Тарих бұрмаланады, ал автор жауап бермейді

Қорабай ШӘКІРҰЛЫ

04.05.2021, 12:37

2057

Әбден бетімен кеткен интернет жүйесінен дұрыстық пен сауаттылық, әсіресе қазақ тіліне пайдасы тиер деп дәмеленуден ештеңе шықпас. Ал енді мемлекет, үкімет қарамағындағы ақпарат құралдарынан, газет-журналдар мен радио-телеарнадан қазақ тілін дұрыс қолдануды бақылауға алуға болатын шығар. Мемлекет басқару жүйесінде көптеген жұмыстарда салғырттық пен немқұрайдылықтан басқаны көре алмайсыз.

Қазақ тілінің ақпарат құралдарында және ауызекі қолданыста көптеген қателер туралы жазылып та, айтылып та жүр. Бірақ «Баяғы жартас – бір жартас» қалпы. Мысалы, «Құлағына алтын сырға» дегенде «осы сөзді тікелей қатысы бар адам естімей-ақ қойсын» деген мағынада айтылатын сөзді, керісінше, сол адамға құлаққағыс ретінде айтылып жүр. Дұрыс мағынасы туралы осыны талай жазған марқұм Бекболат Әдетовтің ғұмыры жетпей кетті. Сол сияқты мұхиттың арғы жағынан Мұхтар Мағауин жазды, адамның төлқұжатында жазу «туылған» емес, «туған» деп жазылу керектігін. Бірақ өзгеріс аз, әлі де «туылған» деп айтылып, жазылып жүр. Қазақ тілінің қорында жоқ сөздер көбейді. Ауа райының жауын, шашын, жел, аяз, ыстық, салқын сөздерімен айтылатын: болады, тұрады, соғады сөздерінің орнына «күтілуде» сөзі жиі қолданылатын болды. Өткен жылғы «Ақиқат» журналының №12 санында «Келелі кеңес» айдарымен берілген «Біз қалай сөйлеп жүрміз?» атты мақалада тіл маманы Нұрсәуле Рсалиева да басқа тілдердің әсерінен бұзылған «туған күніңмен», «кездескенше» сөздеріндегі «құтты болсын», «амандық болсын» айтылмай, жазылмай, алдыңғы сөздердің мағынасын жоғалтқанын айтады. «Армысыздар» деп сәлемдеседі радио-теледидардан хабар жүргізушілер. «Армысыздар» дейді мінберден жиналған жұртшылыққа, таза қазақшамды естідіңдер ме?» деген сеніммен кездесуге келген кей шенеунік.

  Ал байырғы қазақ тілінде бұрынғылар «Арма!» деп сәлемдескен.  «Жайықтың Ақмаралы арма, Жібек...» («Қыз Жібек» жырынан), «Айтамын айт дегеннен арма, Жібек...» (Бекежанның ариясы).     

  «Қобыланды батыр» жырында «ел шетіне жау келді» деп, жауға қарсы шауып бара жатқан батырларды суреттеп:

«Тайбурылды құтыртып,

Оған да жетті сыпыртып,

   – Үлкен едің, арма! – деп,

— Алдыңда кісі бар ма? – деп», – дейді ғой.

Ертеректе, студент кезімізде жатақхана кереуетінің үстінде малдас

құрып отырып алып, курстас досымыз, бақанастық Сламбаев Қасымхан әпсана-әңгіме айтушы еді.

«Құлағу батыр жортуылда жүріп, бір үйге қоналқыға түсіп, ас ішіп отырып, дастархан басында бірге отырған сол үйдің бойжеткен қызына ет ұсынса, қыз керігіп :

«Кел демеймін, Құлағу, кет демеймін,

Құлағудың қолынан ет жемеймін», – дейтін көрінеді.

Мұндай әбес қылықты күтпеген Құлағу жұлып алғандай:

«Кел демесең, Құлағу, кет демесең,

Құлағымды жеймісің, ет жемесең,

Сені өсірген ата-анаңның аузын мен ұрайын.

Отырып от басында тәйт демеген», – деген екен.

Сол сияқты «тәйт» дейтін ешкіміміз болмаған соң, ойымызға келгенді істеп, аузымызға келгенді айтып, «қазаннан қақпақ кетіп, иттен ұят кеткен» заманға кез болдық.

Тіл бұзушыларға ешбір шара қолданылмайды. Авторға да, байқамай жіберген қатесіне де редакция жауап бермейді. Хабарларды дайындайтын радио, теледидарда да солай. Ешкім айыппұл төлемейді.

