Ұлттық телеарналардан не көріп жүрміз?

Мұрат ӘМІРЕНОВ

02.03.2021, 11:35

2939

Бұл өзі көптің көкейінде жүрген сұрақ. Расында, біз осы ұлттық телеарналарымыздан не көріп жүрміз? Жалпы, телеарналардағы көрсетілімдер қалың көпшіліктің көңілдерінен шығып жүр ме?  Енді осы сұрақтардың төңірегінде бір сәт ойланып көрейікші.

    Кейінгі кезде «Жас Алаш» газеті ұлттық телеарналардың қызметіне қатысты сын мақалаларды жиі жариялай бастады. Солардың ешбірін қалт жібермей, оқып отырамын. Тіпті, ана бір жылы газет бетінде сол кездегі Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мырзадан мемлекеттік арналардың не беріп, не қойып жүргеніне көңіл аударуын сұрап жазған мақала да есімде.

     Одан бері де бірер жылдың жүзі өтті, бірнеше министр өзгерді, бірақ телеарналарда өзгерген ештеңе жоқ. Былтыр да «Жас Алаш» газетінің бетінде ұлттық телеарналардың қызметі жайлы бірнеше сыни материалдар жарық көрді. Оның бәрін тізбелеп жату шарт емес, сөйтсе де,  белгілі кинорежиссер Талғат Теменовтің «Телеарналарда қазақ руханиятының орны ойсырап тұр» («Жас Алаш» 19.05.2020 ж.)   деген тақырыппен жарияланған бір бет мақаласының өзі неге тұрады?!  Автор  ұлттық арналардың бүгінгі сын көтермес жағдайын жан-жақты ашып көрсеткен.

      Ұлттық телеарналар дегенде ауызға аларымыз – «Қазақстан», «Хабар» мен «Қазақстан-24». Бұлар біздің, яғни салық төлеушілердің есебінен өмір сүруде, мемлекет оларға қыруар қаржы жұмсауда. Ал турасын айтар болсақ, бұл арналар сол қыруар қаржыны телекөрермендерді тым қызықтырмайтын жеңіл-желпі, жүрдім-бардым, саны бар да, сапасы жоқ бағдарламаларды экранға тықпалаумен алдаусыратуда. Осы арналардағы кез келген бағдарлама дарақы ток-шоуға құрылған десек, артық айтқандық болмас. Басқасын басқа дейік, айтыстың туын көтеріп жүр дейтін мақтаулы  ақынымыз Балғынбек Имашевтың «Айтыстар» деген бағдарламаның тізгінін ұстап, ұлттық өнерімізді даңғаза шоуға айналдырып жібергенін қалай түсінуге болады?! Айтыс тарихында төрт ақын екіден жұптасып айтысыпты дегенді естімеппіз.       

      Жастарымыз ұлттық құндылық, ұлтымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы деген ұғымнан алшақтап барады. Бұған «Қалаулым» деген сияқты тексіз бағдарламалар себеп болуда. Ұлтымыздың менталитетіне жат бұл бағдарлама «Жас Алашта» сан мәрте сыналғанымен, телекомпанияның басында отырғандар құлақтарына ілмесе, амал қанша. Қазір бұл бағдарламаның аты  өзгергенімен, заты солай қалды, тіпті уақыты бұрынғыдан әлдеқайда ұзартылды. «Самарқанда бір қызым бар, ол бұдан да сорақы»  деген тәмсіл осындайдан шыққан болар, тегі. Қай қазақтың қызы бай іздеп топты жерге барушы еді?! Бірде үміткер жігіт қыздың көзін бақырайтып қойып түрінің ұнамайтынын айтып салды. Миллиондардың алдында масқар болу деген осы емес пе?! Халқымыздың өмір салтына қайшы келетін мұндай бағдарламаның барынан жоғы жақсы.

     «Астарлы ақиқат» бағдарламасын өз басым оншама ұната бермеуші едім. Сөйтіп жүргенімде «Жас Алашта» «Астарлы ақиқат» биліктің қолшоқпары?..» (16.02.2021 ж.) атты мақала жарқ ете түссін. Мақала авторы Айжан Бүркітбаеваның өткір сыны діттеген жерден шығып отыр. Осы бағдарламаға ұқсас «Кел, татуласайық!» деген шала-жансар бір дүние көрсетілуде. Мұнда келгендер татуласудың орнына араздасып қайтатын сияқты. Жуықта осы хабарға шақырылған екі келіншектің ауыздарынан ақ ит  кіріп, көк ит шығып жатты. Бір байға таласқан екі келіншек бірінің шашын бірі жұлуға шақ қалды, бірі шапалақ та жеді. Ал татуласу керек болса!       

