Суды көктен емес, жерден іздейік

Абдулла МЫРЗАЕВ

13.10.2021, 15:00

1043

Тышқан жылында елді пандемия деген пәлекет титықтатып, қалың ел аса қауіпті індеттің салдарынан айлар бойы «інінен» шықпай, бұғып жатты. Әр жылдың өз «иесіне» қарай болжам жасайтын қазақ мырза мінезді сиыр жылында өріске шығып, арқайын жайылатын болдық деп ойлаған.

       Бірақ бұрын-соңды болмаған қуаңшылық жердің шаңын көкке суырып, өріске кеткен малдар от жеп емес, топырақ жалап қайтып жүрді. Салдарынан тек Маңғыстау облысының өзінде бір жылда 1000-нан астам мал көтерем боп құлады. Әдеттегідей елдегі жағдайға ең соңынан барып үн қататын үкімет ұйқысынан енді оянғандай түрлі айла-тәсілдерін алға тартып әлекке түсіп жатты. Бір қызығы, мұндайда мәселені төтесінен шешкісі келіп, төрелік айтып шығатындар көбейеді. Сондайлардың бірі Құдайдың бермегенін тартып алатындай қолдан жаңбыр жаудырамын деп дүрлігіп жүр. Бірақ мен өзім шөл және шөлейтті аймақтарды суландыру саласының маманы, еңбек ардагері ретінде бұл ұсыныстың қияли тірлік екенін ескерткім келеді.

         Иә, қандай жоба болсын оның экономикалық, экологиялық тұстары да ескерілуі керек. Біздің серіктестік 13 жылдан бері Маңғыстау өңірінде құдық қазу, жайылымдықтарды суландыру қызметімен айналысып келеді. Облыстың климаты қатал, су тапшы, шөлейтті аймаққа жатады. Қазба байлықтарды игеру кейіннен қолға алынды. Бұған дейін бұл өлкені мекендеген елдің негізгі күнкөрісі мал шаруашылығы болғанын тарихтан білуге болады.

        Облыс бойынша 12,5 миллион гектар жайылымдық жер бар. Бірақ қуаңшылықтан сол жерлерді біз тиімді пайдалана алмай жүрміз. Оның жолы – жайылымдық жерлерді суландыру. Ал миллиондаған ақша шығарып, қолдан жаңбыр жаудыру, біріншіден, шығынды өтемейді; екіншіден, қисынға да келмейді. Өйткені өркениетті елдердің өзі бұл технологияға сенімсіздік білдіріп жатқанда әлі қолы аузына толық жете қоймаған біздің жас мемлекетіміз үшін тіпті мүмкін емес. Небір кереметімен төрткіл дүниені таңғалдырып жатқан араб елдерінің өзінде қолдан жаңбыр жаудырудың соңы қайғылы оқиғалармен аяқталып жатыр емес пе? Біздің қазақ мұны табиғаттың бермегенін тартып алу деп қабылдап, онша жарата бермейді. Тіпті оны айтпағанда, аспандағы айдағанға жүрмейтін бұлтты сауғаннан гөрі жер астындағы көрініп тұрған суды шығару оңай емес пе?

        Биылғы қуаңшылықтан секем алған ғалымдар Жер шарының шамадан тыс жылып кетуіне байланысты (глобальное потепление) құрғақшылық біраз жылға созылуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Ендеше не істемек керек?    Ғасырлар бойы маңғыстаулықтардың жайлауы болып келген үстірт облыстың көптеген көлемін қамтиды. Мұнда өзен, көлдер кездеспейді. Каспий теңізінен тым алыс жатқандықтан, жерасты суы да тереңде жатыр. Қолданыстағы «Агробизнес» бағдарламасы бойынша терең құдық қазуға мемлекет тарапынан қолдау жоқ. Тек 375 метрге дейін ғана субсидияланады. Сондықтан құдықтарды жерасты суы мол және жайылымдық жерлері қолайлы мекендерді анықтап қазуымыз керек. Ол құдықтарды тиісті қондырғылармен қамтамасыз ету қажет (насостар, электростанциялар және т.б.). Бұған қосымша, қызметтік шағын үй салып беру керек. Су ащы болып, малдың ішуіне жарамсыз болса, қазір су тұщытатын қондырғылар көп. Мұның шығыны қолдан жаңбыр жауғызудан әлдеқайда арзанға түседі әрі оның нәтижелі болатыны анық.