 «Қазақ әдебиеті» газетінің өткен жылғы 27 қазандағы №41 санында «Жамбылдың көзін көрген, Кененнің өзін көрген...» деген көлемді мақала басылды. Жамбылды да, Кененді де көрген 90 жастағы ақын Мыңбай Рәш туралы. Мені таңғалдырғаны – неге біреуінің көзін, біреуінің өзін көргені.

Аталмыш газеттің 2020 жылғы 5 маусымдағы №22 санында Елен Әлімжанның «Алтын жүлге жыры» (романнан үзінді) жарияланды. Бір сөйлемінде: «Залдың қақ ортасында есік пен төрдей болып Мұқағали Мақатаев тұр екен...» – деп жазды. Енді, міне, бұдан былай тұлғаларымызды жылқы малындай сипаттайтын боламыз. Қазір әншілер де ешбір жерден тексеріс, бақылау болмаған соң, еш ұялмастан ән мәтінін бұзып айта береді. Жиын-тойларда да, радио-теледидардан да осылай.

Үзілдіріп, тамылжытып қазақ әнін салудағы үздік үлгі – эталон әнші Қайрат Байбосынов балалық шағында татқан қазақ тілінің мәйегін өмір бойы бұзбай, дәстүрлі қазақ әнін қорғап жүріп халықаралық дәрежеге жеткізді.

Қазақ әндерінің шығу тарихын, бұрын-соңғы қазақ даласында өткен әншілердің өмірбаяндарын зерттеп, ақпарат құралдарында сын-ескертпелерін айтып та, жазып та жүрген әнші Ерлан Төлеутай туралы да осыны айтуға болады.

Көп айтылып, жазылып жүрген мәселелердің бірі – қазақ тілінің жағдайы. Кейінгі жылдары қазақ тілін оқытуда, мемлекеттік тіл ретінде қолданысында біршама ілгерілеушілік бар екенін айтпасқа болмайды. Мысалы, қазақ мектептерінде қазақ тілін оқыту, оқушылардың қазақ тілін меңгеруі, сөз жоқ, жақсарды. Сол сияқты өзге ұлттар арасында қазақ тілін білуге деген ынта оянды. Мемлекеттік қызметте қазақ тілінде міндетті түрде құжаттар толтыру талаптары мүлтіксіз орындалып жүр. Дегенмен осының бәрі қазақ тілінің қолданыс аясын нығайтуда әлі де жеткіліксіз болып тұр.

Ақпарат құралдарында қазақ тілі туралы айтып, жазып жүргендердің көпшілігі айта-айта жауыр болған жаттанды сөздермен шектеліп, кейбіреулер осы мәселе жөнінде айтқанды жеке бастарын жарнамалау құралы ретінде пайдаланып, «белсенділік» танытуда. Біреулер «бесік жырын айтпайтын аналардан қорқамын» деп айтқан, сондықтан аналарды бесік жырын айтуға үйретсек, балалар қазақша сөйлер еді дегенге саяды. Енді біреулер «балаларын қазақша сөйлету – ата-ананың міндеті, солардан сұралу керек» деген пікір айтады. Тағы біреулер қазақ тілін халық болып қолға алып, қоғамдық негізде көтеруімізді қалайды екен. Осы айтылғандарға біз де пікірімізді қоссақ, мемлекеттік тілде ант бергенде бес сөйлемді оқып бере алмаған депутат қыздар мен олардың депутат әріптестерінің жұбайлары бесік жырын айтпайтынына кепілдік беруге болады. Санамыздан да, салтымыздан да қалып бара жатқан бесік жыры ертеректе бейнелі өрнектеп айтылған уақыты өткен, әншейін сөз болып қалды. Тіпті зәуде бір бесік жырын естіп өскен бала қазақша біліп, ертең балабақшаға барысымен орысша сөйлей бастайды. Мектепке барса да солай. Баласын қазақша үйрету ата-ананың міндеті дейтін болсақ, көптеген ата-ана түрлі себептермен баласын мектепке жіберуге құлықсыз. Сол сияқты қазақ тілін баласының білу-білмеуі де өз білім деңгейі төмен ата-ана үшін маңызды мәселе емес.

Толассыз реформаларды басынан өткізген оқу, білім саласы жуыр маңда мұны түзете алмайды. Мазмұндама, шығарма жазуды білмеген, білімі тестілеу арқылы тексерілетін бала қазақ тілінде мүлтіксіз сөйлейді дегенге сенбеймін.

