Тілтағдыр немесе ұлттың ұлт болып қалу не қалмауының шешілетін ғасыры

Ұлан ЕРКІНБАЙ

20.04.2021, 13:02

2668

Таяуда «Тіл эпопеясы немесе рухани жаңғырудағы қазақ тілінің тарихи миссиясы» деген атпен белгілі ғалым, профессор Дандай Ысқақұлының кешенді еңбегі оқырманға жол тартты. Кешенді деуіміздің өзіндік мәні бар. Себебі көлемі 60 баспа табақты құрайтын бұл кітапта қазіргі  жаһандану дәуірінің мәдени өміріндегі ғаламдық ауқымда жүріп жатқан тілдік құбылыстар саяси-әлеуметтік, қоғамдық, тарихи, филологиялық, түркітанымдық тұрғыдан жан-жақты талқыға түскен. Төрткіл дүниенің тілдік тұрпатынан бастап, түркі тілдерінің,  оның ішіндегі ана тіліміздің тағдыр-талайы, жүріп өткен жолдары мен бүгінгі жай-күйі, болашағы   кеңінен сараланған. Қазақ тілінің болашағына қызмет ететін түркі халықтарының ортақ әліпбиі, тілі, терминдері, рухани құндылықтары сияқты мәселелер де назардан шет қалмаған. Бастысы, бұл еңбекте халқымыздың ұлттық даму, рухани  жаңғыру жолындағы ұлы күресіндегі қазақ тілінің тарихи қызметі жан-жақты көрініс тапқан.

  Кітаптың бастапқы бөлігі қазақ тілін әлем тілдері аясында қарастыруға негізделген. Бұл ретте ғалым жаһандану дәуірінің өзіндік ерекшеліктеріне кеңінен тоқталады. Өркениеттер қақтығысы теориясының авторы Самуел Хантингтонның«Адамзатты жіктерге бөлетін маңызды шекаралар мен кикілжіңдердің басым сипаттағы пайда болу көздерін енді мәдениет айқындамақшы» дейтін тұжырымы бар. Америкалық ғалым: «Ұлт, мемлекет халықаралық істерде басты әрекет етуші тұлға болып қалады, бірақ жаһандық саясаттың анағұрлым елеулі болып есептелетін кикілжіңдері әртүрлі өркениеттерге жататын ұлттар мен топтардың арасында кеңінен өрістей түсетін болады. Өркениеттердің қақтығысы әлемдік саясаттың үстемдік етуші факторына айналады. Өркениеттер арасындағы бөлінушілік шептері – бұл болашақ майдандардың шептері деген сөз», – дейді.   

       ХХ ғасырдың басында марксизм-ленинизм классиктері «Еуропаны елес кезіп жүр, ол – коммунизм елесі» деп жар салса, ақырында сол елес шындыққа айналып, жетпіс жылдай әлемді капитализм-социализмге қақ жарып, бір-біріне қырғиқабақ қылып қойса, ХХІ ғасырдың басында әлемді жаһандану елесі кезіп жүр.

Жаһанданудың мақсұтына қатысты ғалым былай дейді: «Жаһанданудың идеологтары бұл болмай қоймайтын, жалпы адамзат баласын жарқын болашаққа бастайтын бірден-бір жол, басқа барар жер жоқ  деп, күндіз-түні жарнамалауда. Жан-жақты жарнамаланып, насихатталып жатқан жаһанданудың алғашқы жетістіктерінен-ақ Батыстағылар оның болашағынан үлкен үміт күтуде. Үстіміздегі ХХ1 ғасырды бір сөзбен айтқанда, жаһандану дәуірі деп атауға болады. Жаңа заман — жаһандану дәуірінде өткен ғасырдың қоғамдық-әлеуметтік дамуындағы үдерістер әбден пісіп, жетіліп, енді жаңаша формада жалғасын табуда».

Осындай тұжырымды алға тарта отырып, ғалым жаһанданудың басты ерекшеліктері ретінде:

а) қоғамдық өмірдің дамуы барысында түрлі елдерде өмір сүріп жатқан халықтардың арасындағы өзара байланыстардың күшейе түсуін;

ә) қаржылық, немесе тауарлар мен қызмет көрсету саласын қамтитын әлемдік экономиканың әлемдік базарының пайда болуын;

б) кез-келген уақытта жұмыс жасап, қажеттілікті қамтамасыз ете алатын ғаламдық ақпараттық кеңістіктің қалыптасуын;

в) білімнің  қоғамдық байлықтың негізгі элементіне айналуын; 

г) халықаралық қатынастардың күнделікті тәжірибесінде адам құқықтарын қамтамасыз ететін либеральдық-демократиялық құндылықтардың басымдық танытуына тоқталған.

