24.05.2023, 16:01
5100
Талай нәубетті бастан өткерген жұрттың тәубесі қашан да қатар жүретіні белгілі. Көне тарихқа көміліп жатқан ақтаңдақтарды қопармай, бергісінен бұра тартсақ, өткен ғасырдың ішінде алаш баласы тағдырының тәлейіне жазылған талай құқайды көрді.
1916 жылғы топалаң, 1918-20 жылдардағы ақ пен қызыл айқасы, 1921-22 жылдардағы аштық, 1928 жылғы байларды тәркілеу, 1930-33 жылдардағы ұжымдастыру, 1931-32 жылдардағы ашаршылық, 1937-38 жылдардағы қуғын-сүргін. Екінші дүниежүзілік соғыстың қан қасабы. Алайда мың өліп мың тірілсе де ұлттың өзегі үзілмеді. Тауқыметін арқалай жүріп, аман қалды. Тек шығар күннің көзіндей бір ащы шындық, кешегі патшалық Ресей мен қызыл колонизаторлар қолдан жасаған зұлматтар қаулап өсуіне бөгет болды. Исі қазақ мыңдап қырылды. Мәселен, 1916-1920 жылдар арасындағы топалаңда 800 мың көлемінде, 1921-22 жылдардағы аштықта 1 миллион 500 мың, байларды тәркілеумен ұжымдастыру кезінде мыңдаған адам шекара асып сыртқа қашса, 1932 аштығында 2 жарым миллион қазақтың сүйегі ақ сөңке болып шашылып қалды. 1 миллионнан астамы өзге елге босып кетті. 1937-38-дің репрессиясында 100 мың адам қамалып, 25 мыңы атылып кетті. Екінші дүниежүзілік соғыста жарты миллионнан астам боздақ оққа ұшты. Міне, мұның бәрі иісі қазақ үшін ұлы қасірет. Орны толмас апат. Санаға шемен болып қалған өшпес қайғы. Сол ашаршылықта қырылғандар мен елі мен жері үшін шейіт болғандарды бүгінгі ұрпағы – біз қалай еске алып жүрміз? Ендігі әңгіме – осы.
1997 жылы президенттің арнайы қаулысы шығып, 31 мамырды «Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» деп белгіледі. Сол күні аруақтарға құран бағыштау, мемориал-ескерткіштерге гүл қою секілді іс-шаралар өтіп жатады. Болды. Тек соңғы жылдары ғана «Алашқа тағзым» деген атаумен Ресейдің идеологиялық шеруі – «өлмес полктың» көшірмесін қайталап, cталиндік репрессияда шейіт болған ата-бабаларымыздың суреттерін көтеріп көшеге шығып, шерулетіп қайтуды меңгердік. Бары – осы. Биыл да сол қайталанбақшы. Ақиқатында, 4 миллион халқынан айырылып отырған ұлт үшін бұл аз. Жоқтаудың, аза тұтудың бәлкім өзге де жолын қарастыруға болмас па еді? Тағы бір айта кететін жайт, «қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» деп аламыз да, оған ашаршылықта қырылғандарды да қосып жібереміз. Екеуі екі бөлек дүние. Бірі репрессия, екіншісі аштық. Осы екеуінің ара-жігін ажыратып, бөлек атайтын кез келген секілді. Бұл жөнінде «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім былай дейді:
«Біріншіден, бұл екі тақырыптағы атаулы күнді бөлген дұрыс. Жаппай репрессияның тарихта өзіндік орны, өзіндік трагедиясы, өзіндік зерттеу жолы, қазақ елінің шежіресінде өзінің қаралы таңбасы бар. Оны ұлттың тең жартысын алып кеткен ашаршылықпен араластырудың қажеті жоқ. Бұл – қате шешім. Бірі – саяси билікке, тоталитарлық жүйеге қатысты болса, екіншісі – ұлттық геноцид. Оларды араластырып, атала жасау – бүгінгі (кешегі де) биліктің саяси тәсілі. Қысқасы, осы бір екі қаралы күн екі бөлек аталып өтуі шарт.
Екіншіден, мемлекеттік деңгейдегі атаулы күнді, қаралы күнді бүкілхалықтық деңгейде атап өтудің сан түрлі жолдары бар. (Біз кейде Тәуелсіздік күні екенін теледидардан ғана білеміз...) Мен біреуін ғана ұсынайын. Оны біз 1992 жылы жасауға тырысқанбыз. Мысалы, Ашаршылықты еске алу күні Қазақ еліндегі барлық тулар (қала орталығындағы, әрбір мекемелердегі, әскери бөлімдердегі, кемелердегі, т.т.) не төмен түсіріледі, немесе қаралы лента тағылады. Бұл бір күн, немесе үш күнге созылуы мүмкін. Тудың түсірілуінің өзіндік шарттары, нақты ережелері болуы керек. Оған көптеген адамдар, сол жердің тұрғындары, мемлекет қызметкерлері, билік өкілдері, әскерлер, мектеп оқушылары, т.т. қатысады. Олар осы қаралы күнге қатысуы арқылы осы елмен, жермен, оның тарихымен бір екенін сезінуі шарт. Азаматтық біртектілік (идентичность) осындай жолдармен қалыптасады.