Ал енді мемлекеттік тілдің дәрежесін көтеру үшін халық болып қолға алып, қоғамдық негізде шешу керек дейтіндерге айтарымыз, қоғамдық негізде жауапкершілік жоқ, мұндай мәселеде ол болмайды да. Сондықтан мемлекеттік тілдің қолданыс дәрежесі, оқу, білім жүйесі, денсаулық сақтау саласы, ұлт намысын қорғау, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, осы айтылғандарды жоспарлау, бағдарлама жасау, қадағалау, бақылау – бәрі мемлекет пен үкіметтің тікелей жұмысы екенін ұмытпауымыз керек. Керек десең, халықты ойлаған мақсатқа жұмылдырудың өзі мемлекеттік іс болып табылады. Мәселен, жаппай орта білім алуды мемлекет қолына алған соң іске асқаны белгілі.

  Кейінгі кезде елімізде қазақтар жөнінде келемеж кино түсірген біреудің Борат деген кейіпкері жөнінде, «мемлекеттік туымызды қорғайық» деп ұрандатқан топтар, «орыс шовинистері Қазақстанның жері біздікі деп айтыпты» деген даурығу, жасанды, жалған патриотизмге еліктеп атқа мініп, ту ұстап жолға шығып, ауылда төбе-төбенің басында ереуілдеген, көрінгенге күлкі болған аттылар тобы көбейіп кетті.

  Елдігімізге сын осындай өрескел шараларға да «қой, шәй» дейтіндер болмады. Мемлекеті берік, мықты дамыған елдерде мәселе басқаша шешіледі. Мысалы, «Моссад» аталатын Израильдың ұлттық барлау қызметі шетелдердің бірінде адамдарын жазым қылып, азаматына, ел тәуелсіздігіне нұқсан келсе, кінәлі адамды жердің тесігіне кірсе де, тауып алып жазалайды.

  Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында Мәскеу қаласында өздерін «скинхеды» деп жариялаған «Москва – тек москвалықтар үшін!» деген ұранмен 15 шақты жас жігіт Жапонияның үш адамын өлтіріп кетті. Жапондықтар бір жылға жеткізбей, кінәлілердің бірін қалдырмай жазалады. Содан бері Мәскеуде жапондықтарға ешкім тиіспейтін болды. Сол жылдары екі Грузия азаматын өлтіргендерді де грузиндер тап осылай жазалады. Өткен жылы интернет желісінде шешен ұлтының қызының ар-намысына тиіп, балағаттаған армян жігітін бір аптаға жеткізбей үнін өшіргенін де көрдік.

Біздің елде кез келген нәрсе дәрменсіздікпен шектеледі. Бұл дәрменсіздік әсіресе баспасөз бетінде белең алып тұр. Тарихи деректер бұрмаланады, авторлар ойына келгенді жаза салады. Мақаласы, шығармасы туралы ертең жауап берем деп ойламайды. Зиялы қауымның мұнымен ісі жоқ. Нақты жауап беретін адамдар түрлі әдіс-айлаға көшкен. Үкіметтік мекемелер көрмеген, байқамаған болады. Орыстың бард ақыны Владимир Высоцкийдің «Удобную религию придумали индусы» дейтін әні болатын. Реинкарнация деп аталатын, өмір – шексіз мәңгілік, адам өлген соң, басқа бейнеде табиғаттың кез келген жаратылысы түрінде қайта туып, өмір сүре береді деген наным-сенімнен туындаған, ғылыми негізделмеген ұғым. Біздің елде, Конституциямызда көрсетілгендей, қазір цензура деген жоқ. Газет-журнал редакциялары, автордың пікірі редакцияның көзқарасы болып есептелмейді деп, жауапкершіліктен бас тартады. Бірнеше редакторы, көмекшілері бар ақпарат құралының ұжымы  «ақсақал, мақалаңыздың немесе шығармаңыздың мына бір тұсы қазақ тілінің ереже, емлесін бұзып тұр, мына жерінде сөз қолданысыңыз қате, мына көрсеткен дерегіңіз тарихи деректерге кереғар» деп айта алмай ма?

Осыдан бірер жыл бұрын өткен Бұқар жырау Қалқаманұлының мерейтойына арналған көлемді мақала бірнеше газетте жарық көрді, баспадан кітап та шықты. Белгілі тарихшы, ғалым Жамбыл Артықбаев Бұқар жыраудың қазақ делегациясының құрамында Ресей патшалығымен бірнеше мәрте келіссөздерге қатысқаны жөнінде деректер келтірді. Той тарқап үлгермей-ақ, Мәскеу архивтерінде ұзақ жылдар жұмыс жүргізген жазушы Болатбек Нәсенов жоғарыда айтылған делегация құрамында Бұқар жыраудың болмағанын делегацияның тізімін келтіріп, құжаттар арқылы мақалада келтірген деректің негізсіз екенін дәлелдеп жазды. Содан бері талай уақыт өтсе де, мақала авторының қателігіне кешірім сұрағанын не мақалаға тиісті түзету енгізгенін көргеніміз де, естігеніміз де жоқ.

Еліміз егемендік алғаннан бері қазақ-қалмақ соғыстарында ерлік көрсеткен қазақтың белгілі батырларының өміріне зерттеу жасалып, ғалымдар мен жазушылар атсалысқан кітаптар шықты. Көпшілігі деректі құжаттармен қамтылған құнды дүниелер. Алайда қазіргі кезде әлдебір пысықтардың сол батырларды өзінің арғы атасының қол астында тарихқа белгісіз шайқастарға қатысқанын дәлелдеп жазып жатқандар көбейіп кетті. «Сөз өнері дертпен тең» деуші ме еді? Кейбір жазушыларымыз өз аталарын жөнсіз мақтауда қиял – фантазияға ұласатын «шығармалардың» шеберлері болып, дертке ұшыраған сияқты. Бұған да ешкім ештеңе айтып жатқан жоқ.

         «Елімізге керек емес ертегі!

Ертегіні өз балам да шертеді.

Тарих керек!

Іргетасы ол елімнің,

Іргетассыз қаланбайды ертеңі!» – деуші еді атақты Қадыр ақын.                            

  Еңсені басқан енжарлық пен немқұрайдылық. Зиялыларымыз бен тарихшыларымыз не дейді? Сыншылар да сирек жазатын болды. Әдебиет пен өнер саласында өткір де сауатты сын айтып жүрген сыншы Әмина Құрманғалиева да біраздан бері естілмейді. Әрине, коронавирус індеті елді есінен тандырып тұр десек те, «Батыры көксер бас аман...» дейтін заман осы шығар.

  Біреудің біреуде жұмысы жоқ. Бейберекет тірлік. Өткен жылдың аяғына қарай, биылдың басынан бастап елімізде азық-түлік өнімдері бағасының жөнсіз шарықтауы биліктегілердің ешқайсысын алаңдатпады. Өзімізде өндірілетін бидай, арпа, қарақұмық, тағы басқа өнімдерге, күнбағыс майы, қант, ет, сүт сияқты тағамдарға баға 100 пайыздан аса көтерілді. Бұған не өңір басшылары, не үкімет, тіпті не осы салалар тікелей бақылауында болатын, жауап беретін қызметкерлер де селт етпейді. Монополистер баға жөнінен ойына келгенін істей алады. Жеке кәсіпкерлер де, сауда мекемелері де солай. Автокөлікпен бір жолаушыны тасымалдау бағасын екі есеге өсірді, сол баға әлі түскен жоқ. Кім қадағалайды? Осы мерзім аралығында жанармай бағасы, доллар құны өскен жоқ. Жуырда ақпарат құралдарынан теміржол билеттері 30 пайызға қымбаттайды деп хабарланды. Не электр қуатының, не көмірдің бағасы өскен жоқ. Қандай себеппен көтеріледі? Тауар өндірушіге, сатушыға заңсыз баға көтеріп, тапқан табысына тиісінше салық көлемі көтерілуі тиіс емес пе? Сұрақ көп, жауап беретін ешкім жоқ.

Тегтер: тарих тағылым рухани жаңғыру естелік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 09:43
Мемлекет медбикелерге қашан мейірімммен қарайды?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 12.05.2021, 11:00
Жошы ханды жаһанға таныта аламыз ба?
Болат ШАРАХЫМБАЙ 12.05.2021, 08:16
Желтоқсан құрбандарын толық ақтау – асыл парыз
Сайт әкімшілігі 10.05.2021, 15:23
Алматыдағы тағы бір ЖОО лицензиясы тоқтатылды
Тұрсын ЖҰРТБАЙ 08.05.2021, 09:15
Жанкешті тағдырлардың сақабасы
Несіпбек АЙТҰЛЫ 06.05.2021, 09:09
Жалақорға жауап

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06