Тілді талқыға салатын төрт топ бар

Батыр ЖАСҰЛАН

15.09.2021, 08:16

973

      Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл өтсе де, қазақ мәселесі шешілмей келеді. Бұл барған сайын өткір проблемаға айналды. Ал ақиқатына келсек, Қазақстанның Конституциясында бәрі тұр. Ата заңның 7-бабы 1-тармағында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай етіп нақты жазылған.

       Алайда 30 жылдан бергі Қазақстандағы басқа этнос өкілдерінің көңіліне қарап келген біздің билік салиқалы саясаттың нәтижесінде қазақ тілінің қоғамдағы №1 мәселеге айналғанын сезбей қалды. Сезбей қалды деген өтірік шығар, ақиқаты – нақты мемлекеттік тілдің айқын саясатын жүргізбей отыр. Бұрын билік еліміздегі басқа этнос өкілдері үшін қолайлы саясат жасап келсе, енді Мәскеуге қарап жалтақтап, мәселе шешетін болып алды. Қазіргі жағдай осыған тіреліп тұр. Бұл  «Ресеймен арадағы достық қарым-қатынасты, стратегиялық әріптестікті шиеленістіріп алуымыз мүмкін» деген тұрғыдағы қазақ мүддесіне тән емес саясат.  Әйтпесе осы уақытқа дейін «Тіл туралы» нақты талап қоя білетін заңды қабылдайтын уақыт жетті. Қорқақтайтын несі бар, жаңадан қабылданатын заң арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға болады. Алайда халық дайын болғанымен, барлық мәселе Ақорданың тілге қатысты айқын саясат жүргізбейтініне тіреліп тұр. Демек, мемлекеттік тілдің өз елімізде мәртебе алмай отырғанын түсінген боларсыз.    Осы уақытқа дейін қазақ тіліне қатысты айтылып келген пікірлерді сараптай келе, біз оны төрт топқа бөлдік. Ақиқаты да солай сияқты. Сонымен, Қазақстанда мемлекеттік тілді талқыға салатын төрт топ бар. Олар саясаттанушылар, журналистер, сарапшылар, билік пен тағы басқа қарапайым халық өкілдері болуы мүмкін.

       Бірінші топ – қазақ тілінің мәртебесін қолдайтындар. Олар, шын мәнінде, Қазақстанда жан-тәнімен мемлекеттік тілдің мәртебесінің артуын қалайды. Олардың ішінде мәжіліс, сенат депутаттары да бар. Бірінші топ кез келген уақытта қандай жағдайға қарамастан, өз пікірін еркін айтады. Ана тілін басқалардан жоғары қояды. Олар Ата заңда жазылған «мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген 7-баптағы 2-тармақтың алынып тасталуын талап ететіндер. Дәл осы топтың пікірі еліміздегі орыстілділерге ұнамайды. Үнемі қарсылыққа тап болады. Бірақ бірінші топ уақыты келгенде бәрібір қазақ тілінің қоғамдық ортада, мемлекеттік мекемелерде үстем болатынына сенімді. Бұған алдағы бес-он жылда қазақ халқының демографиялық тұрғыдан үлесінің күрт артуы мен талап ету көзқарасы да ықпал етуі мүмкін. Бірінші топтағылардың мемлекетқұрушы ұлтқа қатысты позициясы да дұрыс.

      Екінші топ – елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесінің кеңеюін құптайтын, қазақ тілінде сөйлейтін өзге этнос өкілдері. Олар Ирина Тен, Виктория Трегубова, Максим Споткай, Асылы Осман, Наталья Дементьева, Анна Данченко, Максим Рожин, Владислав Тен, Ирина Токматуллина, Владимир Шепель сияқты өзге этнос өкілдері. Олар аз, 1 пайызға жете ме, жоқ па, тіпті, белгісіз. Бірақ мемлекеттік тілде еркін сөйлейді, ойын еркін айтады. Қазақстан халқы ассамблеясы да оларды қазақ тілін білгені үшін жиын-тойларынан қалдырмайды. Олардың, расы керек, қазақ тіліне қатысты танымы, көзқарасы мүлде бөлек.

       – Орыс тілінің (ҚР Конституциясының 7-бабы) ресми тіл екені жөніндегі түсініктемені алып тастаса деймін. Мәселен, мен қазақша білмеймін дейік. Жұмыс берушінің басты талабы – қазақ тілін білу міндетті екені айтылса, заң талабына сәйкес, қазақ тілін білмейтіндердің жалақысын 30 пайызға дейін қысқартса, сіз келіссеңіз де, келіспесеңіз де, сондай заң солай болады. Ешкім жалақысының қысқарғанын қаламайды. Жұмысшы ақша керек болғандықтан, қазақ тілін үйренеді. Ол ақша жерде шашылып жатқан жоқ. Адамдарға осылай сабақ беру керек. Егер бұл елде қазақ тілінің дамығанын қаласақ, әрбір азаматтың қазақша сөйлегенін қаласақ, заң тұрғысында осындай талап қою керек. Адамдар қорқытқанда ғана, өзіне қолайлы емес болғанда ғана мақсатына жетеді, – дейді белгілі тележүргізуші Анна Данченко. 

