Үлгіліні ұғыну елдігімізге үлкен сын

Тихон ӘЛІПҚАЛИ

15.04.2021, 09:43

1748

Бірер ай бұрын жария болған «Қолдан жасалған рейтинг кімге керек?» деген мақалада («Жас Алаш», 18 ақпан 2021 ж.) түйінделген тұжырымдар біздің көкейімізде көптен бері бүршік жарған мәселе еді. Ғұмыр бойғы журналистік парызымыз ғой, тақырыпты таразылап, өз тарапымыздан ой-пікір қосуды жөн көрдік.

Рейтингінің өріне іліккіш, дабырамен атағын шығаруға керемет құмбыл майталмандардың біздің өңірді қалайша «қарышты қарқынмен өрге бастырғандарын» көре-көре көңіліміз әбден суыды. Өңірді жетістіргендері шамалы, ал тигізген залал, кесірлері көл-көсір. «Бұзып-жарып өтетін ғажап жобалар (прорывный проект)» деген желеумен жарнамасы жер жарған небір бастамалар көтерді олар біздің облыста. Өкінішке қарай, экономиканы ондаған миллиард шығынға батырған атышулы бастамалар ақыр соңында құрдымға кетті.

Мән-жайды ретімен айтып өтейік. Тәуелсіздік таңы атқан соң, артынша әуелі өндірістік қуаты зор, өнікті технология негізінде жұмыс істейтін спирт зауыты салынатын болды.  Мәлімдеулерінше, өнімнің телегей теңіз мол болатыны соншалық – өзімізден асып  артылғанын өткізіп, Ресейдің көрші губернияларын да сапалы спиртпен лықа тойдырмақ. Бір ғана осы кәсіпорынның табысымен  облыстың қаржы қоржыны 20-25 пайыз толады десті.

Халық қуанды, сенді. Әйтпегенде ше?! Болашақ зауыттың директоры бірден-ақ тағайындалған. Оңтүстіктен келген соқталдай азамат көптің көз алдында жүрді біраз уақыт. Бастапқыда зауыт құрылысының қызу қарқынмен жүріп жатқаны жайында хабарланып тұрды. Шетелден қажетті қымбат жабдықтар толығымен алынған сыңайлы, айтуларынша. Әйтсе де ілкіде іркілмей лекіген сөздерінің соңы бірден-екі сұйыла берді. Әне-міне зауыт іске қосылады деген үміт жіңішкерді. Ақырында салынып жатқан үлкен кәсіпорын ғайыпқа сіңіп кеткендей ізім-қайым жоғалып тынды.

Мемлекеттің қыруар қаржысы қайда, нысан неге құрыды? Алынған қымбат жабдықтар кімдерге қолды болып кетті? Лауазымды тұлғалардың ешқайсысы ешқандай жауап берен жоқ. Облыс әкімі Қ.Жақыпов түк болмағандай басқа жұмысқа жайбарақат ауысып кете барды.

Бұдан бұрын ол Жайық өзенінің үстінен салынып жатқан көпірдің көлемді жұмысы ақырына жетіп аяқталмай тұрып, «іс тынды, көпір салынып бітті» деп президентті  алдап, лента қидырған масқарадан да алдырмай, жұлдырмай оп-оңай құтылып шыққан-ды. Күллі халықтың көз алдында бүкіл елді, мемлекет басшысын жерге қаратқан сұмдық қой бұл! Әкімге су тимеді, шаң жуымады сонда да. «Ғажабы» сол – осынау өрескелдіктері Қ.Жақыповтың мансап биігіне одан әрі өрлей түсуіне де титтей  кедергі келтірген жоқ. Мәжіліс депутатының орынтағында күні кешеге дейін мізбақпай рахаттанып отырды. Бүкіл елге қарабет болып, баласы Аслан Жақыпов коррупциялық қылмысы үшін сотталса да, «Нұр Отан» партиясының алабөле құрметіне бөленген күйінде орнынан былқ етпеді.

Әкімдердің үйіп-төккен уәдесіне алданып, маңдайы сан қайтара тасқа соғылған біздің өңірдің соры бес елі. Технопарк, цемент зауыты, италиялық технологиямен тәулігіне ең кемі 1400 бас қозы етін өңдейді, жыл сайын 8600 бас ірі қара семіртіп бордақылайды деп уәде етілген алып кәсіпорындардың бірде-бірі іске қосылған емес. Ұшан-теңіз қымбат мүлік, құрал-жабдықтар тоналды, талан-тараж жасалды. Технопаркте көп дүние қағаз жүзінде ғана сатып алынған болып шықты. Кәсіпорынның бұған айыпты бас директорын әуелде облыс әкімі Н.Әшімов бір жақтан өзі әкеліп отырғызған еді. Оңтүстікке ауысқанда өзімен бірге ала кетті.

Ондаған миллиард теңге шығынға батырып, халықты қайырлатқан, экономиканы тұралатқан сорақы әрекеттері үшін облыс әкімдерінің ешқайсысы жауап та бермеді, жазаланбады да. Бұдан соң олардың бәрінің лауазымы жоғарылады, өзге өңірлерді басқарды, министр болды, парламентте жылы орынға жайғасты. Қазіргі Қазақ елінің сорлауының себебі де мемлекеттік басқару жүйесіндегі осындай сорақылықтар, тамырын тереңге жіберген жемқорлық, билік басындағылардың шектен асқан тойымсыздығы.