     Өткен жылдары ұлттық арналардың бірінен «Әйел бақыты» деген бағдарлама жүргізіліп келді. Неге екенін кім білсін, бірде бағдарламаға абыз әртісіміз Асанәлі Әшімовтің қатысқаны бар. Жүргізуші бикеш оған түйеден түскендей етіп: «Көзіңізге шел біткен кез болды ма?» деген сұрақты дүңк еткізгені. Теледидар алдында отырған бәріміз осындай жүгенсіз сұрақты естігенде тіксініп-ақ қалдық. Үйде қонақта бір кейуана отыр еді, әлгі кісі: «Мына бар болғырдың сұрағының түрін қара!» – деді де, орнынан тұрып кетті. Ал Асекеңнің жүзі демде күреңітіп сала берді, атылатын шығар деп ойладым. Жоқ. Ашуын ақылға жеңгізіп, тігісін жатқыза жауап қайтарды.

         Реті келіп тұрғанда жүргізуші ханымдардың мәдениетсіздігі туралы тағы бір мысал келтіре кетейін. Бірде «Сенбілік таңға» белгілі актриса Роза Әшірбаева қатысып отырды. Жүргізушінің оған қойған мына бір сұрағы жағамызды ұстатты. Мөлшері былайынша: әртістердің арасында жеңіл жүрістілер болады… кейбіреулердің отбасы бұзылып жатады… өзіңіз де жарыңыздан ерте айырылдыңыз… Роза мүдіріп барып былай деді: «Иә, басымнан қиыншылықтар көп өтті, жарымнан ерте айырылдым, ұлым қайтыс болды, қызымнан да ерте айырылдым. Бірақ мен мұндай сұрақты ұнатпаймын», – деп жүргізушінің бетін қайтарып тастады.

      Жоба дейміз бе, бағдарлама дейміз бе, әйтеуір, осыларды жүргізушілердің ойланбай қоя салатын осындай ойсыз сұрақтары көрермендерді мезі етіп бітірді. Неге бұлай болып барады? Мұның себебін өз басым мынада деп білемін. Қазір телевизияны кәсіби мамандар емес, жолбикелер жаулап алған. «Ерінбеген етікші болады» дегендей, табыс көзін іздеген әншілер мен әртістер, басқа да өнер иелері бір-бір бағдарламаны ерттеп мініп алған. Бәлкім, олар сахнада  өздерін жұлдыз санайтын шығар, бірақ тележүргізуші ретінде бір қайнауы ішінде жатқандар, эфир мәдениеті деген ұғымнан мақұрым қалғандар. Ау, сонда дейміз-ау, көгілдір экран саласының жілігін шағып,  майын ішкен кәсіби тележурналистер қайда жүр деген сұрақ өзінен-өзі туындайды. Бұл сұрақтың жауабын ұлттық телекомпания басшылары мен тиісті саланың тізгінін ұстаған шендері жоғары шенеуніктердің құзырына қалдырайық.

    Иә, ұлттық арналарымыздан тағы не көріп жүрміз? Күнде көретініміз – баж-баж еткен баяғы Тұрсынбек Қабатов, оған қабаттаса Қанат деген шығады. Сол баяғы Жүсіп пен Уәлибек. Көрермендерді қырық жыл бұрынғы қойылымдарымен мезі еткен «Алдараспан», «Нысана», «Шаншар», «Шымкент шоу» т.б.

     Қазір кез келген арналарды ашып қалсаңыз, билеп жүріп фонограмманың көмегімен ән салатын тепеңкөк әншілер мен дарынсыз дарақы сайқымазақтарды, оларға ду қол соға мәз болып отырған жеңіл ойлы жастарды көруге болады. Айтпақшы, қазір телеэкраннан еркек-қатындар түспейтін болды. Шімән апа дейсіз бе, зың-зың Күлпаш дейсіз бе… Шімән апамыз қазіргі жастардың жаргонымен сөйлеп, кейде ысқырып-пысқырып,  қадірлі де қасиетті қазақ әжелерінің аттарына кір келтіріп жүргенін, сірә да, Ерболат (әртістің аты осылай ғой деймін – М.Ә.) білмейтін болар-ау. Ер-азаматтың әйел кейпінде ойнаудың да өз жөн-жосығы бар емес пе?! Мысалы, «Тамашаның» заманында Құдайберген марқұм әйел бейнесін айнытпай келтіріп сомдады және өте мәдениетті түрде. Міне, ойнағаннан кейін осылай ойнау керек-ті.

