Тарихи орынды талқандауға не себеп?

Айжан БҮРКІТБАЕВА

25.02.2021, 12:37

2706

15 ақпан күні Алматыдағы М.Горький атындағы орталық саябақтың орнына студенттерге арналған жатақхана салынатыны белгілі болған еді. Бұл орынға Абай атындағы ҚазҰПУ жатақханаға мұқтаж 327 студентін орналастырмақшы. Осыған орай, 19 ақпан күні бір топ қоғам белсенділері мен қала тұрғындары тарихи аумаққа айналған демалыс орнына студенттер үйінің салынуына қарсылық білдіріп алаңға шықты.

                             Жасырын сатылған жасыл алаң

         Жергілікті тұрғындармен өткізген жиналысында ҚазҰПУ проректоры Ғабит Дулатов 2011 жылы  саябақтың 4 гектар жері университет меншігіне тиесілі болғанын айтады. Ал 2018 жылы Бауыржан Байбектің әкімдігі тұсында құжатта бұл жердің тарихи атауы «жатақханаға арналған» деп өзгертілген. Демек, 10 жылға жуық уақыттан бері Горький атындағы орталық саябақтың иесі Абай атындағы ҚазҰПУ болып келген. Ал үш жыл бұрын саябақтың орнына студенттер үйін салуға рұқсат берілген. Бәрі жасырын түрде іске асып жатқан әрекет пе дерсің. Аттылар ойындағысын істеп жатыр, халық бәрінен бейхабар.

Ал наразылықтарын айтуға шыққан жергілікті тұрғындар бұдан хабары жоқ екендерін айтады. Пікірлерінше, серуендейтін жерлеріне студенттер қоныстанатын болса, саябақты күл-қоқысқа айналдырып, сәнін құртады дейді. Наразы топ тіпті президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына да хат жолдаған. «Бұл тарихи орын. Ал бұл жерге жатақхана салынатын болса, саябақтан біржолата айырыламыз. Алматы тұрғындары балаларымен келіп, қыдырып, спортпен айналысатын, мәдени іс-шаралар өткізетін жердегі жасыл алқапты отап, ғимарат тұрғызу дұрыс па? Горький атындағы саябақ Алматының көркі, мақтанышы. Бұл демалыс орны әрбір алматылық үшін қымбат, ыстық. Біздің әкелеріміз осында ағаш отырғызған. Өзіміз де осы жерде ержеттік. Енді, міне, қаланың көркі болған саябақтың жан-жағын қоршап, құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұрынғы спорттық секциялардың бәрін тоқтатып, барлық жерді жатақхана құрылысына тапсырып жатыр. Халыққа ештеңе қалдырмады. Газбен ластанған қаламызда енді жасыл аймақтар да жоқ», ­ – дейді қала тұрғыны Татьяна Гайнуллина.

«Қаланың тарихи ауданын бүлдіруге болмайды» деп ұрандап шыққан жергілікті тұрғындар студенттердің жатақханамен қамтылғанына қарсылық білдірмейді. Тек орынды дұрыс таңдағандарына наразы. «Басқа жер құрып қалғандай саябақ аумағына алты қабатты жатақхана салынуына қарсымын. Себебі болашақта ол ғимараттың нысаналық мақсатын өзгертіп, коммерциялық нысанға айналдырып жіберуі де мүмкін. Яғни тапсырыс берушілер экологиялық және заңдық талаптарды бұзады. Неге қала тұрғындары демалатын жерге көп адам қоныстанатын жатақхана салынатынын мүлдем түсінбеймін. Қалада басқа да бос жерлер жетерлік қой. Ол жерлерді көпқабатты тұрғын үй кешендеріне бергенше, жатақхана құрылысына неге бермеске?» ­– дейді тұрғын Серік Шынтеков. 

                                          Жұмбақ инвестор

         Жатақхана салуға арналған құрылысқа 11 сотық жер бөлінген. Студенттер үйі саябақпен шекаралас Медеу ауданына салынбақ. Аумаққа Орманов көшесінен бөлек кіреберіс беріледі екен. Ғимарат құрылысына 1 млрд 3 млн теңге қаржы құйылатыны мәлімделген. Қаражатты инвестор бөледі. Университет басшылары мен әкімдік бірлесе отырып мердігер және инвестор ретінде «Әл-мансұр» компаниясын таңдаған.

         Ашық дерек көздеріне сүйенсек, аталған компанияның іргетасы 2015 жылы қаланған. Басшысы әрі құрылтайшысы Жомарт Рақышев екен. Құрылғанына бес жылдан аса уақыт өткен компания салығының мөлшері 415 900 теңгені құрайды. Бұл тек 2016 жылы ғана төленген салықтың көрсеткіші. Ал қалған жылы компания салық төлемеген. «Әл-мансұр» компаниясы жайлы басқа деректер мүлдем көрсетілмеген. Жүргізген құрылыс жұмыстары жайлы да бірде-бір мәлімет жоқ. Тіпті басшысының байланыс дерегі де жарияланбаған. Тек кері байланыс жүргізу үшін электронды пошта адресі ғана берілген. Университет проректорынан Жомарт Рақышевтің нөмірін сұрап көріп едік, өзінде жоқ екенін айтты. Демек, инвестор мен университет арасында байланыс болмаған-мыс. Инвесторды қандай талаптарға сай таңдағандарын Ғабит Дулатов былай түсіндірді:

— Инвестор таңдау барысында көптеген құрылыс компаниялары бірігіп жұмыс істеуге ұсыныс білдірді. Бірақ олардың ұсынған шарттары бізге тиімсіз еді: мысалы, құрылыс аяқталған соң, жерді оларға иелікке беру немесе сегіз жылдан кейін дайын жатақхананы оларға беру сияқты. «Әл-мансұр» компаниясы ғана құрылысты өз қаржысына жүргізіп, біткен соң университет олармен есептесетін шарт бізге ыңғайлы болғандықтан, біз олармен келістік, – дейді проректор.

         Құрылыс кезінде 67 тал кесілмек. Алайда құрылыс компаниясы оталған ағаштардың орнына 670 тал егіп береміз деп уәде беріпті.

         Ал Алматы әкімдігі осы мәселеге байланысты 1 наурыз күні таңғы сағат 10:00-де Горький атындағы саябақта ашық жиналыс форматындағы тыңдау өткізетінін мәлімдеді. Алайда қала тұрғындары бұл жиналыстан ештеңе өзгермейтінін айтады. Себебі саябақта құрылыс жұмыстары басталып кеткен. «Ары кетсе басу айтып, сабырға шақырар, сондықтан тарихи орындарды өзіміз қорғауымыз керек» дейді наразылық білдіруші топ.  

Тегтер: саябақ құрылыс жатақхана мәселе шешім

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тихон ӘЛІПҚАЛИ 15.04.2021, 09:43
Үлгіліні ұғыну елдігімізге үлкен сын
Айтбай СӘУЛЕБЕК 15.04.2021, 09:22
Сарыторғай – қазақтың сары алтыны
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 13.04.2021, 10:47
Жыртыққа жамау болмайтын жәрдемақы
Мұрат ӨТЕБАЙҰЛЫ 09.04.2021, 08:40
Жағымпаздыққа тоқтам бола ма?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 08.04.2021, 14:24
Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 08.04.2021, 08:53
Маскалық режим халықты қанаудың бір түрі ме?!

Аңдатпа


  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24