Сқақов Ленинді пір тұта ма?

Мариям МАҚСАТ

08.12.2021, 09:03

2103

Азат ел атанғанымызға тура 30 жыл толды. Алайда Павлодар облысында Ленин ескерткіштері әлі күнге дейін алынбас қамалдай қасқайып тұр. Ең сорақысы, тәуелсіз елдің ұрпақтарын тәрбиелейтін мектептер коммунизм көсемінің есімімен аталады. Облыс орталығының іргесіндегі Ленин кенті атауының да өзгеретін түрі жоқ. Егемен ел атансақ та, Ильяның баласын әспеттеп жүрсек жетіскен екенбіз…

Қазақстанда Лениннің құрметіне ашылған алғашқы ескерткіштердің бірі Павлодар облысында орналасқан. 1928 жылдың 1 шілдесінде бой көтерген мүсін әлі күнге дейін сол қалпында тұр. 1955 жылы оның аумағы балалар саябағына айналып, 1957 жылы тұғыры жаңарды. 1966 жылдың 22 сәуірінде Қазан университеті студенттерінің бастамасы бойынша облыстың жас тың игерушілерінен жиналған қаражатқа Павлодар қаласында әлем пролетариаты көсемінің екінші ескерткіші пайда болды. Сөйтіп, осындай мүсіндер аудан-қалаларда да бой көтере бастады. Бүгінде облыс аумағында барлығы 43 ескерткіш қасқайып тұр.

Солардың біразы Ақсу қаласының орталық саябағынан орын алған. Қайбір жылдары осы қалаға қарасты ауылдардың барлығынан жиналған Карл Маркс, Михаил Калинин, Владимир Лениннің ескерткіштері орналасқан бұл саябақты сондағы шенеуніктер «ашық аспан астындағы мұражай» деп әспеттейтінін қайтерсіз?! Күн көсемнің 10-нан астам ірілі-ұсақты мүсіндері осы саябаққа серуендеуге келетін өскелең ұрпаққа қандай тәрбие береді?

– Келмеске кеткен кеңес дәуірі көсемдерінің ескерткіштері алыстан менмұндалап тұрғаны өзекті өртейді. Осы саябаққа аяқ басып кіргім келмейді. Үнемі айналып өтемін. Себебі қасқайып тұрған ескерткіштерге қараған сайын, жүрегім қан жылайды. Отыз жылда осы ескерткіштерді Кеңес Одағынан шыққан өзге мемлекеттер сияқты алып тастай алмасақ, өзімізді  қалай азат елміз деп, ауыз толтырып айта аламыз? Егер ескерткіштерден құралған, ашық аспан астындағы мұражай керек болса, сол Ленин, Калинин, Маркстердің орнына Ақсудан шыққан Сәбит Дөнентаев, Иманжүсіп Құтпанұлы сияқты Ертіс-Баянның біртуар тұлғалары – Қаныш Сәтбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Шапық Шөкин, Әлкей Марғұлан, Әбікен Бектұров сынды академиктерге ескерткіштер қоюға болмас па еді? Аймақта Лениннің 50-ге жуық мүсіні самсап тұрғанда, қазақ халқын биікке көтерген тұлғаларға екі-үш ескерткіш орнатсақ тақиямызға тар келе ме? – дейді Ақсу қаласының тұрғыны Қанат Қайратұлы.

Шарбақты ауданы әкімдігінің дәл алдында әлі күнге дейін коммунизм көсемінің ескерткіші қасқайып тұр. Басқа – басқа, мемлекеттік саясатты жүргізетін, халыққа қызмет қылуы тиіс әкімдіктің алдындағы ескерткішті әлі күнге дейін жермен-жексен ете алмай жүргеніміз тіпті ұят. Мұндағы әкімдіктегілер бірде ескерткішті қиратуға қыруар қаржы қажет екенін айтты. Енді бірде Шарбақты Ресеймен шекаралас орналасқандықтан, саяси біртұтастықты сақтап, жағдайды ушықтырып алмау керек екенін айтып ақталды. Қысқасы, жермен-жексен етуге шенеуніктердің жүрегі дауаламай жүр.

