Мемлекет мүлкін миллиондап тонамаған, адам өлтіріп, өрт қоймаған Дәнебаевтар мен Батырбаевтар түрмеде азапталып, от пен судың арасында жатыр. Ал «түйені түгімен жұтқан» жемқорлар түрмеге түссе, курортқа барғандай шалқып жүретіні туралы дақпырт та аз емес
12.09.2023, 09:11
1160
Қазақстанда қауіпсіздікке жауапты құзыретті органдардың қызметі көп көңілінен шықпайды. Қоғам тыныштығын қамтамасыз етуі тиіс қызметкерлер қарақшының рөлінде жүргендей әсер қалдырады кейде. Сол үшін де жұрт «екі дүниеде полицияға күнің түспесін» деп тілейді.
Сөйтсек, қолына түскенді оңдырмайтын оспадар мінез полицейлерде ғана емес, әскерилер мен түрме қызметкерлерінде де бар екен. Бұған «Қаңтар оқиғасы» кезінде анық көз жеткіздік. Арқаға түскен үтіктің ізі жазылмай жатып, погондылар тұтқындарды түтіп жейтін көне әдетіне қайта басты.
Қыркүйектің басында әлеуметтік желіде Ақмола облысы Атбасар қаласындағы түзеу колониясында түрме қызметкерлері жазасын өтеп жатқан бірнеше адамды резеңке таяқпен ұрып-соққаны көрсетілген видео тарады. Соққыға жығылғандар арасында президентті сотқа берген қоғам белсендісі Тимур Дәнебаев та бар. Кейін Дәнебаев Ресейдің Украинаға соғыс ашқанын айтыптап, жазба жариялағаны үшін «ұлтаралық араздық қоздырды» деген айыппен үш жылға сотталған.
Желіде тараған бейнежазбада түрме қызметкері тұтқын тәртіпке бірнеше рет бағынбағанын айтып, жанындағыларға «Арнайы құрал қолданыңдар!» деп бұйырады. Бұйрықты естіген алты қызметкер тұтқынды алып ұрып, желкесінен тіземен басып тұрып, резеңке таяқпен төпештей жөнеледі. Олар ащы таяқ жанына батқан тұтқынның жан дауысы шығып, шыңғырғанына да қарамайды.
ҚР ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитеті 4 қыркүйекте бұл оқиғаға қатысты мәлімдеме жасап, Ақмола облысындағы түзеу мекемесіне жаңа келгендер тәртіпке бағынбай, ескертуді елемегендіктен қолданыстағы заңға сай арнайы құрал қолданылғанын хабарлады. Осылайша, түрме қызметкерлерінің әрекетін ақтап алуға тырысқандай көрінген. Бірақ кейін бұл мәлімдемеден бас тартып, қызметкерлер сотталушыға арнайы құрал қолдану кезінде қызмет өкілетін асыра пайдаланғанын мойындады. Ал 6 қыркүйекте қызметтік тексеріс нәтижесінде облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы мен оның орынбасары және іске қатысты 11 қызметкерді жұмыстан шығаруға ұсыныс жасалғанын хабарлады.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті әу баста өз қызметкерлерін ақтап алмақшы болды дедік. Түрмеде арнайы құрал қолдануға рұқсат беретін жағдайлар бар. Тұтқын тәртіпсіздік ұйымдастырып, адам өміріне қауіп төндірсе, арнайы құралдың күшімен оны сабасына түсіруге болады. Комитет осы заңға сілтеме жасап, тұтқындарды кінәлі етіп көрсетпек болған. Бірақ видеодәлел тұрғандықтан, ол ойларынан тез айныған сыңайлы.
Әжетхана жуу түрме ережесіне кірмейді
«Қаңтар оқиғасы» кезінде азапталған азаматтардың құқығын қорғаған адвокат Жалғас Сапарханованың айтуынша, Дәнебаевқа арнайы құрал қолдану заңға қайшы әрекет.
«Таразда 16 жылға сотталған Ербол Жұманов қорғауымда болды. Ол биыл маусым айында менен «бұл мекеменің ережелерімен қалай таныссам болады» деп сұрады. Оған 1,5 жыл бойы түрме ережесін түсіндірмепті. Дереу тергеу изоляторы мен қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне сұрау салдым. Олар түрме ережесін Жұмановқа 2022 жылы 7 қаңтарда, алғаш ұсталғанда таныстырғанын айтады. Ереже түсіндірілгені жайлы қорғауымдағы азаматтың қолы қойылған құжат сұрадым. Олар мұндай құжат көрсете алмады. Соған қарағанда, ештеңе түсіндірмеген сияқты.