       Әрине, бұл жобада да кейбір мәселелерді анықтап алу керек. Мысалы, үстірттің жазы қандай ыстық болса, қысы да сондай қатал болады. Ондай суықта мал бағатын шопанды байлап қойсаң да тұрмайды. Сол үшін, бәлкім, түрлі қондырғыларды көшпелі етіп жасау керек шығар. Бұл жоба өз-өзін ақтаса, тек батыс өңіріне ғана емес, шөлейтті аймағы бар еліміздің басқа өңірлеріне де қолдануға болады. Мысалы, оңтүстіктің өзінде Шәуілдір, Шардара, Арыс, Келес аудандарында сусыздықтан қурап жататын жерлер көп. Жалпы алғанда, Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр жерді игеру үшін, ондағы шөлейтті аймақтарды суландыру үшін бұл таптырмайтын тәсіл болғалы тұр. Малды жайылымда бағу көп қаражатты үнемдеуге, экология жағынан таза өнім (ет, сүт т.б.) алуға септігін тигізеді.

        Осыдан он жыл бұрын малшылар үшін жылжымалы вагондар жасап, оны «Жайлау» жылжымалы кешені деп атадық. Осы тұста айта кетуге тиіспіз, біз шопандарға лайықты жағдай жасай алмай келеміз. Сөйтеміз де, 150-200 мың жалақыға шопан таппай жүреміз. Біз жасаған кешенде шопанның жанына керектің бәрі бар. Бағасы да анау айтқандай қымбатқа түспейді. Оның құрамында екі жылжымалы вагон болса, оның біреуі малшының тұрғын үйі, екіншісін электростанция сақтауға, санузел, монша-душ және қойма ретінде қолдануға болады. Таза су сақтайтын жылжымалы ыдыс та міндетті түрде болу керек. Су тасуға қызмет ететін тіркеменің үстіндегі бөшкесін алып тастап, тракторға тіркеп, басқа шаруаларға пайдалануға болады. Жинамалы ұлттық киіз үй де шопанға міндетті түрде керек. Өйткені жайылымның бір шетіне тігіп қойса, шопанның түсте бірер сағат тынығып алуына жақсы. Тракторы болса тіпті жақсы, өйткені шопан жайылымын да жиі ауыстырып тұрады. Жайылым ауысып тұрса, жері де тыңайып, бір жерді жылына екі рет пайдалануға мүмкіндік болады. Міне, осындай мәселелер шешілсе, мал бағуға ықыласты адамдардың да қатары артқан болар еді. Бұл шығынның бәрін мал иесіне артып қоймай, жартылай болса да, мемлекет тарапынан жәрдем берілгені жөн. Өйткені сайып келгенде, жекенің малы да мемлекеттің байлығы болып есептеледі.

        Ұсынылып отырған екінші үлгі – мал жайылымдарын суландырудың жылжымайтын стационар нұсқасы (суретте). Жайылымдық жерлерді ауыстырып пайдалану әдісі сақталу керек. Себебі жайылымдықты ауыстырып пайдалану арқылы оның өнімділігін сақтап қалуға болады. 2012 жылы Астана қаласында өткен аграрийлардың басқосуында біз «Жайлау» комплектісін көрсеткен болатынбыз. Бірақ мақұлдағандар болғанмен, нақты қолға алған, жәрдем береміз деген ешкім болмады. Міне, осындай олқылықтар малдың жаппай қырылуына әкеп соқтырып жатады. Шындығын айтқанда, бүгінге дейін облыста малдың жемшөп базасы құрылмаған екен. Бұл дегеніміз ауыл шаруашылығын сақтандыру мүлдем ұмыт қалды деген сөз емес пе?!

       Жалпы, мал бағудың жылжымалы әдісі біздің көшпелі елде ежелден қалыптасқан. Қазір де сол қағида сақталуы керек. Әрине, бұрынғыдай ауыл-ауыл болып көшіп жүрудің қажеті жоқ, десек те, мал шаруашылығын дамытуда ата-бабаларымыздың салып берген сара жолынан тәуірі де болмай тұр. Жапан далада жүріп мыңғырған мал баққан, суығы бет қаритын аяздар мен ыстығы ми қайнататын аптаптарда малдарын аман алып қалған қазақ бүгінгі технология жетілдірілген заманда қуаңшылыққа ұрынып, малын қырып алыпты дегеніміз немкеттілік пен жауапсыздықтың салдары емес пе?! Шаруаға аздап көңіл бөліп, айтқанын тыңдасаң, өздері-ақ небір қиыншылықты еңсереді.