Үшіншіден, Кеңес одағында бірінші қыркүйекте «Бейбітшілік сабағы» деген болатын. Неліктен сол қаралы күнді еске алуға арналған, барлық мектептерде, бір мезгілде «Репрессия құрбандары» немесе «Қазақ даласындағы зұлмат аштық» деген сияқты тәрбие сағаттарын өткізбеске...»
Расында 18 «нарком» бір түнде атылатын ақпан айының бір күнін «қуғын-сүргін құрбандарын» еске алу күні деп атап, ал 31 мамырды ашаршылықта қырылғандарға арнап аза тұту күні десек әділетті болар ма еді? Еврейлерде фашистердің қолынан 6 миллион еврей қырылған Холокост қырғыны бар. Соларды еске алу мақсатында «Яд ва-Шем» деген мемориал ескерткіш тұрғызды. Бүкіл еврей жұрты һәм сырттан келген қонақтар 17 сәуір күні соған барып тағзым етеді. Ұлтын ойсыратып кеткен зұлымдықты еврейлер осылайша еске алып, күңіреніп жатады. Бізде осы жағы кем сияқты.
«31 мамыр – Ұлттық аза тұту» күні болуға тиіс. «Қуғын-сүргін», я болмаса «ашаршылық құрбандары» деп бөліп-жарудың реті жоқ. Еліміздегі барлық мешіт-шіркеулерде репрессия мен аштық құрбандарына дұға оқылуы тиіс. Сол күні барлық жерде 1 минуттық үнсіздік жарияланса… Осылайша, жас ұрпақтың да санасына азалы күнді сіңіруге болар еді. Сол зұлматты ұмытпау үшін бәлкім Алматыда «Аза» сарайы тұрғызылуы керек болар. Онда репрессия және ашаршылық құрбандарының өлім алдындағы қиналысын, не болмаса арыстарымызды НКВД жендеттері қинап жатқан жантүршігерлік сәттерін балауыздан жасалған мүсіндер арқылы көрсетуге де болады.
Мұражай ашып, балауыздан мүсіндер жасап, өткен тарихын өзгелерге көрсетіп жатқан өркениетті елдер бар. Бізде солардан кембіз бе? Тек жергілікті халық қана емес, шеттен келген туристер де сол «Аза» мұражайына барып, шейіт болғандарға тағзым етіп, халықтың ұлы қасіретімен танысар еді», — дейді ашаршылық тақырыбына жиі қалам тартып, фильм түсіріп жүрген белгілі жазушы Смағұл Елубай.
Осы жерде тағы бір айта кететін жайт бар. Ол қазақ ұлтына қарсы жасалған зұлматты геноцид деп тану. Осы жағына келгенде біз үнсіз қаламыз? Неге? Әлде Мәскеуден жасқанамыз ба? Қазақ ұлтын жоюға арналған геноцид ұйымдастырған бүгінгі Ресей емес, басында Сталин отырған кешегі КСРО емес пе? Онда теріскейдегі көршіден неге ығамыз? Түсініксіз. 1932-33 жылдары дәл бізде болған ашаршылық Украинада да болды. Төрт миллионға тарта азаматынан айырылды. Бірақ олар Мәскеуден ыққан жоқ. Ұлт басына төнген нәубетті геноцид деп таныды. 2006 жылы Жоғарғы Рада сондай шешім шығарды. Қазір әлемнің 27 мемлекеті Украинаға КСРО тарапынан жасалған қанқасапты Голодомор деп танып отыр. Ал біз әлі күнге геноцид дегенді айта алмай келеміз.
Тағы бір үлкен мәселе, кейде Алаш арыстарының өзін жік-жікке, руға, жүзге бөліп қарайтынымыз бар. Кезінде алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай: «Қазір Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқайды қарсы қойып, онда да Әлиханды төмендетіп, Мұстафадан Бөкейханды зор ұлттық көсем жасағысы келетіндер пайда болды», деп жазып еді. Осының өзі қазақы қоғамда Алаш арыстарына деген қайшы көзқарастар бар екенін аңғартады. Алаш арыстары бір рудың, бір жүздің сойылын соқпады. Исі қазақ баласының еркіндігі, теңдігі үшін күресті. Сол жолда құрбан болды. Сондықтан ара-тұра айтылып қалатын «Алаштықтар тек орта жүзден тұрды» деген қиянпұрыс ойдан аулақ болған жөн. Керісінше, қазір сол Алаш арыстары армандап кеткен ұлы идея – «қазақ баласы тәуелсіз болса, өзге жұртпен терезесі тең болса, жердің асты-үсті байлығы тек қазаққа бұйырса» дегенді жүзеге асыра алсақ, бүгінгі ұрпақ үшін жетістік те, Алашқа деген ең үлкен тағзым да сол болар еді.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР