Токио күнделігі: Үміткер спортшылар азайып барады

Заңғар КЕРІМ,арнайы «Жас Алаш» үшін Токиодан

03.08.2021, 09:46

2165

Сурет Olympic.kz

Олимпиада ойындары аяқталуға жақын. Қазақстан құрамасы спортшыларында тек үш қола медаль ғана бар. Жеңіп алған медалімізбен бейресми жалпыкомандалық есепте Қазақстан 69-орынға жайғасты.

27.07.2021 жыл

Олимпиаданың төртінші күні артта қалды. Үш күн бойы үш қола медаль алып «қолабек» атанған қазақстандықтардың арасынан «алтын баланы» алаңдап күткеніміз рас. Алтыннан дәмеленетін жөніміз бар. Әлемдік рейтингте үздік ондықта тұрған таэквондошы Руслан Жапаров пен Азия ойындарының күміс жүлдегері Жансель Дениз және екінші олимпиадасында бақ сынауға келген дзюдошы Дидар Хамза секілді спортшылар алтынға бастар жолды біледі деп сендік. Сөйтсек… спортшыларымыз бұл күні жеңіске бастар жолды таппай, барлығы шетінен «нокаутқа» түсті.

28.07.2021 жыл

Бүгінде қазақ боксы алға емес, артқа кетіп бара жатқандай көрінді. Токио төріндегі боксты көрген сәтте осындай ойға келдік. Осының алдында Василий Левиттің нокаутқа түскенін білесіздер. Енді, міне, әлем чемпионымыз Бекзат Нұрдәулетов алғашқы жекпе-жегінде жеңіліс тапты. Жүзуден Рио олимпиадасының чемпионы Баландин де финалға өте алмады. Велошабандоз үздігі Алексей Луценконы тіпті үздік отыздықтың арасынан таба алмадық. Расында, олимпиада алдында осы спортшылардан қалың ел алтын медаль күтіп еді.

Алтын жүлде алады-ау деген боксшымыз Бекзат Нұрдәулетов күтпеген жерден алғашқы жекпе-жегінде жеңіліс тапты. 81 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Бекзат ресейлік Имам Хатаевпен кездескен болатын. Тартысты кездесуде төрешілер 4:1 есебімен жеңісті ресейлік боксшыға берді. 57 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Серік Теміржанов америкалық Дюк Реганнан 0:5 есебімен жеңіліп қалды.75 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан Надежда Рябец әлем чемпионатының қола жүлдегері, канадалық Тамара Тибомен кездесіп, 1:4 есебімен есесі кетті. 

Олимпиадада басты үміткердің бірі болған Дмитрий Баландин 200 метр қашықтықты брасс әдісімен жүзуден финалға өте алмады. Негізі, Баландиннің нәтижелері Рио олимпиадасынан кейін төмендей бастады. 2017 жылғы әлем чемпионатында финалға шыға алмады. 2019 жылғы әлем чемпионатында 2:08,25 минут көрсеткішпен 7-орын алған. Соған қарамастан, отандасымыз кем дегенде үздік үштіктен көрініп қалар деп ойлаған едік. Алайда Рио олимпиадасында 2:07,46 минут көрсеткішпен алтын алған жерлесіміз Токиода 200 метрді 2:09,22 минутта жүзіп өтіп, бар-жоғы 11-орында қалып қойды.

Ал Алексей Луценконы көп маман Лондон олимпиадасының чемпионы Александр Винокуровтың жетістігін қайталайды деп сенген еді. Сенген велошабандозымызды тіпті үздік отыздықтың қатарынан да көре алмадық. Токиода велоспорттан ерлер арасындағы бәсеке толық аяқталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер тізімі анықталды. Қазақстандық Алексей Луценко жекелей сын қорытындысы бойынша 32-орыннан көрінді. Ол 44,2 шақырымды 1 сағат 2 минут 21,67 секундта жүріп өтті. Луценко жарыс жеңімпазы атанған словениялық Примоз Рогликтен 7 минут 17,48 секундқа қалып қойды.  Бұл бәсекеде күміс жүлдені Том Думулин (Нидерланд), қоланы Рохан Деннис (Аустралия) еншіледі. 