     Ендігі бір айтпағым кино жайында болмақ. Отандық небір жақсы туындылар бар ғой. Жоқ, біздің көретініміз айлар бойы түгесіліп бітпейтін үндінің, кәріс пен түріктің телехикаялары, түріктің бетпақ қатындары мен зұлым еркектерінен қандай үлгі алуға болады?   Өнер зерттеуші Абдулхамит Райымбергеновтің сөзімен айтар болсақ, «ұл-қызымыздың, немерелеріміздің жеңіл-желпі дүниемен санасын уламау жағын ойлайтын кез келді». 

    Соңғы кездері айлар бойы еңбекақыларын ала алмай жүрген жұмысшылардың, пәтерлеріне қол жеткізе алмай келе жатқан үлескерлердің, баспанаға зәру көпбалалы аналардың, мүмкіндіктері шектеулі мүгедек жандардың ереуілдері, көпшілік митигілері жиіліп кеткені аян. Жұртшылық мұны тек әлеуметтік желілерден көріп, «Жас Алаш» пен «Дат» сияқты басылымдардан ғана оқи алады. Содан соң  «Еуразия» мен КТК арналары  біршама ашып көрсетеді. Ал мұндай наразылықтар жайлы ұлттық арналарымыз жұмған ауыздарын ашпайды. Олардың бісмілләсі отыз жыл бойы елбасы қалыптастырған билікті мақтаудан басталып, сонымен аяқталады.

     Біз, бүгінгі аға буын өкілдері, көзіміз көріп қалған Сағат Әшімбаевтың «Парыз бен қарызын», Ақселеу Сейдімбеков пен Жәнібек Кәрменовтің өнердің әр саласы жайлы өрбітетін екеуара әңгімесін сағынамыз. Осындай тартымды дүниердің көрінбейтініне қынжыламыз. Өз қолымыз өз аузымызға жеткелі 30 жыл болса-дағы зиялы қауым өкілдері арасында жоғарыда аталған ұлтжанды азаматтарымыздың бастамаларын жалғастырып әкететін ешкімді көре алмадық. Олар кеңестік тар қыспақта өмір сүрсе де, көңіл түкпіріндегі  «әттең-айларын» астарлап жеткізе білді. Ал бүгінгілерге не жорық? Бұған кім кінәлі? Әлде өрісі тар тележурналистер ме, әлде биліктің айтқанынан шыға алмайтын  зиялыларымыз ба?  Мұның аражігін ажыратуды көзіқарақты оқырмандарымыздың еншісіне қалдырғанымыз дұрыс болар. Бір  басылымнан оқығаным бар еді, «зиялы қауым ба, зиянды қауым ба» дегенді. Біле білген адамға осы сөздің астарында көп сыр жатқандай. 

    Дүниежүзін тіксіндіріп тұрған мына пандемия деген тажалдың тұсында, бәлкім, телевизия мамандары құлаштарын кеңге сермей алмай жүрген де шығар.  Жақсы дүниелер мүлде жоқ деуден аулақпыз, оны біз айтпасақ та, телекөрермендер біледі.  Мысалы, биыл ғана жұмыс істей бастаған «Абай» арнасы ұлттық құндылықтарымыз, даламыздың дара тұлғалары жайлы тұшымды дүниелерді ұсына бастады, телекөрермендерге керегі де осы емес пе?! «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дейміз ғой. Ұлттық арналар жайлы азын-аулақ сыни пікір білдірген болсақ, ол күнделікті аралас-құралас жүрген ұлтжанды замандастарымның  ішкі ойларын сыртқа шығарғанымыз болар.

Тегтер: теледидар Ұлттық арна зиялы қауым мәселе тағылым тәлім

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тихон ӘЛІПҚАЛИ 15.04.2021, 09:43
Үлгіліні ұғыну елдігімізге үлкен сын
Айтбай СӘУЛЕБЕК 15.04.2021, 09:22
Сарыторғай – қазақтың сары алтыны
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 13.04.2021, 10:47
Жыртыққа жамау болмайтын жәрдемақы
Мұрат ӨТЕБАЙҰЛЫ 09.04.2021, 08:40
Жағымпаздыққа тоқтам бола ма?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 08.04.2021, 14:24
Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 08.04.2021, 08:53
Маскалық режим халықты қанаудың бір түрі ме?!

Аңдатпа


  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24