандар Алматы спортының біраз жағдайына қанықты. Осы жылы Ерлан Тоқтарханұлының  тікелей басшылығымен Шымкент, Өскемен қалаларында осындай көшпелі коллегиялар өтті. Талай облыстың жағдайы талқыға түсті, талай проблема қозғалды. Манаурап, қалғып жүрген талай басшы коллегия үстінде шоқ басқандай күй кешті. Ал спорттың шынайы жанашырлары алақандарын ысқылап, бір жасап қалып еді. Кейінгі министрлер Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Ақтоты Райымқұлова мұндай батыл әрекет жасаған жоқ.  

     Cегізінші, бұрынмемлекеттік жаттықтырушылардың беделі бес батпан еді. Қазір олай емес. Мемлекеттік бапкерлер аймақтарға барса, облыстық, қалалық басқармалар бұрынғыдай  құрақ ұшып қарсы алмайды. Себебі, министрлікпен бірге мембапкердің беделі түсіп кеткен. Егер министрліктің қаһары қатты, талабы тастай болып, оған қоса мемлекеттік жаттықтырушының қолында өз саласына қатысты күшті анализ жүрсе, онда жергілікті басқармалар мембапкерді амалсыз мойындап, онымен санасар еді. Сондай жағдайда ғана мемлекеттік жаттықтырушы министрлік пен аймақтар арасында мықты дәнекер бола алады.

    Тоғызыншы, әр мемлекеттің оң жамбасына келетін спорт түрлері болады. Мысалы, Жапонияның дзюдосы, Ямайканың жеңіл атлетикасы, Кубаның боксы мен күресі, Ресейдің көркем гимнастикасы мен синхронды жүзуі, Оңтүстік Кореяның садағы, АҚШ-тың жүзуі мен жеңіл атлетикасы, Англияның велосипеді мен қайығы… Қазақ елі осы уақытқа дейін негізінен боксты алға салып келді. Қалған спорт түрлерінен дәл бокс секілді тұрақты әрі қуатты жағдайға жеткен жоқпыз. Ендігі жерде Қазақ елінің  әлемдік аренадағы мықты қаруы болатындай 5-6 спорт түрінен мемлекеттік деңгейде бағдарлама түзіліп, ғылыми даму жолы жасалса, әрі қатаң бақылауға алынса, 4-5 жылдан кейін сұрапыл шабысқа басуымыз әбден мүмкін. Жүзу, жеңіл атлетика, қайық және нысана көздеуден білікті қазақ кадрларын қалыптастырып, алаш жастарының классикалық спорт түрлеріне белсене атсалысуын мемлекеттік деңгейде шешетін уақыт жетті.

    Оныншы, біздің елде республикалық, аймақтық деңгейдегі 18 спорт интернаты бар. Соңғы жылдары олардың көпшілігі  интернат-колледжге айналды. Яғни, колледж бітірген ұлан тренер не әдіскер боп шығады. Ең болмаса, он спорт түрінен ғылыми базасы, әдістемелік оқулықтары жоқ, ел спортының тарихын оқытпайтын, ұстаздар сапында баяғы Мұратхан Тәнекеев, Бауыржан Жаналин, Керей Қойшыбектей мұғалімдері жоқ колледждерден қандай мамандар шығатыны осы бастан белгілі. Министрлік пен ҰОК колледждердің оқу бағдарламасын зерттеді ме екен, оны бітірген баланың кәсіби деңгейін сараптап көрді ме екен?!   Баяғыда көгалдағы хоккейден ССРО-ның 15 дүркін чемпионы, Олимпиада жүлдегері Фарид Зигагиров ұстазы Эдуард Айрихке ойыншылықты доғарып, жаттықтырушы болайын, деп тілек айтыпты. Сонда Айрих: «Фарид, бала баптаудан бұрын Алматы физкультура институтына барып, бірнеше ай теория мен практиканы оқы. Ізден», деген екен. Ал, біз спорттық фундаменті әу бастан қисық қаланған, сауатты жоспар түзуге дағдыланбаған, анатомия мен биологиядан… шала сауатты спортшыға  бапкерлікті сеніп тапсырамыз?! Сөйте тұра, қазақ баласы Олимп  шыңына шықпады, деп, зар илейміз. Кадрың қисық болса, спортшың қалай түзу болады?! Ақиқатына жүгінсек,   әлемдік спорттың асқар шыңында атой салатын небір дарынды балаларды рухсыз, білімсіз, ғылымсыз  жағдайда өзіміз қор қылып отырмыз.

