Ұлттық идеология: Біз неден ұтылдық?

Батыр ЖАСҰЛАН

26.08.2021, 09:30

2066

Ақиқаты керек, біз қазір шын мәнінде ұтылып отырмыз. 1990 жылдардың басында тәуелсіздік алған тұста ұлт, мемлекет ретінде қайда бағыт аламыз? Қай нұсқаны қабылдаймыз? Болашақта ұлттық мемлекет құру жолында не істеуіміз керек? Осының бәрін сол кезде ешкімге зияны тиместей етіп, ертерек нақтылап алу керек еді. Қазір оңай емес, қиындыққа, қысымға кезігіп отырмыз.

       Біз бір нәрсені мойындауымыз керек. Соңғы он-он бес күннен бері көршіміздің тарапынан ақпараттық шабуыл толастамай тұр. Бұл әдейі, қасақана ұйымдастырылып жатыр. Қайтпек керек? Мұндайда тек қана ұлттың бірлігі мен ынтымағы қажет. Мылтықсыз майданда мемлекеттік тұрғыдан кімнің ақпараттық шабуылы мықты – соның мерейі үстем болады. Ал біз неден ұтылдық? Ақиқаты керек, кешеден бүгінге сабақтас болып келген жүйе заңдарының зардабын тартып отырмыз. Ол – Ата заңдағы 7- баптың екінші тармағындағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген сөйлем. Солтүстік көршімізден бүгінгідей ақпараттық қысым толастамай тұрған уақытта енді қазақ белсенділеріне бұл бапты алып тастау аса қиынға соғады. Ұлттық бағытымызды 1990 жылдардың басында көрші аю ес жия алмай тұрған уақытта нақтылағанда дәл қазіргідей қысымға душар болмас едік. Біздің орысқұл биліктің кінәсінен енді тұтастай ұлттың, ұлтшылдықтың дамуына үлкен кедергі жасалынып отыр.

       Билік басындағылар жалпы тәуелсіздік алған тұста халықтың ұстанған  арман-мақсатымен жүруі керек еді. Ал бұл бағыт – ұлттық идеология. Ұлттық идеология жоқ жерде оның зардабы да орасан болады. Осыдан 30 жылдан астам уақыт бұрын, елең-алаң тәуелсіздік алар шақта еліміздің идеология саласын басқарған Өзбекәлі Жәнібековтің былай деп айтқаны бар еді. Бұл сөз бүгін де маңызын жоймай тұр. Қазір де өзекті. «Идеология атаулының бәрін жаһаннамға жіберетін болсақ, ертең бізді алмастыратын ұрпақты қалай тәрбиелеп, Қазақстанның тағдырын кімнің қолына тапсырамыз? Бізге жаңа идеология керек-ақ. Ол ұлттық идеология болуға тиіс. Оны мемлекеттік идеология деп бұқпантайлатудың қажеті жоқ. Ұлттық идеология деп отырғанымыз – ұлтшылдық идеологиясы емес. Оның тек қазақ халқының ғана емес, республикада тұратын барлық ұлыстардың мүдделерін бірдей қорғайтын идеология болатынына күмәндануға болмайды. Тек ұлттық мемлекет арқылы ғана қазақ халқын экономикалық, әлеуметтік, парасаттық, құқықтық, мәдени, моральдық, имандылық, мінез-құлықтық жағынан кемеліне жеткізуге болады. Қазақтану қазір қажет-ақ...»

       Ал біз қазақтана алдық па? Мойындаймыз, ұлттық санада отарсыздану процесін жүргізе алмадық. Халық қазақтанғанымен,  орысқұл билік  бұған мүдделі болған жоқ. Бәрі де соның зардабы. Эволюциялық процесс қазақ санының жыл өткен сайын басым болып бара жатқанын байқатып отыр. Дәл қазір мемлекетқұрушы қазақ үшін қажеттілік көп болып тұр. Өткенде ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева  кейбір басшыларға қарата: «Қазақ тіліндегі ақпараттарға үлкен назар аудару керек. Халқымыздың 80 пайызы қазақ тілінде ақпарат алуды қалайды. Бірақ әлі күнге дейін парақшаларымыздағы қазақ тіліндегі ақпараттарды дұрыстай алмай отырмыз. Осыны ескеріңіздер», – деді.

        Қазақ тілінде ақпарат алу және оның қолжетімді болуы – бұл да қазіргі қоғамда анық қажет болып тұрған ұлттық идеологияның бір көрінісі. Бірақ мұның өзі бізге қолжетімді болмай тұр. Мұндай жағдайда ел үшін маңызды сұрақ туады: біз шын мәнінде өз саясатын еркін, дербес жүргізе алатын мемлекетке айналдық па?

