Тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларының алдын алу жұмыстары күшейтілуде

Қуаныш ЕРМЕКОВА

22.10.2021, 12:00

850

Келер айдан бастап елімізде зорлық-зомбылықтан кейінгі дене жарақатының есебін жүргізу жоспарлануда. Пилоттық жоба еліміздің бірнеше қаласында қатарынан іске қосылып, тұрмыстық зорлық зомбылықтың есебін жүргізіп қана қоймай оның алдын алуға да оң ықпал етеді деген үміт зор! Өйткені бұрын бұл есеп жүргізілмейтін, енді қолға алынған шара нақты статистика арқылы алдын алу шараларын күшейту, нақты жұмыстар жүргізуге әсер етпек. Атап өтер жайт, БҰҰ-ның мәліметі бойынша, коронавирус індеті әлем бойынша таралғаннан кейінгі карантин кезінде дүниежүзі бойынша тұрмыстық зорлық зомбылық оқиғаларының артуы байқалған. Біздің елімізде де бұл үрдіс қайталанды. Тіпті тұрмыстық зорлық зомбылық оқиғалары көбейіп, шаңырағы шайқалған отбасылар да аз болмады.

Сондықтан құқық қорғау орындары түрлі шаралар қабылдап, шағымдану алгоритмін өзгертіп, дағдарыс орталықтарының мекен-жайын және сенім телефондарын жариялап, көбірек таратып, барынша тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларының алдын алуға тырысуда. Тіпті тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын отбасындағы қысым көрсетушіден құтқару үшін түрлі әдістер насихатталуда.

Мәселен  тұрмыстық тирандарға сыр білдірмес үшін 102 телефонына хабарласып, «Сіздерге маскалар мен антисептиктер түсті ме?» деген секілді құпия сөзді қолдану арқылы өз жағдайынан хабар беру секілді ерекше жолдар қарастырылған. Мұндай жолмен отбасындағы зорлық-зомбылықты жасырын хабарлауға мүмкіндіктер берілген. Сондай-ақ дағдарыс орталықтарының да санын арттырып, тұрмыстық жанжал құрбандарына мамандардың көмегін қолжетімді қылу жолдары жүзеге асырылуда. Яғни жәбірленуші дағдарыс орталықтарына хабарласып, әйелдерге психологиялық көмек қана емес, заңгерлік те жәрдем көрсетіліп, учаскелік инспекторлардың қызметіне де жүгіне алады. Бүл жерлерде шағымның анонимдігі мен құпиялығына кепілдік беріледі. Көп жағдайда жан-жағынан қысылып, көпке жария еткісі келмей көмек сұрауға да ұялатын әйелдерге бұл өте тиімді болып отыр.

«Қазақстанның тең құқық және тең мүмкіндіктер институты» қоғамдық қорының президенті Маргарита Өскембаева «Карантин кезінде дағдарыс орталықтарына жүгінушілер саны бұрынғыдан айтарлықтай артты. Адамдар карантин кезінде бір-бірін бұрынғыдан да қатты қадірлеп, қолдаудың орнына бір-бірін естуден, түсінуден қалып жатыр. Әлеуметтік, қаржылық жағдайдың қиындауы, карантинге орай көп мекемелердің жабылуы, күйзеліс, коронавирус жұқтырғандардың көбеюі, індеттен қайтыс болғандар туралы толассыз ақпараттар адамдар психологиясына кері әсер етуде. Халық ашушаң болуда. Сол себепті отбасында әлімжеттік жасау өршіп тұр. Тұрмыстық тирандар көбейді. Құрбандарының ешқайда кете алмайтынын біліп, бар ашуын солардан алатын болды. Бұл бізде ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде қайталанып жатқан үрдіс. Сондықтан ерлі-зайыптыларды шыдамды болуға шақырып, тұрмыстық зорлықтың алдын алуға үндеп жатырмыз. Мемлекет те қазір бұл мәселеге көңіл бөліп, мәселенің алдын алуға тырысуда» дейді.

Статистикаға сенсек, елімізде әрбір үшінші отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық кездеседі екен, әрбір жетінші әйел экономикалық зорлық-зомбылыққа ұшырап, қаржыдан қысылса; әрбір алтыншы әйел физикалық зорлық-зомбылықты бастан кешеді екен. Ал әрбір үшінші әйел психологиялық зорлық-зомбылыққа тап болатын көрінеді. Ұлттық менталиетет пе екен көп жағдайда елімізде әйел қауымы өзіне физикалық қысым жасалғанда ғана, қарсыласып, тиісті орындарға хабар береді екен. Оған дейін қаржыдан қысылып, тіпті психологиялық қысым әсерінен күйзеліске түссе де сыр бермей жүре беретін көрінеді. Өкінішке қарай мұндай жағдайлардың соңы тығырыққа тірелген жандардың өз өзіне қол жұмсауымен де аяқталып жатады.