Дзюдошы Ислам Бозбаев үшін олимпиада сәтті басталып еді. 90 келі салмақта бақ сынаған Бозбаев алғашқы айналымда бразилиялық Рафаель Македомен кездескен болатын. Жерлесіміз қарсыласын небәрі 31 секундта «иппон» ұпайымен жеңгенімен, екінші айналымда жеңіліп қалды. Әзірбайжандық Мамадәлі Мехдиевке қарсы өткен кездесудің негізгі уақытында жеңімпаздар анықталмады. Ал қосымша уақытта әзірбайжандық балуан әдіс жасап, «ваззари» ұпайымен Бозбаевтан басым түсті. Осылайша дзюдодан Қазақстан құрамасы Токио олимпиадасын Елдос Сметовтің бір ғана қола жүлдесімен аяқтады.

Қазақстандық садақшы Санжар Мұсаев алғашқы айналымда қарсыласына есе жіберді. Қытай спортшысы Дапенг Вангпен сынға түскен ол 6:4 есебімен қарсыласына жол берді.

Спорттық гимнастикаданүш жаттығу бойынша финалға жолдама алған Милад Карими көпсайыстан сынға түскенімен, жүлдегерлер қатарынан көріне алмады. Естеріңізге сала кетсек, Милад еркін жаттығуда 8-орын иеленіп, финалға жолдама алды. Ал гимнастикалық кермедегі жаттығу бойынша іріктеуде 14,766 ұпай жинап, екінші нәтиже көрсеткен еді. Дәл осы жаттығу бойынша 3 тамызда өтетін сайыста Миладтан алтын медаль күтеміз.

Сондай-ақ теннистен аралас жұптық сайыстың алғашқы кезеңінде кортқа шыққан Ярослава Шведова мен Андрей Голубев  жапониялық Эна Шибахара және Бен Маклаклан жұбына қарсы шықты. Екі сетке созылған матчта қазақстандық теннисшілер 3:6, 6:7 есебімен қарсыласқа жол берді. 

29.07.2021 жыл

Күні кеше пұшайман болып жер шұқыған боксшыларымыз бұл күнде еңсе тіктей бастады. Қазақстан құрамасының көшбасшылары Әбілхан Аманқұл мен Қамшыбек Қоңқабаев ринг төріне көтерілген еді.

75 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан Әбілхан Аманқұл өзбекстандық Фанат Қахромоновпен кездескен болатын. Тартысты жекпе-жектің бірінші раундында төрешілер жеңісті өзбек боксшысына берді. Тағы да кешегі сценарий қайталана ма деп алаңдадық. Алайда екінші раундта тез есін жинаған Әбілхан қарсыласын нокдаунға жіберіп, өзіне басымдық алды. Үшінші кезеңде де қарсыласына бірнеше соққы дарыта алған боксшымыздың жеңісін төрешілер бірауыздан мойындады. Ширек финалда Әбілхан Бразилия елінің өкілі Эберт Консейсан Соузамен қолғап түйістіреді. Кездесу 1 тамызға жоспарланған.

«Бұл менің олимпиададағы бірінші кездесуім болғандықтан қиын болды. Жалпы, олимпиадада жекпе-жектер оңай болмайды. Жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Ширек финалдағы қарсыласыммен бұған дейін кездеспегенбіз. Қарсыласымның қандай екенін ринг көрсетеді.  Әрине, құрамада кешегі жігіттердің жеңілісінен кейін көңіл күй түсіп қалды. Не дегенмен, олар фавориттер, мықты спортшылар. Бірақ рингке шыққанда әркім өзі үшін шығады. Біреу ұтылды деп, бізге де ұтылуға болмайды. Біз бір командамыз. Мұндайда босаңсу дұрыс емес деп ойлаймын. Біз не үшін келгенімізді білеміз. Олимпиада бала кезден арманымызға айналған. Бірінші орында елдің намысын абыроймен қорғау маңызды», – деді Әбілхан.

91 келіден жоғары салмақта жекпе-жекке шыққан Қамшыбек Қоңқабаев Египет елінің өкілі Есри Мұстафамен кездесіп, айқын басымдықпен ұтты.

Қамшыбектің ширек финалдағы қарсыласы ресейлік Иван Верясов болмақ. Егер де Аманқұл мен Қоңқабаев жеңіске жетсе, жартылай финалға жолдама алады.