        Ал дербес ел болуға қатысты бес ұстанымы болған  Әлихан Бөкейханұлының мақсат-мұраты не еді? «Ең бірінші – Алаш ұлттық демократиялық мемлекет болуы тиіс. Ол үшін ең алдымен «жер, жер және жер» болуы керек. Жерсіз Отан жоқ. Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтың өзі ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жекеменшікке, қоныс аударушыларға берілмеуі керек. Екінші ұстаным – Алаш жерінің астындағы, үстіндегі, көгіндегі барлық байлық қазақтың өзіне қызмет етуі керек. Қазақтың әрбір тасы қазақтың өңіріне түйме болып тағылуы тиіс. Үшінші ұстаным – қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек. Төртінші ұстаным – қазақ мемлекетінде мемлекетқұрушы  ұлттың тілі, діні, менталитеті өзге ұлттарға қарағанда үстем болуы керек. Ал бесінші – ғылымға, соның ішінде тәуелсіз ғылымға, ұлттық дәстүрге негізделген, заңға сүйене отырып жапон үлгісіндегі ұлттық демократиялық мемлекет құрылуы қажет», – деді Әлихан Бөкейханұлы.

        Әлихан Бөкейханұлы айтқан осы бес ұстанымның қайсысы қазаққа қызмет етіп жатыр? Күмәнді нәрселер көп. Бұл сөз бір ғасыр бұрын айтылса да маңызды. Өйткені Алаш қайраткерлері шын мәнінде қазақтың еркін ел болғанын арман етті. Ал бүгін ше? Қазіргі жағдай қалай?

        Бүгінгі біздің билік қазақ ұлтшылдығынан үрейленеді. Қолдан жасалынатын мұндай қорқыныштың қажеті жоқ. Саясаттың сан түрлі соқпақ жолымен екі қарап, бір шоқып жүре беруге болады. Қазір көрші ел тарапынан тілге, ұлтшылдыққа қатысты болып жатқан ақпараттық шабуыл мен түрлі қоқан-лоқы оқиғалар тізбегі қазақтың бейжай отырмауын ескертіп отыр. Елге, Қазақстанда тұратын халыққа ортақ ұлттық идеология бар жерде мызғымас бірлік, ынтымақ орнайды. Әрбір қазақтың ұлтжандылығы немесе ұлтшылдығы  елдің дамуына еш кедергі келтірмейді. Қайта халықты біріктіре түседі. Бәсекелестікпен дамуына ықпалын тигізеді. Өйткені...

       «Дамыған қуатты мемлекеттердің барлығы тарихи даму сатысында «ұлтшылдық» кезеңінен өткен. Қалайық-қаламайық, бұл жолдан бізге де өту парыз. Моральдық-заңдық құқымыз бар. Ұлтшылдық инстинкті қалыптаспаған ұлтта алауыздық орнайды және біртұтас саяси-қоғамдық күшке ие бола алмайды. Біріміз – ердоғаншыл, екіншіміз – арабшыл, үшіншіміз – космополит, төртіншіміз – орысшыл болып жүргеніміз сол. Бүгін желіні қарасам, тәліпшілдер деген тағы бір каста пайда болыпты.  

Тобықтай түйін: дәл қазір қазақты сақтап қалатын да, топтастыратын да бір ғана идея бар: ол – ұлтшылдық идеясы. Одан басқа идея жоқ және онсыз біртұтас қоғам орнауы мүмкін емес екеніне көз жетті. Кім қалай тыраштанса да, біздің ұлт қоғамдық дамудың өзге моделін қабылдауға әзірге дайын емес. «Бізді ұлтшыл қылған – кемдікте, қорлықта жүргеніміз, көрінгеннен соққы жегеніміз еді», – деген еді Міржақып атамыз. Ұлтшылдықпен күресті үдеткен сайын, қазақ «қазақ» екенін дәлелдей түседі. Ащы, бірақ шындық осы», – дейді белсенді журналист Дина Елгезек.

       Бұған біздің де алып-қосарымыз жоқ. Халықта бар, бірақ ұлтшылдық саясатын билік қаламаған қазіргі дәуірде біз осылай ұтыла береміз.

Тегтер: идеология сана ой пайым шешім

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұртаза ҚЫДЫРНИЯЗОВ 03.12.2021, 08:48
Қауіп қайдан?!
Махамбет САПАРМҰРАТОВ 01.12.2021, 09:20
Жауапкершілікке шекесінен қарайтындар ел мүддесіне қызмет етпейді
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 30.11.2021, 09:00
2,5 миллиард теңге кімнің қалтасында кетті?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 25.11.2021, 09:00
Теңгесінде тұрақ, үкіметінде естір құлақ жоқ елдің жайы не болмақ?!
Көпжасар НӘРІБАЕВ 23.11.2021, 14:20
Желтоқсанның себебі мен салдары
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.11.2021, 09:03
Ұрпаққа келгенде үкімет те керең, әкім де сараң

Аңдатпа


  • 14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
    02.12.2021, 15:50
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00