Иә ортақ мәдениет жасау, мәдениеттердің өзіндік ерекшеліктерін жою, ұлт тілдерін, сол тілдерде жасалынған ұлттық құндылықтарды, яғни ұлт атаулыны  құрту арқылы ғана мүмкін. Сондықтан да Батыстың идеологтары жаһандану барысында қазіргі замандағы қоғамдық құрылыстың негізі болып табылатын этностық,  ұлттық топтардың барлығы да табиғи түрде жойылып, жаңа жалпыхалықтық қауымдастық өмірге келуі заңды дегенді құлаққа құйып жатқаны бүгінгі күні жаңалық емес.

            Жаһандану дәуіріндегі тілдер

Жаһандану идеологтары қарынның қамына назарымызды аударып, басты құндылықтарды маңызсыз етуде. Бұл басты қауіп. Индивидуализмге, жеке адамның құқықтарын сақтауға  негізделген батыстық құндылықтардың, американдық өмір салтының барынша насихатталуы аз санды ұлттардың ғана емес, ірі халықтардың да ұлттық-мәдени болмысына айтарлықтай әсер етіп, ұлттық болашағына қауіп төндіруде. Жаһандануда жеке адам бірінші кезекке шығып, оның барлық проблемасын шешу негізгі мақсат тұтылады. Жаһанданудың қайнаған қазаны адамның бұл өмірдегі тамағының тоқтығы, киіміңнің көктігі, тұратын үйіңнің жайлылығы, деніңнің саулығы, өзіңді асырай, сақтай алатын мамандығыңның, қызметіңнің болуы, еркін өмір сүруге, қыдыруға қаржыңның болуы деген сияқты күнделікті тіршіліктің  негізгі мәселелерін мемлекеттік тұрғыдан шешуді мақсат етіп, ұлттық жағын әр адамның өзі шешетін жеке ісі деп, шетке ығыстырады.

Кітапта Джон Колеман «300-дің комитеті. Әлемдік үкіметтің құпиялары» атты еңбегі талқыға түскен. Ол бекерден бекер емес. Ұлттық негізге шабуылдың ауқымын көрсететін бірден бір фактор екені түсінікті.

 Әлгі Колеман еңбегінде мына құрылымдардың аты аталады:  «Халықаралық істер жөніндегі король институты» («Королевский институт международных дел» (КИМД) (Royal Institute for

Кітапта бұлардан басқа тағы да ондаған түрлі бағыттада  жұмыс жасап жатқан ұйымдардың, ғылыми-зерттеу институттарының жұмыстарымен таныстырған. Олардың жұмыс жасауына жан-жақты барлық жағдайлар жасалынған. Мысалы, кезінде коммунизм проблемаларымен айналысқан «Гувер институты» қазір осы «300-дің комитетіне» қызмет етеді; жылдық бюджеті 2 миллион доллар. 1946 жылы құрылған «Стэнфорд зерттеу институтының» штатында 4 000 адам жұмыс жасаса, жылдық қаржысы 160 миллион долларды құрайды екен.

Джон Колеман аты-жөндерін атаған осы құпия ұйымға мүшелердің негізін бизнес-қаржы алпауыттары құрайды. Сондай-ақ Батыстың көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлерін де осы тізімнен көреміз. Мысалы, әр жылдарда мемлекет басқарған Уильям Черчилль, Вилли Брандт, Франсуа Миттеран сияқты мемлекет қайраткерлері, Аллен Даллес, Авраам Гарриман, Генри Киссинджер сияқты идеолог-саясаткерлер, Рокфеллер, Морган, Ротщильд, Сорос сияқты атақты қаржыгерлердің аттары аталған.