Қазақстандық садақшы Ильфат Абдуллин 1/16 айналымда нидерландтық Стив Виджлермен кездесіп, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Әзірге Ильфат Абдуллиннің 1/16 айналымдағы қарсыласы анықталған жоқ.

Токио олимпиадасының жартылай финалына дейін жеткен теннисші Елена Рыбакина әлемдік рейтингте 12-орында тұрған швейцариялық Белинда Бенчичпен кездескен болатын. Тартысты кездесу 2 сағат 44 минутқа созылып, Бенчич 7:6, 4:6, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Ендігі кезекте Елена Рыбакина олимпиаданың қола жүлдесіне таласады.

Бұл күні су добынан Қазақстан ерлер құрамасы Токио олимпиадасында кезекті рет жеңілді. Ел құрамасы топтық сынның кезекті кездесуінде Испания құрамасына қарсы ойнады. Екі құрама арасындағы кездесу 16:4 (3-0, 6-0, 11-2, 11-4) есебімен испаниялықтар пайдасына шешілді. Ойын барысында Қазақстан құрамасынан Душан Маркович, Сржан Вуксанович (2) және Михаил Рудайкөзге түсті.

Сондай-ақ Токио олимпиадасында академиялық есуден жартылай финал аяқталды.  Қазақстан сапынан аталған санат бойынша жарыс жолына Владислав Яковлев шықты. Нәтижесінде отандасымыз өз тобында бесінші болып мәреге жетті.

1.08.2021 жыл

1 тамыз күні күрес түрлерінен бәсеке басталды. Әйелдер арасында 76 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстан намысын Эльмира Сыздықова қорғаған болатын. Өкінішке қарай, алғашқы белдесуде Эльмира қырғызстандық Айпері Медетқызынан 2:8 есебімен ұтылды. Бұл біз үшін күтпеген жағдай болды. Себебі Рио олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира олимпиадада басты фавориттердің бірі еді.

«Сенген өгізім сен болсаң...» демекші, олимпиадада олжа салады деген әлем чемпионатының қола жүлдегері Мейрамбек Айнағұлов та қырғызстандық балуанға еш қарсылық көрсете алмады (0:8). Екі балуан да белдесуден соң, тілшілермен тілдесуден бас тартты.

Көп мақтаған Елена Рыбакинаның Токиодағы соңғы ойынын көру бұйырды. Байқағанымыз, теннисші қызға соңғы сәтте және соңғы сетте психология жетіспей жатты (Есеп – 6:1, 6:7, 4:6). Қола медаль үшін өткен сайыста украиналық Элина Свитолинадан екінші сетте жеңілген соң, үшінші сетке күші жетпеді. Бірақ сабырлылығы ұнады. Жеңсе де, жеңілсе де, сол қалпы. Ойыннан кейін сабырлы түрде сұрағымызға жауап беріп кете берді. Нағыз кәсіби спортшы. Әлемдік рейтингте үздік жиырмалықтың ішінде жүрген қазақстандық теннисші келесі олимпиадада топ жаруы әбден мүмкін. Алда Елена US Open додасына қатысуды жоспарлап отыр.

Спорттық гимнастикадан еркін жаттығуда бесінші орын алған Милад Каримидің жүлде алуға мүмкіндігі бар еді. Жаттығу кезінде ол үш рет қателесті. Милад орындаған жаттығудың қиындық коэффиценті – 6,400 ұпай. Ал қола медаль алған қытай спортшысы Cяо Жотеннің қиындық коэффиценті – 6,200 ұпай. Бірақ Миладта қиындық коэффиценті жоғары болса да, жаттығуында қате жіберді. Ал Қытай спортшысы аз коэффицентті таза орындап, медаль алып кетті. Милад 22 жаста. Жарақаттан аман болса, Париж олимпиадасында жүлде алатын бірден-бір үміткер болатыны анық.

