Су мәселесінде стратегиямыз жоқ!

А.АҚЫЛБАЙ

24.10.2022, 07:00

1959

Батыс Қазақстан өңірінде су мен экология мәселесі өткір болып тұр. Әсіресе су тапшылығы – бұрыннан бар зардап. Индустрияның дамуы, оған ауыл шаруашылығы мен мұнай-газ қосылып, аймақтағы су тапшылығынан совет билігінің басшылығы 1988 жылы Астрахань-Маңғышлақ су құбырын тартуға мәжбүр болған. Содан бері әлі тұрмыз, дейді мұнай-газ саласының маманы Бахтияр Настағимов Досым Сәтпаевқа берген сұхбатында.

Тыңдасақ, маман былай дейді:

– Тәуелсіздік алғаннан бері әлі күнге дейін Жаңаөзен қаласында халыққа суды белгілі бір уақытта ғана береді. Атырау, жалпы Батыс Қазақстанда сумен 100 пайыз қамту деген жоқ. Сұмдық қатты дамыған 30 елдің қатарына кіріп қалдық дейміз, іс жүзінде ауыл халқы патша заманынан қалған құдыққа қарап отыр.Батыс Қазақстан мен Атырау үшін Жайық өзені үлкен мәселе болды. Судың табиғи тартылу циклы әдетте 12 жыл болатын, сосын қалпына келетін. Қазір керісінше, су тоқтамай тартылып жатыр. 2019 жылы су деңгейі ең төмен межеге жетті. Сол кезде жергілікті белсенділер дабыл қаққан.Ақтау қаласы әлі күнге дейін әбден ескірген Астрахань-Маңғышлақ құбырына қарап отыр. Судың 40 пайызы халыққа жеткенше, жолда жоғалуда. Құбыр жұмысшылары 2010 жылдан бері модернизация жүргізуді сұрап келеді. Суды үнемдейтін технология атымен жоқ. Құбырдың ұзындығы екі мың шақырымға жуық. Атырауда сол құбырдың 200 шақырымын жөндедік деп бүкіл республикаға жар сала мақтанды. Бірақ бұл құбырдың 10 пайызы ғой? Жаңаөзен мен Ақтау тұрғындары бәрібір әлі суға жарымай отыр. Судың сапасы бөлек әңгіме. Бала кезімде Ақтауға барғанда әрбір қол жуғышта бөтелкенің ішіне тығылған мәрлі мен мақтадан жасалған сүзгіш тұратынын көргенім әлі есімде. Бірақ сонда да сары түсті су ағатын. Ақтауға келетін судың бәрі Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының су тұщыландыру стансасынан келеді. Бірақ ол судың сапасы сын көтермейтін.Жайық пен Волга суының тартылуы – Каспий суының тартылуына әкеледі. Су онсыз да жетпей жатқанда. Сосын су тұщыландыратын кез келген құрылғы, кері осмос әдісі болсын, атом болсын – бәрінің аса зиянды қалдығы бар, тұзды су деген. Теңіз суы болғандықтан, оның тұзын қайда жібереміз? Біз тұщы су мәселесін өзімізге зиянды кесірмен шешіп жатырмыз. Тұз жерімізді сортаң қылады, тақыршақ етеді. Ол адам денсаулығына зиян. Оның ақыры шөлейттену.Жайық деген 70 миллион астам тұрғыны бар елді мекендерді суғаратын ірі өзен. Ол Башқұртстан тауларынан басталады. Сол Башқұртстан мен Ресейде соңғы бес жылда бес ірі су қоймасы салынды. Жалпы көлемі 100 миллион текше метрден асады. Сол себепті Қазақстанға дейін жетуі тиіс судың жартысы да жетпейтін боп қалды. Бұл бірінші фактор. Екінші фактор – Қазақстан мен Ресей жеріндегі гидротехникалық құрылғылар саны 3100 данадан асады. Әлі де көбейіп жатыр. Атыраудың Индер ауданында көргенім бар, қаптаған шаруа қожалықтары өзіне қарай канал тартып алып, өздеріне жеке көл жасап қойған. Атырауға жетуі тиіс су солай-ақ жеке шаруашылықтарға кетіп жатыр. Кім рұқсат берді, белгісіз. Ресей ғана емес, біз де бақылаусыз, жөнсіз құрылыстарға жол беріп отырмыз.Судың көлемі бір бөлек мәселе, оның сапасы келесі үлкен мәселе. Жайықтың бойында суды улайтын 10 миллион тонна заттар бар. Сол суды Атырау қаласының тұрғындары ішіп отыр.

Жайықтың Қазақстандық бөлігі – бекіренің уылдырық шашатын жалғыз табиғи жері. Шетелде ондаған мың доллар тұратын атақты уылдырықтың шығатын табиғи жері – Қазақстан. Бұл алтын. 90-шы жылдары USAID өз зерттеуінде дәлелдегендей, егер Қазақстан бекіре бизнесімен мықтап айналысса, бізге мұнай қажет болмас еді. Алайда біз бекіре тектес балық санын 30 есеге азайтып алып, CITES халықаралық ұйымы бекіре балығы мен уылдырық сату мен оның экспортына тыйым салды. Қазір қазақ уылдырығының Еуропаға қандай жолмен кетіп жатқанын мен білмеймін, бірақ тыйым салынғаны рас.