Жоғарыда да тілге тиек еткеніміздей Дандай Ысқақұлы қазақ тілінің болашағын әлем тілдеріне қатысты экономикалық, тілдік, трансұлттық дәйектемелік ақпараттар аясында саралайды. Бүгінде әлем халқының 96 пайызы 6 000 тілдің 4-ақ пайызын қолданады екен. Бұл өз кезегінде әлем тілдерінің 50 пайызының жойылып кету қаупін тудырып отыр. Сонымен қатар, «ЮНЕСКО-ның есебі бойынша, 2004 жылы әлемде 6809 тіл болған. Осы тілдердің тең жарымы 8 елде, атап айтқанда, Индонезия, Мексика, Бразилия, Камерун, Индия, Қытай, АҚШ, Ресей мемлекеттерінде. Соның ішінде ең көп тілділері Үндістанда 845, Папуа-Жаңа Гвинеяда 820 тіл бар» дей келе, «Әлем халқының 80 пайыздайы негізгі 80 тілде, ал қалған 3,5 мың тілде тек 0,2 пайызы ғана сөйлейді. Жер бетіндегі тілдердің 96 пайызында жалпы халықтың 3-ақ пайызы, қалған 97 пайызы барлық тілдердің 4 пайызын қолданады. Осы 97 пайыз — басына қауіп төніп тұрған жергілікті ұлттардың тілі. Сонда жойылып бара жатқан тілдермен бірге жер бетіндегі ұлттардың 97 пайызы құритындығы адамзат қоғамы орны толмас гуманитарлық апат екендігі түсінікті болса керек» деген пайым жасайды.

Әлемдегі ең көп тараған 25 тілге /ағылшын, қытай, хинди, испан, орыс, араб, бенгал, португал, малай-индонезия, жапон, француз, неміс, урду, пенджаб, корей, телугу, тамил, контон, ву, итальян, түрік, тагил, тай, немесе сиам, миннан, суахили/ талдау жасай келе ғалым: «Жер шарындағы адамзат баласының тең жарымы, яғни 3,2 миллиард адам кең тараған 20 тілді өзара қарым-қатынас құралы ретінде пайдаланады» дейді.

Әрине, адам өз өмірінің мәңгілік еместігін біле тұра ұзағырақ өмір сүргісі келетіндігі сияқты сол адамдардан тұратын ұлттың да өз тілін сақтағысы келетіндігі де – заңдылық. Сондықтан да ұлттың алдында тұрған ең басты міндет өзін-өзі сақтау болса, ол тілін қорғай білу арқылы жүзеге асады. Осындай мақсатпен қазір әлемнің көп елдерінде бұл мәселеге айрықша мән беріп отыр. 

Кей кездерде осындай шарасыз жағдайларға тап болған ұлттардың алдында тілді сақтау үшін ешкіммен араласпай, әлемде болып жатқан жаңалықтардан оқшау томаға тұйық өмір сүру, не болмаса, тілді құрбандыққа шалып, әлемдік өркениеттен қалмай, дамыған елдердің қатарында баршылықта өмір сүру таңдауын шешуге тура келеді. Өйткені тілдің дамуы барлық уақытта да саясатқа байланып, экономиканың, ұлттық болмыстың дамуына тікелей байланыста болып отырады. 

Ал енді осы көптеген тілдерге қауіп төндіріп отырған қандай тіл дегенде, әр жерлердегі аймақтық алпауыт тілдермен бірге алдымен, ауызға ағылшын тілі түседі. Мұның да жаны бар. Оған төмендегідей деректермен танысқанда, көзіңіз жетеді. Англияда ХХ ғасырдың басында 6 миллиондай халық тұрған. Осы кезде ата қазақ Ахмет Байтұрсыновтың «алхамдулла, алты миллион халықпыз» дегені де еске түседі дейді Д.Ысқақұлы. 

Жүз жылдан соң Ұлыбританияда 60 миллионнан астам адам тұрса, Қазақстанда 17 миллионға жаңа жетті. Онда да оның 11 миллионы ғана — қазақ. Қазір ағылшын тілін ана тілі санайтындардың саны 12 мемлекетте 500 миллионнан, жалпы сөйлейтіндер 1,5 миллиардтан асып, 62 елде мемлекеттік тіл, 90 елде қолданылатын болса, қазақтардың үштен біріне жуығы ана тілінде еркін сөйлей алмайды; Қазақстанда қазақ тілі мемлекеттік тіл болғанымен де өз функциясын толық мәнінде атқара алмай отыр.