Ал боксшылар бөлек тақырып. Жаңа бапкер Ғалымбек Кенжебаев келгелі бокстың салы суға кетті деуге болады. Ширек финалға дейін төрт боксшымыздің екеуі кеше жартылай финалдық айқасқа шықты. 75 келідегі Әбілхан Аманқұл бразилиялық Эберт Консейсан Соузамен кездескен болатын. Өкінішке қарай, Әбілхан олимпиаданың медаліне қол жеткізе алған жоқ. Тартысты өткен бәсекеде бразилиялық боксшы 3:2 есебімен басым түсіп, жартылай финалға өтті. Ал аса ауыр салмақта сынға түскен Қамшыбек Қоңқабаев жарады. Ресейлік Иван Верясовпен кездескен жерлесіміз 5:0 есебімен жеңіске жетті. Жартылай финалда Қамшыбек Қоңқабаев америкалық Ричард Торреспен кездеседі. 

Айта кетейік, ширек финалға жолдама алған Сәкен Бибосынов (52 кг) пен Зәкір Сафиуллин (63 кг) бүгін ринг төріне көтеріледі.

Академиялық есуден Токио олимпиадасына қатысқан жалғыз қазақстандық спортшы Владислав Яковлев жазғы ойындарды 19-орынмен аяқтады. Сондай-ақ садақ атудан ерлер арасында жекелей сынның 1/8 финалында  Ильфат Абдуллин қытайлық Ли Джуа Лунге 5:6 есебімен жол берді. Қазақстандық жеңіл атлет Михаил Литвин Токио олимпиадасында 400 метр қашықтыққа жүгіруден жартылай финалға шыға алмады. Михаил Литвин өзінің тобында 47:15 нәтижесімен 7-орын алды. Су добынан Қазақстан құрамасы Токио олимпиадасы ойындарында Черногория құрамасына қарсы ойын өткізіп, 12:19 есебімен ұтылды. Айта кетерлігі, су добынан Қазақстан құрамасы осыған дейін Хорватия (7:23), Сербия (5:19) және Испании (16:4) құрамаларына жол берді.

Тұңғыш рет жүлдесіз қалды

Токиода кішігірім сенсация орын алды. Өкінішке қарай, медаль алады-ау деген жеңіл атлет Ольга Рыпакова доданың финалдық кезеңіне өте алмады. Осылайша бұған дейін үш олимпиадада олжа салған Рыпакова тұңғыш рет басты додадан жүлдесіз қалып отыр. Жарысқа қатысушыларға үш мүмкіндік беріледі. Ал финалдық сынға 12 спортшы жолдама алады. Ол үшін 14,40 метрді бағындыру керек. Рыпакова өзінің ең үздік мүмкіндігінде 13,69 метрге секірді. Бұл финалға өту үшін жеткіліксіз. 

Сондай-ақ іріктеу кезеңінде Мария Овчинникова мен Ирина Эктова да сынға түкен болатын. Олар жарыстың бірінші айналымынан аса алмай, 26-шы және 31-орын алды.

Тарихи сәттің куәсі бола алмадық

Әлем чемпионатында олжа салған үш қазақ балуаны бір салмақта сынға түсті

2008 жылы Бейжің олимпиадасында бокстан Бақыт Сәрсекбаев алтын, Қанат Ислам қола жүлде алғанда қос қазақ биік тұғырда деп, қатты қуанып едік қой. Токио төрінде де сондай тарихи сәт орын ала ма деп үміттенген едік. Өкінішке қарай, Мейрамбек Айнақұлов (Қазақстан), Елмұрат Тасмұратов (Өзбекстан) және Уәлихан Серік (Қытай) бастаған үш қазақ балуаны жарыстың алғашқы күні жеңіліп қалды.

Бар тілеуіміз осы үш қазақ балуаны да биік мінберге шықса екен деп едік, әттең, ондай тарихи сәт бұйырмады. Негізі, үшеуінің де жүлде алатын мүмкіндігі бар еді. 60 келі салмақта белдескен біздің Мейрамбек Айнақұлов әлем чемпионатының күміс (2017) және қола жүлдегері (2019), Өзбекстан атынан күрескен Елмұрат Тасмұратов Рио олимпиадасының қола медаліне ие болған, әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері және Азияның бес дүркін жеңімпазы атанған әккі балуан. Ал Қытайдың үздігі Уәлихан Серік (Сайликке) – әлем чемпионатының қола жүлдегері. Уәлихан Серікке әлі де жүлде алуға мүмкіндік бар. Ол екінші айналымда жапон балуанымен күресіп, төрешілер болмашы ұпаймен жеңісті жапондыққа беріп жіберді. Ал өз кезегінде жапондық балуан финалға шықса, Уәлихан қола медаль үшін таласқа түседі.

