Тарихтан сабақ алмадық, қалмайық тағы алданып...

Дос КӨШІМ

04.10.2022, 10:12

1716

Ресейден мезгілсіз келген «қашақтар» мәселесінде қоғам тағы да екіге жарылды. Бір жағында – орыстілді қауым болса, екінші жағында – қазақтілді қоғам. Ал билік осы отыз жылдағы рөлінен танбай, орыстілді қауымның қасына жайғасты. Бұл – біздің биліктің тұрақты орны. Кез келген мәселе туындағанда («Шаңырақ» оқиғасы, «Жаңаөзен қырғыны», «Жерді сатуға қарсылықтар», «Қаңтар қырғыны», т.т.) біздің елімізде осындай «расклад» орын алады. Бұл біз үшін қалыпты жағдай. Дұрысын айтқанда, биліктің «қазақ мәселесіне» келгенде, баррикаданың арғы жағынан табылатынына етіміз үйреніп кеткен. Ал қоғамның саяси мәселесінен аулақ жүруге тырысатын, өздерінің әлеуметтік жағдайына алаңдап, қазіргі тілдік артықшылықтарын жоғалтпауға тырысатын орыстілді қауымның әрқашан билікті қолдайтыны тағы да талассыз мәселе.

Осы бөліністің салдарынан, әлеуметтік желі де соңғы бір апта бойы бұрқ-сарқ қайнауда. Біріміздің сөзімізді біріміз тыңдамайтын деңгейге жеткен сияқтымыз. Әрбір әлеуметтік топтың, әр тілдік қауымның өз шындығы бар. Сондықтан орыстілді билікке өкпелеудің де қажеті жоқ. Оның орнына сәл демімізді алып, біріміздің сөзімізге біріміз құлақ түрейік, уәжімізді ортаға салайық, ортақ шешімге келмесек те, ат құйрығын кесуге бармайық.

Орыстілді қауымға ешқандай реніш жоқ деп ойлаймын. Қолдамаймын, бірақ түсінемін. Олардың басым көпшілігі өздерінің қандастарына жандары ашып, қолдан келген көмектерін беріп жатыр. Олар көпшілігі үшін, бұл нөпірдің не үшін келгені, «қашақтардың» іштерінде қандай пиғылы бар, келешекте қазақ жерінде қандай жағдайдың орын алатыны – екінші, үшінші… оныншы мәселе. Мүмкін, кейбіреулері «орыстар, орыстілділер көбейіп жатыр» деп, іштей қуанып та жүрген болар. «Қанына тартпағынның қары сынсын» дейді қазақ. Орыстілді аймақтың тұрғындары үшін Ресейден келушілердің көбейгені – Қазақ жеріндегі орыс әлемінің көбейгені, күшейгені, қазақ тілін, мемлекеттік тілді, мойындамаушылардың көбейгені. Қазақстандағы орыстілділердің ішінде орыс әлемін, Путиннің басқыншылық саясатын белсенді түрде қолдаушылардың баршылық екенін ескерсек, (1991 жылғы Шығыс Қазақстанның үш ауданының сепаратистік әрекеті, одан кейінгі Пугачев бастаған топтың қарулы төңкеріс жасау арқылы Ресейге қосылмақшы болғаны, Риддер қаласында Ресейге қосылу жөнінде референдум ұйымдастыру жөніндегі іс-әрекеттер, соңғы уақыттағы әлеуметтік желіде пайда болған Ұлтты азат ету қозғалыстары, т.т.) бұл қашақтардың (бұл сөзді тырнақшаға алудың қажеті жоқ деп ойлаймын) болашақта атқаратын рөлі туралы бал ашып, құмалақ салудың қажеті жоқ деп ойлаймын. 