Түбі бір түркі тілінен ұлттық жаңғыруға дейін

Кітаптың бұл бөлігі түркі тілдерін жүйелеудің ғылыми ұстанымдарына арналған. Бұл мәселеге қатысты әлем ғалымдарның жіктеу үлгілері де молынан берілген. Тілдерді топтастырудың туыстық, географиялық, тілдік, әлеуметтік негіздері талданған. Жаһанданудың әсеріне ең алдымен,  ұшырайтын ұлттық тіл екенін ескерсек, профессор Дандай Ысқақұлының бұл еңбегі ұлт ретінде сақталып қалу турасындағы жүрекжарды ойларға толы. Әсіресе, «тіл майданында тілін сақтай білген ұтады да, сақтай білмеген барлық жағынан да ұтылып, соңында жұтылып тынады. Қазақ тілінің жағдайына келгенде, осы уақытқа дейін жетістіктерімізге қарағанда, өз шешімін таппай жатқан мәселелердің, ұтылыстарымыздың басым жатқандығы ойлантпай қоймайды» дейді ғалым.

Міне, адамзат қоғамының тарихында, өркениеттің дамуында өшпес із қалдырған түркі халықтарының өткендегі бейнесі, болмысы осы жолдардан анық көрінсе, ал енді бүгінгі жағдайы қаншалықты дәрежеде? Әлемдік дамуға түркілік өркениетпен үлес қосқан, әлемдік өркениетке Күлтегін, Білге қаған, Қорқыт, Әл-Фараби, Әл-Хорезми, Ибн-Сина, Әл-Бируни, Ұлықбек, Қожа Ахмет Иассауи, Низами, Науайы, Абай, Мақтымқұлы, Ы.Ғаспыралы, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, А.З.Уалиди, З.Гөкалып, С.Айни, Фитрат, Айтматов секілді білім-ғылым, әдебиет қайраткерлерін, Тұмар ханым (Томирис), Шыңғысхан, Бату, Тоқтамыс, Бейбарыс, Ақсақ Темір, Баязит, Бабыр, Ататүрік сияқты әлемді дірілдеткен ұлы қолбасшыларды өмірге әкелген түркі әлемінің  қазіргі жаһандану дәуіріндегі жай-күйі қандай?

Ортақ тіл – өмір талабы екендігін алға тартқан ғалым «Тілдері фонетикалық, лексикалық, грамматикалық жағынан бір-біріне жақын, ұқсас, туыстас түркі әлемі Тынық мұхитынан Атлант мұхитына дейінгі аралықта созылып жатыр.  Қазір  40-тай (кейбір зерттеушілер – 25, енді біреулері – 49 деп, көрсетеді) тілде сөйлейтін 250 миллиондай адам өмір сүруде» деген тұжырым жасайды. Бұл тұрғыда кітапта: «Түркі тілімен сөйлейміз деген түркі балалары күндерде бір күн айналып қазақ тіліне келмекші, қазақ тілін қолданбақшы. Күндерде бір күн түркі балаларының тілі біріксе, ол біріккен тілдің негізі қазақ тілі болса, сөз жоқ, түркі тілінің келешек тарығында қазақ ұлты қадірлі орын алмақшы» деген Мағжан Жұмабаев пікірінің ғылыми-практикалық пайымдамасы жасалған деуге болады. Түркі халықтарының ортақ тілі туралы тұжырымында Дандай Ысқақұлы негізінен ортақ тілден гөрі ортақ қор құру идеясын алға тартады: «Түркі тілдерінің толық сөздік қорын жасауда алдымен, түркілік терминологияны бүгінгі күн талабына орай, ретке келтіру керек. Терминдерді бір ретке келтіру алдымен, түркілік терминологияның негізгі принциптерін анықтап алудан басталғаны жөн. Біздіңше, түркілік ортақ терминдерді қабылдағанда, алдымен, түркілік атауларға басымдық беріп, содан кейін барып халықаралық терминдерге жол ашылуы  тиіс».

