«Тілі түсіп, іші күйіп жатыр»

Павлодарда ірі қара мал жаппай улануда

Мариям МАҚСАТ

27.10.2021, 08:47

1674

Павлодар облысындағы бүтін бір ауылдың ауласындағы сиырлар қырылудың шақ алдында тұр. Тұрғындар өрістен келген малдың екінші күні тұра алмай қалғанын айтып дабыл қағуда. Ал «еститін мемлекеттегі» әкімқаралар бұқараның базынасына бас бұрар емес.

Амалы қалмаған Успен ауданы Воскресенка ауылының тұрғындары инстаграм желісіндегі аккаунттардың бірі арқылы шағымдарын жариялауға мәжбүр болды. Әйтпесе ауыл, аудан басшылығы жұртшылықтың сөзіне құлақ аспайтын көрінеді. «Бірнеше күннен бері өрістен келген мал тұрар емес. Адамдар сол төрт түліктің есебінен күн көріп отыр. Алайда ірі қаралардың ауруына байланысты сүтті ешқайда өткізе алмай отырмыз. Етін де сатуға болмайды. Көбінің несиесі, қарызы бар. Енді не істейміз? Ауылдық округ әкімі бұл мәселеге назар аударар емес», – деп ашынды ауылдықтар.

Бір қызығы, жергілікті шенеуніктер бұған да ләм-мим деген жоқ. Тек облыстық ветеринария басқармасының мамандары ауылға арнайы барып, ірі қараларды тексерді. «Қазіргі таңда 72 бас ірі қараның ауруға шалдыққаны анықталды. Олардың барлығында сырқат белгілері бірдей. Алдын ала болжам бойынша сиырлар уланған болуы мүмкін. Бірақ тұрғындар айтқандай, «тілдері түсіп, іштері күйіп» жатқан жоқ. Ірі қаралардан алынған сараптамалар облыстық ветеринарлық зертханаға жолданды», – дейді басқармадағылар.

Белгілі болғандай, жайылымдық жерлерден пестицидтерден босап қалған пластикалық ыдыстар табылған. Сол себепті төрт түлікті жайылымға шығаруға тыйым салынды. Ал тиісті органдар өріс аумағында кім және не үшін химялық затты қолданғанын анықтауы қажет.

Облыс аумағында ірі қара ғана емес, үй құстары да арам қатып жатыр. Алдымен Тереңкөл ауданы Березовка ауылынан құс тұмауы анықталды. Елді мекен тұрғыны небары үш күннің ішінде 42 қаздың қырылғанын айтты. Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ветеринарлық референттік орталыққа жіберілген сынамалар нәтижесі қаздардың жоғары патогендік тұмауға шалдыққанын растады. Ауру ошағында бірден карантин енгізіліп, мамандар құстарды мал қорымында өртеді. Ал ауылда карантин жарияланды.

Араға бірнеше күн салып облыс орталығына іргелес орналасқан Павлодар ауылында да жоғары патогендік вирустың ошағы бар екені белгілі болды. 3-14 қазан аралығында осы ауыл тұрғынының қорасындағы 31 тауық, 11 қаз бен 22 күркетауық қырылып қалды. Сондықтан мұнда да карантин режимі енгізілді. Құстардың барлығы утилизацияға жіберілді.

Алайда құс тұмауынан қырылған құстардың иелеріне қандай көлемде өтемақы берілетіні әзірше белгісіз. Мамандар әр құстың басына төленуі тиіс соманы есептеуге де асығар емес. Ал бұл ретте құс еті мен жұмыртқасын сатып күнелткен ауылдықтар табысты қайдан табарын білмей дал.

Еске сала кетсек, өткен жылы да дәл осы уақытта Павлодар облысындағы екі бірдей ауданда құс тұмауы тіркеліп, олардың иелеріне араға бірнеше ай салып қана, барлығы 83 млн теңге өтемақы берілген еді.

Тегтер: мал шаруашылығы мәселе әкімдік жергілікті әкімшілік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 08:54
Үкімет зейнетақы қорына қатысты шешімді халықпен неге ақылдаспады?
Нұртаза ҚЫДЫРНИЯЗОВ 03.12.2021, 08:48
Қауіп қайдан?!
Махамбет САПАРМҰРАТОВ 01.12.2021, 09:20
Жауапкершілікке шекесінен қарайтындар ел мүддесіне қызмет етпейді
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 30.11.2021, 09:00
2,5 миллиард теңге кімнің қалтасында кетті?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 25.11.2021, 09:00
Теңгесінде тұрақ, үкіметінде естір құлақ жоқ елдің жайы не болмақ?!
Көпжасар НӘРІБАЕВ 23.11.2021, 14:20
Желтоқсанның себебі мен салдары

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14