Қазақтілді қауымның бұл мәселеге деген ұстанымдарын екіге бөлуге болады. Біріншісі – Ресейден орыстардың үдере көшуінің салдарынан пайда болатын әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтар. Бұл үйлердің қымбаттауы, жалға берілетін баспана бағасының көтерілуі, жұмыссыздықтың күрт көбеюі, теңгенің құлдырауы, т.т. Шындығында бұлардың барлығы көрші елдерде саяси-экономикалық дағдарыс орын алғанда көрініс беретін әдеттегі, күтілетін қиыншылықтар. Бұл – қазақтарға да, басқа ұлт өкілдеріне де бірдей тиетін ауыртпалық. Екіншісі – әлі орнына келмеген ұлттық құндылықтардың, оның ішінде, қазақ тілінің жағдайына деген алаңдаушылық. Ресейден ағылған орыстарға деген жаулық көзқарас емес, болашақтағы ішкі тұрақтылыққа деген алаңдаушылық. Мүмкін, әңгіме осы алаңдаушылыққа деген негіз бар ма деген сұрақтың айналасында ғана болар. 

Біріншіден, Ресейден келіп жатқандардың басым көпшілігі – жиырма мен қырықтың арасындағы адамдар. Олар Путиннің билігі тұсында туып-өскен, империялық, шовинистік тәрбие көрген жандар екені анық. Қысқасы, жаңа «ватниктер». Екіншіден, бұлар осы уақытқа дейін, (мүмкін, қазір де) Путиннің басқыншылық саясатына қарсылық білдірмеген, кезінде үнсіз қолдау жасаған жандар екені де талассыз. Мүмкін, диванда отырып, күңкілдегендері де бар шығар, бірақ ашық қарсылық жасауға бармайтын, кімнің тарысы піссе соның тауығы болуға дайын тұрған адамдар екені де даусыз. Путиннің саясатына қарсы шыққандардың бірқатары осыдан алты ай бұрын сотталды, кейбіреулері Ресейден қашып, сырт елге кетті. Айта кету керек, шын мәнінде, Путин саясатына қарсы өзіндік ұстанымы бар жандар Қазақстанға сол кезеңде де келді. Бірақ ешкім оларға тегін тамақ берген жоқ, ал билік басшылары «орыстарға көмектесу керек» деген сөздерін айтқан жоқ...

Айтпақшы, жақында ғана әлеуметтік желіде Павлодарда жүрген екі орыс жігітінен алынған сұхбатты көрдім. «Қырым – кімнің жері?» деген сұраққа екі орыс азаматы кібіртіктеп, жауап бере алмады… Демек, бұл келгендердің басым көпшілігі Қырым мен Донбасс, Луганскі түгілі, бүкіл Украинаның территориясын Ресейдің жері десе де бас шұлғитын жандар. Олар тек қана өз өмірлеріне қауіп төнгенде, соғысқа бару мәселесі көтерілгенде ғана «атқа мініп, үдере көшкен батырлар». Олардың басым көпшілігі Жириновский мен Лимоновтардың қазақ жері туралы айтқан сандырақтарына қол соғып, Нефедов пен Медведевтердің Cолтүстік Қазақстан туралы пікірлерін ұйып тыңдаған жандар. Қысқасы, елімізге пиғылын анықтауға болмайтын он дивизияға жуық әскер жасындағы адамдар енді. Меніңше, бұған селт етпей отыру – қылмыспен тең.

Үшіншіден, бұл келгендердің көпшілігінің басқа елдерге кетуі де мүмкін. Бірақ кем дегенде, үштен бірінің қалатыны анық. Демек, бұл – орыстілді тағы бір облыстың өмірге келгені деген сөз. Бұл – мемлекеттік тілде сөйлемек түгілі, қазақ тілінде сөйлейтін азаматтарға қызмет көрсетуден де бас тартып отыhған орыстілді қауымға мемлекеттің тілін мойындамайтын тағы да жүз мыңдаған адамның қосылуы. Егер өз еліміздің орыстілді азаматтары отыз үш жылдың ішінде қазақ тілін үйрене алмай, дұрысы өз мемлекетінің тілін үйренуден, қолданудан бас тартып жүрсе, бұл келген орыстілді азаматтар қазақша сайрап кетеді деп не Тоқаев, не Смайылов уәде бере алмайтын болар… Тіл мәселесінің жылдар өткен сайын ушыға түсетіні анық, демек, бұл қашақтар ертең ұлтаралық кикілжің, қақтығыстың қозғаушы күші болмайды деп кім айта алалды?

