Түркістандағы оқиғадан «ҚазТрансГаз» тиісті қорытынды шығара ма?

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

03.03.2021, 09:20

2451

Түркістан қаласында  бір отбасыдағы бес адамның қазаға ұшырауына байланысты құзырлы органдар қылмыстық іс қозғады. Марқұмдар жексенбіде Түркістанға іргелес жатқан Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында жерленді.

 Қаралы хабар 27 ақпанда кешкісін жария болды. Оқиға орнына алғаш болып келген жедел жәрдем қызметкерлері қаладағы Сұлтан Бейбарыс көшесіндегі жеке үйлердің бірінен 5 адамның өлі денесін тапқан. Қайтыс болғандар: осы үйдің 1980 жылы туған азаматшасы және оның 2004, 2006, 2013, 2016 жылы туған балалары. Кәсіпкерлікпен айналысатын отағасы бұл күні емделу үшін Шымкент қаласына кеткен екен.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев сол күні оқиға орнына барып, марқұм болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

-Біз ауыр қайғыға душар болған отағасын қиындықта жалғыз қалдырып кетпейміз. Қолдан келген көмектің бәрін жасаймыз,-деді өңір басшысы. Жексенбіде осы оқиғаға байланысты брифинг өтті.

-Орын алған қайғылы жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалып, алдын ала тергеу жұмыстары жүргізілуде. Тергеу нәтижесінде, жауапты тұлғалардың кінәсі анықталатын болса, заң аясында жауапкершілікке тартылады. Жерлеуге байланысты және басқа да материалдық шығындар толықтай өтеледі. Түркістан облысы әкімдігі тарапынан қайғылы жағдайға ұшыраған отбасыға қаржылай көмек көрсетіледі, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай. Қазіргі уақытта облыстағы мемлекеттік қызметшілер бір күндік жалақыларын аударуды ниет етіп отыр.

Оқиғаның жай-жапсары, алдын ала жасалған болжамдар да осы брифингте мәлім болды. Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбдіғани Сейдуалиевтің айтуынша, қайғылы жағдай 26 ақпанда кешкі сағат 7-8-дердің шамасында болуы ықтимал. Бұл кезде отбасы мүшелері әлі жатып та үлгермеген. Қайтыс болған азаматша базарда істеген. Ертеңіне ол базарға шықпаған соң қасындағы жақын танысы үйге баласын жіберген. Баласы үйде ешкімнің жоқ екендігін айтып келеді. Осыдан кейін күйеуін жұмсаған. Ол терезеден қарап, есік аузында марқұм әйелдің жатқанын көріпті. Оқиғаның толық мән-жайы тергеу амалдарынан кейін белгілі болады. Қазіргі уақытта  Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлімімен, яғни абайсызда екі немене одан көп адамның өліміне әкеліп соққан  өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот техникалық сараптамасы тағайындалды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрғали Жүнісовтың айтуынша, қайғылы жағдай болған үйге табиғи газ тартылған. Үй ирандық камин типтес пешпен жылытылған. Пештің мұржасы гофрленген бұрғышпен сыртқа шығарылған.

-Қатты жел пештегі тартылыстың нашарлауына ықпал етіп, улы газ бөлме ішіне таралуы мүмкін, – деді Нұрғали Жүнісов.

 «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесінің Түркістан бойынша өндірістің филиалының басшысы Шалқар Омарбековтың айтуынша,  қайғылы жағдай болған отбасы табиғи газға қосылу жөніндегі өтінішті  былтыр қарашада берген. Оған техникалық шарттар тапсырылған. 27 қарашада абонентке газға қосуға рұқсат берілген.  Оқиғадан кейін барлық құжаттар тексерілген. Нәтижесінде техникалық шартта көрсетілген талаптардың толық орындалмағаны анықталыпты. Ал газды үйге кіргізіп беру жұмыстарын «Газ құбыры 2050» деген компания атқарған. Себебі абоненттерге газ кіргізу жұмыстарын «ҚазТрансГаз» мекемесі емес, жекелеген мердігер компаниялар ақылы негізде жүргізеді екен.

-Біз оларға өз тарапымыздан сілтеме немесе талаптар қоя алмаймыз. Мердігерлер өздерінің жұмысын лицензия негізінде жүзеге асырады,-деді Ш.Омарбеков. Сонда бұл қалай?  Абонентке техникалық шарттар берілген, бірақ ол іс жүзінде орындалмаған. Ал оның орындалғаны неге қадағаланбаған? «ҚазТрансГаз» адам өмірі үшін маңызы бар жұмыстарға осылайша көз жұмып, жауапсыздықпен,  құжат жүзінде ғана жүргізе берген бе? Түркістандағы жағдайдың ертең тағы да қайталанбасына кім кепілдік бере алады?

Жалпы Түркістан облысы мен Шымкент қаласында «ҚазТрансГаз» мекемесінің жұмысына сын көп айтылады.  Мекеменің айналасында нан тауып жүрген күмәнді жекеменшік компаниялар көп. Мәселен жыл сайын осындай жекеменшік компаниялар әр абоненттен «техникалық қызмет көрсетеміз» деп, 2-3 мың теңгеден жинап алады. Оны төлемесе, айыппұл салынатынын айтады. Алайда аталған жекеменшік компаниялар келісім-шарттарындағы қызметтерін барлық абонентке  көрсетіп отыр ма? Бұл жағы күмән туғызады. Жоғарыда айтылғандай, абоненттердің үйіне газ кіргізіп берумен жекеменшік компаниялар айналысады. Әр үйден қыруар қаржы алады. Ал сол компаниялардың жұмысы талапқа қаншалықты сай? Тексеру осы сұрақтарға жауап бере алады ма? Әлде «ҚазТрансГаз» бәрін марқұмдар мен зардап шегушілердің өздеріне жауып отыра бере ме?

Оңтүстікте табиғи газ тарифінің қымбаттығы өз алдына бөлек әңгіме. Бұған дейін баға газдың әр текше метріне 34 теңгеден белгіленген болатын. Екі-үш жыл бұрын президенттің тарифтерді арзандату туралы тапсырмасынан кейін 31 теңгеге төмендеді. Бірақ соның өзінде Түркістан мен Шымкент  республикада газға ең қымбат төлейтін өңір саналады. Бұл әсіресе, қыс мезгілінде үйді көгілдір отынмен жылытатын отбасылар үшін өте ауыр. Бұл мәселені соңғы жылдары депутаттар, қоғам белсенділері көп көтерді. «ҚазТрансГаз»  халықты табиғи газбен қамтамасыз ететін бірден-бір монополист болғандықтан, республика бойынша бірыңғай тариф енгізу ұсынылды. Тіпті Жансейіт Түймебаев әкім болған жылдары «ҚазТрансГаздың» қызметінен бас тартып, облыста өз алдына кәсіпорын құру мәселесі де қозғалған. Алайда олардың бәрі аяқсыз қалды.

Түркістанда болған қайғылы жағдайдан «ҚазТрансГаз» тиісті қорытынды шығара ма? Ал оның жұмысын қадағалайтын үкімет пен құзырлы органдар қашанға дейін үнсіз отырады?

Тегтер: оқиға бес бала ана мен бала газдан улану табиғи газ қайғылы жағдай

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.04.2021, 09:15
«Халық қартайып, қажып барады»
Тихон ӘЛІПҚАЛИ 15.04.2021, 09:43
Үлгіліні ұғыну елдігімізге үлкен сын
Айтбай СӘУЛЕБЕК 15.04.2021, 09:22
Сарыторғай – қазақтың сары алтыны
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 13.04.2021, 10:47
Жыртыққа жамау болмайтын жәрдемақы
Мұрат ӨТЕБАЙҰЛЫ 09.04.2021, 08:40
Жағымпаздыққа тоқтам бола ма?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 08.04.2021, 14:24
Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер

Аңдатпа


  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24