Ең қорқыныштысы – әлеуметтік толқыныс, аш халықтың көтерілгені. Адам сусыз қалса бітті, ол көшеге шығады, төңкереді, өртейді, тонайды, өлтіреді. Қаралы қаңтар анық көрсетті. Алматыда мародерлік фактілері болды ма, болды. Ұрлыққа кәнігі ұрылар ғана емес, кәдімгі қарапайым адамдар барды. Отбасымен келіп дүкен тонады ғой. Әйелі екіқабат, соған қарамастан, дүкеннен телефон ұрлап, тасып барады. Бұл нені білдіреді? Қазақтың ең ірі қаласы, халық тұрмысы жоғары болуы тиіс делінетін Алматының өзінде халықтың кедей екені анық көрінді. Енді кәдімгі тамақ, зат пен ақша жетпейтін адамдарға су жетпей қалса, оның арты не болады? Сұмдық жарылыс болады.

Батыс өңірінде халық белсенді келеді. Бұл жақта кәсіподақтар қозғалысы мықты. Ұйымдастырушылық мықты болғанының арқасында қаңтарда біз жақта Алматыдағыдай қырғын болмады. Қаңтар оқиғаларынан кейін Теңіз кенішінің отаны саналатын Құлсарыда жергілікті халық «Теңізшевройлдың» бас директорын шақырып, оған нақты талап қойды. Тұрмыс-тіршілігімізді жақсарт, оның ішінде су мәселесін шеш деді. Қысқасы, су деген талап ешқайда кетпейді. Адам, мұнай, ауыл шаруашылығы – бәрі су талап етеді. Қазақстанның батысында мұнай өндірісі толықтай суға тәуелді. Ондаған мың жұмысшылар ішетін сапалы ауыз судан бастап, технологиялық үрдістерде пайдаланылатын суға дейін. Су жетпесе, кеніштердің жұмысы тоқтап, халық жұмыссыз қалады. Ұңғыма бір рет тоқтатылса, оны қайта іске қосу мүмкін емес. Мұнай-газ саласындағы капиталистер ең алдымен өз мәселесін шешеді. Жақында «Қаражанбасмұнай» су тұщыландыратын зауыт ашамыз деді. Өйткені өзі суға өте тәуелді. Олар мұнайды судың буымен өндіреді. Әрине, ол суды жақын маңайдағы елді мекендерге де береді. Бірақ жаңағы тұзды су мәселесі тағы да алдымыздан шығады. Жердің сортаңдануы – шөлейттенудің алғашқы белгісі. Ең қорқынышты жағдай осы жерден басталады. Су жетіспеушілігі мен шөлейттену қатар келе жатыр. Шөлейттену – қазақтың апаты. 277 миллион гектар жеріміздің 180 миллион гектарына шөлейттену қатері төніп тұр. Оның көбі елдің батысында.

Тәжікстан мен Қырғызстан неге қырқыса береді? Ол екеуі де сумен өте жақсы қамтылған елдер. Бірақ Рахмон суды себеп қылып пайдаланып, Қырғызстанға шабуыл жасады. Су мәселесінің маңыздылығы сонша, оны кез келген ойында карта сияқты пайдаланады. Былтыр Маңғыстауда бейбіт күнде жұт болды. Мал қырылды. Бірақ одан ешқандай сабақ алмағанымыз қалай? Балқашта АЭС салмақпыз. АЭС деген судың соры. Реакторлар сумен суытылады. Қытай суды тоқтата қойса, Балқаш құрып, АЭС-іміз атылады. 

Биліктің әрекетінде жүйелік жоқ, мәселені терең зерттеу деген жоқ. Бір мысал: Жылыой ауданында 170 гидрогеологиялық ұңғыма анықталды. Кейбіреуі тіпті 50-ші жылдары бұрғыланған. Олар өздігінен төгілуде. Ол аздай, ескі ұңғымалар фенол деген зиянды зат шығарады жер үстіне. Биыл біздің экология департаменті 60 ұңғыманы жабамыз деді. Ал өткенде департаментке мал өсіретін шаруалар шықты, ұңғымаларды жапсаңдар, малымызды  суғаратын басқа жер жоқ деп. Шенеуніктер ұңғымаларды жаппайтын болды. Бұл мысал нені білдіреді? Біздің мемлекетімізде нақты мақсат, стратегиялық саясат жоқ. Қай шешім жеңіл, солай қарай қисая салады. Су мәселесінде Қазақстанның жүйелі жоспары жоқ. «Таза су», «Нұрлы бұлақ» деген сияқты бастамалардың бәрі жемқорлық ісімен аяқталады. Ертең Қытаймен соғыссақ, оларға бізбен соғысу да қажет емес. Суды улай салып, бізді қыра салады. Құдай берген ресурсымызды дұрыс пайдалана алмасақ, қазақты судың қадірін жақсырақ білетін басқа халықпен алмастыра салады, – деген екен сарапшы.

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Мәкен УАҚ 11:59
Ататүрік қашан «бостандыққа» шығады
Ораз ҚАУҒАБАЙ 02.02.2023, 12:42
Қонаев ата-тегінің ақиқаты
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 02.02.2023, 09:07
Қарағандыда ашылған жаңалық Еуропада резонанс тудыруда
Батыр ЖАСҰЛАН 02.02.2023, 07:16
Әкімдер ай қарап жүр ме?
Әділ АҚЫЛБАЙ 01.02.2023, 07:26
Қазақстан қашанғы кландар меншігі болады?
Жарлы БАЙҒАНИН 31.01.2023, 09:00
№36

Аңдатпа


  • Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
    07:32
  • Ресей Путиннен қашан құтылады?
    07:17
  • Қайдасың, инвестор?
    07:23
  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    02.02.2023, 07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    02.02.2023, 07:16