Өңір тізгінін Ақжайық тарихындағы сегізінші  әкім Ғ.Есқалиев ұстағанда да үмітсіздік көкейден кете қойған жоқ. Ұдайы бірқалыпты, сапырып-жапырып сөйлемейтініне қарап «әй, бұл әкім не оқсата қояр дейсің» деп топшылағандардың әдепкіде аз болмағанын білеміз. Сөзіне қарап бағалаудың бойымызға сіңген  кесірі ғой бұның өзі.

Сабырлы да ұяң бірегей болмыстың артында  ішкі есебіне мығым іскерліктің, табанды мақсаткерліктің тасаланып жасырынып тұрғанын көпшілік кейінірек айқын танып көре бастады. Ғ.Есқалиевтың әкім болып тағайындалғанына әлі екі жыл толған жоқ. Осы қысқа мерзім ішінде мұнай мен газ өндіру және өңдеу, құрылыс, ауыл шаруашылығын дамыту, халықты табиғи газбен, таза ауызсумен қамтамасыз ету салаларында  біршама көңіл көншітерлік табыстарға қол жетті.

Оның бәрін бір мақалада баяндап шығу, әрине, мүмкін емес. Мұнайды жылытып айдайтын және мұнайды қайта өңдеу мен тасымалдауға қатысты жаңа нысандар іске қосылды. Теректі ауданында мұнайды терең өңдейтін зауыт, сондай-ақ өңірде  күн панелдерін өндіретін, сүт өңдейтін бірнеше жаңа кәсіпорынның құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жол салу және жөндеу, тұрғын үйлер мен мәдени-әлеуметтік нысандарды салып, пайдалануға беру  жоспарға сәйкес тындырылып жатыр.

Өткен бір жылда ғана 21 ауылға табиғи газ жеткізілді, 31 ауылға таза су құбыры тартылды. Бүгінде облыс халқының табиғи газбен қамтылуы 98,6 пайызға, таза сумен қамту 88 пайызға жетті.

Былтыр егіс алқаптарынан дәнді дақылдар 2019 жылмен салыстырғанда 20,7 пайызға артық жиналды.

Қай уақытта да әкімдердің не істеп, не қойғанын халық дөп басып, әділ бағалайды. Пара мен «откатты» қалай жасырып алса да, халық бәрібір біліп, сезіп отырады.  Жылма-жыл тендерге қатысатын бизнес өкілдері тарапынан Ғ.Есқалиевтың мұндай арсыздыққа үзілді-кесілді тыйым салғаны турасында соңғы кезде оң пікірлер айтылып жүр. Барлық құрылыс нысандарына қоғам тарапынан бақылау, қадағалау күшейтілді. Елге, қоғамға ең керегі де осы.                     

Дүние байлыққа, ақшаға әкімқаралар ашкөздікпен бой алдырған мынау жебір заманда бұл өте сирек құбылыс, айрықша қастерлеуге тұрарлық тұлғалық қасиет. Үкімет жақтап, қолдаса шіркін! Рейтингінің өрінде осындай ары таза басшылар тұрса, қандай ғанибет!

Алайда ақиқат пен әділдіктің жолы ауыр. Бөгесін болатын жағдайлар жетіп-артылады. Әсіресе арамза ниет залалды. Түрлі амал-айлалар арқылы бұрынғы әкімдердің қолтығына кіріп алып, дүниеқоңыз, сұрамсақ пиғылын кедергісіз іске асырған әлдебіреу Ғ.Есқалиевтың аяғынан шалуға әрекеттеніп, жалған ақпарат, теріс пікір таратып жүр.

Жалақордың айтуынша, қуаңшылық күшейіп, өңірде су көздерінің тартылуына, өзен-көлдердің ортайып немесе құрғап кетуіне, табиғи апаттарға – бәріне қазіргі облыс әкімі айыпты. Миллиардтаған қаржы жұмсалған нысандар бірінен соң бірі құрдымға кетіп жатқанда бұрын аузын ашпап еді. Енді өңірдегі өзен-көлдерге су жеткізу Ресеймен мемлекеттік деңгейде, яғни үкімет шешетін мәселе екеніне қарамастан, жергілікті билікті жөнсіз кінәлаған «белсенділігіне» жол болсын.

Ақтың отын ол әйтсе де өшіре алмайды. «… Керуен көшеді». Адал да іскер басшымен тығыз бірлікте, өзара ықпалдаса, ынтымақтаса қызмет еткен ел өседі.

Тегтер: пікір пайым қызмет ынтымақ

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 09:43
Мемлекет медбикелерге қашан мейірімммен қарайды?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 12.05.2021, 11:00
Жошы ханды жаһанға таныта аламыз ба?
Болат ШАРАХЫМБАЙ 12.05.2021, 08:16
Желтоқсан құрбандарын толық ақтау – асыл парыз
Сайт әкімшілігі 10.05.2021, 15:23
Алматыдағы тағы бір ЖОО лицензиясы тоқтатылды
Тұрсын ЖҰРТБАЙ 08.05.2021, 09:15
Жанкешті тағдырлардың сақабасы
Несіпбек АЙТҰЛЫ 06.05.2021, 09:09
Жалақорға жауап

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06