       Үшінші топ – мемлекеттік тілдің үстем болуын аса құптамайтындар. Негізінен, орыстілділер. Олар елімізде Ресей тілінің барлық салада қазақ тілімен тең дәрежеде болуын қолдайтындар. Ең бір алаңдатарлығы, олардың арасында қазақша сөйлей алмайтын өзіміздің қаракөздер бар. Өкініштісі де сол. Олар 30 жылдан бері қазақ тілін үйренуге ниеттері де болған жоқ және «қазақтың тілі білім мен ғылымның тілі бола алмайды» деп жүрген кертартпалар. Мемлекеттік тілдің үстем болуына қызмет етпегендер. Олар, негізінен, кейбір орыстілді БАҚ өкілдері мен осы тілде сөйлейтін өзіміздің белсенді болып жүрген сарапшы қаракөздер. Бұл топтың ішінде «қазақ еместерді шектеу – заңсыздық, ақымақтық» дейтіндер де бар.

     – Қандай да бір түрде қазақ еместерді шектеу, бақылау – ақымақтық және заңсыздық. Оның үстіне мұндай әрекеттер Қазақстанға үлкен зиян әкеледі, егер шынымен бұл адамдар ел туралы ойласа, олар сәл кеңірек және тереңірек ойлануы керек. Әкімшілік жолмен адамдарды қазақша сөйлеуге мәжбүрлеу мүмкін емес, экономикалық және ұйымдастырушылық ынталандырулармен әрекет еткен дұрыс. Сонымен қатар әкімшілік жолмен адамға өз тілінде негізгі қажеттіліктерді қанағаттандыратындай ыңғайлы жағдайлар жасау қажет, содан кейін ол біздің елімізді жақсы көреді. Содан кейін ол барлық экономикалық ынталандыруларға оңай бой алдырады және қазақ тілін үйренеді. Содан кейін қазақ тілі ешбір мәжбүрлемей-ақ еліміздегі ұлтаралық келісімнің негізгі тіліне айналады, тіпті орыс тілінен де озады. Дамыған елдердің көпшілігі осылай жасайды, –дейді  президенттің штаттан тыс кеңесшісі болған Олжас Құдайбергенов.

       Ең алаңдатарлығы, бұл топтағылар «қазақ тілін үйренуге мемлекет жағдай жасауы керек, халықты ынталандырып, материалдық тұрғыдан ақша төлеу қажет» деген пікірде. Олар ана тілін білмегенін өздерінен көрмейтіндер, кінәні өзгеден іздейтіндер. Дәл осы топтағылар мемлекеттік тілдің өріс алып, тұғырға қонуына қарсы. Әрине, белгілі экономист Олжас Құдайбергеновті дәл осы топқа қосу артық шығар. Ол қазақ тілінде де еркін жазады. Алайда дәл осы топтағылардың көпшілігі қазіргі уақытта мемлекеттік тіл мәртебесінің артуына кері пікір айтып, үлкен кедергі жасап отырғанын еш жасыра алмаймыз.

       Төртінші топ – бұл биліктегілер. Бұл топтағылар «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай» саясат жүргізетіндер. Олар Ата заңда жазылған ана тілінің шын мәнінде жоғары тұруына мүдделі емес. Қазақ тілінің үстемдік алуын олар іштей қалағанымен, батыл айта алмайды. Құрғақ сөзбен ғана сипай қамшылап, көңілжықпастық саясат жүргізеді, «барлық ісқағаздары қазақша жүргізілсін» деп те айта алмайды. Өйткені олар мемлекеттік қызметте. Бұл топтағылар  ұлтшылдарды қаламайды. Мемлекеттік тілдің аса үстемдік алуына жол бермейді. Өйткені олар елдегі өзге этносты ойлайды, салиқалы саясатты қолдайды. «Бәрің жаппай үйреніңдер, қазақ тілі қоғамда үстем болуы тиіс» деп  ашық та  айта алмайды. Бұл топ қазақ тілі мәселесін көбірек көтергендерді де қаламайды. «Ұлтаралық араздықты тудырады» деп, кейбір белсенділердің үстінен қылмыстық іс қозғайды, тіпті тіл үшін күрескен қайбір ұлтжанды азаматтар, сөйтіп, амалдың жоғынан шетел асып кетуге мәжбүр болады. 

       Әрине, бұл пікірге біреу келісер, екіншілері келіспес. Бірақ 30 жыл өтсе де, өз орнын таппаған мемлекеттік тілдің бүгінгі жайы бізді толғандырады, алаңдатады. Сосын, ашық айтамыз, сосын, алаңдап жазамыз. Бізде басқа ой жоқ.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ 23.09.2021, 09:05
Қазақстанға АЭС керек пе?
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 22.09.2021, 15:00
Орынбасарлары орын ауыстырса да Ахметов өзгермейді
Расул ЖҰМАЛЫ 22.09.2021, 08:35
Ауған тартысы және қазақ мүддесі
Жарас КЕМЕЛЖАН 16.09.2021, 07:50
Арман Шораев: Кейбір саяси шешімдер Мәскеуге тәуелді
Берікжан БАЙБОТАЕВ 15.09.2021, 09:30
«Сұмырай келсе су құриды...»
Дінмұхаммед ҒАЛИ 13.09.2021, 06:40
Covid-19 пандемиясы кезіндегі Қазақстан халқының ұдайы өсуінің ерекшеліктері

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39