Теңгесінде тұрақ, үкіметінде естір құлақ жоқ елдің жайы не болмақ?!

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

25.11.2021, 09:00

2326

        Екі апта қатарынан ұлттық валютамыздың құны тағы түсіп жатыр.  Дүйсенбі күні Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында 1 доллар, тіпті, 435 теңгеден сатыла бастады.

       Жалпы, төл валютамыз айналымға енген 28 жылда тек құлдыраумен келе жатыр. 1993 жылы долларға шаққандағы бағамы 5 теңге 25 тиын болған теңгеміз қазір 435-ке жетіп отыр. Ал ертеңнен не күтеміз?! Ұлттық валютамыз қашанғы теперіш көреді?! Теңгесінде тұрақ жоқ елдің жайы не болмақ?! Бұған қатысты «Жас Алашқа» пікір білдірген мамандардың айтуынша, біз теңгенің құлдырауын үнемі әлемдік нарықтағы мұнай бағасымен байланыстырамыз. Бірақ теңгенің бағамы тек мұнай бағамына ғана тәуелді емес. Экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметованың айтуынша,  біз сонау 1993 жылдан бері теңгені ішкі-сыртқа факторлардан қорғай алмай келеміз.

       – Макроэкономикалық жағдайымыз көбінесе, сыртқы факторға тәуелді болғандықтан, біз үнемі теңгенің құнсыздану көрсеткішімен  бетпе-бет келіп отырмыз. Мәселен, қазір әлем бойынша мұнай және басқа да шикізаттың бағасы құбыла бастады. Бұдан бөлек, батыс пен Ресей арасының салқындығы, АҚШ пен Қытайдың қабақ шытысуы, әлемдік пандемия  әлем экономикасына әсер етпей қоймады. Осының барлығы, теперіш көрген теңгемізге одан әрі қысым түсіріп, үкіметтің теңгені қорғауға бағытталған жаңаша амалдары аса нәтиже бере қоймады, – дейді Тоғжан Шаяхметова.

        Сарапшылар келер жылы теңге бағамы қандай болатынын болжап білу мүмкін еместігін айтып отыр. Оған себеп – Ұлттық банктің  және үкіметтің жүргізіп отырған түсініксіз саясаты.  Рас, үкімет те, Ұлттық банк те теңгені, экономиканы қорғап, ұлттық валютаны нығайту үшін біршама істерді атқарған болып жатыр. Экономикалық даму тұрғысында үкімет тарапынан позитивті болжамдар  да  жиі айтылып қалады. Алайда сала мамандарының бірқатары мұнымен келіспейді. Экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда Баяхметовтің айтуынша, бүгінде болжам мен шындық арасы да аса үйлесіп тұрған жоқ.

       – Есепке жүгінсек, коронавирус Қазақстанды 7,7 триллион теңге немесе 18,4 миллиард доллар шығынға отырғызды. Былтыр ішкі жалпы өнімнің 2,9 пайызын жоғалтып, оны биыл қалыпқа келтіреміз деген болжам болған. Бірақ бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша тек экономиканың нақты секторының өсіп, шағын және орта бизнес, қызмет көрсету салаларының әлі де қиын кезеңді бастан кешіп отырғаны белгілі болды. Қазір қызмет көрсету саласы, болжамды есеп бойынша, кем дегенде, 20 пайызға қысқарды. Енді мұны қалпына келтіруге, кем дегенде, үш-төрт жыл кететін болады. Үкімет экономикалық дамуға қатысты оптимистік болжамдарды асығыс айтып отыр, – дейдіЖұмаділда Баяхметов.    

        Сала мамандары «бір ғана  Ресей экономикасының жағдайы  аса мәз еместігіне қарап, әрекет етуіміз керек еді», деседі. Бүгінде  санкция Ресейдің есін шығарып, экономикасын тығырыққа тіреп тұр. Ресей рублі де арзандап, құнсызданып жатыр. Рубль құнсызданса, оның артынан теңге ереді. Себебі Ресей мен Қазақстан экономикасы тығыз байланысты. Рублі құнсызданып, экономикасы дағдарып, санкциялар сансыратып отырған Ресей ендігі кезекте Еуропа одағы аясындағы елдерге салмақ сала бастамақ.