Барлық түрмеде ішкі тәртіп болады. Жазасын өтеуге келген азаматқа алдымен сол ережені үйретіп, оның қолын қойғызып алу қажет. Мысалы, белгіленген уақытта тұру, белгілі жұмыстарды істеу, түрме қызметкеріне бағыну, т.б. ережелер. Ал әжетхана жуу ол ережеге енбейді деп ойлаймын. Дәнебаевқа арнайы құрал әжетхана жумағаны үшін қолданылып отыр. Заң бойынша арнайы құралды түрмеде төбелес шығарса, түрме қызметкеріне күш қолданса ғана пайдалануға болады. Ал Дәнебаевтың әжетхана тазалаудан бас тартқаны үшін арнайы құралмен ұрып-соғу заңға сыймайды», – дейді адвокат.
Түрмеде тұтқындарды азаптау оқиғасының бас-аяғы бұл емес. Бірақ соның көбі қоғам назарына жетпей, жабулы қазан күйінде қалады. Ел билігі де түрмеде азаптау бар екенін мойындай бермейді. Дәнебаев ісіндегі сияқты видеоайғақ тарап кеткен бірен-саран оқиғаны жекелеген қызметкердің заң бұзушылығы ретінде тіркеп, жылы жауып қоюға тырысады. Ресми мәлімет бойынша, жыл сайын сотталушылардан азаптауға қатысты шамамен 1000-2000 шағым түседі. Бірақ соның 5 пайызы ғана дәлелденіп, тергеледі екен. Өйткені тұтқындар түрмеде көрген қорлығын дәлелдей алмайды.
Ішкі істер органдары тұтқындар құқығын қорғауға құлықты емес. Әйтпесе, сотталушы түрмеде қорлық көргенін айтып шағымданса, оны дәлелдеуге мемлекет атсалысуы қажет. Бұл туралы 2004 жылы БҰҰ қабылдаған Ыстамбұл хаттамасында анық жазылған. Қазақстан осы хаттамаға қосылған. Бас прокуратура осы хаттамаға сүйеніп, әдістемелік нұсқаулық шығарған. Демек, билік дәлел жоқ деп қол қусырып қарап отырмай, түрмеде таяқ жеген адамның арызын қарауға міндетті.
2022 жылы наурызда Бас прокуратура «Қаңтар оқиғасынан» кейін азаптау оқиғасы жайлы 243 іс қозғалғанын хабарлады. Бірақ төрт айдан соң сол кездегі ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мұндай шағымның 137-сі тоқтатылғанын айтты. «Арыз берген азаматтардың 96,3%-ы өзін нақты кім азаптағанын көрсете алмады, полицияның күш қолданғанына дәлел табылған жоқ» деп мәлімдеді ол. Білдей министрдің өзі халықаралық норманы белден басып, азаптау т уралы дәлелді сотталушының өзінен сұрап отырса, түрмедегі заңсыздық қалай ашылады?!
Тұтқындар түрмеде азаптау болғанын айтуға қорқады
Адвокат Жалғас Сапарханова «Қаңтар оқиғасынан» кейін түрмеде азапталған көптеген азаматтың арызы қараусыз қалғанын айтады.
«Менің қорғауымдағы кей азамат түрмеге келіп кетуімді сұрайтын. Айтуларынша, адвокаты бар екенін білсе, түрмеде ешкім тиіспейтін көрінеді. Ал кей тұтқын түрмеде азаптау болғанын бізге айтпайды, бірақ туыстарына айтады екен. Соған қарағанда, олар түрме қызметкерлерінен жасқанатын болу керек.
«Қаңтар оқиғасы» кезіндегі азаптаулар бойынша бірнеше адамды қорғадым. Бірақ қолымызда қаншама дәлел болса да, көп істі сотқа жеткізбеді. Қорғауымда болған азаматтар арасында талдықорғандық Азамат Батырбаевқа үтік басқан полицей ісі ғана сотқа өтті. Өзге істің бәрін видеодәлел жоқ деп жауып тастады. Тіпті тергеу изоляторында 4 күн бойы азапталған азаматтардың да ісін тергеусіз қалдырды. Бас прокуратураға, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жазған бірнеше арызымыз бойынша іс қозғалған, жарты жыл бойы тергелген істер бар. Тіпті қорғауымдағы кей азамат өзін қай полицей азаптағанын танып, аты-жөнін айтып берді. Оларды өзара беттестіріп, тергеу амалдары жүріп жатты. Бір полицейді бірнеше адам көрсеткен жағдай болды. Бірақ соған қарамастан, соңында дәлел аз деп істі тоқтатты.