 Отбасылық психолог Аяжан Мәделбек «Елімізде бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде қағидасы жақсы сақталған. Еркінен тыс жыныстық қатынасқа тартса да, қорқытып, мәжбүрлеп, айтқанынан шығармай, бұйрықпен орындатып, дәрежесін түсіріп, абыройын төгіп, кемсітіп жатса да үндемейді. Тіпті жолдасы жұмысқа шығармай қойса да қалыпты нәрсе санайды. Ақшасын тартып алып, қолына тиын ұстатпайтын да ер адамдар бар. Ажырасып кетсе де аңдып, қызғанып, жеке өмірін қалыптастыруға мүмкіндік бермейтіндер де кездесуде. Бірақ жылдар бойына соған көніп жүре береді. Тек қол көтергенде ғана осылардың барлығын тізіп айтып отырады. Басынудың басы сол екенін де түсінбейді. Мән бермейді. Оны тұрмыстық зорлық көрсету деп санамайды. Сондықтан қоғамдағы адамдардың көзқарасын өзгерту керек. Бірге тұра алмаса жай ғана екі жаққа кету, уақытша бөлек тұрып, өз әрекеттеріне әрқайсысынң есеп беру, мәселені ересек адамдарша шешу жолдары қалыптаспаған» дейді.

Сондықтан соңғы жылдары елімізде зорлық көрсетуші ер азаматтармен жұмыс жүргізу қолға алынуда. Яғни мемлекетіміз де мұндай жағдайда бәрін ер адамға жауып отыра бермей, олармен де жұмыс жүргізудің жолдарын қарастыруда. Тұрмыстық жанжал құрбандарымен дағдарыс орталықтары жұмыс жасайтын болса, тиран күйеулермен барлық жағдайда кінәлаумен ғана шектеліп жатамыз. Сондықтан жақындарына қол көтеріп үйренген ер адамдарға ашуды жеңудің әдіс-тәсілдерін үйрететін психолог, психотерапевт мамандар жұмысы жолға қойылуда. Агрессия иесіне оның әрекеті  қылмыс екеніне көңіл аудартып, мойнына жауапкершілікті алуына және келешекте осындай қатыгездікке қайта бармауына ықпал етуді көздейтін жобаның маңызы зор болып отыр. Өйткені талай жыл отасып, бір-біріне бауыр басып қалған, ортада бала-шағалары бар ерлі-зайыптыларға кәсіби маманның көмегімен отбасыларын сақтап қалуға көмектесіп, әлімжеттік жасаушының әрекетіне есеп беруге мүмкіндік беретін мамандар әрекеті жоғары бағалануда. Бұл отбасынан бір айрылып, қоғамнан да қағажу көріп өзін өзі тастап жіберетін ер адамдарға үлкен көмек екені даусыз. Мамандар дәріс арқылы кәсіби мамандар тиран ер адамдарға әйелдері бастан кешетін үрейді сезіндіру арқылы ықпал етуді көздеп отыр. Осылайша, тұрмыстық зорлық-зомбылықты тыйып, ажырасуды азайтатындардың ісі құптарлық ақ! Әлімжеттік жасауға әуес еркектерді мұндай курстар арқылы жөнге салу әдісі әлем елдерінде кеңінен қолданылады екен. Сондықтан біздің елімізде де жоба өзінің жемісін берер деген үміт зор! Желтоқсан айына дейін жоспарланған пилоттық жоба жемісін берсе, бүкіл Қазақстанда жүзеге асырылады деп күтілуде.

Осы орайда айта кетсек, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаушыларға жазаны қатайтып, жауапкершілігін көтеру де қолға алынуда. Мәселен бұрын мұндай жағдайларда әкімшілік жауапкершілік көзделсе, биылдан бастап әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске өзгеріс енгізіліп, бұзақылар тіпті айыппұлдан да босатылды. Есесіне енді отбасында зорлық көрсеткені үшін олар ескерту алады немесе 15 тәулікке қамалады. Тіпті осы мәселелермен үнемі бетпе бет келіп жүрген дағдарыс орталықтары одағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қылмыстық жаза қолдану қажеттігі туралы заң жобасын да ұсынған болатын. Таразы басының қалай ауатынын, уақыт көрсетеді. Ең бастысы сең қозғалды.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайтуға үкіметтік емес ұйымдар да атсалысуда. Мәселен бүгінгі күнге дейін «Дағдарыс орталықтарының қызметін жетілдіру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және агрессорлармен жұмыс бойынша шараларды әзірлеу және іске асыру» республикалық жобасы аясында сегіз айдың ішінде 500-ден астам әйел мен олардың балалары көмек алған. «Агрессорлармен жұмыс бойынша нұсқау» әзірленіп, шығарылып, пайдалануға берілген.

