«Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...

Халықты сүлікше сорғандарға тоқтам бар ма?!

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

23.06.2022, 09:20

4581

Фото ғаламтордан алынды

Дүйсенбі күні үкіметте парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. Аталмыш отырыста біраз жайттың басы ашылып, бірқатар мәселелер талқыланды. Ел үміт артып отырған біршама бағдарламалардың да бабы келіспей, бағы жанбай жатқаны осы жиында белгілі болды. Мысалы, 2019 жылы президенттің пәрменімен елімізде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы қолға алынды. Бүгінде бағдарламаның бюджеті 1 трлн теңгеге дейін артты. Аталмыш бағдарламаның мақсаты – аты айтып тұрғандай, елдегі қарапайым түйме шығаратын отандық өндіріс орындарынан бастап, өзге де шағын және орта бизнесті қолдау болатын. Бағдарлама бойынша биылғы жылдың басында кәсіпкерлерге берілген несие көлемі 843 млрд теңгені құрады.

 Ең қызығы, бөлінген қаражаттың төрттен бірі халық тұтынатын тауар өндірісін дамытуға мүлде қатысы жоқ бағытқа жұмсалған. Есеп комитетінің есебінше, аталған сома өндіріс орындарына емес, керісінше, қонақ үй, жаңа мектеп салу, тіс емханасы сияқты басқа салаларға жұмсалған. Бұған қатысты сенатор Сүйіндік Алдашев:

– Бағдарламаны іске асыру тиімділігі өте төмен. Уәкілетті орган ешқандай бақылау жүргізбеген, – деді.

Бір бұл емес, жалпы, бақылау жүргізе алмау, жоспарлаған бағдарламаларды ойдағыдай, іске асырмау, қаражатты ұқсатпау – біздің үкіметтің дағдысына айналғалы қашан?! Осы уақытқа дейін «Жол картасы-2020, Жұмыспен қамту-2020», «Өңірлерді дамыту-2020», «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру-2020» тағы басқа толып жатқан бағдарламалардан көзіміз тұнды. Біздегі министрлер мен шенеуніктерге үкіметке жаңа идея ұсыну – бюджеттен қаражат «сындыру» тәрізді.

Бір бағдарлама ұсынады, артынша, оған бөлінген қаражат «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетеді. Ойлап қарасақ, бізде бюджеттен қаражат қарастырып, бағдарламаларға бөлінген сомаларды мақсатсыз пайдалану үнемі орын алатын жайт. Сонда бұл дауасы жоқ дерт пе, бұған тоқтам бола ма?!

Осы орайда, заңгер Әрсен Ибрагимов былай дейді:

– Заң солқылдақ болғаннан кейін бюджеттің қаражаты мақсатсыз, тиімсіз жұмсалады. Бұл дерттің емі – мықты заң. Бізде басқаны қойып, мемлекеттің араласуымен құрылған квазимемлекеттік секторлардың өзінде мемлекет қаражатын орынсыз жұмсау фактілері өте көп. Тіпті сол ұлттық холдингтерді, ұлттық компанияларды басқаратын топ-менеджерлер компанияның қыруар шығынына қарамастан, өздеріне миллиондап сыйақы жаздырады. Осындай әрекеттерге тұсау салатын мықты заң болмай, бұл мәселе шешімін таппайды.

Маманның айтуынша, Еуропада мұндай жайттар қызу талқыға түседі. Тіпті батыстан бөлек, көршілес ТМД елдерінің өзі қазір бюджет қаражатын заңсыз жұмсау фактілеріне қатысты қандай қатаң заң қажеттігін жіктеп жатқан тұс. Ал бізде заңның әлсіздігі соншалықты, шенеуніктердің басым бөлігі бюджет қаражатын кеміріп, мықтап тойынып алды. Тіпті олардың арасында басқаны қойып, СПА салондары мен фитнеске мемлекет қазынасынан миллиондаған қаражат жұмсағандары да кездесті.

Бұл туралы кезінде депутат Азат Перуашов былай деген болатын: «Ұлттық компаниялардың бюджеті ашық болған жағдайда пандемия кезінде дәрі-дәрмек тапшылығынан көз жұмған адамдардың өліміне бейжай қараған «СК-Фармацияда» ондаған миллион теңге сыйақы төлеу деген дүниелер болмас еді. Немесе тағы бір мысал: мемлекеттік кәсіпорын салық төлеушілердің ақшасынан өз менеджерлеріне фитнес пен СПА-ға 40 миллион теңге төлейді».

Саясаттанушы Әзімбай Ғалидың айтуынша, болашақта коррупцияның әр фактісі барынша, әшкереленіп отыруы керек.

«Сылбырлықты қойып, бақылауды күшейтіп, заң бұзғандарды ашық жариялап, заң жүзінде жазаға тартқан жөн. Бюджеттен бөлінген қаражаттың қызығын ел көруі қажет», – дейді саясаттанушы.

Жалпы, біздің шенеуніктерге «тойсаң, тоба қыл» деген қазақтың мәтелінің мәнін ұғынатын кезең әлдеқашан жетті. Күні бүгінге дейін отыз жыл бойы халықты сорып тойынғандар енді тәубасына келуі керек. Елді сүлікше сорғандарға тоқтам болуы тиіс. Қазірде Смайылов үкіметі «Жаңа Қазақстан» құрамыз деп жанығып жатыр ғой. Сол жаңашылдыққа ұмтылып жүргендер «адалдық – ардың ісі» екенін ұмытпаса екен... 

Тегтер: экономика халық нарық кедейшілік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 11:28
1 млн 119 мың га жер мемлекетке қайтарылды
Сайт әкімшілігі 11.08.2022, 12:36
«300 мал аштан қырылып қалды»: Сарыбастау ауылында жем-шөп, су мәселесі шешілмей отыр
Сайт әкімшілігі 11.08.2022, 09:29
Әкімдік арзан қантты өзі қалаған кәсіпкерлерге үлестіріп берген
Сайт әкімшілігі 11.08.2022, 09:04
«Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
Сайт әкімшілігі 09.08.2022, 10:36
"Мазақ қылып отыр". Ата-аналар мемлекет беретін мектеп формасынан жаппай бас тартуда
Бифат ЕЛТАЕВА 08.08.2022, 15:49
Жастарды мемлекеттік қолдау бағдарламалары жемісін беруде

Аңдатпа


  • "Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
    15.08.2022, 08:58
  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    12.08.2022, 08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49