Сүйек-саяқты қанағат тұтып...

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

20.10.2021, 09:10

1847

Халық арасында қауіпті індет дендеп тұрған шақта еттің маңызы зор. Диетологтар  ағзаға қорек көзі – жеміс-жидекпен қатар, ет екенін талмай айтып келеді. Алайда дастарханда нанды талғажау ететін әлжуаз халықтың ас төресін сатып алуға қалтасы көтермейді. Қарашаның қабырғасына батарлығы –  пандемия басталғалы ет бағасы тұрақтамай қойды. Соңғы екі жылдан бері ол біртіндеп, бірақ үздіксіз көтеріліп келеді. Ел көлемінде белоктың көзі саналатын бұл тамақ түрі орташа есеппен 10 пайызға өссе, кеншілер шаhарында жылқы мен қой етінің құны 15 пайызға қымбаттап кетті.

Демалыс күндері қаладағы жаңа ет базарына бас сұқтық. Әдетте жұрт қарасы қалың болатын сауда нүктесінде кісі аяғы сиреп қалған.  Мұнда қонақ шақырғандар  мен етсіз тәбеті ашылмайтын жандар ғана жүр.

– Еттің бағасы өткен аптаға қарағанда тағы қымбаттапты. Жылқы етін біреулер 3800 теңгеге бағаласа, кейбір сатушылар 4000 теңгеге сатып тұр. Халыққа қиын болып барады. Жалақы көтерілмейді. Ал инфляцияның ырық беретін түрі жоқ, – дейді тұтынушылардың бірі  Назым Болатбекова.

Жаңа базарда тілдескен зейнеткерлер мен жалақысы төмен  тұрғындар қаржылық қыспаққа тірелгендерін қынжыла баяндады.

– Былтыр бір келі сиыр етінің нарқы – 1500, әрі кетсе 1800 теңгеге саудаланған. Қазір ондай бағаға тартылған етті таппайсыз. Осы күні етке қарамауға тырысамын. Кейде амалсыздан қызыға көз тастап қоямын. Етке қол жетпегендіктен, осы араға сүйек алуға келіп жүрмін, – деді қиналысын бүкпесіз айтқан  Раиса Еремеева.

Қарағандыда сүйек-саяқты қанағат тұтқан отбасылар көбейіп келеді. Саудагерлердің айтуынша, биылғы қымбатшылық мал азығы мен жанар-жағармай құнының өсуіне тікелей әсер еткен. Оның үстіне биыл облыстың бірнеше ауылдары мен елді мекендерінде дала өрті белең алды. Тілсіз жаудың  салдарынан  жемшөп бағасы шарықтап шыға келген.

–Ауылдан ет әкелетін делдалдардың айтуынша, қырдағы мал ұстайтын  ағайын мал қорегін қымбатқа сатып алған. Былтыр шаруалар шөптің тоннасын 55 мың теңгеге олжаласа, биыл 100 мың теңгеден асып жығылған көрінеді. Күнкөрісін малдан айырып отырған ауыл тұрғындарын өрт тұралатып тастағаны анық, – дейді ет сатушы Қарлығаш Жақыпова.

Қолда бар дерекке сүйенсек, ел аумағымен қатар, Қарағанды облысында да  соңғы сегіз айда қой еті шамамен – 14,9, жылқы – 9,4, сиыр – 7,8, құс еті 3,2 пайызға көтерілген. Аймақта еттің бағасы өскен сайын, оны халықтың сатып алу қарқыны бәсеңдей беретіні кәдік. Мамандардың мәлімдеуінше, биылғы жарты жылда қандастарымыз қой етін тұтынуды бұрынғыдан 2,5 келіге кеміткен. Ал жылқы, тауық етіне сұраныс  4,5 пайызға төмендеген. Демек, әрбір тұрғын жылына орта есеппен 55 келі ет жейді деген сөз. Ауыл шаруашылығының майын ішкен маман, осы саланың ғалымы Төлеутай Рақымбеков ілгеріде КТК арнасына берген сұхбатында: «Австралияда әр тұрғынға 6-7 қойдан, Жаңа Зеландияда адам басына 16-17 қойдан келеді. Ондай көрсеткішке жетуге бізде бүкіл мүмкіндік бар», – деген-ді. Ендеше не кедергі? Атакәсіпті жаңғыртатын шаруагер аз ба, әлде Шопан ата төлінің базардағы бағасын ауыздықтауға әлі келетін шенеуніктерге кендеміз бе? Айтпақшы, ақ желең иелері тәжтажалға шалдыққандарға қойдың етін көптеп тұтынуға кеңес береді.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 08:54
Үкімет зейнетақы қорына қатысты шешімді халықпен неге ақылдаспады?
Нұртаза ҚЫДЫРНИЯЗОВ 03.12.2021, 08:48
Қауіп қайдан?!
Махамбет САПАРМҰРАТОВ 01.12.2021, 09:20
Жауапкершілікке шекесінен қарайтындар ел мүддесіне қызмет етпейді
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 30.11.2021, 09:00
2,5 миллиард теңге кімнің қалтасында кетті?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 25.11.2021, 09:00
Теңгесінде тұрақ, үкіметінде естір құлақ жоқ елдің жайы не болмақ?!
Көпжасар НӘРІБАЕВ 23.11.2021, 14:20
Желтоқсанның себебі мен салдары

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14