Пандемияға байланысты бізге спортшылармен сөйлесуге болмайды. Тіпті өзге елдің спортшыларына да сұрақ қоя алмайсың. Соған қарамастан, белдесуден кейін жүгіріп жүріп Уәлиханға сұрақ қойып үлгердім.  «Уағалейкүм ассалам, қуаныштымын, аға! Аға, мен жеңілген жоқпын, барлығын өздеріңіз көрдіңіздер ғой», – деп, спортшылар жайғасатын жерге кетті.

Спортшыларымыздың денсаулығын кімдер бақылайды?

Қазақстан олимпиадалық командасымен бірге Токио олимпиадасына аттанған делегация қатарында медициналық ғылыми-кешенді топ қызметкерлері де бар.

Спортшылардың қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау әрбір ұлттық олимпиадалық комитет мен Халықаралық олимпиада комитеті алдындағы ең үлкен міндет. Осы орайда, Қазақстан ҰОК спортшылардың денсаулығын қадағалайтын мамандарды дайындап, арнайы ғылыми кешенді топ құрған болатын. Ұйым мүшесі Азамат Нұрматов Токиодағы қауіпсіздік ережелеріне тоқталып, команда мүшелерінің денсаулық жағдайы қалай бақыланатынын айтты.

  • Делегация Токиоға ұшып келгеннен бастап үлкен тексеруден өтеді. Бұл олимпиада ойындары аяқталып, елге қайтқанға дейін жалғасады. Себебі ең ірі спорттық бәсеке пандемия кезінде ұйымдастырылып жатқандықтан, спортшылар мен жалпы ойынға қатысы бар адамдар қатаң қадағалануда. Келушілердің денсаулығын тексеру әуежайдан басталады. Әрбір делегацияға жауапты адамдар бар және олар бір-біріне қосылмай, команданы дербес басқарады.

Спортшылардың хал-жағдайын бақылайтын арнайы бағдарлама бар. Әрбір қатысушы аталған қосымша бойынша өзінің денсаулық жағдайын баяндап отырады. Кез келген жерден антисептиктер мен өзге де қорғаныс құралдарын табуға болады. Одан бөлек, күніне бес рет әр спортшыға антисептик таратылады. Қатысушылар арнайы медициналық штабқа келіп, жетекші әрбір команда мүшелерінің дене қызуын өлшейді. Арнайы бағдарламаны қаншалықты толық толтырып жатқанын қадағалайды.

Спортшылар күніне 5-6 рет ковид офицердің қабылдауында болып, ПТР тест тапсырады. Нәтижелер кешкі алтыға дейін анықталады. Олимпиада ойындарын ұйымдастырушылардың өте жоғары деңгейде дайындалғаны көрініп тұр. Қазақстан ұлттық олимпиадалық комитеті де кешенді ғылыми топ құрамымен бірнеше дәрігерді Токиоға жіберді. Әрбір команданың массажшылары бар. Одан бөлек, ҰОК 17 мың медициналық бетперде жеткізді. Делегацияның әрбір мүшесі күніне 5-6 рет бетпердені ауыстыра алады. Яғни қатысушылардың қауіпсіздігін барлық тарап қатаң бақылауда, –  дейді Азамат Нұрматов.

Тегтер: Токио-2020 Олимпиада спорт ұйымдастыру Жапония Қазақстан

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ 23.09.2021, 09:05
Қазақстанға АЭС керек пе?
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 22.09.2021, 15:00
Орынбасарлары орын ауыстырса да Ахметов өзгермейді
Расул ЖҰМАЛЫ 22.09.2021, 08:35
Ауған тартысы және қазақ мүддесі
Жарас КЕМЕЛЖАН 16.09.2021, 07:50
Арман Шораев: Кейбір саяси шешімдер Мәскеуге тәуелді
Берікжан БАЙБОТАЕВ 15.09.2021, 09:30
«Сұмырай келсе су құриды...»
Батыр ЖАСҰЛАН 15.09.2021, 08:16
Тілді талқыға салатын төрт топ бар

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39