Қазақстандық актриса, «Дағдарыс орталықтарының қызметін жетілдіру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және агрессорлармен жұмыс бойынша шараларды әзірлеу және іске асыру» жобасының бренд-амбассадоры Айнұр Ілиясова болып бекітіліп, ол осы мәселенің алдын алу үшін түрлі әлеуметтік видеороликтерге түсуде. Осы орайда актриса отбасында әлімжеттіктің көбеюіне орай өз ойымен бөлісіп «Бірінші мәселе – білімнің жоқтығы, екіншісі – қоғамның айыптауы, бұл өте қатты басады және «шыда», «сен қалай күйеуіңнен кетесің?», «өзіңнің күйеуіңе қалай арыз жазасың?» дейді. Қоғам бізді айыптайды, «ұят», «бұлай болмайды» деп сыбырлайды. Мен өз отбасымда болған зорлық-зомбылықтың зардабын тартып жүрмін. Мен білімді болғасын, маған психологтар, кітаптар қолжетімді болғандықтан, оларға жүгінуге мүмкіндігім болғандықтан, бұл мәселені өзім шеше аламын. Алайда, көптеген әйелдер өмір бойы осындай ауыр жүкті арқалап жүр, өздерінің қорқыныш, үрейі мен сенімсіздігін балаларына артады. Олардың балалары болашақта қорқынышты сценарийді қайталауы мүмкін ғой, яғни үй тираны немесе құрбаны болуы ықтимал. Барлық әйелдерге – үндемей қалмаңыз, шыдап отыра бермеңіз деген үндеу салғым келеді! Ия, тұрмыстық зорлық-зомбылық бұл екі адамның мәселесі! Күйеуге шықпас бұрын, отбасын жоспарлаңыз, өзіңіз таңдаған болашақ жарыңызды жақсылап зерттеп, танып алыңыз. Және егер дабыл қоңырауы соғылса — ер адам сізге қол көтерсе, бұл әрекетке шұғыл назар аударыңыз. Бұл оқиға, өкінішке орай қайталанады, бір емес, екі емес, кейін де қайталануы мүмкін, соңынан балалар зардап шегеді» дейді. Расында да тұрмыстық зорлық зомбылыққа әйелдер ғана емес балалар да ұшырап жатады.

Балалар демекші елімізде өз туғанынан зорлық көретін балалар саны да артып барады. Мәселен былтыр кәмелетке толмаған жасөспірімдерді зорлау, жәбірлеу оқиғалары бойынша тіркелген істің көбі ата-ана, педагог, асыраушысы тарапынан болған. Ең сұмдығы бұрын «өгей әкесі қызын зорлады» дегенді жиі естісек, қазір туған әкесі зорлағаны туралы дерек көбейіп жатыр. Сондықтан тез арада осы бағыттағы күшейту шаралары қажет екені сезілуде. Құқықтық статистика комитетінің мәліметінше: 2017 жылы осындай 146 дерек тіркелсе; 2018 жылы — 132 дерек; 2019 жылы — 85 дерек; ал 2020 жылы — тіркелген 199 қылмыстық істің 128-і сәбилерге қатысты болған. Яғни жалпы тұрмыстық зорлық зомбылық оқиғаларының елеулі бөлігі балаларға қатысты болуы ойлантпай қоймайды.  2021 жылдың көктеміне дейін 825 қылмыстық іс тіркелсе, оның 669-ына жақындарының тарапынан болған. Жалпы зорлық оқиғаларының 81 пайыз жақындары тарапынан, ал 10 пайызы — әкесі мен өгей әкесіне тікелей қатысы болған. Бұл шын мәнінде қоғам қасіреті екені сөзсіз! Сондықтан алдын алу шараларын осы бағытта күшейту қажет. Алайда мамандар «бұрын мұндай мәселелердің статистикасы жүргізілмейтін. Қазір қайта есепке алынып, алдын алу шаралары жүргізілуде» дейді. Яғни статистикасы жүргізілу арқылы қоғам назары ауды, демек алдын алу әрекеттері де жасалады деп үміт күтуде. Демек алдын алу шараларының көмегімен алдағы уақытта бұл мәселелердің саны азаятынына сенім мол! 

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 08:54
Үкімет зейнетақы қорына қатысты шешімді халықпен неге ақылдаспады?
Нұртаза ҚЫДЫРНИЯЗОВ 03.12.2021, 08:48
Қауіп қайдан?!
Махамбет САПАРМҰРАТОВ 01.12.2021, 09:20
Жауапкершілікке шекесінен қарайтындар ел мүддесіне қызмет етпейді
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 30.11.2021, 09:00
2,5 миллиард теңге кімнің қалтасында кетті?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 25.11.2021, 09:00
Теңгесінде тұрақ, үкіметінде естір құлақ жоқ елдің жайы не болмақ?!
Көпжасар НӘРІБАЕВ 23.11.2021, 14:20
Желтоқсанның себебі мен салдары

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14