    – Орыстар тауарларын Қазақстан мен Беларусьқа тықпалауға кіріседі. Еуропа одағы аясындағы салық жүйесіне де өзгеріс енуі мүмкін. Бұлай бола қалса, алтын-валюта қорындағы қаржыны теңге бағамын тежеп ұстауға жұмсау тиімсіз. Егер біз алтын-валюта қорындағы қаржыны тым құрығанда,  2015 жылдан бастап, отандық өндірісті жандандыруға бөлгенде, нақ қазіргідей қиналмас едік. Отандық өндірушілерге қолдау көрсетпесек, девальвациядан көз ашпаймыз. Бірақ үкімет мұндай ұсыныстарды естімейді, – деді сөзін тәмәмдаған экономист-ғалым.

        Негізінде, алтын-валюта қоры дегеннен шығады, өткен жылы  бір ғана мұнай бағамының төмендеуіне байланысты алтын-валюта қорынан қаржы алып, ұлттық валюталарын қолдаған  Сауд Арабиясы мен Ресей де бүгінде әжептеуір шығын көріпті. Осыған қарап, бізді мұндай көрсеткіштер ойлантуы тиіс екенін бағамдауға болады. Мамандардың мәлімдеуінше, мұнайдың арзандауынан қазірде тек Сауд Арабиясы ғана қиналмайды екен. Бұл туралы экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова:

     – Сауд Арабиясында мұнай қоры жеткілікті. Бұл елге бюджетті толық қамтамасыз ету үшін мұнайды 40 доллардан сатса да болады. Мұнай қоры көп болғандықтан, олар мұнайды ұзақ уақытқа дейін арзанға сата алады. Негізінде, сыртқы және ішкі факторлардан теңгені және ұлттық экономиканы отандық өнім өндірушілерді қолдау ғана құтқарады. Осы уақытқа дейін біз отандық өнім өндіру саласына мән бермедік. Енді зардабы сезіле бастады, – дейді.

       Мойындауымыз керек, біздің сыртқы факторлар өз алдына, ішкі нарықта теңгенің беделіне күмән келтіру көп. Бір ғана мысал, қазір банктердегі депозиттерді долларға ауыстырып, ұзақ мерзімді депозитті тек доллармен сақтау жағы басым.  Адамдар ірі сауда келісімін де (үй, жер, қымбат көлік) доллармен жасауға бейім. Осыдан-ақ елдің теңгеге деген күмәні сейілмей тұрғанын байқауға болады.

        Жалпы, «Жас Алашқа» пікір білдірген мамандар «девальвация –  экономикаға уақытша дем беру ғана, сондықтан теңгені құнсыздандыру біз үшін тығырықтан шығатын жол емес» екенін баса айтып отыр.  Сала мамандарының нақтылауынша, мұндайда үкіметтік тұрғыда сақтық шараларын қайта пысықтау керек. Өзімізден шығатын өнімнің аздығы, шикізатқа тәуелділік, мұнайдан түсетін түсімге көбірек иек арту — бізді ойландыруға тиіс. Болашақта отандық өндірісті қолдауға басымдық арта түсуі керек. Осы ретте, мамандар «Қазір біз ішкі нарықты сырттан ағылып жатқан сапасыз тауардан қорғай алмай отырмыз. Шикізатқа тәуелділіктен құтылып, ең соңғы дайын өнімге дейін өнім шығару қабілетіміз артуы керек. Міне, сол кезде ғана біз тығырықтан шығамыз. Ал теңгені қайта-қайта құнсыздандыру экономиканы құтқармайды», деп отыр.

        Расымен де, теңгесінде тұрақ жоқ ел қайдан дамиды? Сондықтан да мамандар сөзінің жаны бар екені даусыз. Экономикаға және басқа салаларды дамытуға қатысты нақты-нақты ұсыныстарды сарапшылар «Жас Алаш» арқылы үнемі айтып келеді. Бірақ үкімет мүшелерінде мәселені естір құлақ, көрер көз кемшін болып отыр. Өкініштісі – осы.

Тегтер: экономика инвестиция кедейлік шегі халық нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 08:54
Үкімет зейнетақы қорына қатысты шешімді халықпен неге ақылдаспады?
Нұртаза ҚЫДЫРНИЯЗОВ 03.12.2021, 08:48
Қауіп қайдан?!
Махамбет САПАРМҰРАТОВ 01.12.2021, 09:20
Жауапкершілікке шекесінен қарайтындар ел мүддесіне қызмет етпейді
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 30.11.2021, 09:00
2,5 миллиард теңге кімнің қалтасында кетті?
Көпжасар НӘРІБАЕВ 23.11.2021, 14:20
Желтоқсанның себебі мен салдары
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.11.2021, 09:03
Ұрпаққа келгенде үкімет те керең, әкім де сараң

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14