Тіл үшін күрес жалғаса береді

 «Тіл – халықтың жаны. Сондықтан да тілдегі сырқаулар – ұлттың, халықтың жанындағы сырқаулар. Ауру асқынса, тірі жан өледі. Ұлт та сол сияқты; тілінің сырқаулары асқынып, біртіндеп құри бастаса, ұлт та біртіндеп әлсіреп, күндердің күнінде өмірмен қош айтысып, жоғалады. Бүгінгі қазақ қоғамындағы қостілділіктің, ана тілін білмей, тәрк етудің, ұлттық болмысын жоғалтып, басқа мәдениеттерге өтіп кетуінің  салдарынан туындап отырған «мәңгүрттік» пен «көзқамандық» ұлт үшін аса қауіпті жағдайдың басталып кеткенінен хабар беріп жатқандай» дейді ғалым.

«Тіл эпопеясында» еліміздегі тілдік ахуал 5 түрлі көрсеткіш аясында сараланған. Олар тілдің әлеуметтік-саяси, әлеуметтік-демографиялық, өзіндік лингвистикалық, әлеуметтік-функциональдық және ұлттық-мәдени көрсеткіштері. Сонымен қатар, соңғы бес жылда қоғамда жиі талқыға түскен бастауыш мектепте тек мемлекеттік тілде оқу мәселесі де кітаптан едәуір орын алған.

         Кітаптың едәуір бөлігі мемлекеттік қызметкерлердің қазақ тілін білу деңгейін саралауған арналған. Дүниежүзілік тәжірибеде мемлекеттік қызметкердің өз мемлекетінің тілін білмей қызмет атқаруы мүмкін емес. Қазақстанның заңы бойынша да әрбір  мемлекеттік қызметкер мемлекеттік тілді білуге міндетті. Алайда бізде бұл заң орындалмай отыр. Кітаптан мысал: «Мәселен, Орал облысында 2013-2015 жылдары барлығы 5772 мемлекеттік қызметкер «Қазтесттен» өтіп, соның 904-і ғана мемлекеттік тілді толық меңгергендігі жөнінде сертификат алған. Ал 2015 жылы «Қазтестен» 667 мемлекеттік қызметші өтіп, солардың тек 321-і ғана тиісті деңгейден көріне алған. Бұл мемлекеттік қызметкерлердің тек 50 пайызы ғана мемлекеттік тіл сынағынан өтті деген сөз. Қалған 50 пайызы мемлекеттік тілді өз деңгейінде білмесе де, мемлекеттік қызметті атқарып жүр» деген сөз.

Әрине, тіл меңгеру ісін кешенді қарастыру керек. Дей тұрғанмен, кітапта бұл мәселенің стратегиялық тұстары мемлекеттік қауіпсіздік тұрғысынан сараланған. Бастауыш білім мен мемлекеттік қызмет қазақ тіліне басымдық берсе қалған мәселе табиғи түрде қалпына келмек. Үш жүз жылдай бодандықтың астында тұншыққан қазақ тілі тәуелсіздік алғанымызға жиырма жылдан асса да, өз тұғырына қона алмай келеді. Бұл өзекті өртейтін шындық.

Иә, «тәуелсіздік бәрінен де қымбат». Егемендігімізді сыртқы шабуылдан қорғай білсек, ұлт ретіндегі ғұмырымыз мәңгілік. Бүгінде бүкіл әлем  жаһанданудың ұлттық тұтастыққа зиянды тұстарымен ашық күресуде. Еуропаның алпауыт елдерінің өзі ұлттық құндылықтарын, ұлттық мүдделерін мемлекеттік, заңдық тұрғыдан батыл қорғауға көшті. Осындай сын сағатында Д.Ысқақұлының «Тіл эпопеясы» сынды кешенді еңбектің елдігіміз бен ұлттық дамуымызға берері мол деп санаймыз.

Тегтер: мемлекеттік тіл мәселе қазақ баспасөзі басылым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 09:43
Мемлекет медбикелерге қашан мейірімммен қарайды?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 12.05.2021, 11:00
Жошы ханды жаһанға таныта аламыз ба?
Болат ШАРАХЫМБАЙ 12.05.2021, 08:16
Желтоқсан құрбандарын толық ақтау – асыл парыз
Сайт әкімшілігі 10.05.2021, 15:23
Алматыдағы тағы бір ЖОО лицензиясы тоқтатылды
Тұрсын ЖҰРТБАЙ 08.05.2021, 09:15
Жанкешті тағдырлардың сақабасы
Несіпбек АЙТҰЛЫ 06.05.2021, 09:09
Жалақорға жауап

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06