Айта кету керек, бұл «көш» – алдыңғы толқын ғана. Ресейде әлі де сан түрлі «мобилизация» болары анық. Демек, біздерді екінші, үшінші толқын күтіп тұр. Егер қазіргі шақырылғандар қолдарына қару ұстауға жарайтындардың бір пайызы болса, ертең жаппай мобилизация болғанда, біздің елімізге он миллион адамның келуі мүмкін екенін де ұмытпалық. Меніңше, Смайылов пен Жұманғариндер өз орындарын босатып бермесе, олардың барлығына жұмыс тауып беру оңай болмайтын сияқты. Сондықтан тағы да қайталауға тура келеді; бұл – орыс ұлтына, бүгінгі қашақтарға деген жаулық емес, елдің, мемлекеттің ертеңіне деген алаңдаушылық. Негізі бар, дәлелді алаңдаушылық деп ойлаймын.

Көңіл аударатын тағы бір қауіпті болжам бар. Ол осы «ағылғандардың» артында Путиннің сұрқия саясаты тұр дейтін пікір. Мобилизация жариялай отырып, оның соңының Ресейден қотарыла көшуге ұласатынын Путин білмеді дейсіңдер ме? Жоқ. Әрине, жақсы білді. Сондықтан да, «ішінара мобилизация» жариялай отырып, шекараны жабу мәселесін «ұмытып» кетті. Әрине, бұл келгендердің бір бөлігі уақытша тұрақтап, кейін басқа елдерге де кетуі мүмкін, бірақ бір бөлігінің біздің елімізде не тұрақты, не уақытша қалатыны анық. Орыс халқында «Балық терең суды іздейді, ал адам жақсы өмір сүретін елді іздейді», деген мақал бар. (Ал қазақта «басқа жерде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген аталы сөз бар). Интернеттегі ХҚКО-ның алдында кезекте тұрған адамдардың 80-90 пайызының қару ұстай алатын ер адамдар екенін көргенде, Қазақ еліне, кем дегенде, он дивизияға жетерлік әскер келгендей әсер қалды. Мүмкін, сол оншақты дивизия кірген де болар… Себебі, келгендердің кім екенін, қандай пиғылдары бар екенін анықтап жатқан билік жоқ. Ал шекарадан өткеннен соң, жүз мыңдаған адамды бақылауға алу мүмкін де емес. Олардың соңынан тағы да сондай жандар келеді, осыншама адамдарды тоқсан күннен кейін тексеру, шығару, депортациялау – ешқашан жүзеге аспайтын мақсат. Қысқасы, біздің көз алдымызда іштегі бесінші колоннаны сырттан келген жасақтармен күшейту жұмысы жүріп жатыр. Әрине, бұлардың ішінде мобилизациядан қашқандар да бар, алайда, сонымен қатар болашақ «Солтүстік Қазақстан облысын» құрушылардың болуы да әбден мүмкін. Олардың бұл жерде жанашырлары бар екенін де естен шығармайық. Демек, бұл «ұлы көштің» астарында Қазақстанға басып кірудің стратегиялық жоспары жатпасына да ешкім кепілдік бере алмайды. 

Енді билікке келейік. Осындай күтпеген жағдайлар орын алғанда, мемлекеттің, мемлекеттік биліктің басты міндеті – өз азаматтарының тұрмыс-тіршілігінің төмендеп кетпеуін жүзеге асыру және ішкі тұрақтылықты сақтау болуы керек. Әрине, егер көрші елге сырт жақтан жау басып кіріп, қалаларын отқа орап, адамдарын қырып-жойып жатса, гуманитарлық  көмек беру, босқындарды – бала-шаға, кәрі-құртаңдарды – орналастыру, оларды азық-түлікпен қамтамасыз ету де – көрші қақы болып табылады. Бірақ қазіргі келіп жатқан ресейліктер босқындар қатарына жатпайды. Меніңше, біз осы мәселені жақсы түсініп алуымыз керек. Сондықтан оларға «көмек қолын созу» – ешқандай қисынға келмейді. Мемлекеттің ақшасы артылып бара жатса, қалалары күлге айналған, сәбилері өлім құшып жатқан Украина халқына көмек берсін.