   Он бірінші,біздіТокиода 83-орынға желкелеп сүйреп түсірген ең басты  себептің бірі  – ұлттық идеологияның  әлсіздігі. Ұлттық рухы кем халықтан өрелі тірлік күтпей-ақ қойыңыз. Біз ана тілімізді босағаға ысырып тастап, ұлттық мүддемізге атүсті  қарайтын түсініксіз  халге жеттік. Ал қазақ спортында ұлттық рух жоққа тән. Министрлік пен ҰОК бұл проблемаға бас ауыртқан емес. Егер бас ауыртқан болса, спорт мектептері мен интернаттарда жастардың намысын жанитын рухани кештер, патриоттық тақырыптағы жүздесулер ұйымдастыруға атсалысар еді. Егер ұлттық рухты қатты ойласа,   Диқанбай Биткөзов, Жанәділ Атаев, Марат Жақыт, Аманкелді Мұсабеков, Керей Қойшыбек, Аманкелді Рымқұлов, Жанпейіс Жабаев, Алмас Мұсабеков, т.б. спорт ардагерлерінен және Олимпиада, әлем чемпиондарынан топ жасақтап, республиканың әр қиырындағы спорт интернаттарын аралап шығар еді. Ардагерлермен, чемпиондармен жүздесу жас спортшыларға шабыт сыйлайды, олардың бапкерлерін ойға, ізденіске жетелейді. Біздің аты зор министрлік бұл мәселені мүлде керек қылған  емес.

   Бір жылдың үш жүз күнін интернатта өткізетін спортшыларды Тоқтар Әубәкіров, Дулат Исабеков, Досқан Жолжақсын, Несіп Жүнісбайұлы, Секен Тұрысбек, Асқар Жұмаділдаев, Бекболат Тілеухан, Нұртөре Жүсіп, Дархан Мыңбай, Асқар Алтай, Балғынбек Имаш секілді ел танитын азаматтармен жүздестірсе,  балалар  ұлт мәдениеті мен тарихынан әңгіме тыңдап, рухы өсіп, бір жасап қалар еді ғой. Біздің интернат басшыларының көбі бұл жағына жоқ. Қажымұқан интернатын басқарған кезімізде  Тоқтар Әубәкіров, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Шаханов, Сейіт Кенжеахметов, Секен Тұрысбек, Дәулет Тұрлықанов, Бекболат Тілеухан, Бақтияр Артаевты кездесуге шақырдық. Сондағы балалардың көзіндегі шоқты, кеудесін кернеген арманды тілмен жеткізу қиын.

    Он екінші, интернаттарда талапкерлерді күнделік жазуға, бәсекені талдауға, видео сараптауға бейімдеу, үйрету жағы сын көтермейді. Осы уақытқа дейін спорттық оқулықтардың жоқтығынан балалар қазақтың спорттық тарихын мүлде білмейді. Министрлік пен облыстық басқармалар ең болмаса, балаларға атақты бапкерлер мен спортшылар туралы лекция оқуды да ойластырған емес. Мұндай басшылықпен спорт идеологиясы, ұлттық намыс қалай қалыптаспақ?!

   Қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы, қазақ  спортының хрестоматиялық оқулығын жазып, спорт интернаттарында оқыту жөнінде Сіздің пәрменді бұйрығыңыз өте қажет болып тұр. 

   Он үшінші, тағы бір аса өзекті проблема: министрлікте ғылыми-сараптамалық спорт журналы жоқ. Жекеге өткен спорт газетінің жағдайы мүшкіл. Қысқасы, біздің спорт саласы рухани жағынан тым кедей,  тарихы хатқа түспеген,  шамы, шамшырағы жоқ қараусыз қалған қора тәрізді. Республика спортының  үнжариясы ретінде таралымы мол ғылыми-сараптамалық спорт журналы және газеті болса, дейміз.

    Он төртінші, республиканың олимпиялық құрамалары 2016 жылдан бастап ҰОК пен федерациялардың қарамағына көшті. Яғни, алпыс жылдық жүйе жаңа формацияға ауысқанымен, ҰОК пен федерациялар әлемдік сұрапыл бәсекеге дайын болмай шықты. Токиодағы сәтсіздіктен кейін ҰОК пен барлық федерация басшылары халықтың алдында ашық жағдайда есеп берсе, деген талабымыз бар.   Тағы қосарымыз, федерациялардағы жетекші мамандардың көпшілігі үлкен спортты үлкен деңгейге жеткізе алмайды. ҰОК пен спорт комитеті осы жағын қаперде ұстаса, жөн болар еді.

   Он бесінші, Нұр-Сұлтан қаласының оңтүстік беткейінде олимпиялық база салына бастағалы он жылдан асты. Қазір қаңтарылып тұр. Оған қанша қаржы жұмсалғаны белгісіз, біздің айтпағымыз: қазақ спортына жатақханасы, ас-суы, ғылыми және медицина орталығы, кітапханасы, бассейні, басқа да керек-жарағы сай әмбебап кешен әбден қажет. Токио дүрмегімен осы ғимарат іске қосылса, деген тілегіміз бар. Қадірлі Президент, осы базаның құрылысын назарда ұстауыңызды сұраймыз.

   Қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы!  Мемлекет спорт саласын қаржыдан қысып жатқан жоқ. Егер тиімді пайдаланса, өкімет бөлетін ақша Қазақ елі спортын дүние жүзіндегі мойны озық 15 елдің қатарына қосуға молынан жетеді. Спорт ғимараттары да аз салынып жатқан жоқ. Бірақ осы саладағы адамдардың патриоттық сезімі мен жүйелі, жоспарлы тірлігінің  кемдігінен және жемқорлықтың кесірінен спорт шаруашылығы аса ауыр дағдарысқа ұшырады. Олимпиаданың қорытынды кестесінің алдыңғы легінде кілең күшті мемлекеттер тұр. Ал Қазақстан тұрақтаған 83-тің маңында негізінен экономикасы әлсіз, халқының әлеуметтік халі  нашар елдер шоғырланған. Қадірлі Президент, бірнеше ғасыр бодандық қамытын киген қазақ жұртын бұл  жағдайда қалдыруға мүлде болмайды. Енді мұндай күйге түссек, иісалмас, жасық, жігерсіз ұлтқа айналу қауіпі бар. Яғни, жеңіліске етіміз өліп кетеді. Сондықтан, Ұлтты мына шыңыраудан алып шығу үшін Сізден пәрменді әрекет күтеміз. Білген адамға, спорт саласы елдің  намысын қайрап, рухын шыңдайды. Токиода сағы сынған қазақ жұртына ендігі жерде зор сілкініс қажет! Осы сілкіністің басында Өзіңіз тұрсаңыз, деген миллиондаған отандасыңыздың арман-тілегін қабыл алыңыз!

Мақалаға тұздық

Дзюдо күресі. Ерлер мен әйелдер.

2000, 2004, 2008, 2012, 2016, 2020 ж.ж.

 Олимпиада ойындарындағы нәтижелер

елдер

алтын

күміс

қола

барлығы

Халық саны

Грузия

4

5

2

11

3,9  млн.

Куба

3

10

8

21

11 млн.

Косово

3

-

-

3

1 млн.873  мың

Моңғолия

1

3

4

8

3 млн.

365 мың

Қазақстан

-

2

2

4

19 млн.

Өзбекстан

-

1

5

6

34млн.

860 мың

Қазақ балуаны Айдын Смағұлов 2000 жылы Қырғызстанның атынан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері  атанды.

Грек-римкүресі

2000, 2004, 2008, 2012, 2016, 2020 ж.ж.  

 Олимпиада ойындарындағы нәтижелер

елдер

алтын

күміс

Қола

барлығы

Халық саны

Куба

7

4

---

11

11 млн.

Грузия

1

3

4

8

3,9 млн.

Армения

1

3

3

7

2,970 млн.

Әзірбайжан

1

2

4

8

10,230 млн.

Өзбекстан

1

---

1

2

34,860 млн.

Қазақстан

---

2

2

4

19 млн.

Қырғызстан

---

2

1

3

6,637 млн.

Қазақстан: Н. Теңізбаев, Г. Цурцумия – күміс медаль; М. Манукян, Д. Гаджиев – қола медаль. Қазақ балуандары Елмұрат Тасмұратов (2016, Өзбекстан) пен Уәлихан  Серікұлы  (2020, Қытай) – Олимпиада ойындарының қола медалистері.

Еркін күрес

2000, 2004, 2008, 2012, 2016, 2020 ж.ж.

 Олимпиада ойындарындағы нәтижелер

елдер

алтын

күміс

қола

барлығы

Халық

саны

Әзірбайжан

3

3

5

11

10,2 млн.

Грузия

2

3

5

10

3,9 млн.

Өзбекстан

1

2

3

6

34,860 млн.

Куба

1

1

6

8

11 млн.

Қазақстан

---

2

4

6

19 млн.

Қазақстан: И. Байрамуков, Г. Лалиев – күміс; А. Таңатаров, Д. Шабанбай, М. Муталимов, И. Санаев – қола медаль.

Тегтер: Токио-2020 Олимпиада спорт ұйымдастыру Жапония Қазақстан

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Ажар ОРЫНБАСАР 22.10.2021, 13:32
Мамандықтың озығы бар, тозығы бар
Қуаныш ЕРМЕКОВА 22.10.2021, 12:00
Тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларының алдын алу жұмыстары күшейтілуде
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 21.10.2021, 08:55
«Қазпошта» қазаққа жау ма?!
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.10.2021, 09:10
Сүйек-саяқты қанағат тұтып...
Нұрболат ӘЛДИБЕК 19.10.2021, 09:46
Жамбылда жол апаты неге жиілеп кетті?
Дос КӨШІМ 19.10.2021, 08:24
«Қажет болған кезде...» қазақ тілін өлтіре салыңдар!

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31