Сол сияқты Екібастұз қаласында қазақтың батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының есімін арқалаған көшенің сәнін «жалтыр бас атамыздың» ескерткіші кетіріп тұр. Колледждің қасында білім қуып келген балаларға «Құдай жоқ» деп жар салған Күн көсем төбеден қарап тұр.

Айтпақшы, білім демекші, Павлодар облысындағы кей мектептерде Лениннің ұран сөздері әлі күнге дейін жазулы. Мысалы, Ертіс ауданы тұрғындарының айтуынша, №1 мектептің қабырғасында «Ленин с нами!» деген жалынды ұран өшпей тұр. Ауданға қарасты Абай ауылының мектеп ауласында Лениннің ескерткіші тұр. Иса Байзақов туып-өскен Үлгілі ауылындағы ақынның атымен аталатын музейде Лениннің мүсіні жайлы жерден орын алып алған.

Ол – ол ма? Ақтоғай ауданы Әбжан ауылы мен Аққулы ауданындағы негізгі мектептер әлі күнге дейін Лениннің атымен аталады. Егемен елде дүниеге келген, тәуелсіз мемлекеттің дамуына үлес қосар балаларды Лениннің мектебінде қалай тәрбиелемек? Отыз жылда оқу орнының атауын ауыстыруға болмас па еді? Бұған қомақты қаржы емес, шынайы ниет керек.

Бірақ 30 жыл бойы жергілікті шенеуніктер қаланың дәл іргесіндегі 10 мыңға жуық тұрғыны бар Ленин кентінің атауын өзгерте алмай келе жатқанда, мектепке шамасы қайдан келсін?! Ақсақалдар алқасы бұл кентке Қазанғап бидің есімін беру бастамасын талай рет айтып, көтеріп жүргенмен, еститін құлақ, көрер көз болмай тұр.

Павлодар облысын 2016-20 жылдары басқарған Болат Бақауов орталық көшелердің біріне «жатып» алған Ленинді орнынан ығыстырып, оған Астана атауын беруде көп тер төккен еді. Қоғамдық тыңдаулар өтіп, жүрегі «қазақ» деп соққан азаматтар қорған болып, Ленин көшесінің атауы, әйтеуір, қазақшаланды. Бақауов сонысымен де ел жадында қалды.

Ал қазіргі әкім Әбілқайыр Сқақовтың қолынан мектептер мен кенттің атын өзгертіп, ескерткіштерді алып тастау келер ме екен?! Әлде облысқа келгелі екі жылға жуық уақыт аралығында коммунизм көсеміне айналған тұлғаға саусақ ұшын тигізбеуі оны пір көруі болып санала ма?! Қалай болғанда да, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, қазақ тарихына келіп-кетері жоқ Владимир Ильичтің ескерткіштерін түбірімен алып тастаса, артық болмас. Ендігі мәселе – бұған аймақ басшысының батылы жете ме, жоқ па?! Жасыратыны жоқ, өңірде Лениннің әлі де «үстемдік құрып» тұрғанын көпшілік облыс бас­шылығы жалтақтығының салдары деп есептейді. Еңсені басатын ескірген ескерткіштерден арылу – ел­дігімізге сын. Мұны Сқақов мырза түсінсе екен дейміз.

Тегтер: ескерткіш тұлға насихат іс-шара әкімдік жергілікті әкімдік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 11:28
1 млн 119 мың га жер мемлекетке қайтарылды
Сайт әкімшілігі 11.08.2022, 12:36
«300 мал аштан қырылып қалды»: Сарыбастау ауылында жем-шөп, су мәселесі шешілмей отыр
Сайт әкімшілігі 11.08.2022, 09:29
Әкімдік арзан қантты өзі қалаған кәсіпкерлерге үлестіріп берген
Сайт әкімшілігі 11.08.2022, 09:04
«Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
Сайт әкімшілігі 09.08.2022, 10:36
"Мазақ қылып отыр". Ата-аналар мемлекет беретін мектеп формасынан жаппай бас тартуда
Бифат ЕЛТАЕВА 08.08.2022, 15:49
Жастарды мемлекеттік қолдау бағдарламалары жемісін беруде

Аңдатпа


  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49
  • Ұлттық банк пен Үкімет қымбатшылықты құрықтауға неге қауқарсыз?
    08.08.2022, 08:49