        Осыдан бірер жыл бұрын біз, құдай сездірді ме, қуаңшылыққа қарсы қандай амал жасаса болады деген сауалмен біраз тәсілді тәжірибеден өткізіп көрдік. Алдыңғы жылы Мұнайлы ауданындағы «Бөрібай» шаруа қожалығының жерінде өз серіктестігіміздің есебінен тәжірибе жүргіздік. Бір гектар жерге жүгері, 0,8 гектарға арпа ектік және жарты гектар жерді қоршап, табиғи шөптердің өсуін бақыладық. Қазіргі заман технологиясы – тамшылатып суғару әдісін қолдандық. Сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Б.Қашақовтың басқаруымен барған комиссия біздің бұл тәжірибеге оң бағасын берді. Бұл тәсіл суландыру саласының білгір маманы, ұзақ жылдар бойы Қазақ ССР-нің су министрі қызметін атқарған, қазір зейнеткерлік жаста болса да, осы салада жауапты қызметтер атқарып жүрген ақсақалымыз Нариман Қыпшақбаевтың да көңілінен шығып,  Алматыдан арнайы келіп батасын берді. Осылайша біз құм суырған шөлейтті аймақ – Маңғыстауға да су келтірсе, гүлдендіруге болатынын дәлелдедік.

      Жалпы, жемшөпті алыстағы оңтүстік, солтүстік облыстардан тасымалдау қымбатқа түседі. Ал жемшөбі қымбатқа түскен малдың өнімін де арзандату мүмкін емес. Сол үшін әр өңір өздеріндегі бар мүмкіндікті пайдалануы керек. Бізде үш күшті резерв бар. Біріншіден, алып Каспийдің жағасында отырып суға жарымау – нағыз жалқаудың ісі. Ол үшін ыза суын пайдаланса да жетіп жатыр. Каспий теңізінің табиғи тұщытылған суы теңіз жағалауының барлық жерінде дерлік бар, 20-50 метр тереңдікте жатыр. Аспаннан жаңбыр жаудыруды меңгерген бүгінгі мамандарға 20-25 метр тереңдікте жатқан суды шығару не тұрады?! Екінші резерв – жайылымдық жерлерде орналасқан құдықтар. Қалауын тапса оның да санын көбейтіп, кәдеге жаратуға болады.  Үшіншісі – біздің облыстың климаты жылы болғандықтан, жайылымдық жерлерді алты-жеті ай пайдалануға болады. Ол үшін іргеде жатқан теңіз суын тиімді пайдаланып, жерасты суларын соратын ұңғымалардың санын көбейтсек, Каспийдің айналасы бірер жылда нулы орман, сулы жайылым болып шыға келеді. Тағы да айтамын, ол үшін тым алысқа ұзаудың қажеті жоқ, теңіздің айналасын 10-15 шақырымға дейін суландырсақ, соның өзі бізге жетіп жатыр.

       Қысқасы, мал-жанымыз аман болсын десек, оның өсіп-өнуіне қолайлы жағдай жасауымыз керек. Ал оның жолдарын қарастыру ел ертеңіне, мемлекет болашағына немкеттілеу қарай алмайтын, ел-жұртқа жаны ашитын әрбір азаматтың асыл борышы деп білемін. Бұдан да қиын жағдайлардан, түйіні күрмеулі тығырықтардан жол тауып шыққан халқымыз бұл қиындықтарды да еңсереді деген сенім бар.

Тегтер: ауыз су мәселе әкім жергілікті әкімдік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Ажар ОРЫНБАСАР 22.10.2021, 13:32
Мамандықтың озығы бар, тозығы бар
Қуаныш ЕРМЕКОВА 22.10.2021, 12:00
Тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларының алдын алу жұмыстары күшейтілуде
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 21.10.2021, 08:55
«Қазпошта» қазаққа жау ма?!
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.10.2021, 09:10
Сүйек-саяқты қанағат тұтып...
Нұрболат ӘЛДИБЕК 19.10.2021, 09:46
Жамбылда жол апаты неге жиілеп кетті?
Дос КӨШІМ 19.10.2021, 08:24
«Қажет болған кезде...» қазақ тілін өлтіре салыңдар!

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31