Осындай жағдай туғанда, біздің биліктің әрқашанғы басты ұстанымы – халықты тыныштандыру болатын-ды.  Әлі есімде, 1991 жылы 19 тамызда Кеңес одағында мемлекеттік төңкеріс болғанда, Ақаев бастаған қырғыз елі «тауға барып, партизандық соғысқа» кірісеміз деп жатқанда, біздің президентіміз «сабыр сақтайық» дегеннен басқа ештеңе айта алмады. Ең қызығы, бұл жолы біздің билік иелерінің «тыныштық сақтайық» деуге де шамасы келмеді,… олар толығымен Ресей қашақтарын қолдады. Премьер «Ресей азаматтарына көмек көрсету керек» десе (айтпақшы, ертеңіне «менің айтқаным түсінбеушілік тудырды», деп ақталғанға ұқсайды. Онысына да рақмет), министр Серік Жұмағарин: «Біз қазір оларға «шекара жабылды, келмеңдер» деп қалай айта аламыз?», «Біз кезінде 100 ұлтты қабылдағанбыз» деп, өзімізді ұялтуға кірісіпті. Егер көптеген өркениетті елдердің Ресей азаматтарына виза беруді тоқтатып, шекараларын жапқанын (ең соңғысы –  Финляндия мемлекеті) есімізге түсірсек, «шекара жабылды, келмеңдер» деп айтудың негізі бар екенін мойындауға тура келеді. Екіншіден, 100 ұлт бізге ресейліктер сияқты өздері келген жоқ, келгісі де келмегені анық. Оларды қарудың күшімен алып келді. Тоталитарлық жүйенің тәлкегіне түскен, қарудың күшімен үйлерінен қуылған, қазақ жеріне аяқ-қолдары тұсаулы келген ұлттарды бүгінгі ресейліктермен салыстыру – кешірілмес күнә деп есептеймін.  

Енді тарихқа келейік. 19 ғасырдың соңында Қазақ даласына Ресей империясының жерсіз мұжықтардың ағылғанын жақсы білеміз. Онда шекара да жоқ. Шекарада тұрған қазақ әскері де жоқ. Бірақ Құдай деген халықпыз ғой, «қай жетісіп келеді дейсің» деп, арып-ашып келе жатқандарға тамағымызды ұсындық. Кейін олар жерлерімізді алды, өзен-көлдердің жағасына жақындатпады, одан кейін тілден, діннен айырды, мәдениетімізді жойды. Мүмкін, тарихтан да тағлым алғанымыз дұрыс болар.    

Тегтер: саясат экономика пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Серік МӘЛЕЕВ 10:00
Роман Скляр сатқын ба?
Әділ АҚЫЛБАЙ 08:59
Қазақстанның тәуелсіздігі қыл үстінде тұр
Махамбет САПАРМҰРАТҰЛЫ 30.11.2022, 08:41
Адалдық тұсалса, көзбояушылық күш алады
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 29.11.2022, 09:30
Журналист киллерге кешірім берді
Сайт әкімшілігі 28.11.2022, 09:30
2023 жылы тұрғын үй бағасы өсе ме?
Әділ АҚЫЛБАЙ 25.11.2022, 07:22
Осындай ұлтпыз, қайтеміз енді?

Аңдатпа


  • Кеше мақтап, бүгін даттап, Жаңбыршиндер жүр қаптап...
    09:06
  • Қазақстанның тәуелсіздігі қыл үстінде тұр
    08:59
  • Назарбаев – елдің өткен шағы
    08:55
  • Барға бар, жоққа жоқ мемлекеттік бағдарламалар
    30.11.2022, 08:45
  • Мұғалім мәртебелі ме?
    30.11.2022, 08:43