Тұтқындардың азапталғаны жайлы дәлелді біз, адвокаттар өзіміз іздедік. Тергеу изоляторында азаматтардың денесіндегі жарақатты көрдік, бірақ біз онда телефон алып кіре алмаймыз, түсіріп алу мүмкін емес. Түрмеге тәуелсіз комиссия кіргізуді сұрадық. Бірақ бұл өтінішіміз орындалмады. Кейін антикорға арыз жазғанда тұтқындардың медкартасын қоса бердік. Медициналық картада сотталушы изоляторға алғаш түскенде қай жері сынған, қай жері жараланғаны анық жазылып тұрады. Қорғауымдағы азаматтарды ешқайда кетпеу туралы қолхатпен шығарып, тәуелсіз сот медициналық сараптамадан өткіздік. Қолымызда олар берген азапталғаны туралы құжат болды. Тергеу органдары соның өзіне назар аудармады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бізге мұның себебін Бас прокуратура іс қозғамай отыр деп түсіндірді», – дейді Сапарханова.
Дәнебаевтан Күдебаевқа дейін
Қазақстан полициясы КСРО милициясының ізбасары сияқты жұмыс істейді. Кеңес кезінде құқық қорғау органы деген түсінік болған жоқ, ішкі істер органдары тәртіпке бағынбаған тұрғындарды жазалаушы ретінде ғана әрекет етті. Сол сұрқай заманның сарқытын ішкен біздің полицейлер де кейде тұтқындарға тізесін батырып жібереді. Тұтқындар ғана емес, қарапайым тұрғындардың өзі полицияның жел жағынан жүруге қорқады.
Ресми ақпарат бойынша, «Қаңтар оқиғасында» қайтыс болған 238 адамның алтауы абақтыдағы азаптау кезінде көз жұмыпты. Сол кезде БАҚ-та жарияланған ақпараттардан жан шошиды. 1986 жылы желтоқсанда әділік сұрап алаңға шыққан қазақ жастарына жез тырнағын батырған жауыз милициядан тәуелсіз еліміздегі полицияның еш айырмасы жоқ па деген ауыр ойға қалғанымыз рас.
Мемлекет мүлкін миллиондап тонамаған, адам өлтіріп, өрт қоймаған Дәнебаевтар мен Батырбаевтар түрмеде азапталып, от пен судың арасында жатыр. Ал «түйені түгімен жұтқан» жемқорлар түрмеге түссе, курортқа барғандай шалқып жүретіні туралы дақпырт та аз емес. Мысалы, биыл ғана 10 жылға сотталған бұрынғы генерал Серік Күдебаев түрмеде тойға барғандай жүрген көрінеді. Әлеуметтік желіде тараған суреттен Күдебаевтың мол жайылған дастарқан басында алаңсыз отырғанын көрдік. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мұны заң бұзу деп атап, «мұндай жағдайға жол бергендер жауапкершілікке тартылады. Қажетті тергеу-тексеру жүргізіледі», деді ол. Бұл жерде де сенат төрағасы жүйедегі кемшілікті жасырып, жауапкершілікті жеке адамның басына артып отыр. Күдебаевтың жағдайын жасаған бір қызметкерді жазалағаннан ештеңе өзгермейді.
Биыл наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев «азаптау мен басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас түрлерінің алдын алу және сотталған адамдардың құқығын кеңейту туралы»заңға қол қойды. Бұл заң сотталған адамдарға бірқатар қосымша құқық беріп, оларды тергеу барысында және түрмеде азаптауға қатаң тыйым салады. Өкініштісі – Тоқаев қол қойға заңның сиясы кеппей жатып, түрмеде тұрғындар тепкіге ұшырай бастады. Енді ІІМ түрмедегі заңсыздықты жасырып-жаппай, заң бұзған қызметкерлерін қатаң жазалауға тиіс. Бұл, ең алдымен, бүгінгі биліктің имиджіне әсер ететін мәселе екенін қызыл жағалылар жақсы білсе керек.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР